«ЭКОЛОГИЯ» МАМАНДЫҒЫ  СТУДЕНТТЕРІНІҢ ТІЛІН КӘСІБИ ТҰРҒЫДА ДАМЫТУ

 

Ш.Есенов атындағы КМТИУ  доценті Үрістенбекова Г.Қ.

 

Егемендi елiмiздiң бүгiнгi таңдағы ең басты мақсаты - өркениеттi елдер қатарына көтерiлу болса, оған жетудiң бiрден-бiр жолы бүкiл әлемдiк бiлiм кеңiстiгiнен орын алу болып табылады. Оның өзi ұлттық бiлiм беру жүйесiнiң даму бағыттарын айқындап, оны тың арнаға, жаңа сапаға жеткiзу қажеттiлiгiн мiндеттейдi. Сондықтан да бiлiм мазмұнын байыту, оқыту үрдiсiн жетiлдiру, инновациялық технологияларды өмірге әкелу, жан-жақты дамыған, рухани жетілген жас ұрпақты қалыптастыру, дамыту - өз шешімін қажет ететін, кезек күттiрмейтiн мәселелер қатарына жатады. Осыған сәйкес бiлiм беру мақсаттары мүлде жаңа арнаға бет бұрды. Дәстүрлi оқытуда оқушыға бiлiм, iскерлiк, дағды қалыптастыру бiрiншi орында тұpca, қазiргi кезеңге сай, жеке тұлғаны дамыту, дарыны мен қабiлетiн жетiлдiру мәселелерi алдыңғы қaтарға ие болды. Яғни бiлiм парадигмасы өзгердi. Бiлімдi жеке тұлғаға қарай бағыттау, студенттің "Мен" менталитетiн қалыптастыру, өзiн-өзi тану, соған сәйкес өзiн-өзi дамыту, тәрбиелеу, әр баланың дарынын ашу оқытушылар қауымына қасиетті міндеттер жүктеп, келелі iстepгe бағыт бердi.

     Бұл мақсаттарды жүзеге асыруда, рухани, жан-жақты дамыған, дарынды, қабiлеттi жеке тұлға қалыптастыруда кәсіби қазақ тiлiнен берiлетiн бiлiмнiң маңызы ерекше. Себебi берiлетiн бүкiл бiлiм мен тәрбие ең алдымен тiл арқылы іске асады. Егемен еліміздің болашағы жолында аянбай еңбек ету, туындайтын өзекті мәселелердің шешімін табу, қиындықтарды жеңе білу, мемлекетіміздің келешегін жоспарлау – шығармашыл адамдардың ғана  қолынан келетін іс. Шығармашыл жеке тұлғаны тәрбиелеу мен оқыту жоғары оқу орындарында дамыта оқыту идеясымен ұштастырыла жүргізілгенде тиімді болатыны оқыту барысында дәлелденіп отыр.

Соңғы жылдары жоғары оқу орындарында  «Кәсіби қазақ тілі» пәні оқытыла бастады.  Яғни  студенттерге мемлекеттік тілді қатысымдық тұрғыдан меңгертумен қатар олардың  мамандығын ескере отырып оқыту мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Өйткені бүгінгі студент – ертеңгі маман. Ол мемлекеттік тілді өз дәрежесінде меңгерумен қатар мамандығына қатысты лексиканы игеріп, іс-қағаздарын сауатты жүргізуі қажет. Басқаша айтқанда, тіл үйренуші алған білімін өзінің күнделікті кәсіби қызметінде пайдалана алатындай деңгейге жетуі керек. Өйткені қазақ тілін жетік білу талабы – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.

Өнеркәсіп пен экономиканың қарқындап дамуы, халық санының өсуі экологияның нашарлауына әсер етуде. Соңғы жылдары пайдалы қазба қорларының азаюы, жер бетіндегі өсімдіктер мен жануарлардың кей түрлерінің мүлде жойылы кетуі салдарынан ауаның шектен тыс ластану  қаупі арта түсті. Қоршаған ортаның ластануына, табиғаттың бұзылуына қарсы қоғам аландаушылық білдіруде. Экология қазіргі кезде дүние жүзіндегі әр адамның негізгі проблемасына айналды. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев халықаралық стандарттарға сәйкес қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді негізгі басымдықтардың бірі ретінде санап, бүгінгі күннің кезек күттірмес өзекті мәселесі екенін атап өтті [1, 59-63 б.].

