КАЛЬКА ТӘСІЛІ  АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН ФИЗИКА ТЕРМИНДЕРІ

 

Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің доценті  Сарсенова С.Е.

 

 

В данной статье  идет речь о терминах физики, образованных путем перевода  и о кальках,  разделяющихся по структуре  и по значению.

 

       Физика терминдерін  жасауда – аударма   тәсілінің  рөлі зор.  Бұл  тәсіл кейде калькалау  тәсілі  деп те  аталынады.  Термин  жасаудағы  аударма тәсілі  деп  -  біз  өзімізге  дейінгі  зерттеуші  ғалымдар  айтқандай,  бір сөздің  екінші  тілдегі  баламасын  табу  емес   ( поток – ағын,  давление  -  қысым  т.б.)  бір тілдегі көп  құрамды  сөздердің  (терминдердің)  екінші тілде де  сол  құрамдарын  және мағыналарын  сақтап  аударылуын айтып  отырмыз.  Мәселен,  орыс  тілінің  цветочувствительность  деген  терминін  сөздік  түзушілер  түссезгіштік  деп  аударған  /1, 282/ .  Егер  осы орыс  сөзіне  морфемдік  талдау  жасасақ ,   ол  цвет  -  түс, чувствовать -  сез (сезу),  - тель  -  гіш,          -ость   -  тік  болып,  қазақша  аудармасында  сол  құрылыидық ,  сол  мағыналық  ерекшеліктерін  түгел  сақтағандығын  көруге болады.   Біздің  аударма  (калькалау)  тәсілі  деп  отырғанымыз  -  осы.  Ғалым  Г.Ц.Пюрбеев  «Калькалау  арқылы  термин  жасау  өте  күрделі  мәселе. Аударманың  сәтті  шығуы  үшін  өзге  тілдегі  сөздің  (сөз  тіркесінің)  семантикасын,  морфологиялық  құрылысы  мен қолданылатын  саласын  жақсы  білу  керек» -  деп  көрсетеді  /2, 101/. 

       Ал  «Калькалаудың  аудармадан  басты  ерекшелігі  -  қабылданушы  тілде жаңа сөз  пайда  болып,  ол сөздің мағынасы  сол жаңа сөздің жасалуына  негіз  болған  тілдегі сөздің  мағынасымен сәйкес  келеді», -  дейді  Ш.Құрманбайұлы /3, 99/. 

       Бұл тәсілді  кейбір  ғалымдар: « терминжасамның  ең басты  тәсілдерінің  бір»  деп бағалайды  /4, 190/.  Шындығында да қазақ  тіліндегі  физика  терминдерінің жартысынан  астамы осы тәсіл  арқылы  жасалған.  Аталған  тәсілмен әсіресе  туынды терминдер мен біріккен  және  тіркесті  терминдер молынан жасалған. Мақсат -  орыс  тіліндегі  мағыналық  бөлшектерді  (морфемаларды)  қазақ  тіліне  айнытпай  көшіру;  сол арқылы  түпкі  терминнің  мағынасын  дәлме-дәл  сақтау  /5,  105/.  Мысалы:  труба – түтік,  трубка – түтікше,  взрыватель -  жарғыш,  тяжесть -  ауырлық ,  полуширина -  жартыен,  равнозначность -  теңмәнділік,  угол  отколнения  -  ауытқу  бұрышы,  сверхпроводник  -  асқын  өткізгіш,  сверхповодимость -  асқын  өткізгіштік  т.б.

       Аударма  дегеніміз  сөзді  емес,  мағынаны  аудару, сөз  белгіленген мағынаны  екінші  тілде  бейнелеу   деп  танылады /6, 196/.

       Ғылымда  калькаларды  тұлғалық  (құрылымдық)  калька,  мағыналық  калька деп  екіге бөлу  қалыптасқан. Егер терминдерді  аудару кезінде  оның мағынасын сақтаумен  бірге  тұлғасын да сақтау бірінші кезекке қойылса,  мұндай  аудармаларды тұлғалық  калька деп  атайды.  Мысалы:  двигатель -  қозғалтқыш,  измеритель - өлшеуіш, влагоустоичивость – ылғалтөзімділік, переменное  напряжение -  айналмалы  кернеу,  зона  торможения  -  тежеу  аумағы  т.б.

