Ешимов
М.П.
Қазақстан Республикасы,
Алматы қаласы
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент
Қарым-қатынастағы бейвербалды амалдардың
ұлттық-мәдени сипаты
Дәстүр
– тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы
ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі
уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат
тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы,
мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар,
жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер,
жөн-жоралғылар және т.б.
Салт-дәстүр
дегеніміз – халықтың жөн-жоралғыларының,
ұстанымдардың жиынтығы. Салт-дәстүрлер
халықтың өмір-тұрмысынан,
шаруашылық-тіршілігінен, қалыптасқан
қоғамдық қатынастарынан, дүниетанымынан
туындайтын мәдени құбылыс. Әдет-ғұрып
ұзақ тарихи мерзімде біртіндеп қалыптасып,
халықтың санасына сіңіп, қай ұлттың болсын
ұлттық болмысын құрайды және ол басқа
этностардан ерекшеленеді. Қазақы әдет-ғұрыптар
көшпелі тұрмыстың дәстүрлі дүниетанымынан
бастау алды.
Қандай да бір халықтың тұрмыс-тіршілігінде
кездесетін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар
қарым-қатынастың вербалды құрал түрімен
бірге, бейвербалды құрал түрінде де көрініс тауып,
вербалды, яғни тілдік амалдарға көмекші құрал
ретінде де қолданылады.
Бейвербалды амалдар тілдік амалдар тәрізді саралауға
түседі. Кез-келген қимыл атаулы әртүрлі халықта
бірдей мағынада қолданылуы мүмкін, сонымен бірге мүлдем
қарама-қарсы келетін кездері болады. Қимыл грамматикасы
өз тұрғысынан ұлттық құбылыстарды
білдіреді. Ол қимылды қолдану үшін сол елдің
ұлттық салт-дәстүрлерін білу (сол елге қыдырып
барған адамдар болса) қажет.
Паратілдік құралдар жайында Т.М. Николаева мен Б.А. Успенский
[1] екі түрлі көзқарасты атап көрсетеді. Біріншісі,
(оны натуралистік деп атайды) табиғи паратілдік амалдардан пайда болады
және оларды белгілі бір биологиялық процестерден алып
шығуға тырысады. Ал, екіншісі, «шартты», ол мәдениетке,
салт-дәстүрге байланысты болады. Паратілдік амалдарды
қарастыру кезінде екі көзқарасты мақсатқа
сәйкес орнықтыру керек. Синхрониялық емес, диахрониялық
жақтан нақтылаған бірінші көзқарас көптеген
жағдайларда анықталған болып келеді. Бұлардың
барлығын сол қоғамның тілінде сөйлейтін халықтың
мәдени-дәстүрлік ерекшелігі және сөйлеу
қарым-қатынасының паратілдік компоненттері
тұрғысынан зерттеу қажет.
Бет қимылы, қимыл, дене қалыбы – ұлттық
ерекшеліктерді сақтайтын дене тілі. Бірақ та әрбір
қимыл барлық халықта бірдей мағынаны білдіреді деген
жаңсақ пікір айтудан аулақпыз. Ым-ишараның
әмбебап тобының болуымен бірге, ұлттық тобы да
өмір сүреді. Ұлттық қимылдарды сол елде
тұратын жергілікті ұлттар ғана біліп, түсіне алады. Ал,
әмбебап ым-ишаралар бірнеше елде бірдей мағынада қолданылады.
Сонымен бірге қарым-қатынастағы кейбір
қимылдардың мағынасы, кейбір аймақтарда басқаша
мағынада қолданылуы мүмкін.
Халқымыз: «ымды білмеген – дымды білмейді» дейді. Көптеген
ұлттық қасиеттер тілде ғана сақталмайды, ол
ең алдымен сезімде көрініс табады. Адам тілмен айтып жеткізе
алмаған ойын ишарамен, ыммен де жеткізеді. Ым-ишара,
қас-қабақ тағы басқа ішкі-сыртқы белгілер
арқылы баланы сезімталдыққа, ата-ананы тез түсінуге
тәрбиелеп отырған.
Зерттеуші М.М. Мұқанов өзінің ғылыми
мақаласында бейвербалды амалдарды жіктей келе, олардың
халықтың салт-дәстүрімен және дінімен байланысы
бар екендігін ашып көрсетеді. Ол бейвербалды амалдарды топтастырып,
қайсысы қандай мағына беретінін де айтқан. Ғалым
осы айтылғандардың барлығын этнопсихология тарапынан
қарастырып, талдаған [2].
Туған халқымыздың ежелден қалыптасып келе
жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүріне
көңіл аударарлық психологиялық іс-әрекеттер
көп кездеседі. Соның ішінде сезімді, көңіл-күйді,
іс-қимылды сөзді тауыспай-ақ ыммен, ишарамен білдіретін
және оны анық бейнелейтін қызықты ұғымдар
бар. Бұл адам тәрбиесіне де үлкен әсерін тигізеді.
