Уразгалиева Ботакөз Бекежанқызы,

 Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Жалпы орта білім беретін Талпын мектебі

 

БАТЫР БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ РУХЫНА БАС ИЕМІЗ!

                                                                   «Батыры бар ел – бақытты ел!»

       Иә, қазақ даласы небір аласапыран уақыттарды бастан өткермеді ме? Жерұйық алтын бесікті жаудан қорғауда қаншама оғландарымыз қаны мен терін төкті. Қазақтың қасиетті жерлерінің бірі Сыр өңірі. Сыр өңірі де өзіндік қасиетке толы мекен. Қарақұм мен Қызылқұмның панасында дамылдап жатқандай. Табиғатын былай алғанда, Сырдарияның өзі небір тарихи тағылымға тояттап жатырғандай. Сыр бойында атақтары дүркіреп, еліне қорған болған батырларымыз қаншама. Солардың бірі Бұқарбай Етекбайұлы. Иә, атамыз қазақ ер боп туар ұлды анасының құрсағында жатқан кезінде-ақ сезбеп пе еді? Батырлығына біліктілігі сай , ақылы мен парасаты терең батырдың есімі еліне тез жайылды». Жау нешеу демей, жау қайда?» деп атойлаған Бұқарбайдың ерен ерлігін бүгінде ұрпақтары мақтан тұтып, дәріптеп отыр. Мінезі ауыр, ашылып көп сөйлемейтін тұйық, барынша адал, еңбек сүйгіш батырдың жақсы әрекеттері ел аузында. Оның осындай мінезі мен қасиеттері үшін халқы сыйлап, құрмет тұтпады ма? Ел аузындағы деректерге қарағанда Бұқарбайда сегіз ұл болыпты. Олардың барлығы да елі үшін адал еңбек еткен батырлар. «Батырдан батыр туады» дегендей, нағыз ұлтжандылық бағыттағы тәрбиемен сусындаған ұлдардың батыр болмағы жұртқа аян емес пе? Талай жауды есеңгіреткен батырдың атағынан жаудың өзі сескеніп, тақымын қыспады емес пе? Бүгінде батырдың ұстаған бес қаруы, туы, сауыты, мөрі оның ұрпақтарының қолында сақталған. «Бұқарбай қорымы» аталған төбеде жатқан батырдың денесі жер астынан қашан да ұрпағын желеп-жебеп жата бермек. Батыр бабамыздың ерен ерліктері мен еңбектері жөнінде біздер оның ұрпағы әлі де терең білгіміз келеді. Біз тәуелсіз Қазақстанның ұрпағымыз, патриотымыз. Осынау ұланғайыр «Қазақ елі» деп аталатын намысты елде, көрікті жерде туғанымызға қуанамыз, мақтанамыз. Біздің еліміз өзінің тәуелсіздігін алған мемлекет. Осы егеменді елде дүниеге келгендіктен біздің ұрпақтың балалық шағы еш уайымсыз өтіп жатыр. Ал тәуелсіздіктің қалай келгенін біз жақсы білеміз. Алаңға жиналған өз тәуелсіздігі үшін күрескен жастардың жігері мен туған жерге деген ыстық сүйіспеншіліктерін айтуға тіпті сөз жетпес. Ежелден қасиетті жерімізді қорғаған арқалы батырларымыз бен данагөй бабаларымыздың істері мен адал еңбектерін жоғалтпай, кейінгі ұрпақ болашаққа жеткіземіз деп сенеміз. «Туған жердей жер болмас,туған елдей болмас», «Ұлтарақтай болса да ата қоныс жер қымбат, ат төбеліндей болса да туып өскен жер қымбат» деп ұрпағының санасына құйып келген ата-бабамыздың жүрекке жалын болып тиіп,патриоттық сезімді жалын ғып шарпып өтер сөздері санадан еш кетер емес. Міне енді бүгінгі таңда тілімізбен, дінімізбен, бабадан сан ғасырлар бойы сақталып келген дәстүрімізбен қайта қауышып, тәуелсіз еркін өмір сүріп келеміз. Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі - тәуелсіздік. Тәуелсіздік азаттықтың алтын діңгегі. Осының барлығы Бұқарбайдай бабаларымыздың ерлігінің арқасында келмеп пе деі? Ұлтымыздың алға өрлеуінің күші мен жігері деп білеміз. Біз тәуелсіз елдің ұлы - өжет, қызы - қайратты, халқы - қаһарман деп білеміз. Өз еліміздің тәуелсіздігін анадай аялап,баладай мәпелеп,атадай ардақтап өту парызымыз. Тәуелсіздік үшін күрестің күрестердің ішіндегі ең қадірлі, ең қасиетті екенін де жақсы білеміз. Тәуелсіздің кілтін мықтап ұстаған бүгінгі еліміз жарқын болашаққа қол созуда. Бүгінгі Қазақстан кешегіден мүлде бөлек Қазақстан. Бүгінгі Қазақстанның жастары кешегі Мағжан айтқан «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты,қырандай күшті қанатты» өз болашағына нық сеніммен қараған біліммен қаруланған, арман-мақсаттарына жетем деген жастар. Білім аламын, оқимын, еңбек етемін деген жастарға жол ашық. Жеріміз қазба байлықтарға бай, кенді, өндірісті, құнарлы. Бүгінгі таңда еліміз қарыштап дүние жүзіндегі дамыған елу елдің қатарына еніп, алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көрінуге талаптануда. Еліміздің экономикасы дамып, көптеген жетістіктерге қол созды. Тіпті көптеген дамыған мықты деген елдердің өздері таңдануда. Елдің ынтымағы мен берекесін, төріндегі тәуелсіздігін, дастарханындағы ырысы мен мол байлығын мақтан еткен қазақ халқы өзіне нық сенімді. Мұның өзі сан қилы қиындықтарды басынан өткерген, тарихы тағылымға мол халқымның ертеңнен ешқашан үміт үзбей, болашақтан көп жақсылық күтіп, алға қадам басқанының кепілі деп білеміз. Біз келер ұрпақ еліміздің игілігі үшін тер төгіп, аянбай қызмет етуге асығудамыз деп сендіреміз. Бүгінгі халқымыздың маңдайына біткен асыл ұл елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің еліне деген ыстық сүйіспеншілігінің арқасында жеткен жетістіктерімізді айтсақ, сөз жетпес. Еліміздің бас қаласы-Астананың өзін суреттеуге тіпті де сөз жетпейді. Аз ғана жылдың ішінде қарқынды дамып, сәулеттене көз тартып шыға келді. Біз өскелең ұрпақ еліміздің ертеңіне көз жіберсек, оны тіпті өзгеше елестетеміз. Әрине мұның бәрі мына біздер сияқты жүректері өз еліне деген шексіз сүйіспеншілікке толы, қайрат пен күш-жігер де бір өздерінің бойларынан табылатын, кешегі Мағжан айтып кеткен жастардың бүгінгі таңда шын мәнінде өсіп шыққандықтарының айқын да ашық көрінісі деп білеміз. Сондықтан да осындай игі жақсы істердің және бастаулардың әрдайым жүзеге асуы үшін әрбір Қазақстанның азаматы тәуелсіздіктің құнын түсініп, оны қорғап ұлттық ұйытқысын сақтап,халықтың азбай-тозбай болашаққа қарыштауына жол ашуы қажет деп білеміз. Ендеше, тәуелді елдің сұлтаны болғанша,тәуелсіз елдің ұлтаны бол деген қағиданың да әрдайым санамыздан орын алып,жүрегіміздің түкпірінен табылғаны жөн деп ойлаймыз. Батыр бабаларымыздың арқасында осындай бақытты өмірді кешіп отырған жоқпыз ба? Сол үшін де бақыттымыз.

