М. ЖҰМАБАЕВ ПОЭЗИЯСЫНДА МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ, НАҚЫЛ СӨЗ, ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРДІҢ КӨРІНІС ТАБУЫ

 

Ш.Есенов атындағы КМТИУ

ҚТӘМ-12-1 тобының магистранты Байтұрсынова Ж.

Ш.Есенов атындағы КМТИУ доцентіҮрістенбекова Г.Қ.

 

Мақал-мәтелдер өткен өміріміздің куәгері ғана емес, қазіргі тіліміздің де қаймағы, бейнелі айшығы. Дәлірек айтсақ, мақал-мәтелдер елдіктің белгісі, дана халқымыздың рухани көрсеткіші, себебі оларда терең философиялық таным-түсініктер мен өмірлік білік-тәжірибелері жинақталған. Қазақ тілі байлығының құнарлы қорына жататын көрекм сөз бен шешенлік өнерінің қайнар бұлағы мақал-мәтелдердің тілдік табиғатына тән көптеген өзіндік ерекшеліктері бар.

Тіл білімінде мақал-мәтелдерді фразеологияның нысаны ретінде қарастыру түбегейлі шешімін таппаған мәселелердің бірі. Ол ғылыми зерттеулерде фразеологизмге тар көзқарастағылар және фразеологизмге кең көзқарастағылар деп аталып жүр. Мақал-мәтелдер фразеологиялық бірліктің басқа түрлері сияқты сөйлеу үстінде бірден түйдек күйінде пайда бола салмай, алдын ала ойлау процесінде әзірленген даяр қалпында қолданылады. Бұлардың тұрақтылығы мен қолданылатын сипаты, мақал-мәтелдерді фразеологияның аясында қарастыруға мүмкіндік береді.

Бұл тілдік құбылыстарды тек қана семантикалық аспектіде қарастыру олардың табиғатын ашып, тереңірек тануда жеткіліксіз болуы мүмкін. Сол себепті мақал-мәтелдердің танымдық қырын анықтауда олардың құрылымдық ерекшеліктерін қарастырудың айрықша мәні бар. Яғни олардың мағынасын түсіну үшін жасалуына негіз болған уәждерді білу маңызды. Себебі бұл тілдік оралымдардың пресуппозициясы мен астарлы мағынасын түсіну дегеніміз – ол адамда болуға тиісті білімі аясының деңгейіне келіп тіреледі. Осыған байланысты мақал-мәтелдердің жасалуындағы уәждік негіздердің этнолингвистикалық бағытта берілуінің де мәні зор.

Мақал-мәтелдерді тіл фактісі тұрғысынан зерттеуші паремиолог ғалымдардың пікіріне қарағанда, олар ең алдымен өзінің мән-мағынасы, мазмұны мен тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты назар аудартады. Мақал-мәтелдердің шығу тарихы мен пайда болу жолдары, тілі жақын туыстас халықтар үшін ортақтығы, логикалық сәйкестік, образдылық, бейнелеу тәсіліндегі шендестік, т.б. Толып жатқан мәселелер паремиологияның нысанына жатады.

Солардың ішінде мақал-мәтелдерді мән-мағынасына және тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты топтастыра зерттеу ерекше орын алған. Бұл салада бүкіл Шығыс халықтарының мақал-мәтелдерін жан-жақты зерттеп, олардың жүйелі түрдегі ғылыми классификациясын жасаушы белгілі кеңес ғалымы Г.Л.Пермяковтың есімін айрықша атауға болады.

Мақал-мәтелдердің тілі қарапайым және өте көркем, сөздік құрамы бай. Сөйлем құрылысы жағынан жеңіл, әсерлі болып келеді. Халық мақал-мәтелдердегі қолданылған сөздердің тек қана мағынасының шебер, орынды қолдануына назар аударады. Ғалым М.Балақаев тіл шеберлігіне сипаттама бере келіп: «Негізгі тілдік материалдар – халық тілінің байлықтары сөздер, мақал-мәтелдер. Тек солар арқылы әрі жатық, әрі нақтылы, өзгелер бірден түсіне қоятын сөз кестелерін тіл шеберлігіне арқау еткенде ғана жұрт ықылас қойып, сүйсініп тыңдайтын болады» [1,24]. Мақал-мәтелдердің негізгі ерекшелігі ол халық ойының ескерткіші ғана емес, сонымен қатар күнделікті сөйлеу тілі құрамындағы тірі тілдік бірлік.

