Ұлттық музыкалық мұра - шығармашылық
көзі
С.М.Байжанова,
Қазақ
мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушы
Қоғамдағы
білім беру саласында болып жатқан қарқынды өзгерістер
шығармашылық қабілеті жоғары, қажетті
жағдайда айрықша шешім қабылдай алатын жан-жақты
дамыған жеке тұлғаның алдына үлкен талаптар
қояды. Осы орайда музыкалық аспаптарда ойнау, жалпы өнер
арқылы тәрбиелеу міндеттері тек оны игерумен шектелмейді, сонымен
қатар өнер табиғатына сай шығармашылық
белсенділікті қалыптастыру болып табылады.
Кез-келген
халықтың өзіне тән ұлттық мәдениеті,
ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-этнографиялық
ерекшеліктері болады, солардың басты бір арнасы - музыка. Музыка
әлемі - адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі
мұхиттай шексіз, ғажайып дүние. Ұлы ойшыл
әл-Фараби жазғандай: «Музыка - жақсы
мінез-құлықты, адамның қоғамдық
мұраттарын қалыптастыруда
елеулі рөл атқарады. Эстетикалық сезімдерді
туғызу арқылы адамның өзін-өзі
тәрбиелеуіне, бойындағы нашар қасиеттерден арылуына
ықпал етеді» [1]. Расында, музыка
- адамзаттың рухани азығы, жан серігі және тілімен айтып
жеткізе алмайтын ұшқыр қиялы, нәзік сезімі.
Әрбір
халықтың атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл
мұрасы -аспаптық музыка десек, сондай ұлттық аспаптар
өмірге жайдан-жай келмегені айдан
анық. Ол адамның жан дүниесінің ішкі сезім иірімдерін
білдіру қажеттілігінен, әр халықтың
тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүр, әдет-ғүрпына
орайласа туындап отырған. Адам баласы сөзбен,
ән-өлеңмен айтып
жеткізуге болмайтын сырлы да күрделі
сезімдерін сыртқа шығару үшін музыкалық
аспаптарды ойлап шығарған.
1960 жылға дейін
бізге белгілі небәрі төрт қана аспап болатын. Олар: домбыра,
қобыз, сыбызғы, сырнай. Соның ішінде көбінесе домбыра
мен қобыз ғана қолданылып келген. Уақыт өте
бұл қатар кеңейіп,
толықтырылды.
Халықтың
музыкалық мұрасын жинап
теріп, оны зерттеу жолында артына ұмытылмас із қалдырған Б.Сарыбаев сынды ғалымдардың ұлан-ғайыр
еңбектері халқымыздың игілігіне жарап жатыр. Қазақтың
музыкалық аспаптарының шығу
тарихы мен ерекшеліктері професссор
Б.Ш.Сарыбаев еңбектерінде
кеңінен баяндалған. Қазақ оргонологиясының
негізін қалаған Б.Сарыбаев дарынды аспаптанушы, тамаша ұстаз
болатын. Оның еңбектерінде көптеген көне аспаптармен
қатар қобыз аспабына да елеулі орын берілген.
Қобыз -
қазақ музыкасынан ерекше орын алатын аспап. Мыңдаған
жылдар бойы халық қобыз аспабын киелі санап, оны
құдіретті күшке балаған. Қобыз
дәстүрі шамандық
нанымның бақсылар типінің пайда болуымен тығыз
байланысты. Қобыз аспабының
тарихы тек қана бақсылық дәстүрмен шектелмейді.
Ол жыраулар шығармашылығынан да үлкен орын алған. Бізге жеткен қобыз күйлері
халқымыздың дәстүрлі мәдениетімен тамырласып жатыр.
