Магистрант Досанова Ботагөз Жаппаровна

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

ОҚУ-ТӘРБИЕ САПАСЫНА АТА-АНАЛАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ӘСЕРІ

 

Қай ғасырда болсын, тәрбие мәселелері назардан тыс қалып көрген емес. Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің Жолдауларында егемен еліміздің азаматтарын қалыптастыруда тәрбие жұмыстарының ерекше рөлі барын баса айтып келеді. Тәрбие – ең алдымен мұғалім мен баланың әрдайым рухани араласуы. Тәрбиенің негізгі тірегі ата-ана мен ұстаз, мектептің тығыз байланыста болуы.

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты, қызық дәурені осы отбасында өтеді. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап, ата-ана өздерінің негізгі борыштарын - тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі.

Әрбір ата-ана өзінің баласын білімді, мәдениетті, жан-жақты етіп тәрбиелеуге міндетті. Қазіргі кезде отбасы тәрбиесі мәселесі әлемдік деңгейде қарастырылуда. Оған «Балалар құқығы туралы Конвенция» (1995), Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы» (1999), Қазақстан Республикасының «Балалардың құқығы туралы заңы» (2002), «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» (2004) сияқты құжаттар дәлел бола алады [1,2,3,4]. 2004 жылы ақпан айында Үкіметтен қолдау тапқан «Білім тұжырымдамасы» үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы балабақшадан бастап, мектеп аяқтағанға дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу мәселесін жоспарлы түрде шешіп, отбасына педагогикалық көмек беруді мақсат етеді. Ал ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуы олардың қоғам алдында өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады. Сондықтан да баланы жағымды ортада тәрбиелеу мен оқыту қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Әрбір педагогтың басты міндеті – болашақтың тұтқасын ұстап, ел дамуына үлес қосатын азаматтарды дайындау. Сол себепті осы жауапты міндетті орындау барысында шәкірттеріммен қоса олардың ата-аналарымен де табысты қарым-қатынас жасау мақсатыма жетуде үлкен жол ашады. Қарым-қатынас деп аталатын процесс – аса кең және сиымды түсінік.

«Бала – балқытқан қорғасын, оны қандай қалыпқа да құюға болады» - дейді халық даналығы. Сапалы білім алмайтын, тәрбие қонбайтын адам жоқ. 

Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым. Жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» - деп көрегендікпен ой түйген. Бала өміріне қажетті тәлім-тәрбиенің іргетесы ата-ана арқылы отбасында қаланады десек те мектеп жасындағы бала тәрбиесінде ұстаз бен ата-ана арасындағы өзара ынтымақтастық өте маңызды. Бұл тақырыптың өзектілігі де осында. Тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан, оны қоғам талаптарынан тыс ұйымдастыру мүмкін емес.  Біз бұл салада ата-анамен мектеп бірге отырып, саналы, тәрбиелі, білімді, адамға тән жақсы қасиеттердің бәрін бойына сіңірген болашақ жастарды тәрбиелеуіміз керек.

Егер де ата-аналардың мектеппен қарым-қатынасын екі жақты бөліп қарастыратын болсақ: ынтымақтаса әрекет етуге өте ынталы және немқұрайлы қарайтындар деп бөлуге болады. Әрине барлық ата-аналармен табысты қарым-қатынаста болу мүмкін болмаса да бала тәрбиесіне дұрыс қарайтын ата-аналар қатарының көп болуы көңілге демеу беретіні де рас.

Кейбір ата-аналар балаларының тәрбиесін, оқуын, күнделікті немен айналысып жүргенін қадағаламай, баласының бойынан оғаш мінез бен жат қылықтар көрген кезде ғана мектеппен байланысып, мұғалімге реніштерін білдіріп жатады. Олардың ойынша мектеп жасындағы жасөспірімдерді тек мектеп қана тәрбиелейді деген ұғым қалыптасқан. Негізінде бұндай ой дұрыс емес, бала мектепте тәулігіне 3-4 сағат ғана болады, ал қалған уақытын үйде өткізеді емес пе? Қазіргі кездегі жасөспірімдердің байқаусызда жаман жолға түсіп кетіп жатқанының бірден бір себебі - мектеп пен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың болмауында. Кейбір ата-аналар мектепте ата-аналар жиналысына бармайды, оның өзіндік себептері де бар. Десе де, баласына көңіл бөліп, бала тәрбиесі тек мұғалімнің тәрбиесімен шектелмейтінін жете түсінулері қажет.