Ұлтымыздың осындай тәлім-тәрбиелік
әдет-ғұрыптарының мәніне терең
үңіліп, оның сырын ашатын болсақ одан көптеген
ғибратты істерге қанық боламыз [3, 161].
Көшеде, далада
кездесе қалған қазақ адамдары жасы кішісі жасы
үлкеніне «Ассалаумағалейкүм!» деп бірінші болып сәлем
береді. Жасы үлкен кісі бірінші болып амандасқан жасы кішісіне
«Уағалейкүмассалам!» деп жауап қатады. Тек содан соң
ғана егжей-тегжейлі аман-саулық сұрасады. Бұлай
сәлемдесу бірін-бірі мүлдем танымайтын адамдар үшін де
міндетті болып саналады. Бұл амандасудың бейвербалды түрінен кеуде түйістіру амалы
қолданылады. Бұл бейвербалды амал вербалды құралмен
қатар жүретін, соны толықтырып тұратын компонент. Мысалы, Хан енді
қазақ әдетімен алдымен құшағын
айқастыра, кеудесіне кеудесін тигізіп, әуелі Асан
Қайғымен сәлемдесті, содан соң барып Қотан
жыраумен, Қазтуғанмен амандасты (І.
Есенберлин, Көшпенділер). Қазақ халқының
таным-түсінігінде кездесетін кеуде
түйістіріп (кеуде қағыстырып) амандасу рәсімінен
басқа қос қолдап
амандасу және қол
қусырып амандасу рәсімі де кең етек алған. Негізінен
жасы кіші адам жасы, жол үлкен адамға бірінші болып қолын созып, қос қолдап
амандасады. Бұл да қазақ халқының
салт-дәстүрінен, таным-түсінігінен хабардар етеді.
Қазақтарда
бата беру әдет-ғұрпы кеңінен етек алған.
Бата беру әрбір істі бастар алдында міндетті деп саналады. Бата
поэтикалық тілмен жалпы жұртқа
қарап тұрып беріледі. Онда бата
беруші адам өзгелерге ізгі жақсылық, табыс тілейді. Батаны
жасы үлкен адам немесе жолы үлкен қонақ
беруі тиіс. Бата беруші Жаратушыдан бақытты өмір, денсаулық, байлық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері
қарай жоғары созып, екі алақанды өзінің
жүзіне қарата бұрып тұрып беріледі. Бата беру «әумин»
деген сөзбен аяқталады. Мысалы, Дұрыс
айтасың, шырағым, – деді сәлделі ақсақал. –
Тілегің оң болсын!
– Әумин! – Әумин!
– Жұрт қолдарын жайып, беттерін сипады (І.
Есенберлин, Көшпенділер).
Бата адамдарды
лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, ол жастарды,
ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Қандай да болсын бір
іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда
және де тамақ желініп болған соң немесе жол
жүріп, алыс сапарға аттанар алдында әркім
ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ
көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі.
Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден,
құрметті қонақтардан бата алып қалуға
тырысқан. Ислам дінінің таралуына байланысты бұл дәстүр
бұрынғысынан да күшейе түсті. Қайтыс болған
адамның үй-іші мен туған-туыстарына көңіл айту кезінде
де бата беріледі. Марқұмның өзіне де, артында
қалған бала-шағасы мен туған-туыстарына да ізгі
тілектер айтылады.
Адам қайтыс
болғанда жерлеу кезіндегі топырақ
салу мән-мағынасы жағынан зор ғұрып. Егер
жақын адамдары қайтыс болғанда топырақ сала алмаса, ол
үлкен арманда кеттім деп өкінетін болған. Қайтыс
болған адамға дәл уақытында келіп топырақ салса,
сол адамның көңілінің жақындығын,
аруаққа ризалығын, қоштасудың белгісі деп
бағаланатын болған. Үлкен кісілер «бала-шағаларынан,
жақындарынан, туған жерімнен топырақ бұйырса» деп тілек
тілеп отырады. Топырақ салушылар марқұмға
«топырағың торқа болсын», «жатқан жерің жайлы
болсын» деген вербалды түрін де қолданады. Мысалы, Бөжейдей жұрт
жоқтаған жанға топырақ салмай қалған
жалғыз Құнанбай айналасы болды (М. Әуезов, Абай
жолы).
Қазақ халықында ел қатты жек көрген
опасыздарға, қарғыс алғандарға немесе өзі
кінәлі бола тұра ел-жұрт кінәлап ат
құйрығын кесіп кетіп бара жатқандарға әбден
көңілі қалып, ашуланған кездерде көпшілік
олардың артынан топырақ
шашатын әдет бар. Мұндай адамдардың елі атын
атамауға тырысқан. Тілімізде кездесетін «артыңнан бір уыс топырақ» (келмеске кет немесе
барған жеріңнен келме) деген фразеологизм осыған байланысты шықса керек.
