А.А.Ахметова
аға оқытушы, магистр

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ

Энергетика саласындағы   терминнің  фрейм-құрылымдағы көрінісі

 

Концептілік құрылымдардың бір типі-фрейм. Фрейм ұғымы когнитивтік лингвистикада әлі толық анықталған жоқ, сондықтан да оның әртүрлі анықтамалары бар. Фрейм терминін енгізген М.Минский: «Фрейм - стереотипті ситуацияларды елестетуге арналған құрылым. Әр фрейм арқылы әртүрлі ақпарат асоциацияланады» - деп көрсетеді [1]. Т.А. Ван Дейктің көзқарасы бойынша: «... фреймдер-белгілі бір концептің төңірегінде ұйымдасқан бірліктер. Ассоциациялардың жай жинағынан фреймдердің айырмашылығы, олардың өздері ассоциацияланатын қандай да болмасын концепт жайлы негізгі, арнаулы және барынша кең мағлұматтарды иелену мүмкіндігінде» [2,16] десе, М.Л.Макаровтың пікірінше: «фрейм – адам санасындағы нақты заттардың өзіне тән ерекшеліктері мен коммуникациясы туралы белгілі ситуациялар арқылы берілетін білімнің когнитивтік құрылымы» [3, 52]. Фрейм-адам санасындағы белгілі бір стеротиптерді жағдайдың көрініс табуы және сол жағдайға байланысты білім қорын жинақтаушы ақпаратты  құрылым [4, 3б.].  Жоғарыдағы пікірлерді қорытындыласақ,   фреймдер-ғалам туралы адам түсінігінің  шоғырланған қорын белгілі бір ретке келтірумен қатар, адам санасындағы белгілі бір модель түрінде көрініс табады, затқа немесе құбылысқа берілген атау адам санасындағы ақпараттар нәтижесінде жүзеге асады. Адам санасындағы ақпарат белгілі бір  ретпен, жүйемен адам жадында сақталады.

Фрейм-элементтері ұғымдық құрылымның жеке бөлігі (сөз, тіркес, сөйлем) болып табылатын лексикалық қатар.   Қарапайым фреймдер бір ғана лексикамен берілуі мүмкін, ал күрделі фреймдер тіркестер немесе сөйлем арқылы танылуы мүмкін. Әрине, бұл тек шартты түрдегі тілдік көрінісі. Тіл білімінде фрейм - әрбір сөзі белгілі бір бөлшекті (мағынаны) немесе кейбір концептуалды және акционалды бүтіндікті айқындайтын сөздер жинағы ретінде танылады.

Фрейм-құрылым – біртұтас күйінде ойланылатын  көпкомпонентті концепті. Ол кең көлемді түсініктер мен барлық тұрақты  ассоциацияларды; сәйкес стандарт білімдерді қоса қамтитын клише түріндегі ситуацияларды бейнелейді (тұрақты ассоциациялар-негізінен адгерентті сипатта болады). Фрейм-құрылымдардың екі маңызды қасиеті бар: а) олар стереотипті ситуацияларды құрылымдау мен сақтау құралы болып табылады (М.Минский);  ә) тілдік және бейтілдік білімдердің біріктіріліп, адам санасында бірге өмір сүруінің құралы болып табылады.

       Фреймнің екі түрі болады: жай фрейм және құрылымдық фрейм.  Құрылымдық фрейм бір саладағы ғылыми ұғым туралы жинақталған білімдерді когнитивтік-пропозиционалдық құрылымдардың торы ретінде көрсетеді, мәселен, энергетика саласында «антенна» іргелі термин болып саналады. Оның төңірегінде терминдердің тобы орналасады. «Антенна» фреймінің торын қарастырайық.

I. Әлеуметтік құрылымдар, институционалдық:

а) жекеменшік, қоғамдық;

б) ресми не жекеменшік, өндірістік;

в) орын: кеңсе, үй, мекеме;

г) қызметі: дефинитивтік, когнитивтік.

II. «Антенна» фреймінің конвенционалдық негізі:

а) антеннаның не үшін тағайындалғанын, не үшін қажетті  екені туралы білім;

б) антеннаның түрлері туралы білім;

в) антеннаны орнату іс-әрекеті туралы білім.

