Педагогические науки/5 Современные методы
преподавания
П.ғ.к., доцент
Муратбекова А.М.
П.ғ.к., доцент
Мешімбаева Б.Ш.
С.Сейфуллин
атындағы ҚазАТУ, Астана қаласы
ОҚЫТУШЫНЫҢ
ЛИНГВОЕЛТАНЫМДЫҚ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ
Қазіргі таңда әдістемеде «Үштұғырлы
тіл» бағдарламасы аясында тілді оқытумен қатар, сол тілді
иемденуші халықтың мәдениетін, тарихын, әлеуметтік
өмірін оқыту маңызды болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа
Қазақстан» атты Жолдауында “Тілдердің
үштұғырлығы” атты мәдени жобаны
кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды: «Қазақстанды
бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын
жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі
– мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт-аралық қарым-қатынас
тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға
ойдағыдай кірігу тілі»[1]. Тіл үйретуші оқытушының тілдерді
білу деңгейі мәдениаралық қатысымға түсе
алатындай болуы керек. Ал бұл шарт лингвоелтанымдық
құзыреттілікті талап етеді. Бұл құзыреттілік кәсіби-қатысымдық
құзыреттіліктің бір бөлігі болып табылады.
Құзыреттілікке В.М.
Шепелдің «Управленческая антропология» атты кітабында: «... қызметтік
жұмысты кәсіби орындау үшін қажетті білімдерді,
тәжірибелерді және іскерліктерді меңгеру», - деген анықтама берілген [2, 30]. Осы анықтаманы басшылыққа алатын
болсақ, болашақ маман оқу орнында алған теориялық білімін іс-тәжірибеге шеберлікпен
қолданып, өз тарапынан іздене отырып, тәжірибе жинау, бір
сөзбен айтқанда, таңдап алған саланың шебері болу
деген түйін жасауға болады.
«Құзыреттілік –
іс-әрекет атқаруға қабілеттілікті білдіретін жалпы
бағалама термин. Әдетте, белгілі бір әлеуметтік-кәсіби
мәртебесі бар адамдарға қатысты қолданылады, оның
орындайтын міндеттері мен шешетін күрделі проблемаларының
нақты деңгейіне сай білім мөлшерін анықтайды» [3, 54].
Қазақ тілінің оқытушысы лингвоелтанымдық құзыреттілігіне қазақтың лингвомәдени қоғамының сауатты өкілінің аялық білімі тең келуі керек. Лингвистикалық терминдер сөздігінде аялық білімге мынадай анықтама беріледі: «Аялық білім – тілдік қатысымның негізі болып табылатын баламасы жоқ сөздерді сөйлеуші мен тыңдаушының білуі» [4,86]. Әртүрлі лингвомәдени ортаға жататын коммуниканттардың (қатысымға түсушілер) ортақ білімдері болса, өзара түсіністік туындайды. Оқу кезінде оқушылар аялық білімнің белгілі бір көлемін меңгерулері керек, жаңа замандағы әдістемеде ол «фреймдік пресуппозиция» деп аталады [4,87]. Мәдениаралық қатысым кезінде дұрыс қатысымға түсу үшін «мәдени-тілдік» тұлға аялық білімдердің келесідей бөлімдерін білуі керек: тарихи-мәдени аялық білім (тарихи даму кезіндегі қоғамның мәдени дамуы туралы ақпарат); этномәдени аялық білім (тұрмыс, салт-дәстүр, мейрамдар т.б. туралы ақпараттар); семиотикалық аялық білім (таңба, өзгетілдік ортадағы ерекшеліктер, мағыналар туралы ақпараттар) [5, 57].