Ерлер мен әйелдердің қарым-қатынасында қызмет
ететін кинемалар ұлттық және психологиялық
ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Жыныс арасындағы
кинемалардың қызметі ұлттық, мәдени,
салт-дәстүрлермен, олардың психологиялық ерекше-ліктерімен
тығыз байланысты. Сол дәстүрлерде олардың
психологиялық, биологиялық, әлеуметтік ерекшеліктеріне орай
жеке әйелдерге тән және жеке ерлерге тән әдет,
дағды, ым-ишаралар өмір сүреді. Бұлардың жыныстар
арасында орны ауысып келуі салт-дәстүр, тәртіптерге қайшы
келіп отырған деген тұжырым жасайды ерлер мен
әйелдердің сөз қолданыстарындағы ерекшеліктерді
зерттеуші Г.Б. Мамаева [4, 127]. Солардың бірі жоқтау кезінде
қолданылатын шашын жаю бейвербалды
амалы болып табылады.
Шашын жаю –
жоқтау, жылау қайғылы, шерлі, күйікті,
мұңды, зарлы, азапты, бақытсыз әйелдің ісі.
Бұл әдет дауыс қылу, жоқтау кезінде жасалады. Кешегі
өткен зұламат заманда соғыс, аштық, тәркілеу,
апат, жұт кезінде әйелдердің шашын жайып жылауы көп
болады. Әйелдер мұң, шер жырларын да шығарады. Мұндай
кезде ақсақалдар, әйелдер келіп, мұңды
адамға тоқтам, басу айтып жұбататын болған.
Қазақ қыздарына «шашыңды жайма» деген тыйым сөз
төркіні осындайдан шыққан. Мысалы, Басында
екі бүйірін таянып, ақ шашын жайып, кәрі шандыр бетін
жоса-жоса қылып тырнап тастаған шүйкедей қара кемпір:
Атаңа нәлет хан Кене,
Басыңа түссін ойран-ай,
Суалдырдың көзімнің,
Қарашығын, ойбай-ай! – деп
қарлыққан дауыспен зар еңірейді (І. Есенберлин, Көшпенділер).
Аталмыш бейвербалды
амал тек қана әйелдер қауымының
қарым-қатынасынде кездеседі. Себебі қазақ
таным-түсінігі бойынша ерлер бүйірін
таянып, шашын жайып жоқтау айтпайды. Сондықтан да бұл
ым-ишара әйелдерге ғана тән болып саналады.
Бетке түкіру – масқаралау мен қорлаудың бір
түрі. Әдепсіз, тәртіпсіз немесе ұят басқан
адамдардың бетіне түкіріп жазалайтын әдет бар.
Бұның мағынасы «бетің құрығыр»,
«көргенсіз» т.б. білдіреді. Осы айтылған кинемаға байланысты
мысалды «Қыз Жібек» жырынан кездестіруімізге болады.
Түкіру кинемасы әйел қауымы үшін де ерекше
үлкен қызмет атқарады. Қарым-қатынас барысында
қандай да бір объектіден алған әсерін әйелдер де
түкіру арқылы береді. Әйел қауымының бұлай
түкіріп жатуы наным-сенімдермен тікелей байланысты. Мысалы үшін
әйел адам жағымсыз бір затты немесе тұрпатсыз адамды, сонымен
қатар жағымсыз жағдайды көрген кезде
«тіпә-тіпә, өз басыма келмесін» деп жатады.
Мұндағы түкіруде қандай да бір алып күшті
өзінен қашыру мағынасы бар. Сонымен қатар
қарым-қатынас барысында жақсы зат пен сүйкімді,
қылықты адамға тіл, көз тимесін деген мағынада да
жоғарыда аталған символикалық түкіруді қолданады.
Мысалы, – Құдды
папасының дауысы, тілім өтер дегендей болды ма, қайтті, –
тіпә, тіл-аузым тасқа! – деп түрегелді (Ғ. Сланов,
Дөң асқан).
Қазақ халқы және де көптеген мұсылман
қауымы құдайға жалынып, жалбарынуда,
құлшылық етуде намаз оқиды немесе тізерлеп отырып алып
қолын көкке созып, жалбарынатын болған.
Екі қолын жоғары
көтеру құдайға
жалбарыну, құлшылық етуді, сонымен қатар
қарғыстың да мағынасын білдіре алады. Мысалы, – Қарғыс атсын ол күнді! –
деді Бұқар жырау екі қолын жоғары көтеріп. –
Қайта оралмасын, өшсін қарасы сол қалпымен!
(І. Есенберлин, Көшпенділер).