Экологиялық мәселелер негізінен әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсерінен туындайды. Сондықтан бұл мәселелерді шешу жеке тұлғалардың,  жалпы халықтың табиғат пен қоршаған ортаға қатынасын өзгерту арқылы шешімін табуы тиіс. Адам экологиялық қауіпсіздікке үлес қосып, экологиялық білім мен тәрбие мәселелеріне ерекше назар аударуы қажет. 

Табиғат жанашырлары – эколог-мамандардың  терең білім алып, мамандықтары бойынша  шығармашылықпен жұмыс істеуі үшін қазақ тілін дамыта оқытудың маңызы зор. Қазақ тілін дамыта оқытудың  мақсаты – білім алу, білік, дағдыға қол жеткізу ғана емес, ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалануға дағдыландыру.

Тіл – қарым-қатынас құралы, сондықтан да тілге деген қажеттілік, дамыта түсу – қоғамдық мәселе болып табылады. Қатынас қажеттілігінің өзгеруі ең алдымен адамдарды іс-әрекетінің өзгеруіне байланысты әрі бұл өзгерістер тілдің лексикасына, грамматикалық құрылысына әсер етеді.

Тіл – әлеуметтік ақпаратты жеткізуші. «Тіл тарихи пайда болған және өте күрделі түрде адамзат ой-санасымен, танымымен дамып келе жатқан, әрі біртұтас әрекеттестікте жұмыс атқаратын қатынас механизімі болып табылады» [2, 10 б.].

Тіл табиғи әлеуметтілігінен туындайтын танымдық, қатысымдық қызметтерді қамтиды. Тілдің табиғи әлеуметтілігі қатынас, адамның сезімін басқаларға жеткізу, ойын хабарлау, қоғамдағы, адам өміріндегі түрлі құбылыстарды танып-білу сияқты ең басты қызметтерін анықтайды.

Қазақ тілін жоғары оқу орындарында дамыта оқыту да белгілі заңдылықтар негізіндегі адамның тілдік ойлау механизмдері (сөйлеу мүшелері, интеллект, ес, сезім т.б.) мен ойлау аппаратын дамытуды басқаратын тіл – ойлау – сөйлеудің өзара әрекеттестігі негізінде құрылады. Бұл әрекеттестік адамның ойлауы мен сөйлеу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сондықтан қазақ тілін дамыта оқытудың ең басты мақсаты тілдің белсенді қатынас құралы екендігін түсіндіру болып табылады. Қазақ тілін оқытуда студенттердің коммуникативтік дағдысының дамуы олардың интелллектуалдық, эмоционалдық қызығушылығын арттыру құралы болып табылады. Қазақ тілінде студенттердің өздігінен ойлануы, пікір таластыруы, ой қорытып, қорытынды жасауы олардың танымын дамытады. Себебі қазақ тілін дамыта оқытуда студенттерге берілетін тапсырмалар мен жаттығулар танымдық қызметке негізделеді. Студенттер сол арқылы өмірді, өздері өмір сүріп отырған қоғамды, ортаны танып, қоғамдағы, табиғаттағы болып жатқан өзгерістерге қатысты өз ойын еркін жеткізуге дағдыланады. Болашақ эколог студенттер еліміздегі табиғи ортаның бұзылу себептері мен табиғатты қорғау шараларын өз дәрежесінде меңгеруі тиіс.

Болашақ эколог мамандар үшін сауатты жазып, дұрыс сөйлеудің маңызы зор. Ол үшін  тіл үйренушілерге қазақ тілінің дыбыстық, лексикалық, грамматикалық құрылымы мен жүйесін, ерекшеліктерін теориялық  тұрғыдан меңгерте отырып, практикалық тұрғыдан қолдана білуге үйрету керек. Болашақ эколог мамандар тілді өз дәрежесінде меңгермей тұрып, табиғат қорғау ісіне араласа алмайды.

Тіл үйренуші студент тіл білімінің негізгі заңдылықтарын толық меңгермейінше, сол тілде дұрыс жазып, сөйлеуді меңгере алмайды. Ғалым Ф.Ш.Оразбаева: «Сөйлеу процесінде басты орын алатын сөз бен сөздің байланысы, грамматикалық формалар мен мен мағыналар, сөздердің тіркесі, сөзжасам – осының бәрі тіл білімінің салаларында қарастырыла келіп, грамматиканың дамуына қанша әсер етсе, тілдік қарым-қатынасқа, сөйлеуге де сонша әсер етеді», – деген тұжырым жасайды [3, 30 б.].