Бүгінгі тіл біліміндегі тілдің танымдық тегіне ерекше мән беріліп зерттеле бастаған кезеңде осы тілдік бірліктердің қалыптасу, даму, пайда болу негіздерін тілдің терең құрылымдары мен синкреттті жүйелері арқылы тексерудің маңызы зор. Бұл жай сөздердің қолданылу тарихына қатысты олардың мағыналарының қозғалысынан бастап, күрделі логикалық формулаларға дейін дамыған мақал-мәтелдер түрінде қалыптасуына дейінгі ұзақ динамикалық дамуларды зерттеуге алып келеді. Сөз мағыналарының эволюциясы тек дамудан немесе жақсара түсу сипатындағы ілгері жылжудан тұрмайды, сонымен қатар сөз мағыналарының әр түрлі құбылыстарын танытады.

Мақал-мәтелдердің негізінде жатқан бай мазмұн ғасырлар бойы ұжымның жадында жинақталған таным-түсініктер немесе танымдық категориялар, фреймдер, дайын үлгі-таңбалар, гештальтардың бүгінгі адам баласының сана-сезімі, ой-санасында сақталып  қалған архетиптер арқылы іс жүзіне асып тұратындығы соңғы зерттеу еңбектерде дәлелденіп жүр. 

Академик Ә.Қайдардың «Қазақ мақал-мәтелдерінің авторлық-стильдік инварианттары жайында» деген мақаласында бұл тілдік құбылыстардың қазіргі таңдағы зерттеп, зерделенуі туралы, сондай-ақ мақал-мәтелдердегі тұлғалық тұрақтылық, сайып келгенде, оның біртұтас мағынасы мен мазмұнына тікелей байланысты, ал мағына мен мазмұнның тұтастығы қоғам мүшелерінің өмір тәжірибесінен алған тағлымы мен танымынан туындаған ой-пікірдің, логикалық тұжырымның әсерлі бейне, сан алуан образбен қат-қабат астарласа, жалғаса көмкерілуіне байланысты екендігі жайында ой қозғалған. Яғни халықтың тұтас бітім-болмысын ұлттық психологиямызға етене жақын ұғымдармен, ұлттық нақыш-бояумен шебер көрсететін және әдеби тілді дамытудағы орны айрықша даналық иірімдерінің бірі – мақал-мәтелдерде адам өмірінің алуан қыры қамтылып, адамдық позиция жалпыадамзаттық құндылықтармен қабыстырылады; белсенді іс-әрекетке үндейді, бір сөзбен айтқанда, адам өмірінің мән-мағынасын, философиясын аз сөзге сыйғызады[2,26].

Халық даналығына толы мақал- мәтедер, айшықты идиома айтылмақ сөзді жандандыра түседі. Тіпті жай ғана сөйлеген кезде фразеологизмдердің экспрссиялық-эмоциялық әсері айрықша байқалып тұрады. Ал жазушының көркем тіл кестесіне түскен фразеологизмдер сөзді бейнелі, өтімді және нанымды етудің стильдік құралына айналады. Жазушы қаламы мұндай құралды әр қилы мақсатта түрліше қолданады. Фразелогизмдер заттар мен құбылыстардың атын дәл беруде, сөзді түрлендіруде, айшықты етуде де автор сөзінде де өзінің «табиғи» мағына, реңкі бойынша жұмсала береді. Мұндай қолданыста фразеологизмдер өзіне тән стильдік-экспрессиялық қасиетімен сөзді түрлендіріп, айшықты етіп тұрады.

