Педагогические  науки/5.Современные методы преподавания

К.б.н Садыканова Г.Е.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕРІН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

 

Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін жетілдіру білім беру мазмұнын жаңартудың концептуалдық қағидаларының бірі ретінде құзырлылық тәсілдемені көрсетеді.

2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының стратегиялық міндеттерін шешуде тұлғаның маңызды сапаларына инициативтілік, шығармашылық ойлауға қабілеттілік, мәселелерді стандартты емес жолмен шеше білу, кәсіби жолын таңдай алу, өмірдің соңына дейін оқуға дайындық жатады.

Ғылыми-зерттеу құзыреттілігі – белгілі бір саладағы білімдер жиынтығы, зерттеу дағдыларының болуы, алған білімдері мен дағдыларын нақты бір қызметке пайдалана алуы. Ғылыми-зерттеу құзыреттілігі оқушыда оқу-таным әрекетінің ажырамас бір бөлігі ретінде қалыптасуы тиіс. Ғылыми-зерттеу құзыреттілігі тек зерттеушілік әрекеттерде ғана қалыптаса алады. Оқушының ғылыми-зерттеушілік іс-әрекеті – заманауи мектептерде оқытудың өзекті және озық формаларының бірі болып табылады. Оқушыларда зерттеушілік дағдылардың қалыптасуы олардың пәндер бойынша білімдерінің кеңеюіне, өзекті сипат алуына және қызығушылықтарының артуына себеп болады. Зерттеушілік дағдылар ойлаудың ғылыми образының дамуына негіз болады. Олар балалар ұжымында, оқушылар, педагогтар, ғалымдар мен мамандар арасында мәнді қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді. Аталмыш үдерістің маңызды бір бөлігіне өз бетімен қажетті білім алу, оларды тәжірибеде пайдалана алу, көп мөлшердегі  ақпаратпен сауатты жұмыс істеу, зерттеу үшін тиісті мәліметтерді жинау, оларды талдау, мәселелерді шешу үшін гипотезалар ұсыну, қорытынды жасай алу, заңдылықтарды белгілеу, практикалық шешімдер таба білу жатады. Кәсіби өзін-өзі анықтау оқушылардың ғылыми-зерттеушілік құзыреттілігін қалыптастыруда өте маңызды.

Ғылыми-зерттеу құзыреттілігі оқушылар танымының ойлау, іздену, логикалық, шығармашылық үдерістерімен байланысты білім беру құзіреттіліктерінің тұтас кешенін құрайды. Ғылыми-зерттеу құзыреттілігін қалыптастыру кезінде теориялық материал саналы түрде меңгеріледі, негізі ұғымдардың белгілері ажыратылады, білім көлемі кеңейеді, әр түрлі дағдылар мен біліктіліктер қалыптасады, басқа пәндермен сабақтасады. Осыған байланысты қазіргі уақытта заманауи мектептерде білім беру барысында тек жүйелі білім, дағды мен біліктілік қалыптасып қана қоймайды. Мектепте қазіргі таңда оқушының интеллектуалдық және өнегелік дамуына, шығармашылық ойлаудың қалыптасуына, ақпараттармен жұмыс істей алуына бағытталған. Педагогикалық қызметтің негізгі бағытына оқушылардың ғылыми зерттеу құзыреттілігінің дамуы үшін оқу материалдарын бірлестіру арқылы қолайлы орта жасау болып табылады.

Сабақ барысында, тіпті сабақтан тыс жұмыс түрлерінде оқушыларда ғылыми-зерттеу біліктіліктерін жүйесіз дағдыландыру ғылыми-зерттеу құзыреттілігін қалыптастырып, дамытуға негіз бола алмайды. Бірнеше заманауи педагогикалық технологиялардың (зерттеушілік, жобалық, ақпараттық-коммуникациялық) мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қойылған мақсат-міндеттерге қол жеткізуге болады.

Оқушыларда ғылыми-зерттеу құзыреттіліктерді қалыптастырып, дамыту үшін келесідей бағыттарды ажыратуға болады:

1)                Зерттеу сапасын дамытуға бағытталған оқу-әдістемелік кешендер пайдалану;

2)                Ақпаратпен өз бетімен жұмыс істеудің тиімді әдіс-тәсілдерін қалыптастыру, оқушылар қабылдауының жастық және жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеру;

3)                Жалпы білім беру үдерісіне жобалар және зерттеу технологияларын енгізу: сабақтан тыс уақытта оқушылардың интеллектуалды тәрбиеленуі бойынша тұлғаға бағытталған жұмыстар жүйесін пайдалану.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары әдетте 2 кезеңнен тұрады: а) теориялық; б) практикалық.

Бірінші кезеңде негізгі рольді мұғалім атқарады, ол оқушының пәнге деген қызығушылығын тудырады, шындықты іздеуге, шеберлікті меңгеруде көмекші болады. Екінші кезең бірінші кезеңнің жалғасы болып табылады.

Практикалық кезеңде оқушылар өз бетімен зерттеу жұмыстарын жүргізеді, ғылыми-зерттеушілік дағдылар қалыптасып, бекиді.

Тәжірибе көрсеткендей оқушыларда ең алдымен тақырыпты таңдауда, зерттеу жұмысының мақсат-міндеттерін тұжырымдауда, гипотезаны ұсынып, негіздеуде қиындықтар туындайды. Мектеп оқушысы өзінің жұмысын жоспарлай алмайды, ол мұғалімнің тапсырмасын ғана орындайды. Объектілік позициядан субъектілік позицияға көшкен жөн, алайда оқушыда бұл үшін тәжірибе жеткіліксіз.