Адам айтайын деген ойын сөйлеу арқылы, яғни әртүрлі сөз, сөз тіркесі, сөйлем  арқылы басқаларға жеткізеді. Студенттерді қазақша сөйлеуге үйрету қазақтың дыбыстық жүйесі мен оның өзіндік ерекшеліктерін меңгертуден басталады. Олар  дыбыстау мүшелері, олардың дыбыстарды айтуға қатысы, дыбыстарды топтастыру, буын, екпін, интонация, үндестік заңы, дұрыс сөйлеу, дұрыс жазу заңдылықтары, дыбыстардың айтылу, жазылу ерекшеліктері, дыбыс алмасулары т.б. көптеген заңдылықтар туралы мағлұмат алады. Тілдегі дыбыстық ерекшеліктер мен ұқсастықтар, ортақ жайлар мен жеке нақты заңдылықтарды ғылыми тұрғыдан білмейінше, жеке бір сөздің басқа бір сөздермен байланысын, шығу, өзгеру жолдарын білу мүмкін емес. Сондықтан орыс бөлімдерінде қазақ тілін дамыта оқытуда фонетиканы толық меңгертіп шығару үлкен мәнге ие.

Тіліміздің дыбыстық құрамында орыс тілінде және басқа тілдерде де кездеспейтін дыбыстар бар екені белгілі. Тіл үйренушіге мұндай ерекшелігі бар дыбыстардың айтылуы қиындық туғызатыны даусыз. Тіл дыбыстары және олардың жасалуын үйрету үшін дыбыстау мүшелері мен олардың әрқайсысының қызметін білуі керек. Сонымен бірге дауыстылардың жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң, ал дауыссыздардың қатаң, ұяң, үнді болып бөлінуін, оларды топтастыру заңдылықтарын меңгертудің маңызы айрықша.

Болашақ экологтар үшін дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білудің орны ерекше. Олар тілді жетік білмейінше, оны шебер қолданбайынша тыңдаушысын ұйытып әкете алмайды. Эколог мамандардың орфографиялық дағдысын қалыптастыру үшін ең алдымен оның сөйлеу тіліне көңіл бөлінеді. Белгілі бір сөзді қалай айтылу керетігіне, сөдің мәніне, басқа мағыналы сөз тудыру тәсілдеріне немесе сөздердің түрленуіне, олардың бір-бірімен тіркесуіне, сөйлем құрауға, сөйлемдегі ой байланысына тіл үйренуші зейіні неғұрлым көп аударылса, соғұрлым ол сауатты жазып, дұрыс сөйлейді. Орфографиялық мақсатта жүргізілген жазбаша жаттығу жұмыстары бірте-бірте күрделене түсуі тиіс:  емлесі қиындық туғызатын сөздерді көшіріп жазудан берілген сөздерден сөйлем құрауға, өзара сұрақтар қойып, сұхбаттасуға, мәтінді ауызша мазмұндап, қысқаша мәтән құрастыруға дейін күрделенеді. Сонымен тіл үйренушінің сөйлеу мәдениетін дұрыс жолға қойғанда ғана орфографиялық, орфоэпиялық сауаттылықтары артады. Қазақ тіліндегі дыбыстар үнемі жазылу қалпында айтыла бермейді. Олар тіліміздің қалыптасқан белгілі бір фонетикалық заңдылықтарына бағынады. Студенттерге дұрыс сөйлеуге нақтылы қатаң талаптар қою олардың жазуда емле қателеріне жол бермеуіне негіз болады.

Жоғары оқу орындарының экология бөлімінің студенттерін оқытуда  тіл мәдениетін, олардың сөздік қорын, тіл байлығын дамытуда лексиканың маңызы зор.  Өйткені қазақ тілінің лексикасын жете меңгеру – қазақ тілін игертудің  негізгі жолы болып табылады. Жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің мол сөздік қоры болмайынша, сөз мағынасын жете түсінбейінше, олар жоғары тіл мәдениетіне жете алмайды. Лексиканы оқып-үйрену студенттерді лексикалық жүйе ерекшеліктерімен, негізгі түсініктерімен таныстыратын тіл туралы ғылымның арнайы бөлімін оқып үйрену болып табылады. Студенттің лексиканы меңгеруі арқылы олардың мамандығы туралы, тіл туралы түсініктері кеңейе түседі.