Өзгетілдік мәдениетті
жан-жақты талдау үшін төмендегідей модель ұсынуға
болады: ақпараттық (фактілік) мәдениет (қоғамның
өкілі ғана білетін жалпы ақпараттар, тарихи, географиялық
ақпараттар жиынтығы); әрекеттік мәдениет
(қоғамдағы қарым-қатынас ерекшеліктері, белгілі
бір нормалар, құндылықтар, сөйлеу формулалары, ым-ишара
тілі); әдет-ғұрыптық мәдениет (көркемдік
құндылықтар). Осы модельдер студентті басқа елдің
әлем бейнесіне жақындата түседі. Негізгі мақсаты тілді
мәдениетпен қатар меңгерту болып табылатын қазақ
тілін елтанымдық бағдарлы оқыту, тілдің
әлеуметтік қызметі ішіндегі негізгісі – кумулятивтік
қызметіне сүйенеді. Бұл қызметінде тіл мәдени
құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа
жеткізуші рөлін атқарады. Себебі тіл тек жаңа замандағы
мәдениетті көрсетіп қана қоймай, оның
өткендегі бейнесін де көз алдымызға әкеле алады.
Кумулятивтік қызмет барлық тілдік бірліктерге тән,
бірақ көбірек айқын көрінетін аясы лексика
төңірегінде – сөздерден, тұрақты тіркестерден,
афоризмдерден. Мағынасы жағынан тарихқа, географияға,
тұрмысқа, ауыз әдебиетіне жақын сөздерді білмеген
жағдайда, мәдениаралық қатысымға түсушілер
арасында түсініспеушілік туындайды. Сондықтан оқыту кезінде
меңгерілуші тілдің иесі болып табылатын елдің
мәдениетін көрсететін лексикалық бірліктерге көп
көңіл бөлінеді. Осындай лексиканы іріктеу мәселесі
баламасы жоқ сөздерді іріктеуде маңызды орын алады. Баламасы
жоқ сөздер ұғымы әлі де
нақтыланбағандықтан осыған ұқсас
көптеген терминдер пайда болған: аялық сөздер,
экзотизмдер, варваризмдер, елтанымдық лексика, лакуналар. «Национально-культурная специфика семантики
проявляется в наличии безэквивалентной лексики. Эти слова, служащие для
выражения понятий, отсутствующих в иной культуре или ином языке. Они не могут
быть переведены на другой язык с помощью одного
слова, поскольку не имеют эквивалентов за пределами языка, к которому они
принадлежат. Передача безэквивалентной лексики осуществляется следующим
способами: воспроизведением иноязычного слова (заимствованием); созданием
калек; передачей с помощью аналогов (близких по значению слов и
словосочетаний); описательным способом» [6, 209].
Елтанымдық бағдарлы
оқыту кезінде тек студенттің білімі емес, сонымен қатар
оқытушының да лингвоелтанымдық құзыреттілігін
қалыптастыру маңызды. Бұл мәселені шешу үшін оқытушының
педагогикалық қызметі мен әдістемелік білімін қарастыру
керек. Өзіміз білетіндей, оқытушының кәсіби-педагогикалық
жұмысы екі түрлі қызметті қамтиды. Мақсатты
қызметтеріне қатысымдық-білім берушілік, дамытушылық
және тәрбиелеушілік қызметтері жатады.
Құрылымдық қызметіне гностикалық,
конструктивті-жоспарлау, ұйымдастырушылық қызметі жатады.
Осының ішінен зерттеушілер қатысымдық-білім берушілік
қызметін ерекше атап өтеді, соның ішінен
ақпараттық-бағыттаушылық, уәждеме тудырушылық,
бақылаушылық құрамы ерекшеленеді.
Ақпараттық-бағыттаушылық
бөлігі келесідей білік пен дағдылармен қамсыздандырылады: меңгерілуші тілдің иесі – белгілі
бір халықтың мәдениеті мен тарихының байланысына
қарай білім алушының бағыттау, сол тілді иемденушінің әлеуметтік-мәдени
әрекеттері кезіндегі ұлттық ерекшеліктерінің
көрінісіне бағыттау; өзінің және бөгде
елдің мәдениетіндегі ұқсастықтар мен
айырмашылықтарды білуге қарай бағыттау.
