Орталық Азия
университетінің магистранты.Алматы қ.
Төлен
Әбдіков прозасындағы
отбасылық құндылықтардың көрінісі
Төлен Әбдіктің
шығармаларында отбасылық құндылықтардың
қаймағы бұзылмаған дәуірінен елес беретін
суреттер өзгеше бір әлем құрайды.
Қазақ
қоғамында отбасындағы ұл тәрбиесінде әке
мен аталардың рөлі ерекше болған. Әке
үйелменнің басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап
сақтаушысы, қамқоршысы. Әкенің
мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы,
өнер-білімі ұл баланың көз алдындағы
үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы.
Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат
болса: «Оның әкесі мен атасы жақсы кісі еді, өнегелі
жерден шыққан ғой» деп мадақтайтыны сондықтан.
«Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз
өседі», «Әке – бәйтерек, бала – жапырақ», «Жас –
кәрінің көзі, кәрі – жастың тезі», «Ата –
балаға сыншы» деген мақалдар да осы пікірді халықтың
қуаттауынан туған.
Аталары
балалары мен немерелеріне ертегі, аңыз-әңгіме,
мақал-мәтелдер айтып беріп, шешендікке,
тапқырлыққа т.б. өнер мен кәсіпке баулыған.
Алайда ұлттық үрдістің бұл аяулы
дәстүрінің жемісі босаңқы, ішінара құбылысқа
айнала бастағаны жасырын емес. Т.Әбдіковтің
«Қонақтар» әңгімесіне өзек болып тартылған
тақырып, ата-әже мен немере арасының суысуы. Автор
қаладан немересінің келуін күткен қарттардың
алаң көңілімен, сүйіспеншілік сезімдерімен немере
қылықтарын паралель ала отырып, отбасылық дәстүрге
түскен сызатты шебер көрсете білген. Шығарманың
«Қонақтар» аталуының өзі де етене, бауырлықтан
ажыраған жандардың бір-біріне салқын
қарым-қатынасын бейнелеуге негізделген.
Ерекең
есік алдындағы бөгетке шықты. Әлдебір мұңды
әнді ыңылдай айтып, таяғына сүйеніп, біраз тұрды.
Өзен жиегіндегі қыстауын керіп, бағанағы
кемпірінің сөзін есіне алды. «Осы Қаратүбек басында
жұмақ тұрғандай екі елі қия баспайсың.
Балаларға еріп өзім кетем».
«Әй,
кемпір, – деді ішінен, бағанағы жерде айтатын сөзі ойына
жаңа түсіп, – мен саған дейін үш қатыннан
айырылғанмын. Азды-көпті ғұмырымның ішінде талай
бақтан айырылып, талай баққа қолым жетті. Дүние
бірде алдын берсе, бірде артын береді. Бірақ әкем керген,
әкемнің әкесі көрген қара орнымнан айырылып
көрген күнім жоқ. Не тантырап отырсың!» Ерекең
желі басында әлі күйбеңдеп жүрген кемпіріне зекіп жібергісі
кеп, уыттанып, шақшия қарады. Кенет оның түк
жазығы жоқ екені есіне түсіп, сабырмен ойға шомды [1,
301].
Баланың
ата-анаға жаттану проблемасы, ауыл өмірі мен қала
арасындағы алшақтық, өткен мен бүгіннің
аражігі Ерғабыл шалдың жастық шағының нұрлы
сәттерін еске түсіруі арқылы кестеленген. Жігітшілік
дәурені, көңілінде күй толтырған
қыз-келіншек бейнесі, ағайын іргесінің берік кезеңі
фольклорлық уақыт заңдылығымен көмкерілген.
Жазушы заман өзгерісінің адам тұрмысына ғана емес,
оның жан әлеміне, өмірлік ұстанымдарына өзгеріс
әкелетіндігін уақыттың көркемдік мәні
арқылы жеткізген.
Кейіпкердің
жігіттік шағын еске алу сәттерінде бұрынғы адамдар
арасындағы үйлесімділік, айтқызбай-ақ ұғысу
қасиеттерін аңсауда қайтып оралмайтын, бүгін жоқ
уақыт, яғни мифтік уақытқа тән шарттылықтар
пайдаланылған. Өткен уақытқа қастерлі,
қасиетті мағына сыйғыза дәріптеу арқылы
тағлым түйіндейді.
Жазушы
әке мен бала арасындағы қысқа ғана
диалогтағы көркемдік деталь арқылы бүкіл
тақырыптық түйінін шешіп тастайды. Олай болатын себебі, адамның мінезін,
қимыл-әрекетін суреттегенде, бірнеше дөп басып
көрсетілген сипат-өзгешелік арқылы оның
бейне-тұлғасын көзге тұтас күйінде айқын
елестетуге мүмкіндік туады. Не нәрсе суреттеліп, қандай
жағдай баяндалса да, бүтінді жеке бір бөлшегі арқылы,
тұтас құбылысты кейбір дара сипаттары арқылы немесе
адамның іс-әрекетін, жүріс-тұрысын бір-екі
қимыл-қозғалысы арқылы әсерлі көрсету –
міне, көркемдік деталь қолданудағы жазушының шеберлігі
осыдан жақсы аңғарылады.
Сапабек
тағы да қынжыла күлді.
–
Ой, көке-ай, мені бір баласырап барады деп ойлайсың ба? Орыс
мектебінің жоқ екенін айтып отырмын ғой. Әйтпесе...
–
Бар, бар, алып кет, – деді Ерекең.
–
Жолдарың болсын!
Түстен
кейін жалдап алған машиналарының кабинасына Жеңіс пен Томаны
отырғызып, сыртқа Сапабектің өзі отырып,
әке-шешелерімен тура өткен жылғыдай сүйісіп
қоштасып, «ренжімендер» деп ақыл айтып, ауылдан шығып кетті.
Машина қарасы үзілген кезде ғана кемпір үн-түнсіз
жаулығының шетімен көзінің жасын сүртті.
–
Көзің ағарсын сенің, – деді шал ақырып.
–
Жылама!
Келесі
күні Ерекең кетпенін алып «қысқа отын жоқ, бар
кезінде қи ойып алайын» – деп қыстау жанындағы
қораға кетті. Уайымын басу үшін тағы да жігіттік
дәуренін, бұрынғының адамдарын еске түсірмек
болды. Қаншайымды, баяғы Сырға көшкен ағайын
жұртты ойлады. Бірақ құлазыған
көңіліне ештеңе алданыш болмады. Тек төбесі
шұрқ-шұрқ, ескі қораның ішіне еніп,
қоңырсы исі мүңкіген қара қошқыл,
дымқыл қиға өткір жалпақ кетпенін
құлаштай сермеп, жұмысқа кірісіп кеткенде ғана
кәрі сіңірлері жазылып, құрыстары тарқап,
көңіліндегі ащы уайымы да бірте-бірте жоғала
бастағандай болды.
Жазушы ұл туса
қуанып, ұлсыздығына жабығып,
шаңырағының иесі жоқ деп намыстың,
қазақи пейілдің дағдарысқа түскен
сәтін көрсету арқылы ұлттың өзекті
мәселесін қозғайды. Туған жердің киесін
сақтап, дәстүр мен салттың күзетшісі болып
отырған ауыл қарттарының аяулы образын сомдаған.
Әдебиеттер:
1.
Әбдіков Т. Әке. А. Жазушы. 2005.