ПСИХОЛИНГВИСТИКАДАҒЫ СӨЗДЕР АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС ТҮРЛЕРІ

Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, ф.ғ.к. Ақбердыева Б.Қ.

 

Сөздік қор (лексикон) белгілі бір тәртіпке келтірілген жүйе, онда алынған ақпарат сұрыпталып, екшеліп, орын-орнымен орналасқан. Сондықтан қажетті ақпарат өте оңай алынады. Тілші-ғалым Е.С.Кубрякованың айтуына қарағанда бұл жүйенің негізінде ассоциациялар жатыр. Бірақ  ассоциациялар бір сөзде әртүрлі болуы мүмкін [1,99б.]. Дж.Диз, ассоциациялық байланыстарды лексиконның қалыптасуының негізі ретінде түсініп, жеке тұлғаның жеке сөйлеу тәжірибесіне сүйене отырып қарастыруды ұсынады. Ғалым ассоциациялардың пайда болу процесі адамның когнитивтік қызметін қамтамасыз етеді дейді [2,43б.].  Ассоциациялар туралы жаңа көзқарастар экспериментальды зерттеулердің пайда болуына әкелді. Мұнда адамның лексиконының ішкі құрылымын тексеру, айқындау қолға алынады. Еркін ассоциацияларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын эксперимент сөздердің бір-бірімен байланысын, адам санасында орналасу тәртібін зерттейді. Оның мәні: адам оған берілген стимул сөзге есіне бірінші түскен сөзбен немесе сөз тіркесімен, нақты айтқанда, реакция сөзбен жауап беру керек. Сол мезеттегі адам санасында болып жатқан байланыстар, құбылыстар ассоциациялық сипатқа ие болады.

Сөздер сөйлеушілердің санасында семантикалық өріс болып, тақырыптық-мазмұндық жақындығының негізінде топтасады. Абстракцияның арасындағы мәндік байланыстар таңбаланушылар арасындағы ассоциативті байланыстармен анықталады. Бұл анақтамада зерттеуші семантикалық өрісті жүйедегі сөздердің әр түрлі деңгейлерінің өзара мәндік қиылысуы, байланыстары негізінде пайда болған сөздердің топтасуы деп ұғады. Сөз адамның шындық дүниедегі заттар мен құбылыстармен қарым-қатынас жасаудағы таным-тәжірибесін танытады. Соған орай сөздердің табиғатын тек қана тіл бірліктері ретінде ғана емес, сонымен бірге психологиялық үдерістер: қабылдау, ес, ойлау және т.б. деңгейде алып қарастыру қажет [3,53б.].  Есте адамның барлық білім деңгейінің құрылымы мен қоймасы т.б. жұмыс тәртібі туралы ақпарат сақталады. Ес - тек қана ақпаратты сақтаушы ғана емес, сонымен бірге алынған мәліметті қайта өңдеуші. Ал лексиканы ойлау үдерісі тұрғысынан қарастыру психолингвистика пәнінің аясына жатады, мұнда тіл психикалық феномен ретінде қарастырылады.

Психолингвистика – бұл экспериментальды ғылым, дәстүрлі лингвистика байқау әдісі арқылы дайын мәтінді тексерсе, психолингвистика сол мәтіндердің құрылымдық жағынан түзілу үдерісін тәжірибе жүргізу арқылы анықтайды. Мұнда ең бастысы, тілді адамнан бөліп қарау емес, керісінше, тілдің адамның сөйлеу қызметінде қолданылуы.  Психолингвистика дәстүрлі тілтанымда жинақталған теориялық материалдарды жоққа шығармайды, керісінше, оны өз тәжірибесінде пайдаланады. Ол қарастыратын басты, маңызды мәселелердің бірі - адамның сөздік қорының түзілуі. Ең алдымен, адамның тілді қолданудағы психологиялық іс-әрекеттердің жұмысын қарастыру, яғни адам не себепті сөзді түсінеді, неліктен кез келген сөзді айту арқылы оған сол мезетте жауап бере алады -  міне, осы сұрақтардың жауабын сөздік қордың реттелуі, тәртібі, жүйесінен іздеу керек.

Әлі күнге шейін ғасырлар бойы қордаланған, жинақталған таным-тәжірибенің  - «білімнің» тілдегі берілуі, адамның миында осы «білімнің» қалай жинақталып тұрғандығы, белгілі бір айтылған сөзді қабылдау мен түсіну арқылы адамның дәл осы сөзге мағыналық-мазмұндық жағынан сәйкес келетін сөзді өз жадынан тауып бере алатын мүмкіншіліктері бүге-шігесіне шейін зерттеле қойған жоқ. Бұл проблемаға қалам тартқан тілші және психолог ғалымдар: А.А.Уфимцева, Л.М.Васильева, Г.С.Щур, А.А.Залевская, Ю.Н.Караулов, А.А.Леонтьев, Л.С.Выготский, А.Р.Лурия және т.б. дегенмен, бұл ғалымдардың еңбектерінде де барлық мәселелер толық қарастырылды деп айтуға болмайды.    

         Лексикон немесе сөздік дегеніміз сөздердің бірлігін, тізбесін  көрсетеді. Тілдің сөздік құрамы белгілі бір өзіне тән белгі арқылы құрылған. Ол сөздердің тобы – семантикалық өріске, әріқарай  одан да кіші лексикалық-грамматикалық бөлшектерге, жаңа сөздерге бөлініп кетеді.