Қазақ
халқының ежелден пайдаланып келе жатқан аспабы -
қылқобыз. «Қылқобыз» деп аталатын себебі, оған
екі қыл тағылады. Бірқатар қобыз күйлеріне
қасқырдың ұлуы, аққудың
сұңқылы, мылтықтың дыбысы, аттың шабысы
сияқты түрлі дыбыстарға еліктеу тән. Қобыз
шығармаларының тағы бір тобы - эпикалық сарындағы
күйлер. Бұл күйлер шағын-шағын бірнеше
бөлімнен тұрады. Күй аңызындағы
оқиғаларды суреттейтін бұл эпизоттар бертін келе
аңыз-әңгімелері ұмытылған соң тек музыка
бөлімдері ретінде сақталып қалған тәрізді.
Сонымен қатар, әр бақсының зікір салғанда
қолданатын сарындары музыка мәдениетімізде ерекше орын алады.
Ұмытыла
бастаған өнерді зерттеп, оның бар қасиет-қадірін
халыққа жеткізе білу, сыр-сипатын ашып көрсету
өскелең ұрпақ үшін өнегелі іс,
ардақты да асыл парыз болып табылады.
Қобызда ойналатын
күйлердің бірі - «Башпай». Аңыз бойынша «Башпай»
Қорқыттың өмірінің соңында
шығарған ақырғы күйі екен.
Күндіз-түні күй тартып, өліммен алысып әбден
шаршаған күйші бірде қарындасының әкелген
тамағын ішкеннен кейін бойы маужырап, көзі ілініп кетеді.
Тамақ салынған дорбамен
ілесіп келген жылан - ажал қобыздың үні шықпай
тұрған кезде күйшіні шағып алады. Жыланның уы
бойына жайылып, әлсіреп бара жатқан Қорқыттан
Әзірейіл: «Қандай тілегің бар?», - деп сұрайды. Сонда
Қорқыт: «Менің өмірде екі күнәм бар.
Біріншісі - өлімнен қырық бір жыл бойы қаштым. Кілем жайып
Сырдың бетінде отырғанда, бірде алай-түлей дауыл
тұрған еді. Сол кезде қарындасыма башпайым тиіп кеткен
болатын, екінші күнәм - сол. Осы себепті мені көмгенде осы
екі башпайымды ашық қалдырыңдар» - деп, қобызын
қолына алып, ең соңғы «Башпай» күйін тартқан
екен [2].
Қобызға арнап
шығарылған күйлер
ғасырдан
ғасырға жалғасып келеді. Қобызды ерекше
қастерлегенін мына жолдардан
байқауымызға болады:
Таусылғанда амалым,
Нақыл болған
қобызым.
Шағылғанда табаным,
Ақыл берген қобызым.
Қазақта неше мың күй болса, оның
соншама аңыз-әңгімесі бар. Қобыз, домбыра, сыбызғы, жетіген,
шаңқобыз сияқты музыкалық аспаптарымызда тартылатын
мың сан күйлер бірде-бір себепсіз шықпаған. Бұл аңыз-әңгімелер тартылатын күйлердің музыкалық мән-мағынасын, әуендік ерекшелігін, иірім-қағыстарын дұрыс түсінуге себепші болумен бірге,
халқымыздың тарихи-әлеуметтік өмірінен мол
мағлұмат береді. Күй аңыздар өзінің
нақтылығымен, шынайы өмірді арқау етуімен халық
тарихының ең бір жанды шежіресі болып табылады.
Бүгінгі
қазақ музыкасында қылқобызбен қатар
қобыз-прима да қолданылып келеді. Олардың ерекшеліктері
аспаптардың бұрауы ғана емес, жалпы құрылымында.
Мысалы, қылқобыздың шанағы ожау тәрізді қуыс,
бет жағы ашық, түбі
көнмен қапталған. Ал прима-қобыздың
шанағы жабық, түбі көнмен қапталған.
Кейінгі қобыздарда түбіндегі қапталған көн де
алынып тасталған.
Қылқобыздың
ішегі аттың қылынан тағылса, қобыз-примада сым
ішек қолданылады.
Алғашқы қобыздар
үш ішекті, кейін
классикалық аспап - скрипканың ішектері тағылып, төрт
ішекті қобыз-прима болып қалыптасты.
Табиғатына байланысты аспапта ойнау тәсілдері де ерекше.
