Магистрант Абдразахова Ш.Қ.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

П.ғ.к., доцент Тлегенова К.А.

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Қазақстан

 

БІРЫҢҒАЙ АНЫҚТАУЫШТАРДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ

Сөйлемде анықтауыштар өздері анықтайтын сөздің алдында тұрып екі түрлі ыңғайда жұмсалады. Бірде анықтайтын сөзіне қатысты бірдей бірнеше анықтауыш бір сөзді әр жағынан анықтайды. Олар көбінесе мағыналары жағынан ұқсас, өзара тұлғалас сөздер болып келеді. Мысалы: Өңшең пысық, елгезек, сергек жігіттер. Қызғалдақ, жауқазын, сарғалдақ, бәйшешек дегендер қызыл, сары, көкшіл түстерімен құлпырып жайнайды (М. Әуезов). Мұндай мағыналас, тұлғалас бірдей дәрежеде бір сөзге қатысты болып тұратын анықтауыштар бірыңғай анықтауыштар болады. Айшаның майысыңқыраған сымбатты ұзын бойы, ашық жүзі, қоп-қою, қап-қара қасы, мұңайған кер көзі оның қалың ойда, ауыр қайғыда екенін білдіретін еді (С.Сейфуллин). Бұл – жайылма сөйлем. Оның бірнеше бастауыштары бар: бойы, жүзі, қасы, көзі. Бұлардың тұлғасы бірдей баяндауыштары бәріне ортақ: ол – білдіретін еді. Әрбір бастауыштың анықтауышы бар соның бәрі – бойы дегеннің төрт анықтауышы бар. Мысалы: Айшаның майысыңқыраған, сымбатты, ұзын бойы. Бұл төрт анықтауыштың тұлғалары да, мағыналары да зат есімнен болған анықтауыш, майысыңқыраған есімшеден, сымбатты – туынды сын есімнен, ұзын сапалы сын есімнен болған анықтауыштар. Бұлар түрлі тұлғадағы әрқилы анықтауыштан болғандықтан бірыңғай анықтауыштардай әр сөзі айырым әуенмен айтылмай, бәрі біріне-бірі ұласа айтылады. Соны қоп-қою, қап-қара қасы деген салыстырсақ мұнда екі анықтауыш бар. Бұлар – бір-біріне ұқсас бірыңғай анықтауыштар. Олардың айтылу әуені санамалы болатындықтан, жазуда араларына үтір қоямыз. Олар біріне-бірі бағынбай, өзара салаласа байланысып, барлық бірдей дәрежеде бір сөзге қатысты болып тұр. Кейде тұлғасы, мағынасы жағынан түрлі сөз табына жататын сөздер бірыңғай анықтауыштар болуы мүмкін. Олар да айырым интонациямен айтылады. Ашаң жүз, ұзынша бойлы, шашы артына қарай қайырылған жас жігіт Рахметпен амандасты (С. Ерубаев). Солардың ішіндегі ең сүйіктісі – мынау қос ішекті домбыраны безілдетіп отырған орта бойлы, сәнді киінген, қызғылт жүзді ақ құба, нұрлы жігіт (М. Әуезов).

Ал енді бірде бірыңғай мүшелер болмайтын, бірақ оған қатты ұқсайтын соның дәл өзіндей көрінетін тіркестер де болады. Мысалы: Сүйіндіктің аппақ үлкен кірпіш үйі жылы екен (М. Әуезов), дегенде, «аппақ, үлкен, кірпіш» - әр түрлі анықтауыштар. Олар түрлі лексика-грамматикалық категориялардан тұрып заттың («Үйі» деген сөздің) түрлі қасиетін «түсін, көлемін, мөлшерін, неден жасалғанын т.б.» сипаттап тұр. Осындай анықталатын заттың әрқилы сапасын білдіретін кейбір анықтауыштар бірыңғай бола алмайды, өйткені бұлар алдымен бірін-бірі анықтап тұрады. Мұндай әртүрлі анықтауыштардың біреуі ғана анықталған мүшемен тікелей байланысып, сонымен күрделі сөз тіркесін құрайды. Ал бірыңғай анықтауыштарда, керісінше, олардың әрқайсысы анықталатын мүшемен тікелей байланысады да, бір компоненті де анықталатын сөздің құрамына енбейді. Бұлар грамматикалық жағынан бір-біріне бағынбайды, өзара салаласа байланысады, ал анықтайтын сөзімен матаса байланысады.

