Филологические науки/4.Синтаксис: структура, семантика, функция

 

ф.ғ.м., оқытушы Н.Т. Жаппарова, аға оқытушы А.А. Ботабек

Қарағанды мемлекеттік медицина университеті

 

Пайымдаудың сөйлемдегі көрінісі

Тіл мен ойлаудың тығыз байланыстылығы, яғни логика мен грамматика ғылымдарының өзара қатысы дегенде, біз әрине, логиканың күрделі формасының бірі – пайымдау мен тілдің күрделі формаларының бірі – сөйлемнің арасындағы байланысты сөз етеміз.

Бір-бірімен тығыз диалектикалық бірлікте болатын сөйлем пайымдаудың жемісі болып табылса, пайымдау сөйлемнің негізі болып табылады.

Алайда тығыз бірлікте болғанмен де, өзіндік айырмашылықтары да жоқ емес. Орыс тіл білімінде тіл мен ойлау мәселесі әлдеқашан күн тәртібіне қойылып, қарастырылған. Сөйлем мен пайымдау туралы Е.М. Галкина-Федоруктың «Суждение и предложение» (-М, 1956 ж) атты ғылыми диссертациясы жарық көрді. Сондай-ақ П.С. Поповтың «Суждение и предложение» (Вопросы синтаксиса современного русского языка. –М., 1950ж) П.В. Копниннің «Суждение и предложение» (Сборник «Мышление и язык». –М., 1957ж), В.А. Звегинцевтің «Очерки по общему языкознанию» (-М., 1962) сияқты еңбектерде сөйлем мен пайымдаудың байланысын ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеп, өзара айырмашылықтарын көрсеткен.

Ал қазақ тілінде сөйлем мен пайымдауға қатысты нақты зерттеулер жоқ тек Қ. Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» және де О.А. Айтбаевтың, Ә.Х. Тұрғынбаевтың, Қ.М. Мұхамбеталиевтің «Логика» оқулықтарында айтылады. Ал тілдік тұрғыдан тереңдетіле зерттелмегені байқалады.

Дегенмен сөйлем мен пайымдауға байланысты арнайы тақырыпта зерттелмегенмен, қазіргі таңда қазақ тіл білімінде синтаксистің өзекті мәселелерін шешуде жаңа көзқарастары мен тұжырымды пікірлері бар еңбектер бар. Мәселен, қазақ тілі синтаксисінің маманы Ж.А. Жақыповтың «Сөйлеу синтаксисінің сипаттары» атты кітабы жарық көрді.

Жоғарыда аталған орыс ғалымдарының қай-қайсысы болмасын, сөйлем мен пайымдаудың өзара байланыстылығын, бірақ тең емес екендігін, тіпті құрылымдық жағынан болсын, мазмұны жағынан да сәйкеспейтінін жеткілікті түрде мысалдармен дәлелдеген. Бұл тұста зерттеуді қажет ететін даулы мәселелер де жоқ емес. Ертеден келе жатқан Аристотельдің пайымдауға берген анықтамасына күмән туары анық. «Тіл – ойдың тікелей шындығы» екенін К.Маркс әлдеқашан айтқан. Қазіргі заман талабы да сол шындықты қажет етері сөзсіз. Осы тұста Ж.А. Жақыповтың жоғарыда аталған еңбегіндегі «Синтаксистік единицаларды зерттеудің логикалық аспектісі» туралы пікірінен үзінді келтірсек: «Пайымдаудың тілдегі көрінісі – хабарлы сөйлем. Тілші-ғалымдар мен логиктердің арасында сонау Аристотель заманынан бері келе жатқан «сұрау мен бұйрық пайымдау жасай алмайды, өйткені пайымдаудың тағайыны  - мақұлдау мен теріске шығару» дейтін пікірді ұсынатындар көп. Сонда сұраған адам мен бұйырған адам ойлаусыз сөйлегені ме?» - деген орынды сұрақ қояды. Әрі қарай ғалым ойын былай түйіндейді: «осыдан болар, синтаксистік құрылысты логикалық тұрғыдан зерттеп жүрген тілтанушылар мен философшылар сөйлемге байланысты ойды үш түрлі бөліп қарастырады: 1) ой-хабар; 2) ой-сұрақ; 3) ой-түрткі. Демек, сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлемдер де ойды білдіретінін бағамдауға болады» [1, 26].