Қазақ тілі бай тілдердің қатарына жатады. Орыс бөліміндегі студенттер үшін сөздердің көп мағыналығы, омоним, синоним, антонимдер қазақ тілін меңгеруде көптеген қиындықтар келтіреді. Мысалы: тілімізде дыбысталуы басқаша болғанымен, мағыналары бір, мәндес сөздер, сондай-ақ бірдей дыбысталғанымен, түрліше мағына беретін сөздер жиі кездеседі. Сол сияқты кейбір сөздер тура және ауыспалы мағынада да жұмсала береді.

Сөздердің қарама-қарсы мағынасын қолдану арқылы студент айтар ойын нақты, дәл білдіре алады. Қазақ тіліндегі антоним сөздерді ажырату оңай емес. Антонимдер көбінесе сапалық ұғымды білдіретін сөздерден жасалады. Мысалы, таза – лас, қалың – жұқа, ыстық – суық, қатты – жұмсақ, жиі – сирек. Әсіресе сын есімдердің антоним ретінде қолданылуы жиірек. Сондай-ақ сапалық мәнге ие зат есім мен үстеулер де антоним бола алады.

Қазақ тілін жоғары оқу орындарында дамыта оқытуда студенттерге қарама-қарсы мәндес сөздердің ойды әсерлі, дәл жеткізудегі атқаратын қызметіне, яғни қолданыстық-стильдік реңктеріне баса назар аудару қажет. Мысалы, қалың орман – сирек орман, қалың қар – жұқа қар, таза қала – лас қала  т.б.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дегендей, ойды жүйелі, мәнді етіп жеткізе білуде мақал-мәтелдердің орны ерекше.  Мақалдап сөйлеу – адамның сөйлеу мәдениетінің көрсеткіші болып табылады. Өйткені қажетті мақал-мәтелді дәл тауып, орнымен қолдана білу де үлкен шеберлікті қажет етеді. «Мақал-мәтел – үлкен толғау образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді. Ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі  құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде қолданылады» [4, 78 б.].

Қазақ тілін дамыта оқытуда экология мамандығына қатысты лексиканы меңгертудің бір арнасы мақал-мәтелдерді жүйелі қолдануға дағдыландыру. Халқымыз аз сөзге көп мағына сыйдыра отырып, көрген білген, тоқығандарын, алған тәжірибелерін мақал-мәтелдер арқылы келер ұрпаққа жеткізіп отырған. Мақал-мәтелдердің тақырыптары сан алуан. Қазақ халқы табиғатты қорғау мәселесіне ерте кезден-ақ ерекше мән берген. Оған қоршаған орта, жасыл желек, таза ауа, су, тазалық, жан-жануарлар мен аң-құстар туралы мақал-мәтелдер дәлел бола  алады.

Кәсіпке байланысты мақал-мәтелдермен жаттығу жұмыстарын орындауда студенттердің мамандығына деген қызығушылықтары оянады. Студенттердің осы тектес мақал-мәтелдердің мәнін, қалай түсінетінін сұрау арқылы олардың ойлау қабілеті, танымы шыңдала түседі. Сондай-ақ қазақ халқының ұлттық айшығын, ерекшеліктерін беруде де мақал-мәтелдердің орны ерекше. Мақал-мәтелдерден халықтың логикалық, философиялық ой-тұжырымдары, терең сөз астары және рухани  мәдениеті көрінеді

Орыс тобында оқитын студент қазақ тілінде сөйлесуі үшін сөз мағынасын дұрыс түсінуі керек.Сөз мағынасын түсінген студент оны орнымен жұмсай алады. Тілді меңгеруші студент көркемдеп, әсерлі сөйлеуі үшін немесе ойын жүйелі, нақты беруі үшін оның сөздік қоры, сөз байлығы мол болуы керек.

Жоғары оқу орындарында  кәсіби қазақ тілін оқытуда тіліміздегі сөздерді сауатты жазу қаншалықты қажет болса, олардың айтылу қалпын сақтап сөйлеу де соншалықты қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жылдың наурыз айындағы қазақстандықтарға арнаған Жолдауы

2.     Головин Б.Н. Введение в языкознание. Изд. 4-е. –М.: Высшая школа, 1983. –231с.

3.     Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. –Алматы: РБК, 2000. 207 б.

4.     Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тiлiндегi мектептерде қазақ тiлiн оқыту әдiстемесi. –Алматы: Ана тiлi, 1996. –208 б.