ONLINE
ФОРМАТТАҒЫ МЕДИА-МӘТІНДЕРДІҢ
СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Ныязбекова К.С., п.ғ.к., Абай
атындағы ҚазҰПУ-дың доценті Kulyanda2009@mail.ru
famous-scientists.ru /11624/
Қамбарова
Г.С.,
Абай атындағы ҚазҰПУ, Магистратура
және PhD докторантура институтының магистранты
Стиль
сөзі латынның stylos – «жазу құралы»
деген сөзінен шыққан.
Латын тілінде кейіннен стиль сөзі «жазу
мәнері» деген мағынада қолданылатын болған. Стилистика – ең алдымен стиль
туралы ғылым. Стиль деп
белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық
тәсілдердің қолданылу принциптерін айтамыз [1].
Стиль ұғымының лингвистиканы, оның ішіндегі мәтін
лингвистикасын зерделеуде алатын орны ерекше.
Осы орайда, бұқаралық
ақпарат мәтіндеріндегі стиль ұғымын қарастыру
арқылы тілдік бірліктерді саралап қана қоймай, ақпаратты
таратудың ерекше тетіктері жайлы да сөз қозғауға
болады.
«Бұқаралық ақпарат
мәтіндері немесе медиамәтіндер, қазіргі тұрмыстық
тілдің ең кең тараған саласының бірі болып
табылады, олардың жалпы жиынтығы адамдар қызметіндегі
басқа салалардағы сөйлеу түрлерінің жалпы
жиынтығынан әлдеқайда асып кетеді [2]», – деп тұжырымдайды Б.Өтебеков.
Расында, онлайн
форматтағы кездесетін медиа-мәтіндерде стиль ұғымы
тұрақты күйде болмай, аралас күйінде де жиі
қолданылатын кездерін кездестіруге болады. Әсіресе,
ғылыми стиль мен публицистикалық стильдерінің
медиа-мәтіндерде стильдік шекараны бұзып, біртұтас стиль
күйінде қолданылуын атап айтқан жөн. Ғылыми стиль
мен публицистикалық стильдің онлайн форматындағы
мәтіндерде жақындасуына төменде көрсетілген
үдерістер себебінен болады:
-
алғашқы ауызша мәтінді жазбашаға аударудан (мысалы
сұхбат);
-
жедел және даярланған
мәтіннің интеграцияға түсуінен (тіларалық
қатынас);
-
ауызекі тіл мен кітаби-жазба
тілдің араласып кетуі себебінен болады
[3].
Онлайн
форматындағы бұқаралық ақпарат
құралдарында сондай-ақ белгілі бір
ақпараттық-сараптау стильдерін қолдану және тарату
үрдісі пайда болып келеді. Ақпараттық-тарату
стилі ұғымы бұқаралық ақпарат
құралдарымен тікелей байланысты және оқырмандармен
белгілі және ерекше тонмен сөйлеу тәсілі арқылы іске
асырылады, сондай-ақ, тыңдармандермен де, көрермендермен де
әрбір бұқаралық ақпарат
құралдарының өзіне тән сөйлеу,
сөйлесу тәсілдері болады.
Әрбір ақпараттық
құрал субъектісі өз
аудиториясымен белгілі бір тонмен «сөйлеседі», олармен
қарым-қатынасқа түсу үшін, мәтіндік
коммуникация жасау үшін берік медиастилистикалық және
шешендік (риторикалық) құралдар қолданады. Мысалы, сапалы
газет баспасөзінде (пресса)
қарым-қатынас жасаудың бір түрлі стилі тән болса,
кең тараған баспасөз құралдарында басқа
стиль түрлері қолданылады. Мысалы, британ жаңалық
тарату құралдарының стилі Ресей тележаңалықтары
стилінен ерекшеленетіні сияқты қазақстандық
каналдардың да жаңалық тарату ерекшеліктері бар т.б. Сазды
үйлесім мен үндестікке қарай бұқаралық
медианың әртүрлі субъектісінің саздылығы
(тональность) көптеген экстралингвистикалық факторларға
байланысты түрленеді, атап айтқанда, ол саяси, тарихи,
мәдени, идеологиялық, әлеуметтік салаларға қарай
түрленіп отырады [3].
