ДӘСТҮРЛІ КҮЙ МЕКТЕПТЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Ш.Есенов атындағы КМТИУ доценті  Каримсакова Б. А.

«Тұран-Астана» университетінің аға оқытушысы Кунтубаева Г.О.

 

Жыраулық-жыршылық дәстүр болған өңірдің, сол өнер мектебінің өзіне ғана тән дәстүрлі әуен-мақамдары да болатыны белгілі. Сырдың жыраулық – жыршылық дәстүрі жергілікті атау ретінде Жиенбай, Нартай, Сәрсенбай, Нұртуған ақындардың жыр мектебі болып төрт топқа бөлінеді. Алайда, уақыт өткен сайын, сондай қайталанбас музыкалық туындыларды дүниеге келтірген талант иелері көбіне көлеңкеде қалып, сол мектеп түлектерінен әр кезеңдерде тәрбие алған жырау-жыршылардың бірі болмаса, біріне телініп кететін жағдайлар жиі кездеседі [1,23].

Ақын-жырауларға тән суырып-салмалық қасиет турасында, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың: «…Ата-бабалардың ерлігі туралы жыр-дастандарға дегенде, халықтың сүйіспеншілігінде шек жоқ, соншалықты мол мұраны ауыздан-ауызға, жазбасыз, баспасыз, алып даланың бір шетінен, екінші шетіне жеткізіп, ғасырлар бойы ойда сақтау, олардың (жыраулардың) суырып-салма (импровизаторлық) ғажап қабілетінің көрінісі болса керек» [2,156] деген тұжырымынан артық бірдеңе айта қою қиын.

 Ғасырдың басында Сыр бойының бір ауылынан ғана жүзден аса жырау шыққанын ескерсек, аталған төрт мектептің ара-салмағы шарттылана бермек. Әрбір өнер өкілі –тұлға, жеке мектеп негізін қалаушы. Аталмыш төрт мектеп өкілі заманының оза шапқан көрнектілердің бірі деп ұғуымыз шарт. Нұртуған қолына домбыра ұстап, жыр-жырлап, кәсіп етіп, халыққа «жырау» атанбасада ұрпағына «Нұртуғанның жыраулық мектебі» - деген ат қалдырған «Аралдың ақиық ақыны». Нұртуған жыр мектебінің репертуарынан толық жазып бітіргеннен кейін өзіне бірнешелеген шәкірттер дайындайды [3,39].

Нұртуған мектебінен шыққан халық жыраулары Жәмет, Көпжасар, Дәріғұлдар жыр мектебінің даңқын үш жүздің баласына паш етті. Нұртуған өз тұсында дүйім жұртқа дүр ақын атануы мен қатар жыраулық мектеп ашқан ұстаз, халыққа үлгі өнеге айтып жастар өміріне жөн-жоба сілтеп өлеңі өсиет болған дала ойшылы. Нұртуған жырау тәрбиелеген, бірақ өзі жырау болмаған. Нұртуған ақынның қай жылы дүниеге келгенін өзі жазған өлеңдерінен аңғаруға болады. Нұртуған «Мырзастың» басында науқастанып жатып «Мырзаста тудым» деген толғау жазған. Сол «Мырзаста тудым» -деген толғаудың басындағы жолға мән беріп қарағанда:

Мен туыппын «Мырзаста»,

«Сиыр жылдың күзінде».

Сәл ертерек жазбаппын

Өкінемін өзімде... [4,23]

Бұл толғау, жоғарыдағы халық арасында айтылып, ауыздан-ауызға жатталып келгенімен бұл өлең ешбір зерттеушінің назарына ілікпепті дейді Б.Жүсіпов. [4, 27]

Дәстүрлі жыр ошақтарының бірі Аралдық шайырдың «Мырзастағы жыр мектебі». Нұртуғанның «Мырзастағы жыр мектебі» - байырғы дәстүрлі жыр мектептерінің заңды жалғасы, әрі ең кенжесі. 

 Табиғатынан жаны таза, мінезі жайдары, жабырқауды білмейтін ақын Нұртуған, шәкірттердің тәрбиесіне келгенде темірдей қатаң тәртіп талап еткен болса керек. Болашақта халықтың насихатшыларын даярлауды мақсат еткен Нұртуған «Осының қолынан келеді-ау деген өлкенің өнерлі жігіттерін жиып, домбыра тартқызып, өлең жаттауға машықтандыра бастайды...