Уәждеме
тудырушылық қызметіне мәдениаралық қатысымға
түсу үшін, студенттерде тілдерді
қолдануға деген қажеттілігін тудыру жатады: а) тілді
меңгеру кезінде мәтіндерді, өлеңдерді, әндерді,
видеоқұралдарды т.б. пайдалану; ә) оқытудың
белсенді түрлерін (проблемалық сұрақтар,
әлеуметтік-мәдени жаққа бағытталған рөлдік
ойындар) қолдану; б) студенттерді түрлі сабақтан тыс
жұмыстарға тарту арқылы (мәдени-елтанымдық
викториналар мен сайыстар, пікірталас, хат жазысу т.б.)
аккультуризацияның көп мәселелерін шешуге болады.
Бақылаушы-реттеушілік
қызметі келесі білік пен дағдыларды талап етеді:
тілдерді мәдениаралық қатысымның
құралы ретінде меңгеруде бақылаудың
мақсаты, пішіні мен түрлерін, объектілерін анықтау; тілдерді
мәдениаралық қатысымға түсу деңгейінде
меңгерулері үшін, білім алушылардың білік пен
дағдыларының деңгейін анықтау мақсатында,
олардың сөйлесім дағдыларын оқыту кезінде және
соңында бақылау жүргізу, осы бақылауды жоспарлау
және жүзеге асыру.
Дамытушылық
және тәрбиелік қызметі келесідей білік пен
дағдылар арқылы жүзеге асады: дүниетанымдарын
кеңейту, есте сақтау қабілеттерін, қиялдарын, студенттердің
интеллектерін дамыту, өз елінің мәдениеті мен өзге ел
мәдениетіндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды
анықтай алу және талдау жасауға дағдыландыру; тіл
үйренушінің лингвоелтанымдық сөздіктерді,
әртүрлі анықтамалық әдебиеттерді,
бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану
арқылы басқа ел мәдениетін өздігінен тануларын
дағдыландыру; студенттерде тілді иемденуші халыққа,
оның әлеуметтік-мәдени құндылықтарына деген
ізгілік, сыйластық қарым-қатынасты тәрбиелеу.
Біздің ойымызша, жоғарыда көрсетілген кәсібилік
білік пен дағдылар оқытушының лингвоелтанымдық құзыреттілігінің
дидактикалық негізі болып табылады. Сонымен, оқытушының
лингвоелтанымдық құзыреттілігіне енетін негізгі
бөлшектер: 1) негізгі аялық білімнің болуы және сол
аялық білімдерін мәдениаралық қатысым кезінде
қолдана алу; 2) ұлттық-мәдени мағыналы лексиканы
білу және оларды мәдениаралық қатысым кезінде
ұтымды пайдалану; 3) тілдерді мәдениаралық
қатысымға түсу мақсатында оқыту үшін
белгілі бір педагогикалық білік пен дағдылардың болуы.
Қорыта келгенде, коммуникативтік құзыреттілік пен мәдениет
болашақ маманның кәсіби қасиеттері мен
тұлғаның жалпы мәдениетінің құрамдас
бөлігі болып табылады және кәсіби қызметтің
ерекшелігіне бейімделудің кепілі.
Бұл орайда жас маманның тіл мәдениеті мен
мәдениетаралық қатысымға түсуі ерекше мәнге
ие. Құзыреттілігі қалыптасқан маман – алған
теориялық білімін логикалық бірізділік, жүйелілік
қағидасы негізінде басқаларға жеткізе білетін маман.
Әдебиет:
1. Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауы 2007 жыл.
2. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов / О.С. Ахманова. – Москва, 1969. -255с.
3.
Горчакова В.Г. Формула профессионализма / Челябинск: 1997. - 140 с.
4. Кенжебеков Б.Т.
Университет студенттерінің кәсіби құзыреттілігін
қалыптастырудың теориясы мен практикасы. Монография – Астана, 2001.
– 274 б.
5. Фурманова В.П. Межкультурная коммуникация и лингвокультуроведение в теории и практике обучения иностранным языкам/ В.П. Фурманова. – изд. Мордовского ун-та, 1993. -324с.
6. Ахметжанова Ф.Р.,
Кудрявцева В.А. Некоторые вопросы
техники перевода //Особенности подготовки специалистов в условиях
университета. Науч.-техн.сб. –
Усть-Каменогорск: Изд-во ВКГУ, 1997. – 460 с.