Бірыңғай анықтауыштар мен әртүрлі анықтауыштардың және бір ерекшілігі: әртүрлі анықтауыштар интонация арқылы жікке бөлінбей, бірімен-бірі ұласа айтылады, олардың арасына жалғаулықты шылауларды қоюға болмайды. Ал бірыңғай анықтауыштар айырым интонациясымен айтылып өзара жалғаулықтар арқылы да, жалғаулықсыз да санамалап байланысады: Тобықты ішіне сонау алыс Көкшетаудан келген сирек, сый қонақ – Біржан еді. Көнетоз, жыртық киімдерімен ерекше бір азап дүниесінен келгендей (М. Әуезов). Бұл сөйлемдерде бірыңғай анықтауыштар жалғаулықсыз интонация арқылы байланысып, бірыңғай анықтауыштық қатар құрап тұр. Бірыңғай анықтауыштар қайталанбайтын бір ғана «мен» немесе «және» жалғаулығы арқылы байланысып тұйықталған қатар құрайды. Базаралы мен Дәркембай бірі үлкен, бірі жас болғанымен, екеуі бірдей өр, ер және көңілі жүйрік адамдар (М. Әуезов). Қос мүшелі бірыңғай анықтауыштар «мен» жалғаулығы арқылы байланысқанда, септік жалғауы тек соңғы анықтауышқа ғана жалғанып, сол жалғаулық екеуіне де ортақ болып тұрады. Бірыңғай анықтауыштар көп мүшелі болып келсе, оның қатарын шұбалаңқы етпей, ықшамдап айту үшін, олар екі-екіден қосақталып айтылады, әр жұпқа кірген бірыңғай анықтауыштар «мен» жалғаулығы арқылы байланысады. Олардың бұтақтарынан алма мен алмұрттың, өрік пен інжірдің, шие мен шабдалының неше сорттарын  кездестіресің (С. Мұқанов). Сонымен қатар, бірыңғай анықтауыштар қайталанып келетін жалғаулықтар арқылы да байланысып, тұйықталмайтын, әрі қарай жалғастыра беруге болатын қатар құрады: Баланың да, жігіт желеңнің де, егде мосқал үлкеннің де – барлығының да ауызында бір жаңалық, бір хабар (М. Әуезов). Бірыңғай анықтауыштар өзара қарсы мағыналас болып келгенде қарсылықты «бірақ» жалғаулығымен де байланысады: Мынау жерде шағын бойлы, бірақ кесек қызғылт жүзді, кең маңдайлы Айтқазының ойлы сарғыш көзіне Абай жауап ойлап, барлай қарады (М. Әуезов). Бірыңғай және әртүрлі анықтауыштардың сөйлемдегі орналасу тәртібінде де ерекшелік бар. Бірыңғай анықтауыштардың ішінен сапалық, тұрақты, сынды білдіретіндері анықталатын сөзбен іргелес келіп, арасына сөз салмай байланысады да, қалғандары алшақ тұрып байланысады. Анықталатын сөзден ең шеткері тұратындары, әдетте, есімшелерден болған анықтауыштар болып келеді. Егер бірыңғай анықтауыштар заттын түсін, сынын, сипатын білдірсе, онда олардың орнын ауыстыра беруге болады, одан олардың семантикалық та, грамматикалық та мағыналары өзгермейді. Ақ, қызыл, сары, жасыл бояу жымдасып суретке ерекше көрік беріп тұр. Біздің бақта ақ, сары, қызыл, көк гүлдер өседі. Үстінде кең, жеңіл шапаны бар (М. Әуезов). Сапалық бірыңғай анықтауыштар қарсылықты жалғаулықтар арқылы байланысса, онда олардың орын тәртібін өзгертуге болмайды, өйткені орындарын ауыстырғаннан олардың мағыналары да өзгереді: Аласа, тықыр, бірақ тығыз бетегемен жайнаған (М. Әуезов). Есептік және реттік сан есімдерден жасалған бірыңғай анықтауыштардың орын тәртібі тұрақты болады. Мұндай жағдайда саны жағынан аз анықтауыш саны көп анықтауыштардан бұрын тұрады: Солардың ішінде ең жақсылары он алтыншы, он жетінші номерлер екен. (М. Әуезов). Сапалық және қатыстық сын есімдерден жасалған бірыңғай анықтауыштық қатыстық анықтауыштардан бұрын орналасады.