Мысалы, КТК телеарнасындағы
жаңалықтың мәтінін саралап көрелік:
Министр
Мамытбеков Ақордаға шақыртылды
Ербол Сейілхан
18.03.2014.
Ал қарамағындағылары бірінен
соң бірі шатылып жатқан Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан
Мамытбековты бүгін президент Ақордаға шақыртты.
Елбасыға есеп беруге келген еліміздің бас агрономы кездесуге
тыңғылықты әзірленіп келген. Тіпті жеткен жетістіктерін
қағазға қарамай жатқа соқты. Бұл
еңбегін ескерсе керек, Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл
шаруашылығы министріне ешқандай ескерту жасамады. Тек
көктемгі егіс жұмыстарына әзірлікті күшейтіп шаруаларды
тұқым мен жанармайдан тарықтырмауға тапсырма берді [http://www.ktk.kz]
.
Беріліп
отырған мысалдағы объективті жаңалыққа
ұмтылыс жасап тұрған: «шақыртылды
(ІІІ жақ), әзірленіп
келген, жатқа соқты, тапсырма берді» сөздері мен
сөз тіркестері. Жаңалықтар айдарындағы
«шақыртылды» сөзіне
«-ыл» ырықсыз етісі
өзіндік эмоционалды-экспрессивтік бояу беріп
тұрғандығын аңғаруға болады.
Қазақстан
телеарнасындағы «Сөнбес сәуле» бағдарламасының
мәтінін қарастырып
көрелік:
«Бағдарлама –
өзі өмір сүрген белгілі кезең аралығында
бойындағы тума талантымен ұлт Өнерінің
шаңырағын аспандатқан бір уығы болып шаншылып,
кейінгіге ұмытылмас рухани мұра қалдырған жарқын
тұлғалардың асыл бейнесін олармен
қоян-қолтық бірге ғұмыр кешкен ет-жақын
тумасының, қол ұстасқан жан-жарының,
қиыспас достарының сағынышты естелік әңгімелері
арқылы асқақтатуды, насихаттауды көздейді. Кейбір
танымал шығармаларының туылу тарихына үңіле отырып сыр
суыртпақтау, көпшілік жадында жаңғыртып, рухына
тағзым ету және отбасы мен артында қалған
ұрпақтарын таныстыру сияқты жан-жақты, шуақты
мақсаттарды нысана етеді» [http://old.kaztrk.kz].
Мәтіндегі
«ағайынгершіліктің» тұлғасын танытатын рухани мұра, ет-жақын тума, қиыспас достар, рухына
тағзым ету сияқты сөз тіркестері жақын-жуық адамдардың
бiр-бiрiне көрсеткен бауырмашылығын, қайырымдылығын
меңзейді.
Аталған
үрдістер тек қана Қазақстан лингвомәдени
аймағына ғана тән құбылыс емес.
БАҚ-тағы аталған тілдік процестердің ағылшын
зерттеушілер басқа да Еуропа тілдеріне тән екендігін анықтап
отыр, мысалы, ағылшын, француз, алман (неміс), испан, итальян тілдерінде
де осындай үрдістер байқалады
[4].
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Атамұра»
баспасы, 1995.
2.
Өтебеков Б. Бұқаралық ақпарат
құралдары тіліндегі жаңа сөз қолданыстары мен
лексикалық бірліктер. Халықаралық конференция материалдары.
http://www.rusnauka.com.
3. Есенова
Қ. Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің
прагматикасы (қазақ баспасөз материалдары негізінде)» атты
филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін
алуүшін дайындалған диссертациясы. Алматы, 2007.
4. Володская
М.Н. Язык СМИ как объект междисциплинарного исследования. М., 2004.