Баламен психологиялық-педагогикалық жұмыстар жүргізу үшін біз ата-анамен жұмыс жүргізуіміз керек. Ата-бабаларымыз: «кемеңгерге де кеңес керек», - деп дұрыс айтқан. Кейбір ата-аналар мұғалімдерден кеңес алудан қашады. Ата-ана өз баласы үшін барлық жағдай жасауға тиіс. Ата-анадан өсіп, ұрпақ тараған. «Жақсы, жаман болса да бала солардан» деген Ж.Баласағұн бабамыздың сөзінен кейін қалай десек те, ата-ана өз баласының алдындағы міндеттері мен құқықтарын өзінен басқа ешкім атқара алмайтынын біледі.

«Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім» - деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, мұғалімдер баланың тәрбиесін, білім дәрежесінің қандай екенін айтып, ата-анамен ашық сөйлесіп, баланы екі жақтап қолға алып тәрбиелеген абзал. Мұндағы ата-анаға қойылатын талап та қарапайым: баласына «бүгін не істедің, тақырыптың қай жеріне түсінбедің?» немесе, «үй тапсырмасын бірге орындайық» - деп көңіл бөліп айтқан сөздерінің, ата-аналық мейірімі мен сүйіспеншілігінің арқасында бала санасында жауапкершілікті сезіну қабілеті туындайды. Осымен қоса,  баланың мектептен алған білімі әрі қарай дамып білім алуға деген ынтасы жоғарылайды.

Әрбір бастауыш сынып мұғалімі – сынып жетекші. Сондықтан мұғалім де ата-аналармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу керек. «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады» - деп В.А. Сухомлинский айтқандай, мұғалім  ата-анамен қандай жағдайда да түсінісе алатын болу керек.

«Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп те тегін айтылмаған. Ата-анаға, балаға «тәрбиені тек мектеп беруге тиіс» деген пікірден аулақ болу үшін, тәрбие отбасынан басталатынын ұғындыратын әсері мол жиындар мен семинарлар, конференциялар көптеп өткізілуі қажет. Мектеп психологтарымен тренингтер өткізіліп, «Отбасы – аялы алақан мекені», «Ана екеуміз...» секілді іс-шаралар , «Әкем, шешем және мен» атты спорт түрлерінен болатын сайыстар мектепте өте жиі ұйымдастырылуы керек. Мұғалім қашанда отбасы үшін бала тәрбиесі туралы ғылыми білімнің негізі болған. Бала нашар оқып, сабаққа деген ынтасы төмен болса, ата-ана мен бала арасындағы болатын түсініспеушілікте мұғалім ғана себебін тауып, көмек көрсете алады.

Бүгінгі таңда осының бәрін педагогикалық жорналдар, газеттер мен кітаптардан табуға болады.

Ата-анаға көз қуаныш,

Алдына алған еркесі,

Көңіліне көп жұбаныш.

Гүлденіп ой – өлкесі, - деп Абай атамыз ата-ананың қуанышы, гүлденген үміт, арманы перзент сүю және оны тәрбиелеу екендігін айтқан.

Қорыта айтқанда, ата-аналар, балаларға үлгі болар бейне екенімізді әрқашан есте ұстайық. Бала тәрбиесіне уақытыңда көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы, бәсекеге қабілетті ұрпақтарын тәрбиелейік. Ата-ана мен мектеп өзара тығыз байланыста болса, балаларға бірдей талап қойып отырса, тәуелсіз еліміздің ұл-қыздары жан-жақты дамыған азамат болып шығары сөзсіз.

Әдебиеттер:

1.      Балалар құқығы туралы Конвенция, 1995.

2.      Қазақстан Республикасының  Білім туралы заңы,1999.

3.      Қазақстан Республикасының Балалардың құқығы туралы заңы, 2002.

4.      Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы, 2004.

5.      Рахметова С., Әбдікәрімова Т., Қабатаева Б. Ана тілі, 4 сынып. - Алматы: Атамұра, 2001. -303 б.

6.      Әбдікәрімова Т.М. Ұлағатты ақын-жазушыларымыздың шығармашылығын оқыту // Қарағанды университетінің хабаршысы. Педагогика сериясы. – 2005, №3 (39) -187; -193 бб.