       Ал  аудару  кезінде  терминнің  тұлғасын  шарт  етпей,  оның мағынасын  ғана  сақтауды  мақсат  етсе,  мұндай  аудармаларды мағыналық  калька деп  атайды.  Мысалы:  адаптер -  бейімдеуші,   дефектоскоп  -  ақаукөргіш,  стабилизатор -  тұрақтандырғыш ,  селектор – іріктеуіш,  световод -  жарықжетекші,  яркость  -  жарықтылық ,  влагоудалитель -  ылғалсыздандырғыш,  гемеополяр-ность  -  ұқсасүйектілік  т.б.

       Жоғарыда  көрсетілген  мысалдардың  ішіндегі  орыстың  свет,  ярко  сөздерінің бір  ғана  жарық  сөзімен  аударылуының сыры  -  сол мағынасын  сақтаудың  тәсілі.  Болмаса  свет -  жарық  деп аударылғанымен,  яркость – ашықтық  деп аударылуға тиісті еді.  Сол сияқты  шала  сөзі де физика терминдерінде полу,  половину  дегенді  ғана емес,  сонымен бірге  не совсем, не вполне, половинчатый  деген  мағынада да  қолданылуы керек еді.

       Дәл осылар  сияқты,  орысша  вискозиметр  деген  терминнің  қазақша  аудармасында  (тұтқырөлшеуіш)  оның  түпкі  тұлғасы  (вискоз -  латынның  «тұтқыр» деген  мағыналы сөзі,  метр - өлшем бірлігі;  екеуінің  қосылғандағы  мағынасы  -  «сұйықтықтың  тұтқырлығын  өлшеу»  болып  шығады)   толық  сақталынбай,  тек мағынасы ғана сақталғандығын  байқау қиын емес. 

        Физика  терминдерінің  ішінде  мағыналық  калька  тәсілімен жасалған терминдер онша көп емес.  Олардың көбі  -   құрылымдық калькалар.  

       Құрылымдық  калькалардың  өзі  толық калька  және  жартылай калька  болып,  іштей тағы да екіге бөлінеді. Толық калька болу үшін  орысша терминнің  құрылымы толық сақталып аударылуы керек.  Мысалы:  напряженность  -  кернеулік, теплоизлучатель -  жылушығарғыш,  полуволна  -  жартылайтолқын,  двуполюсник  -  екіүйектік,  влагопоглатитель -  ылғалжұтқыш,  тяжелая  частица  -  ауыр бөлшек,  равномерное  движение  -  бірқалыпты  қозғалыс т.б.

       Ал  жартылай  калька  болу үшін орысша терминнің  құрылымын толық  сақтау  шарт  бола  бермейді,  оның мағынасы дәлме-дәл сақталынса болды.  Мәселен,  орысша  влагоудалитель  деген терминнің  ылғалсыздандырғыш  деген қазақша аудармасында  оның түпкі тұлғасы түгел және толық  сақталынып  тұрған жоқ .  Онда  удалить – алып тастау  деген сөз  - сыздандыр  деген грамматикалық  формамен  ауыстырылған,  бірақ  мағынасы  сақталған.  Сондай-ақ ,  орысша  вибор  және  скоп  сөздерінің  бірігуінен  жасалған  «виброскоп» термині  қазақша    дірілкөргіш  болып  аударылыпты.  «Виброскоп» сөзінің  төркініне  жүгінсек,  вибрация  -  дірілдеу, тербелу;  скоп -  гректің   анықтап қараймын, бақылаймын   деген сөзі.  Бұл терминде де  құрылым  толық  сақталмай,  мағына  сақталған.

        Қазақша  физика  терминдерінің  ішінде  жартылай калька  аз  кездеседі. Ал  толық кальканың саны  тым  көп. Біз оны туынды термин сөздерден де, біріккен  термин  сөздерден де,  тіркесті  терминдерден де көп пе деп  қаламыз.

       Осы жерде  айта кететін  жайт:  Ол -  термин  жасайтын  жұрнақтардың  жұмсалуындағы  жүйелілік мәселесі.   Дұрысын  айту керек,  орысша терминдерді  калька тәсілімен аудару кезінде  сөздікшілер орыс тіліндегі  белгілі  бір  суффикстерді   қазақ тіліндегі белгілі бір жұрнақпен  тұрақты түрде  белгілеп  отырған.

       Бұл ретте орыс тіліндегі  -ость/-есть  суффиксінің  қазақ тілінде   -лық/-лік  жұрнағымен жүйелі түрде беріліп отырғандығы  анық  байқалады.  Мысалы:  твердость  -  қаттылық ,  хрупкость -  морттық , размерность -  өлшемділік ,  проводимость -  өткізгіштік,  упругость -  серпімділік ,  жидкость – сұйықтық ,  сжимаемость – сығылғыштық ,  плотность -  тығыздық  т.б.