   Егер орыс ғалымдарының ішінен бізге керекті, қызықтыратын негізгі анықтамаларға тоқтар болсақ, сөйлем мәселесін шешуде Ф.Ф. Фортунатов пен Ф.И. Буслаевтың берген анықтамалары өте қарапайым болды. Ғалымдар үшін тілдегі (сөйлеудегі) пайымдау сөйлем болып табылады. Галкина-Федоруктың: «за последнее время наиболее принятим определением предложения является определение предложения как грамматически оформленной единицы человеческой речи, выражающей относительно зоконченную  мысль» - деген анықтамасына П.С. Попов қосымша былай дейді: «Сжатое определение Галкиной-Федорук может быть дополнино рядом признаков. Так, например, в связи с определением того же проф. Н.Ф. Явовлева предложение как мельчайшей (предельной по объему) семантико-синтаксической единицы сообщение, можно выделить интонационную законченность этой единицы и модальность» (2, 14).

Орыс ғалымдарының ішінде сөйлемнің модальділігіне ерекше көңіл аударған В.В. Виноградов үшін сөйлем – шындықты білдіретін тұйықталған (бөлектенген) тілдік единица. Бұл толықтырулар - өте маңызды. Хабарлаудың мазмұны жағынан болмысқа тікелей қатысты болғандықтан, логикалық пайымдауға сәйкес келеді. Сөйлем – пайымдаудың тікелей шындығы. Ойдың формасы ретінде пайындау тілдің формасында ғана өмір сүреді және дамиды. Сөйлемсіз пайымдау өмір сүре алмайды. Демек, сөйлем – пайымдаудың нақсы өмір сүруінің формасы болып табылады.

Біз пайымдауда өз пікіріңізді білдіреміз, ал сұрау қойғанда біз бір нәрсе жайлы пайымдай алмаймыз, керісінше сұраймыз. Міне, бұл ерекшелікті ескерген де жөн. Сондай-ақ, бұл ерекшеліктерді анықтау да қажет. Сондықтан «тек хабарлы сөйлем ғана пайымдауды ғана білдіреді» деген логиктердің берген құрғақ жауаптарына, әрине, тілшілердің келіспейтіні белгілі. «Лепті және сұраулы сөйлемдерде пайымдау болмайды» дегенді қалай  түсінуге болады? Сонда лепті және сұраулы сөйлемдер логикалық формалардың ешбіріне сәйкес келмегені ме? Форма жағынан әрине сәйкес келеді, бірақ та бұны логикада әлі күнге шейін ешкім айтпай келеді.

Сұраулы сөйлем мен лепті сөйлемдер пайымдауды білдіреді. Кейбір сұраулы сөйлемдер (сыртқы формасы) сұрау формасында тұрса да, шын мәнінде бір нәрсе жайлы мақұлдайды. Ол әдетте, риторикалық сұраулы сөйлемдерде кездеседі. Мысалы: (Қанша жұрттан озсаң, сонша жұрт жау болмақ). Сонда бәрінен озу – бәрімен жауласу деген сөз емес пе? Бәрімен жауласқанның жеңген күні бар ма? (Т. Әбдіков. Таңдамалы: Роман мен повестер. –Алматы: Жазушы, 1992. -35 бет). Бірінші сөйлемде «бәрінен озу – бәрімен жауласу» екендігін мақұлдап тұрса, екінші сөйлемде «бәрімен жауласқанның күні жоқ» екені терістеліп тұр.

Сұраулы сөйлемдер сұрақтың ішкі логикалық мазмұнына қарай бөлінеді. Сұрақтың бұл бөлінуі арнайы тілдік формасынан да көрінеді. Сондықтан тіл ғылымы сұраулы сөйлемнің бойындағы бұл құбылысты елеусіз қалдыра алмайды.

Сұрақты логиктер мазмұнына қарай негізінен екі топқа бөліп жүр: жалпы сұрақ (общий вопрос), альтернативтік сұрақ (альтернативный вопрос). Профессор Яковлев орыс тілімен туыстас кабардино-черкес тілдерінде кезедесетін 5 түрлі сұраулы сөйлемді көрсетеді де, оның кейінгі үшеуі пайымдауды білдіреді дейді: «1) Простое предложение. Например: Мы сегодня работаем? 2) Сомнительно-вопросительное. (Не) работаем ли мы сегодня? Эти две группы вопросительных предложений свести к суждением нельзя. Иное представляют три последующие группы: 3) Отрицательно-вопросительное предложение. Ожидается – желается – отрицательный ответ. Пример: Разве мы сегодны работаем? 4) Подтвердительно-вопросительное предложение. Работаем же мы сегодня? 5) Подтвердительное предложение. Ведь мы сегодня работаем?» (2, 23). Кейінгі үш сөйлем «разве», «же», «ведь» деген демеуліктермен жасалған.