Қазақ арасында қарғыс түрлерінен
жоғарыда айтылғандармен бірге көк
шөп жұлу кинемасы да қолданылады. Мұны
қолданушы адам бір тізерлеп отырып
алып, оң қолымен көк шөпті жұлады. Бұл
бейвербалды көрініс болып табылады. Мұның мағынасы «жасыңа
жетпегір», «көктей солғыр» дегендерді білдіреді. Вербалды
түрінен «көктей сол» сөзі қолданылады.
Ұшықтау
– тамақтан, желден, иістен ұшынған адамдарды
ұшықтау ертеден келе жатқан емдеумен ырымның бір
түрі. Мысалы, жығылған адамның бір жері қатты
ауырып қалса, сол жерде «кет, пәлекет, кет!», «Ұшық –
ұшық» деп ұшықтайды. Немесе ауыруды күн батар
алдында «жер ұшық» беріп, яғни жерге екі-үш рет
жығып ұшықтап, үйге әкеліп жылы жауып тастайды.
Көз тигенде «сұқ-сұқ» деп, тіл тигенде
«тіфә-тіфә» деп ұшықтайды. Ұшықтау үстінде бейвербалды
қимылдардан жерге түкіру қимылы қолданылады. Мысалы, Бірнеше күн бойы
төсек тартып жатқан ыбырайды әжесі күн батар алдында
жерге түкіріп жер ұшық ырымын жасады.
Адамдар арасында келеңсіз жағдайлар көп болып
тұрады. Бірде біреуі ренжісіп, ұрсысып жатса, бірде біреуі
татуласып жатады. Адам баласынан кешірім сұрай білу де ерлік іс деп
айтуға болады. Сонымен бірге кешіре де білу қажет.
Бұған байланысты қимыл тілімізде былай көрініс
тапқан: кешірім сұрау – аяғына
жығылу болып табылады.
Мұндай айыпты адам жанына беделді адамдарды ертіп тиісті
адамның үйіне барып, кешірім сұрайды. Егер іс қиындап
кетсе, айыпкер өзі кінәлі болған адамның алдына жығылып, кешірім
сұрауы керек. Мысалы, Ахметті де
ат-шапанымен аяғына жығып, енді ондай мінез шығармасқа
құран ұстатып, нан жегізіп, баяғы екі жүз
теңгені кешкізіп, ат-шапанға разы қылды (ХХ ғасыр
басындағы әдебиет).
Қазақ халқында үй иесінің ас пен шайды
қандай көңіл-күймен бергендігі т.б. басқалар
маңызды рөлге ие. Қонақ келген үйдің
келіндері берер асы-суын ыдыс-аяқты салдырлатып берсе, қонақ
«үй иелері жақтырмай отыр» деп түсінуі мүмкін.
Қонаққа шай екі қолдан алынып беріледі немесе шыныны
оң қолымен ұстап, сол қолдың алақанын
жайып, шыны ұстаған қолдың білегіне тигізіп,
еңкейіп ұсынады.
Қазақ халқы қонақжай халық екендігі
белгілі. Сол халық өздері бір жерге қонаққа барып
немесе өз үйінде сусын мен шайға тойған кезде
кесенің бетін алақанымен жабады немесе кесені төңкеріп,
қисайтып қояды. Оның бұнысы сусын мен шайыңа
тойдым дегені. Дәл осы мағынада жұмсалатын қимыл – ол
дастарқанның шетін қайыру. Бұның мағынасы
алдыңғы айтылғандармен бірдей болып келеді. Мысалы, Әкелінген асты жеп болған
соң, қақ төрде отырған Алпамыс
дастарқанның шетін астына қарата қайырып қойды.
Қай халықтың болмасын дәстүр салтында
жоғарыда келтірілгендей әдет-ғұрыптың
түрлері көп кездеседі. Олардың тәрбиелік мағынасы
да бар. Халық мінез-құлқын жақсы білетін
тәжірибелі адамдар әр адамның жүріс-тұрысынан,
іс-әрекетінен көңіл-күйін айтпай-ақ сезіп
отырады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Николаева Т.М., Успенский Б.А. Языкознание и паралингвистика //
Лингвистические исследование по общей
славянской типологий. – М., 1966. – 270 с.
2. Муканов М.М. Этнопсихологическая специфика невербальных коммуникативных
знаков // Психология, Интеллект и речь. – Алма-Ата, 1972. – Вып. №2. – С.
114-118.
3. Жарықбаев Қ. Жантану негіздері. – Алматы, 2002. – 415 б.
4. Мамаева Г.Б. Ерлер мен әйелдердің сөз қолданыстары:
Филол. ғыл. канд. дис. – Алматы, 2003. – 154 б.
5. Ешимов М.П. Қазақ ым-ишараттары.
Лингвомәдениеттану сөздігі. – Алматы, 2007. – 104 б.