Мақал-мәтелдер стильдік қолданыста сөз зергерлерінің сөз саптау шеберлігіне байланысты әртүрлді өзгерістерге түсіп отырады. Бірақ бұл өзгерістер мақал-мәтелдердің жалпы мазмұнына, мән-мағынасына, бүкіл тіркеске дәнекер болып тұрған бейнеге еш әсерін тигізбейді. «Мақал-мәтелдердің осылайша әртүрлі өзгерістерге ұшырауы салдарынан пайда болған, тіл практикасында бір-ақ рет қолданыс табатын түрлерін инварианттар дейміз. Олардың пайда болуында белгілі бір заңдылық жоқ. Инварианттық өзгерістер көркемдік өрнегін, образы мен бейнелеуіштік әсерін, эмоционалды-экспрессивті қуатын бойында сақтай отырыра пайдаланатын талантына байланысты»,- деп саралайды [2,208].

Ақын мақалдардағы ойды басқа оймен жанастыру үшін мақал-мәтел мен басқа сөздердің  арасына көбінесе «де», «деп», «деген» етістігін  қойып айтады. Мысалы:

«Адам басы – Алла добы» деген рас,
Қалай қуса, солай кетпек сорлы бас [
3, 122].

деген мақал соңында рас сөзі нақты ойдың тұжырымдылығын білдіреді. Мақал халықтық қолданыстан ауытқымаған.

«Халық айтса қалт айтпайды» деген ғой,
Ие бопты байтақ терең ақылға [3, 217].

деген көмекші етістігі мен ауызекі тілде қолданылатын ғой шылауы мақалдың еш нұсқасын өзгертпей, тырнақша жабылған соң ғана ең аяғына қосылған.

«Бес байтал – әйел құны» деген бір сөз,
Қармаққа талай жасты іліп жатыр [3, 6].

Мұнда деген көмекші етістігі мен бір сөз деген сөз тіркесімен бірігіп, мақалдың  еш нұсқасын өзгертпей, мақал аяқталған соң ғана түйін ретінде жұмсалған.

Қазақ халқын береке-бірлікке, оқу-білімге шақырған «Қазағым» өлеңінде үш мақалды қоса қолданады:

«Ауыл болсаң – қоғам бол» – деген сөзбен,
Бұлтармай ертеңді-кеш жүріп барсақ,
Сол шақта көп түкіріп көл де болар

Мектеп пен медреселер көп салынып,

Ағайын тату-тәтті ел де болар [3, 19].

Халқымыздың асыл қазынасын, сөз саптауын, тіл көркемдігін, байлығын  шебер қолдана білген ақын төмендегі өлең жолдарын «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деген халық мақалы үлгісімен жазады:

Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе артында бізі қалар,
Бір бай өлсе төрт-түлік малы қалар,
Шешен өлсе артында сөзі қалар,
Сұм дүние сылаң беріп көптеп өтер,
Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі
Шешеннің айтқан сөзі көпке кетер [3, 13].

Сонымен қатар, «Ер есімі – ел есімі» деген мақал толықтырылып, әуезді дыбыстық үйлесіммен жасалған.

Ерлерді ұмытса да ел – сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел – жел ұмытпас.
Ел үшін жаппай кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел - шөп ұмытпас.
Ел жауып зерттеп, өрт боп тынбай жортқан
Ерлерді ұмытса да ел – бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан
Ерлерді ұмытса да ел – жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса – ел де ұмытпас [
3, 213].

Сонымен халқымыздың асыл қазынасына айналған мақал-мәтелдер ақын-жазушылар стилінің қалыптасуына мол әсерін тигізеді.

Мағжан оқиғаны бейнелі түрде суреттеу мақсатында халқымыздың асыл қазынасы  мақал-мәтелдерді көркем түрде бейнелеп, шығармасына ерекше өң берген.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. Алматы, 1984.

2.     Қайдар Ә.Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы, 1998.

3.     Жұмабаев М. І том. Өлеңдер жинағы. Алматы. 2002.