Сұраулы сөйлемдердің мағынасы осы логикалық мағынаға негізделгенмен, коммуникация үстінде түрлі өң алатынын ескеріп, қазақ тіл блімінде Р. Әміров сұраулы сөйлемдерді мағынасына қарай 4 топқа бөледі: «ашық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер, алтернативтік сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер, риторикалық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер» (3, 62).

Сондай-ақ ғалым еңбегінде «пайымдауды» «пікір» деп беріп, логикадағы пікірді топтау принципінің тіл ғылымына да қатысы бар екендігін айтады.

Логика ғылымында пайымдаудың болымды, болымсыз болуы оның сапалық көрінісі деп есептеледі. Ғалым Әміров осы болымсыз сөйлемдердің сөйлеу тіліндегі ерекшеліктерін ескеріп, тілдегі болымсыздық форма мен болымсыз пайымдаудың  (отрицательное суждение) арақатынасын көрсетеді: «Болымсыз пікір формасы жағынан болымды болып келген сөйлемдер арқылы да көріне береді. Осындай болымсыз мағынаны білдіретін формалардың бірі – риторикалық сұрақ ретіндегі сөйлемдер» дейді де, мынадай мысал береді: Тоқтарбай айтқанға көне ме, жүріп кетті. Бұл мысалда Тоқтарбай көне ме деген болымды формада тұрып, болымсыз мағынаны білдіріп тұр. Сол сияқты болымсыз формалы сөйлемнің де болымды пікірді білдіретін форма ретінде жұмсалады. Мәселен, Сонда көрген жоқпа мені. Болымсыз пікір мен тілдік амалдардың арақатынасының осылай күрделенуі әсіресе ауызекі сөйлеу тіліне тән, оған себеп – сөйлеу тілінің коммуникативтік ерекшілігі» (4,52).

 Шындығында келгенде сұраулы сөйлемдер қазақ тілінде әлі жете зерттелген жоқ. Риторикалық сұраулы сөйлем туралы «Қазақ тілінің грамматикасы» былай деп жазады: «Сөйлеу практикасында сұраулы сөйлемнің формасы ерекше мақсат үшін жұмсалып тұрады. Көлік кеше қайтып пе еді! – дегенде сөйлем сұраулы формасында тұрғанмен, беретін мағынасы өзгеше. Сөйлем арқылы сөйлеуші болған, өзі білетін оқиғаны баяндап тұр. Бұл хабарды көлік кеше қайтып еді ғой деп те айтуға болар еді» - деп көрсетеді (5, 120). Тап осы жағдайды басқа оқулықтардан көруге болады (М. Балақаев, Т. Қордабаев).

Бұл айтылған пікірлермен келісуге болмайды, өйткені, риторикалық сұрақты сөйлемдерде «өзі білетін оқиғаны баяндау» үшін қолданылмайды. Бұлай болғанда ол сөйлемнің аяғына нүкте қойылған болар еді. Сондықтан риторикалық сұрақты сөйлемдерді хабарлы сөйлемнің баламасы деп қарауға болмайды. Керісінше, лепті сөйлемнің баламасы десек, өте дұрыс болар еді. Бұл туралы кезінде А.М. Пешковский осы пікірді айтқан (6, 35).

Бұндай жағдайда сұраулы сөйлемнің жасалу тәсілдері қосалқы роль атқарады. Ол жауап алу мақсатында қолданылмастан сөйлеушінің толып жатқан көңіл-күйін білдіру үшін қызмет атқарады. Оны төмендегі сөйлемдерден анық байқауға болады.

- Апырай, Асеке, сіз де Мырзағасы секілді елпілдей береді екенсіз. Шақар кімге керек? Келсе, келер, келмесе қояр ... .