            Нұртуған жырға баулыған шәкірт жырауларына: Әуелі халық жиналып жыраудың өзі қызып сабасына түскенше айтуға лайық деп терме толғауларын үйретеді. Түрлі салт рәсімдерге байланысты «Беташар», «Тойбастар», «Мақтау» жыр түрлерімен жарақтандырады. Содан соң ғана әрбір жырау өз шамасына, әліне қарай «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» [5, 89] сияқты Нұртуғанның жазған ертектерінен қалауынша жаттаған. Нұртуған ақынның жырауларына өсиет қылған өлеңдерінің ішінде әннің қандай болу керектігі жөнінде жазған «Ән туралы» - деген толғау сөзінде ол:

Ән дейтін сөз секілді ол да буын-буын,

Келтірсең сәніменен әннің түрін.

Құбылтып неше түрлі толғанады – ау,

Әр әннің лайықты білсең сөзін – [5, 95]

құр айқайдың ән болмайтындығын ескерте келе, әншіге үлкен талғаммен, әр әннің байыбына барып алып қана орындау керектігін айтқан.

            Бұл жерден Нұртуған ақын тәрбиесіндегі жырауларға әрдайым жоғары деңгейде талап қойғандығын аңғаруымызға болады. Нұртуған, шәкірті әрі жиеніне арнаған «Жәметке» - деген толғауында: -

Әуелі хат таныттым Жәмет жанға.

Сарғайған күндер өтті ұзақ таңға.

Мен сені уәдеде тұрады деп –

Күтемін жырау етіп шығарғанда. [4, 103]

деп жоғарыдағы айтылып кеткен талаптарын шегелеп орнықтыра түскендей. Бұл жыраудың болашағына үлкен бағыт, дәстүрлі мектептің қалыптасуының басы болып табылса, бір жағынан келешектегі халық насихатшысына қойылған «таудай талап» болса керек. Бүкіл жыр мектебінің саз мақамдарының бүгінгі күнге жетуі: Нұртуған сияқты ұлағатты ұстаз тәрбиесінің бірден-бір жемісі деп айта аламыз. Көптеген қиыншылықтар көрген мектеп жоғалуға сәл қалғанда, 80 жылдары Нұртуғанның жыр мектебін қайта құрып, ол мектептің өкілдері мен шәкірт жыраулары жайында естелік әңгіме қозғап, ой көмбесінде жатқан жырды қайта жаңғыртқан: Әбілхан Маханұлы мен күйші Қаппар Жармағанбетовтер еді.

            Нұртуған мектебін аяғынан тік тұрғызып қатарға қосып, Сыр бойындағы атақты төрт мектептің қатарына қосқан да осы кісілер. «Мырзастағы жыр мектебі» негізінен Нұртуғанның атымен аталғанымен; халыққа қалтқысыз қызмет етіп, жыр мектебінің даңқын көкке шығарған Қожаберді, Жәмет, Бақытжан, Дәріғұл жыраулар... Бұл жыраулардың да, қай-қайсыда өзіндік жыр айту манерасы, орындаушылық стилі, сөз қоры бір-біріне соқпайтын жеке дара.  Нұртуған мектебін көрген Дәріғұлда айтқанда, Берекет жырауды айтпай кету дұрыс емес. Мектептің Дәріғұлдан кейінгі жалғасы Омарұлы Берекет. Ол өзінің «Өзім туралы» деген толғауында: -

Тым нәзік тал бойыма қарасаң,

Қолыма домбыра алып бала жастан.

Ұстазым Кенжеғұлдың Нұртуғаны

Ағайын кім бар еді мұнан асқан.

Осы бір ғұламаны ерте танып

Үйрендім жалынды жыр, дала дастан [4,116].

деп жұмбақ боп келген көп нәрсеге жол нұсқайды. Бұл дәстүр жалғастығы. Бұл жыраулардың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұралары, бізден алшақтап бара жатқан дәстүрлі өнерімізге қайта жаңғырту, ұғындыру.

Сыр елінде ғасырлар бойы қалыптасқан жыраулық, жыр­шылық өнер халқымыздың ру­хани дүниетанымының көркемдік ойлау жүйесінің жемісі. Сөз өнері мұраларының фольклор мен әде­биеттің тұтастығы сипатындағы үлгілері халықтың ата-бабалар мен кейінгі ұрпақтар арасындағы табиғи сабақтастық сақталуы үшін маңызды қызмет атқарады [5,36].

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.       Жүсіпов Б. Мырзастағы жыр мектебі. Алматы., «Рауан», 1992.

2.       Уәлиханов Ш. Таңдамалы.2-бас., «Жазушы», Алматы, 1985, 164-б.

3.       Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана. Ғылыми-теориялық конф. Материалдары. Қызылорда.2010.-436б.

4.       Жүсіпов Б. Сүлейлер (Монография) Алматы: Аrna-b, 2010 (II-том) 208 б

5.       Тұрсынов Е. Қазақ ауыз әдебиетінің байырғы өкілдері. – 

      Алматы: Ғылым, 1975. – 167б.