Бұл саладағы қиындық, әсіресе, синонимдік анықтауыштардың бірыңғайлығы мен бірыңғай еместігінен кездесіп қалады. Мысалы: А.Б. Шапиро «Сөйлемнің бірыңғай мүшелері» деген мақаласында: «...анықтауыш – синонимдер, сырттай қарағанда бірыңғай анықтауыштарға ұқсағанымен, шын мәнінде бірыңғай болмайды», - деп тұжырым жасайды. Ілік жалғаулы бірыңғай анықтауыштар туысқандық, дос-жарлық ұғымдарды сөздермен тіркесіп, семьялық, туысқандық қатынасты білдіреді. Меншік мәнді бірыңғай анықтауыштардың грамматикалық көрсеткіштері болады. Меншік мәнді бірыңғай анықтауыштарды көбінесе тұлғалас болғандықтан, оларды шұбалаңқы етпей, ықшамды етіп айту үшін ілік септік жалғаулары бәріне ортақ етіліп бір-ақ рет, ең соңғы анықтауыш мүшеге ғана жалғанады: Ол – Бөкенші руынан Сүйіндік, Сүгірдің көштері. Дәл осы кезде, қораның ішінде, Дәркембай Бөжей мен Байдалының арасынан ентелеп кеп сирақты мылтықты көтере берді. (М. Әуезов). «Мен» жалғаулық шылауы арқылы байланысқан бірыңғай анықтауыштардың септік жалғауы алдыңғысына қосылмай, соңғысына жалғанып айтылады. Мысалы: Қосым мен Жантықтың осынша иттігінің мәнісі не екенін ажырата алмадық (Ғ. Мүсірепов). Бірыңғай анықтауыштарды саралап, әр қайсысына ерекше мән бере, екпін түсіре айту қажет болған жағдайда ілік септік жалғауы әрқайсысына жеке-жеке жалғанады: Қазақ әндерінде сол дала тауларының, өзендерінің, кең алқаптарының өрнектері бар (С. Мұқанов). Матаса байланысатын бірыңғай анықтауыштар, негізінде зат есімдерден немесе зат есім мағынасында, зат есім орнына жұмсалатын сөздер болып келеді. Матаса байланысқан есімді бірыңғай анықтауыштар: Бұл ақылдардың, арлылардың, артықтардың бойында болатын мінез. Ақылдының, әкенің, білімдінің сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек (Абай). Екінші қосылғышты жиырма мен төрттің қосындысы деп есептейміз. Бірыңғай анықтауыштар, негізінен, зат есімнен болған мүшені (көбінесе бастауышты) анықтап, соның сынын, сапасын, мөлшелер санын, тәндік белгісін білдіреді. Бірыңғай анықтауыштар зат есім орнына жұмсалатын есімнен болған толықтауышты да, есім баяндауышты да анықтап солардың сындық сапасын білдіреді.

Сонымен, қазақ тілінде бірыңғай анықтауыштар өздері қатысты сөзбен қабыса байланысады, оларға: сын есімдер мен сан есімдерден, етістіктің есімге ұқсас түрлері (есімше және қимыл есімдері), атау тұлғалы зат есімдер және етістіктен болған анықтауыштар жатады. Сын есімдердің негізгі синтаксистік қызметі – анықтауыш болу, сөйлемде сын есімдерден болған бірыңғай анықтауыштар заттардың әр алуан сапалық және қатыстық сындарын білдіреді.

Әдебиеттер:

1.                     Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. -Алматы: Мектеп, 1975.

2.                     Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. -Алматы: Ғылым, 1968.

3.                     Шаяхметова М.Х. Қазіргі қазақ тіліндегі сөйлемнің бірыңғай мүшелері. -Алматы: Мектеп. 1980.

4.                     Шаяхметова М.Х. Бірыңғай мүшелердің көркем әдебиеттегі стильдік қызметі. -Алматы, 1987.