        Қазақ тілінің  -қыш/-кіш,  -ғыш/-гіш  жұрнағы көбінесе  орыс тіліндегі  -тель   суффиксінің баламасы ретінде қолданылған.  Мысалы:  замедлитель – баяулатқыш ,  делитель – бөлгіш ,  отражатель – шағылдырғыш ,  ускоритель -  үдеткіш,  выпрямитель -  түзеткіш,  рассеиватель -  шашыратқаш т.б.  Мұндай терминдер физика  терминдерінің ішінде өте көп. 

       Рас,  -қыш/-ғыш,  -кіш/-гіш  жұрнағы кейбір терминдерде  орыс тіріндегі  -ник,        -чик,  -тор, -ация  суффикстерінің  орнына да қолданыла береді.  Мысалы:  проводник -  өткізгіш,  полупроводник – шалаөткізгіш,  сверхпроводник -  асқынөткізгіш,  датчик – бергіш;  вибратор – дірілдеткіш,  анализатор  -  талдағыш,  поляризатор -  үйектегіш,  деполяризатор -  үйексіздегіш. 

       Зерттеуші  Ш.Құрманбайұлы  қазақ тіліндегі қимыл атау  формасымен келген терминдер орыс тіліндегі   -ени(е),  -ани(е),  -к(а),  және   -ация,  -изаци(я)  суффикстері арқылы жасалған  терминдерге сәйкес келетінін  айтады  / 3,  44/.  Бұл пікірді  физика терминдерінің материалдары да растай  түседі. 

       Мысалы:  айналу – вращение, превращение,  баптау – настройка,  бүрку – пульверизация,  дірілдеу – вибрация, жалтырау – блеск,  қайнау – кепение,  сыну -  премление,  үйектеу – поляризация,  шағылу – отражение,  ығысу -  смещение т.б.

        Түбір не туынды терминдерден соң қосылған  -лық/-лік,  -қыш/-ғыш,    жұрнағы мен   -ушы/уыш,  -уші/-уіш  жұрнағы  (өлшеуіш – измеритель,  сәулелеуші -  облучатель,  ылғалөлшеуіш -  влагомер)  зат есімдік  (терминдік)  мағына туғызса,  тіркестің бірінші сыңары құрамында  берілген жұрнақтар сын есімдік  мағына туғызады. Салыстырыңыз:  үйектік – полярность,  үлестік қысым – пар-циальное  давление,  шағылдырғыш – отражатель,  шағылдырғыш қабілеттілігі – отражательная  способность,  ылғалжұтқыш – влагопоглатитель,  ылғалжұтқыш  зат – гигроскопическое  вещество,  жұтқыш//жұтушы  -  поглотитель,  жұтқыш орта// жұтушы орта  -  поглощающая  среда,  шашыратқыш -  рассеиватель,  шышыратқыш  айна // шашыратушы айна  -  рассеивающиее  зеркало т.б.

        Соңғы топқа  -қан/-ған,  -кен/-ген  жұрнағын да қосуға болады. Мысалы:  жұтылған жарық – поглощенный  свет,  үйектелген сәуле  -  поляризованный  луч,  шағылған толқын  -  отраженная  волна  т.б.

        Сөйтіп,  аударма тәсілі әсіресе құрылымдық аударма  терминдерін жасаудағы  өнімді тәсілдердің бірі деп есептейміз.  Олай болуы заңды да.  Өйткені  физика ғылымы  -  нақтылы ғылымдардың бірі.  Оның терминдері сол нақтылы ұғымдарды дәл беру үшін қажет  және сол үшін жасалынады.  Бұл ретте қазақша  физика терминдерін жасаудағы  орыс тілінің игілікті әсері мен    рөлін баса айтқанымыз  мақұл болады.  

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. 1 том. Физика және астрономия. Алматы: Рауан, 1999.-293б.

2. Пюрбеев Г.Ц. Современная монгольская терминология. М., 1984.-101 с.

3. Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасыының терминденуі. Алматы: Ғылым, 1998. -206 б.

4. Айтбаев Ө. Қазақ сөзі. Алматы: Рауан,1997. -238 б.

5. Біләлов Ш. Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері. Алматы: Ғылым, 1996. -424 б.

6. Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминденуі. Алматы: Ғылым, 1998. -206 б.