- Ана шаңырақты құлатпай ұстап отырған сол ғой. Артында балалары бар. Олар өсіп ер жетпей ме?! «Жақсыдан жаман туар бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы турар адам айтса, нанғысыз» деген. Балаларының үлкен азамат болмасына кім кепіл? (Т.Әбдіков. Таңдамалы: Роман мен повестер. –Алматы: Жазушы, 1992. – 32 бет).

Бұл сөйлемдерде сұрау айтылғанмен, мақұлдау басым, контекстен де айқын көрініп тұр.

- Сен былай қыл, қалқасы. – деді Бәйтенге қарап. – Елде болмағаныңа қанша уақыт?

 Бұл сөйлемдегі «қанша» сұрау есімдігі мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Ол сұраулы сөйлем болмайды. Бұны контекстен, келесі сөйлемдерден көруге болады.

Одан бері әр түрлі өзгерістер болады. Шетінеген кісілер бар. Соларға кіріп, көңіл айтып шығу керек. (Т. Әбдіков, Таңдамалы: Роман мен повестер. –Алматы: Жазушы, 1992. -38 бет).

Бізге белгілі сұраулы сөйлемдер сұрау есімдіктерімен сұрау демеуліктері арқылы жасалады. Ж.А. Жақыпов пен Т.Б. Жөкеевтің «Морфосинтаксис мәселесіне» байланысты мақаласында Ж.А. Жақыпов демеуліктердің синтаксистік қызметін көрсетеді: «шын мәнінде, демеулік өзі тұрған сөйлемге белгілі бір тиянақсыздық, интенсивтілік жамайды, ой нәтижесінде сөйлем тиянақсызданады». Яғни, сөйлемнің синсемантикасын жамайды. Демеуліктердің синтаксистік қызметі – сөйлемді ырғақсыздандыра, сөйлемді тиянақсыз етуде. Демеуліктердің мағыналық түрлері, сұраулық демеулік қатысқан сөйлем сұраулы сөйлем болады.белгілі бір сұрау қойылса, оған жауап берілмей сөйлем тиянақты болмайды. Демек, алдыңғы сөйлемді тиянақсыз етіп тұрған – «бе» деген сұраулық демеулік (7, 115).

Лепті сөйлемдер сұраулы сөйлемдерге қарағанда тұрақты, мағынасы жағынан пайымдауға әлдеқайда жақын келеді. Мысалы:

- Жақсылықты айтады-ау ...

 Жұртты қан жоса етіп қыру, қалаларды өртеу, жақсылық болып па?!

Ол кенет ойлана қалды. – Жоқ, сен дұрыс айтасың. Ол жақсылық. Монғол хандығы үшін жақсылық! Монғол ерлігін әлемге әйгі ететін жақсылық! (І. Есенберлин. Алтын Орда. 8 Т. Бірінші кітап. –Алматы: Жазушы, 1987. -41 бет).

Төмендегі лепті сөйлемдерде интонациялық тәсілмен жасалған таңдану модальдігі үстемеленгенін көруге болады:

1) Дүниені әлдекімнен қызғанғандай Бату енді жан-жағына шөлдей қарады. Ғажап! Әлем біткен қандай тамаша! ... (І. Есенберлин. Алтын Орда. 8Т. Бірінші кітап. – Алматы: Жазушы, 1987. -40 бет). 2) Бұл не қылған жансыз, неткен сұсты дала! (І. Есенберлин. Маңғыстау майданы. -10 бет). Ал баяндауыш құрамы «ау» демеулігімен берілген мына бір лепті сөйлем тілек, өкініш, арман мәнді болып келеді:

«Қастасқан досыңнан жаман жау жоқ, - деп, ойлады Бату. –Шіркін-ай, досыңмен дос бол, қасыңмен қас бол. Доспен қастаспа, қаспенен достаспа» деп Ұлақшыға айта алмай қалдым-ау!» (І. Есенберлин. Алтын Орда. 8 Т. Бірінші кітап. –Алматы: Жазушы, 1987. -47 бет).

Лепті сөйлемдер қоршаған ортада болып жатқан тіршілік турасында белгілі пікірді хабарлап қана қоймайды, керісінше, бұндай хабардан оқырман, таңдарман, айтушының болмысқа қатысты әр түрлі көңіл-күймен, эмоцияларымен етене танысады, олар арқылы өздерінің де хабарға деген көзқарастарын қалыптастырады. Сөйтіп, лепті сөйлемдер толық мәнінде модальдік мағыналарды үстеу үшін тілдік айтылымда қолданылатындығына көз жеткізуге болады.