III. Энергетикалық   коммуникацияның субьектілерінің жаһандық мақсаттары, олардың мінез-құлқы:

а) мекеменің, өндірушінің көздейтін негізгі мақсаты: 1) антенна туралы энергетика, радиотехника туралы стандарттық білімдерді игеру, оның баламалары, диапазоны, торы, кедергілері, пайдалы коэффициенті туралы, орнату іс-әрекеті  туралы білімдерді игеру; 2) клиенттермен сыпайы түрде қатынастарды жүзеге асыру;

б) клиенттің көздеген негізгі мақсаты: 1) үйіне, мекемесіне, кеңсесіне антеннаны орнату; 2) антеннаны орнататын мекемелер туралы білімді жинақтау; 3) клиент энергетикалық өндірістің кеңсесінде, мекемесінде сыпайы мінез-сипатты көрсетеді. Ол осы мекемемен байланыс жасап, антеннаны қысқа мерзімде, сапалы түрде орнатуды тілейді.

IV. Интрамәдениетті коммуникативтік акт. Бұл акт энергетикалық  немесе  радиотехникалық мекемелерде, кеңселерде жүзеге асырылады:

а) коммуникация субьектілер:

1) коммуникант ¹

2) коммуникант²

б) интеракция: әлеуметтік өзара қатынасу (кеңседе, мекемеде, өндірісте);

в)локуция: энергетика, радиотехника терминдерін қолдану, коммуниканттардың ниетін білдіретін сөйлемдерді, сөзді іске асыру, тілдік кодты (орыс, қазақ, ағылшын) пайдалану;

г) қызметі: ықпал жасау, сендіру қызметтері. Бұл жағдайда перлокуция тиімділігін ескеру қажет, өйткені біздің сөзіміздің жаны бар, адамға әсер ететіндей болу керек. Коммуникант  барлық күшін клиентті сендіруге жұмсайды.  Ол кеңсе, энергетика, радиотехника саласының өкілі ретінде өзінің тауарын мақтап, қасиеттерін арттырады, қызметінің жоғары деңгейде істелетінін көрсетуге тырысады. Коммуникант² (клиент) бірінші коммуниканттың сөзіне иланып, оған сенімділік білдіреді. Мәселен, жағдаятты сипаттайық:

коммуникант¹: біздің мекеме антенналарды орнатады. Антеннаның әр түрлері бүкіл қоғамдық мекемелерде, өндірістерде орнатылу керек. Біздің қарамағымызда  антенналарды өңдеп шығаратын зауыттар бар. Біз қоғамдық мекемелермен қатар  үйлерге де антеннаны орнатамыз.

клиент (коммуникант²): маған тәрелке тәрізді антеннаны үй үстіне орнату керек. Орнату үшін  қанша сома төлеймін. Ол антеннаның тиімділігі бар ма немесе жай антеннаны орнатайын ба?

коммуникант ¹: әрине, тәрелке тәрізді антеннаны орнатқаныңыз дұрыс. Ол сымды антеннадан әрдайым тиімді, кіріс кедергісі аз, диапазоны кең, толқынды тарату деңгейі кең болып келеді.

клиент (коммуникант²): рахмет, онда біз тәрелке тәрізді антеннаны орнатайық. Соған келістік.

Y. Фреймнің когнитивтік-пропозионалдық құрылымы:

Антенна  фреймінің ментальдық түрден сыртқа шығарып тілдік бірліктер арқылы бейнелесе, онда оның парадигматикалық және синтагматикалық қатынастарын көрсетуге болады. Ол үшін  антенна фреймінің ассоциативтік кеңістігін қарастыруымыз қажет.

«Антенна» фреймінің  синтагматикалық қатынастары.

«Антенна» фреймінің  парадигматикалық қатынастары болмайды, себебі оның синонимдері, антонимдері терминология саласында кездеспейді. Ал синтагматикалық  қатынаста «антенна» сөзімен байланысты фразатіркесімдер көп көлемде қолданылады. Оларға келесілерді жатқызамыз: антенна баламасы, антенна диапазоны, антенналық айырып қосқыш, антенналық тор, антеннаның әрекеттік ұзындығы, антеннаның кіріс кедергісі, антеннаның пайдалы әрекет коэффициенті, антеннаның сәуле шығару қуаты және сәуле шығару кедергісі, антеннаның толқындық кедергісі, антеннаның шығын қуаты және шығын кедергісі, антеннаның электрлік және салыстырмалы ұзындықтары.