Қазақстан елім менің,

Туып-өскен жерім менің!

        Ата – бабамыз «Ел қуатты болмай, бірлігі тұрақты болмас». Елдің, мемлекеттің қуаттылығы да осында емес пе? Таудан арқасы бардың тастан жүрегі болады демекші, арқа сүйер асқаралы елі бардың алдын кім кесе алады? «Ер елімен жақсы, жер кенімен жақсы» емес пе еді? Міне бүгінгі егеменді қазақ елінің көшін бастап келе жатырған елбасымыз осындай ер емес пе? Қазақтың маңдайына біткен ұл десек қате айтпаймыз. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес». Халықтың осы даналығын қайда жүрсе де, қашанда жүрек түкпірінде санада сақтаса, қазақ баласы азаматтық парызын адал ақтайды деп білеміз. Мәртебесі мен абыройы биіктеген қазақ елінің бойына әлі де күшті қасиеттер қажет. Соны білу біздің парызымыз бен асыл мұраттарымыз. Туған жерге туың тік деп ата-бабамыз бекерге айтпаған. «Елдің ісі – ердің мойнында» болмаса, көптің қамын кім ойлайды? Осыны біздің сарабдал да көреген президентіміз әлдеқашан танып білген. Отан-елін ойлаған үлкен жүректің уайымы да ұлан-асыр. Ол қарақан басы мен қарнын ойламайды. Міне, осындай азаматтар ғана халқына пана. «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді». Әр азаматтың аяулы борышы елін қорғау. Туған жерін адалдықпен сүю. Елі үшін туып, елі үшін еңбек еткен елбасымыздың тұлғасы бүгінде асқақ. Ғасырлар бойына қол жеткізе алмаған тәуелсіздік жолында сіңірілген еңбектер мен тамған терлердің арқасында жүзеге қаншама ұлы істер асырылып жатыр.

Қазақ елі!

Кешегі құлан жортпас кең сахарада жатқан бүгінгі алып ел!

Еуразияның соғып тұрған жүрегі.

   Бүгінгі Қазақстан Еуразияның жүрегі болса, біздер туған атамекеннің кең төсінде өсіп-өніп жатырған жас өркен гүлденген Қазақстанның ертеңгі жарқын болашағымыз. Кешегі Абайлар мен Мағжандар, Қарасайлар мен Бұқарбайлар аңсаған қазақ елі бүгінде әлем таныған,әлем мойындаған мәртебелі де мерейлі, асқақ та айбынды тәуелсіз мемлекет. Жүректеріне иман, кеуделеріне ұлтжандылықтың нұрын сеуіп, ұрығын шашқан өскелең ұрпақ мұны өте жақсы біледі. Қазақстан азаматы ана тілін өте жақсы білетін, өз атамекеніне деген махаббаты күшті, білімді де білікті болулары қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. - Алматы, 1975.

2. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. - Алматы, 1997.

3. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқу құралы. - Алматы, 1994.