Сонай-ақ сөйлем мен пайымдаудың өзара байланысын анықтауда пайымдаудың субьектісі мен предикатының тұрақтығы немесе тұрақсыздығы және олардың сөйлем мүшелеріне қатысы туралы мәселе өте маңызды.

Пайымдауда субъект пен предикат сөйлем мүшелерімен сәйкеспей, орындарын ауыстыруы мүмкін. Логиктердің көпшілігі логикалық екпін түскен кез келген сөйлем предикат болады деп есептейді. Мәселен, П.С. Поповтың, Е.М. Галкина-Федоруктың еңбектерінде мынадай мысалды келтіреді: «Семен едет завтра в Москву» деген сөйлемде «Семенге» екпін түссе предикат болады, себебі Мәскеуге баратын бөтен біреу емес, Семеннің өзі баратынын хабарлап тұр.

Осы сөйлемде «едет» деген сөзге екпін түссе, «едет» сөзі предикат болып табылады. Сөйлемде Семеннің ертең баратындығын хабарлау мақсатында айтылса, онда «ертең» сөзі предикат болады. Сол сияқты «Мәскеу» сөзі де предикат бола алады.

Ал тілдік тұрғыдан біз талдағанда «Семен» - субъект те, «едет» - предикат, ал «Мәскеу» мен «ертең» мекені мен мезгілін білдіретін сөйлемнің тұрлаусыз мүшесі – пысықтауыш болып тұр.

Алайда Е.М. Галкина-Федорук жоғарыдағы пікірдің қате пікір екендігін дәлелдейді: «Нам кажется, что логики впадают в этом вопросе в глубокое заблуждение. Ведь логическое ударение может упсать на вводное слово, например: этим летом я, наверное, никуда не поеду! Если следовать нашим логикам, то этим летом я никуда не поеду – субъект, а наверное – предикат?». Ғалымның ойынша, логикалық екпін ауысқан жағдайда мүлде басқа пайымдау болатынын логиктер ескере бермейді (8, 69).

Пайымдаудың құрылымы сөйлемнің құрылымымен әрдайым сәйкес келе бермейді, себебі пайымдау мүшелері ауызша айтылмауы да, қатынас құралы болып табылатын тілдік формалар: акцент, логикалық екпін, интонация, сөздердің орналасу тәртібі және тағы басқа да тілдік құралдармен берілуі мүмкін.

Демек, әр тілдік единицаның негізінде қандайда бір ойдың формасы болатыны сөзсіз. Егер ойлау тілмен бірлікте болса, онда әр логикалық форма тілдің құрылымдық бөлігіне қатысты болады: ұғым – сөзбен немесе сөз тіркесімен, пайымдау – сөйлеммен.

Қорыта келгенде, сөйлем пайымдауды білдіру үшін қызмет етеді, бірақта пайымдау сөйлемнің синтаксистік құрамына сай келе бермейді.

Әдебиеттер

1.     Ж.А.Жақыпов. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. –Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. -159 б.

2.     Попов П.С. Вопросы синтаксиса современного русского языка. –М.: Учпедгиз, 1950. -5-35 с.

3.     Р. Әміров, Ж. Әмірова. Жай сөйлем синтаксисі. –Алматы: Санат, 1998. -192 б.

4.     Р. Әміров. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. –Алматы: Мектеп, 1997. -88 б.

5.     Қазақ тілінің гамматикасы. ІІ бөлім. –Алматы: Қазақ ССР-ның Ғылым баспасы, 1967. -236 б.

6.     Ә.Н. Нұрмаханова, К. Жүнісбекова. Қазақ тіліндегі сөйлемдердің интонациясын оқыту мәселелері (Методикалық талдау). –Алматы, 1979. -65 б.

7.     Ж.А. Жақыпов, Т.Б. Жөкеев. Морфосинтаксис мәселесіне // Қазақ тілі мен әдебиеті. №3, 2003. -111 б.

8.     Галкина-Федорук Е.М. Суждение и предложение. –Москва: Изд-во МГУ, 1956. -74 с.

9.     Копнин П.В. Мышление и язык. –М, 1957. –С. 322-350.

10. Звегинцев В.А. Очерки по общему языкознанию. –Москва: Изд-во МГУ, 1962. –С. 368-382.