Л.В.Сахарный психолингвистиканың негізінде жатқан үш ұстанымды атайды. Соның ішінде негізгісі – адам факторы. Расында да жеке, нақты бір адамның факторы: оның есінің дұрыстығы, жас ерекшелгі, жеке тәжірибесі, мақсаты және т.б. сөйленім сипатын ғана емес, тілдің де ерекшелігін танытады. Тыңдаушы мен сөйлеушінің факторы нақты қарым-қатынас жүретін бір ситуацияның болуына  әкеліп соқтырады. Үшінші фактор адам мен ситуациялық фактордан кейінгі тілдің құрылымдық жағы түзілетін – эксперимент факторы [4,8б.].

 Тілдік жүйедегі сөз өзінен басқа сөздермен ассоциативтік байланыста болады. Олар тілді қолданушылардың санасында бір-бірімен тығыз байланысты элементтердің бірлігі немесе қарама-қарсы мағынадағы қатынастар түрінде сақталады. Бұл бірлікке немесе тұтастыққа бір грамматикалық класқа кіретін сөздер жатады. Сөйлеушінің санасындағы сөздердің бір-бірімен қарым-қатынасының сипаты парадигматикалық ассоциациялардан анық байқалады.

Парадигматикалық қатынастарға: синонимия, антиномия, гипперонимия, гипонимия жатады. Ф.де Соссюрдің айтуынша ассоциациялық байланыс тек қана бір-бірімен парадигматикалық байланыстағы сөздердің қатарында туады [5,43б.].  Келтірілген сөздің семантикасы – оның синтагмалық, парадигматикалық байланыстарының бірлігімен анықталатындығы белгілі болды.

Парадигматикалық байланыс – тілде, ал синтагматикалық болса сөйленімде өмір сүреді. Синтагматикалық байланысқа – сөйлеу қызметінің синтаксистік заңдылықтары жатады. Сөз-стимул сөз-реакциямен синтаксистік қатынасқа түсіп, сөз тіркесін немесе сөйленімнің негізін құрайды.

Синтагматикалық  ассоциацияны сөз табының категориялары бойынша бөлуге болады. Мысалы: зат есім-сын есім, зат есім-етістік т.б. дос-кездесу, дос-үш, дос-жақсы және т.б.

Қазақ  теңеулерін зерттеген Т.Қоңыров олардың семантикалық типтеріне тоқталғанда, семантикалық  өріс бойынша қарастырған. Ол қазақ тіліндегі теңеулердің семантикалық топтарының бірін ассоциациялық топ деп атап, шетел және орыс лингвистикаларында кеңінен тараған «ассоциациялық ая» деген ұғымды өз бетінше қолданып отырғандығын айта келіп: «Рас, аталмыш еңбектерде бұл ұғым белгілі бір сөздердің басқа бір сөздермен тіркесу мүмкіндігімен байланыстырылса, бізі оны теңеу мүшелерінің (образ, предмет, белгі) парадигмалық және синтагмалық аяларының кеңеюімен байланыстырдық»  деп  атап көрсетеді [6,78б.]. 

Ассоциациялық өріс деп, психолингвистика мен психология шеңберінде қарастырылатын сөз-стимулдардың айналасына сөз-ассоциаттар тобы жинақталған ассоциацияның түрлерін айтамыз. Ассоциациялық өрісте мағыналық жағынан жақын, төркіндес сөздер жинақталады [7, 381б.].

Сонымен, ассоциациялық өріс әрбір адамда әр түрлі, яғни адамның дүниетанымы, оның тіл қолданысындағы атаулар  құрылымы мен олардың арасындағы қарым-қатынастарға байланысты жеке, ерекше болады. Ассоциация сипатына сол адамның жасы, жеке басындағы ерекшеліктері, географиялық жағдайлары, мамандығы, және т.б. әсер етеді. Ал ұлттық ұжымдық сана немесе этностық санада ассоциация тұрақты болады, өйткені сөздер арасындағы байланыс ұдайы қайталанып отырады. Жоғарыда айтылғандай, әр халықтың мәдени, тілдік әлем бейнесі әртүрлі, себебі халықтың тарихы, тілі, өмір сүру салты, санасы әр түрлі. Сөз-ассоциат – бұл тек қана заттардың, құбылыстардың атауы ғана емес, сонымен қатар олар адамды қоршаған әлемнің бір бөлігі, адам санасында сәулеленуі арқылы олар сол халыққа ғана тән, сол халықтың мәдениетімен шектелген ерекше қасиеттерге ие бола бастайды.

           

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1.     Кубрякова E.С. Человеческий фактор в языке. Язык и порождение речи.-М.: «Наука», 1991.-240с.

2.     Залевская А. А. Вопросы организации лексикона человека в лингвистических и психолингвистических исследованиях. - Калинин: «Калинин. гос. ун-т», 1978.-88с.

3.     Филин Ф.П. Очерки по теории языкознания. – М.: Наука, 1982. – 336с.

4.     Сахарный Л.В. Введение в психолингвистику. Л.: Изд-во Ленинградского университета,1989.-181с.

5.     Уфимцева А.А. Опыт изучения лексики как системы. - М.: Изд-во Академии Наук СССР,1962.-287с.

6.     Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. Алматы: Ғылым, 1978.

7.     Лингвистический энциклопедический словарь. Языкознание //Под ред. В. Н. Ярцевой. - М.: Советская энциклопедия, 1990.-683с.