Уразгалиева С.Б.

аға оқытушы, филология магистрі,

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

 Қазақстан, Қостанай қ.

 

ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ ҮЛГІЛЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МАҢЫЗЫ

 

  Халық ауыз әдебиеті - қазақ әдебиеті дамуының қайнар бұлағы. Адам тіршілігінде тәрбиелiк iс-әрекеттер баланың туған күнiнен бастап о дүниеге шығарып салуға дейiнгi салт-дәстүрлерде кездесетiн түрлі ырымдарда халықтық дәстүр арқылы iске асырылады. Яғни, адам баласы туғаннан о дүниеге аттанып кеткенше халықтық тәрбиенiң бесiгiнде тербеледi. Одан ата-баба тәрбиесiнiң өмiршеңдiгiн, үздiксiз жүргiзiлетiн үрдіс екенiн көреміз. Сондықтан да адам баласы дүниеге алғаш келген күннен о дүниеге аттанып кеткенше халықтық тәрбиенiң құшағында өмiр сүредi. Халықтық ырымдар, жол-жоралар жиналып келiп ұлттық салт-дәстүр рәсiмдерiнiң бәрi - белгiлi бiр мақсатты көздей iске асырылып, ол ойлар өлең-жырмен өрнектеледi. Мысалы: бала туғандағы шiлдехана, бесiкке салу, тұсау кесу, атқа мiнгiзу тойлары өлең-жырсыз өтпейдi. Осы өлең-жыр, тақпақтарда айтылатын ой, көзделер мақсат өлең-жырлардың мазмұнының өзектiлігін танытады.

  Нәресте дүниеге келгенде ауыл ақсақалдарының бiрiне ырымдап ат қойғызу, ат қойғанда белгiлi мақсат көздеу ақын-жырау, батыр-билердiң жақсы қасиеттерi нәрестеге жұғысты болсын деп шапанының етегiне орау, баланың кiндiгiн елге сыйлы, еңбек сүйгiш аналардың бiрiне кестiру, бесiкке үрiм-бұтағы өскен аналардың бiрiне салдырту, жас келiн түскенде оттай берекелi болсын деп жас келiнге отқа май құйғызу, келiннiң шымылдығына, жас баланың бесiгiне үкiнiң мамығын қадау, жас нәрестенiң бесiгiне бүркiттiң, қасқырдың тұяғын байлау, жастығының астына айна, тарақ, пышақ салып қою т.б. ырымдар мен жол-жоралардың әрқайсысының өзiндiк тәлiмдiк мән-мағынасы бар. Қазақтың ырымдары мен тыйым сөздерiнің әрқайсысында болмасын белгiлi мақсат көзделген. Келiнге, нәрестеге, асқа, жауға аттанған батырға беретiн бата-тiлектер де халықтық ой-арман, мақсат-мүдде көзделедi. Сондай-ақ, жаңа түскен жас келiнге айтылар «Айт келiн», «Беташар», «Тойбастар» сияқты т.б. тұрмыс-салт өлеңдерiнде де үлкендi, ата-ананы сыйла, ерiнбей еңбек ет, өсек айтпа, дөрекi мiнез көрсетпе, сыпайы бол дейтiн өсиет-өнегелер айтылады. Қонақ күтудiң рәсiмдерi мен отбасы мүшелерiнiң бiр-бiрiн сыйлауы да салт-дәстүрлiк өлең-жырларда жырланады. Өлiктi естiрту, жоқтау, жөнелту рәсiмдерiмен байланысты туған өлең-жырларда да тәлiмдiк мақсат бар. Ұлттық ойындарда да жастарды төзiмдiлiкке, шыдамдылыққа, ерлiкке, тапқырлыққа тәрбиелеу басты мақсат етiп қойылады. Төрт түлiк малды өсiрумен байланысты туындаған өлең-жыр, тақпақ, ертегi, жұмбақ, мақал-мәтелдерде де тәрбие мәселесi басты мақсат ретiнде ұсынылады. Дiни мейрамдармен байланысты айтылатын өлең-жырлар мен бақсылық жырларында да айтылмақ ой жамандықты сөз құдiретi арқылы жеңiп, адамға, табиғатқа, жан-жануарларға жақсылық жасау, батырлар жырлары мен лиро-эпостық жырларда, ертегiнiң түрлерiнде де көзделетiн мақсат келер ұрпақты батыр, қырағы, алғыр азамат етiп тәрбиелеу басты негізге алынған.  

  Сонымен, халықтық салт-дәстүрлер,  түрлі жөн-жоралғы ырымдар ауыз әдебиетi үлгiлерi арқылы жастарды еңбексүйгiштікке, патриоттыққа, батырлыққа, адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге көзделген. Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы - қазақ халық ауыз әдебиетінің әр түрінде тәлімдік, тәрбиелік, даналық ойлар негізгі орында.

Әдебиеттер тізімі

1. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы.//Алматы,1994ж.

2. Қазақ әдебиетінің тарихы. І-т., 1-кітап. Алматы,1960ж.

3. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы.Алматы,1991ж.