Мұнда скрипка секілді дыбыс ішекті грифке тигізіп шығарылмайды.
Дыбыс шығару мойынға
тағылған ішектерді бойлай тырнақтың сырт жағын
ішекке тигізу арқылы жүзеге
асырылады. Осы себепті қобыз кейбір аспаптар тәрізді жылдам
меңгеруге көнбейтін аспап.
Қобыз-прима өзінің дыбыс бояуымен оркестрдің
үнін байытуға үлес қосып келеді. Оның
әуендік, техникалық мүмкіндіктерін толық пайдалануға
болады. Қобыз-прима оркестрде екі
партияға бөлінеді: мелодиялық дауысты бірінші,
гармониялық үндестіктерді екінші қобыздар орындайды.
Яғни кешегі көне қылқобыз бүгінде
жаңа сипатқа ие болып, ұлт аспаптар оркестрінде кеңінен
қолданыс тауып келеді. Ұлттық музыкамыздың бір
қасиеті осында.
Жалпы
ұлттық музыканы насихаттау барысындағы педагогикалық
үдеріс үздіксіз шығармашылық ізденіспен байланысты
десек, ол да болса оқытушы мен студенттің ұйымдасқан
ұжымдық ұмтылысын қажет етеді. Музыка
мұғалімінің шығармашылық қатысының
тиімділігі мен нәтижесінің негізгі мүмкіндігі
- жүйелілік, орындау
реттілігі,
оқушылардың жас
ерекшеліктерін ескеру.
Шығармашылық
іс-әрекет - күрделі ұғым, оны танымның
жоғарғы сатысы деп білеміз. Ғалым-ізденушілердің
еңбектерінің қорытындылары көрсеткендей, оқушылардың
музыкалық аспаптар жайындағы алған білімдері мен оны еркін
қолдану, олардың өзіндік шығармашылығын дамыту,
оның кеңдігі, ыңғайлылығы, тиімділігі мен нәтижелігі
проблемалық ситуация ерекшеліктеріне енгізу музыка
мұғалімінің біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей
байланысты. Оқушылардың музыкалық аспаптарда ойнау
қабілетін қалыптастырудың негізгі түйіні -
танымның логикалы, интеллектуалды, сезімді-бейнелі жағына
байланысты.
Сонымен, шығармашылық үрдістегі маңызды
бағыт - музыкалық аспаптарда ойнауды былайша түсіндіруге
болады: қабылданар деректерді еркін таңдау, саралау, жүйелеп жеткізу; соның негізінде қорытынды жасау, жобалау, қайта
оқыту, сонымен қатар аспаптарға қатысты таным нәтижесін практикалық тұрғыда қолдану.
Жалпы, музыкалық
аспаптарда ойнау білім алушыларды ұйымшылдыққа, бірлікке,
сезімталдыққа, адамгершілікке баулиды, оның тәрбиелік
мәні өте зор. Оқушылар әдетте өздері
қолдарына ұстап, ойнап отырған аспап туралы, тыңдау
үшін орындалған музыкалық шығарма туралы
әңгіме басталса болғаны елең етіп, үлкен ынтамен тыңдауға
кіріседі. Ендеше музыка
әлемінің сырын ашып, саз
маржанын шашу үшін үлкен
ізденгіштік қабілет керек.
Уақыт алға
басқан сайын, оқыту мәселесіне жаңа талаптар
қойылу барысында оқу-тәрбие үдерісінде үздіксіз
шығармашылық жұмыс жаңалана бермек. Ал
мұның өзі музыка маманына жоғарғы музыкалық
талғамды, шығармашылық ізденісті, тынымсыз музыкалық
жаттығуды, еңбектенуді қажет етпек.
Жалпы, жастарды музыка
өнеріне баулуда ұлттық музыкалық
мұрамыздың, соның ішінде көне қобыз
сарындарының алатын орны ерекше демекпіз.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Әл-Фараби. Музыканың ұлы
кітабы. – Астана, 2008.
2. Сарыбаев Б. Қазақтың
халық аспаптары. - Алматы, 1980.