«Антенна» терминін қолданысқа ендіретін идентификатор етістіктері: антеннаны орнату, антеннаның электрлік және салыстырмалық ұзындықтарын өлшеу, антеннаның шығын қуатын және шығын кедергісін анықтау, антеннаның толқындық кедергісін өлшеу, антеннаның әрекет коэффициентін белгілеу т.б.

«Антенна» фреймін бұтақты ағаш түрінде бейнелеуге, яғни фреймнің байланыстарын, қатынастарын және түйіндерін торап ретінде ашуға  болады. Бұл жағдайда фрейм негізгі түйіннен және бірнеше терминалдардан құрылады. Негізгі түйін фреймдік ағаштың басында орналасады. Сол түйінде антенна туралы негізгі білім беріледі. Мәселен,

Антенна-радиотаратқыштан  шыққан электромагниттік тербелістің радиотолқын ретінде эфирге таралуын, сондай-ақ радиоқабылдағыштың эфирден радиотолқынды қабылдауын қамтамасыз ететін құрылғы [5, 21].

Қосымша терминалдар «антенна» туралы қосымша білімдер анықталады, қараңыз:

Терминал №1

Антеннаның түрлері: көлемді антенна, жиілік диапазонды антенна, кең жолақты антенна, тар жолақты антенна, толқынды тарататын антенна, толқынды қабылдайтын антенна.

Терминал №2

Антеннаның жасалған материалдары, формасына қарай түрін белгіле. Бұл жағдайда сым кескінді түрдегі антенна, металл айналы антенна, рупорлы антенна, спираль тәрізді антенна,  диэлектрик өзек түріндегі антенна.

Терминал №3

Антеннаның кедергілері: антеннаның шығын кедергісі, антеннаның толқындық кедергісі, антеннаның кіріс кедергісі.

Терминал №4

Антеннаны өткізетін линиялар: антенналық фидер (радио жиіліктің электр тербелісін тарататын өткізгіш линия).

  Бұтақты ағаш  тәрізді фреймді келесі сызбадан көрсетуге болады:

Антеннаның анықтамасы бойынша  

негізгі білім беріледі

                                                                                              

Терминал №2

Антенанның жасалған материалына қарай түрлері: сым кескінді, рупорлы, спираль тәрізді антенна

 

Терминал №1

Антеннаның түрлері:

толқын ұзындығы көлемді антенна, кең жолақты антенна

 

Терминал №4

 

Антеннаны өткізетін  линиялар: антенналық фидер

 

Терминал №3

Антеннаның кедергілері: антеннаның шығын кедергісі, антеннаның  кіріс кедергісі

 
                                                        

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

сызба №1-антенна фреймінің көрінісі

 

Қорыта айтсақ,  фрейм-құрылымдық компоненттердің тұтас жиынтығы ол бір зат, құбылыс туралы стандарттық білімдерді көлемді түрде жеткізетінін энергетика саласындағы антенна терминіне талдау жасау арқылы  көрдік.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Минский М. Фреймы для представления знаний/Пер. с англ. О.Н.Гринбаума, -Москва, 1979. -152 с.

2. Ван Дейк Т.А. Фреймы знаний и понимание речевых актов / Пер.с англ. М.А. Дмитриевой // Язык. Познание. Комуникация: -Москва, 1989.- 16-20с.

3. Қалиұлы Б. Қазақ тілдігінің ғылыми бейнесі.-Алматы, 2008.-92 б.

4.  Қайрбаева Қ.Т. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні.  Фил. ғыл. канд... дис: -Алматы: А.Байтұрсынұлы ат-ғы Тіл білімі иниституты, 2004.-138 б.

5.  Электротехника, электроника және байланыс. Орысша-қазақша түсіндірме сөздігі.-Павлодар, 2006.- 288 б.