Сондықтан оқушының ғылыми-зерттеу жұмысында өзін-өзі ұйымдастыру үшін мына шараларды іске асырған жөн:

1)                ғылыми жұмысты бастамас бұрын, ең алдымен, бір жылға арналған жұмыс жоспары мен кестесін құру қажет;

2)                жұмыс тақырыбын қорғау, алғашқы зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша есеп беру, зерттеу жұмысының бірінші тарауын қорғау, алдын ала қорғау сияқты бірнеше рет аралық іс-шараларды өткізген жөн;

3)                жетекші мен оқушы жиі кездесулері тиіс;

Оқушы өзін  қызықтырған пәнге нақты бір зерттеу мәселесін білмей келеді. Оқушыда ондай біліктілік те болмайды, себебі ғылыми-зерттеушілік міндеттер туындау үшін, ол материалды өте жақсы меңгеруі тиіс, оның мазмұнына деген ерекше бір позиция болуы керек. Дәстүрлі мектепте ғылыми материалдар тек дәлелденген, дайын күйде меңгеріледі. Ал ғылыми зерттеуде білім тірі, дамып келе жатқан құбылыс ретінде қарастырылады, зерттеушіге оның тұжырымдалған жақтары ғана емес, сонымен қатар өзекті мәселелерін, белгісіз жақтарын білу өте маңызды.

Ғылыми жұмыстың тақырыбын таңдауда, гипотезасын тұжырымдауда, зерттеу жұмыстарының жоспарын құрғанда ғылыми жетекшімен кеңес құрып, таңдалған тақырып оның ғылыми зерттеу аясының шегінде болуы тиіс.

Тақырып таңдаудағы кездесетін тағы бір қиындық ол – жұмыстың ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығын айқындау болып табылады. Кейде жұмыстың практикалық маңыздылығы басым болады да, ал жұмыстың ғылыми жаңалылық деңгейі төмен болады. Ал оқушы үшін барлық материал жаңалық болып көрінеді. Сондықтан, оқушылардың ғылыми жұмыстарын ұйымдастырғанда, оның ғылыми жаңалығынан гөрі практикалық маңыздылығына аса назар аудару керек, себебі нағыз ғылыми жаңалық мектеп қабырғасында орындалған жұмыста болмайды.  Практикалық маңыздылығы жоғары жұмыстар оқушы үшін қол жетімді және презентациялауға қолайлы.

Ғылыми-зерттеушілік дағдылар неғұрлым ерте қалыптасып, дамыса, соғұрлым сабақтар, факультативтер, арнайы курстар тиімді өтеді. Сондықтан ғылыми-зерттеу дағдыларды мазмұны мен орындалуы бойынша қарапайым тәжірибелер арқылы ертерек қалыптастырып, дамытқан жөн. Осыған орай, мектепте оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында эксперименталдық зерттеу жұмыстарын, ғылыми-зерттеу жобалары мен оқушылардың ғылыми-зерттеу конференцияларын жиі ұйымдастыру қажет. Қазіргі уақытта оқушылар мұғалімнің жетекшілігімен жүзеге асырылатын көп айлық зерттеу және шығармашылық іс-әрекеттердің нәтижесі болып табылатын ғылыми-зерттеу экспедицияларына, далалық іс-тәжірибелерге, олимпиадаларға, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, зертханаларда тәжірибе жүргізеді. Конференцияға ең үздік зерттеу жұмыстары шығарылады.

Сабақ уақытында мұғалім ұйымдастырған зерттеу жұмыстары пән бойынша сыныптан тыс жұмысқа әсер етеді. Бәрімізге белгілі, сабақта фактілерді, құбылыстар мен заңдылықтарды жан-жақты және терең түсінуге мүмкіндік болмайды. Тақырып бойынша сабақтың жалғасы болып табылатын сабақтан тыс уақыттағы іс-шараларға ғылыми-білім берушілік, ізденушілік-шығармашылық жұмыстар жатады.

Оқушының зерттеу жұмыстарын ақпараттық технологиялармен ұштастыра отырып ұйымдастыру бала тұлғасының кейбір әмбебап ерекшеліктерін барынша пайдалануға мүмкіндік береді – барлық құбылысқа деген табиғи қызығушылық, қарым-қатынас пен ойынға деген сұраныс.

Мұның бәрі оқушының ғылыми-зерттеу құзыреттілігінің дамуына ықпал етіп, оқушының саналы және сауатты түрде өзінің дамуының білім берушілік траекториясын анықтауға себепші болады. Ең бастысы өмір бойы оқуға ұмтылыс сияқты адам дамуының негізін салынады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Грачева И.Н. Формирование исследовательских умений учащихся в процессе обучения биологии./ И.Н. Грачева // Биология в школе.—2009.—№6 с 49

2. Губарева В.В. Внеклассная исследовательская деятельность./ В.В. Губарева //Биология в школе.-2009.- №8. – С.48-49.

 3. Финогенова О.Н. Исследовательская компетентность школьника./ О.Н. Финогенова // Биология в школе.-2009.-№9. - С.14-18.

4. Горленко Н.М. Организация исследовательской деятельности учащихся городских школ./ Н.М. Горленко// Биология в школе .-2009.-№9. - С.19-22.

5. Барановская Л.А. Использование исследовательского метода при обучении биологии /Л.А. Барановская// Биология в школе. - 2009. - №9 - С.23-25.

6. Шмелева В.А. Научно-исследовательская работа по биологии, как важный способ активизации школьников.// Успехи современного естествознания. – 2008 - №6 - С. 107-108.