Ф.ғ.к. Рүстемова Ж.А.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универсиеті, Қазақстан

А.Байтұрсынов мысалдарындағы басты сарын

 

 Ақын халықты ояту, сана-сезіміне әсер ету жолдарын іздеді. Әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен И.А.Крылов туындыларын аударады. «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарады. А.Байтұрсынов мысалдарында қазақ тұрмысына жақын суреттер бар. Патша отаршыларының зорлық-зомбылығына байланысты сарындарды жұмбақтап жеткізеді. Заман тынысын танытатын ойлар айтады. Сондықтан А.Байтұрсынов аударма мысалдарында еркіндік басым.

А.Байтұрсынов мысалдарының барлығы дерлік қорытынды түйінмен аяқталады. Мақал-мәтелмен түйінделетін түрлері де(«Шымшық пен көгершін», «Өгіз бен бақа», «Қасқыр мен мысық» т.б.) кездеседі. Байтұрсынов мысалдары нақты адамға(«Жігіттер, сақтаныңыз надан достан», «Қазағым, сал құлағың нақылыма» т.б.) арналады. Көбінесе қаратпа сөз жасырын тұрады. Кейде бірінші жақтан қауіп айтылады.

Жұрт едік аңқау өскен қазақ болып,

Далада, кең сахарада көшіп-қонып.

Алдаған залымдардың тіліне еріп,

Жүрмесек болар еді мазақ болып

                      («Қарға мен түлкі»).

Абайдың Крыловтың «Қарға мен түлкісін» екі нұсқада аударғаны белгілі. Байтұрсынов аудармасы 12 шумақтан тұрады. Соның 6 шумағы түлкінің қарғаны мақтауына арналған. Байтұрсынов

Қарасақ, көп адамдар түлкі боп жүр,

Залымдық өтірік пен мүлкі боп жүр.

Солардың сұмдығына түсінбеген

Қарғадай жұртқа мазақ, күлкі боп жүр.

-  деп заман шындығынан хабар беріп барып жоғарыдағы қаупін білдіреді. Көпшілік мысалдарда(«Қасқыр мен қозы», «Қартайған арыстан», «Маймыл мен көзілдірік», «Шал мен ажал» т.б.) автор өз ойын қоса қабат беріп отырады.

Мысалы,

Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,

Ойлаймын: оны мақтар шықпас кісі.

Нашарды талай адам талап жеп жүр,

Бөріден артық дейміз оның несі?!

(«Қасқыр мен қозы»)

 Кейбір мысалдардан(«Қайырымды түлкі», «Шал мен жұмыскер», «Бұлбұл мен есек» т.б.) құдайдан, алладан жәрдем тілейтін сипаттар байқалады. «Асылды жасық пенен танымайтын Сынынан сақта, алла, надандардың» («Бұлбұл мен есек»); «Пана боп, өзің сақта, құдіретім, Кімде-кім балапандай қалса жетім» («Қайырымды түлкі»); «Құдайым, жолдас қылма жамандарға, Көзі тар, көңілі соқыр надандарға» («Шал мен жұмыскер»).

И.А.Крыловтың «Дуб и трость» мысалын Абай «Емен мен шілік», Ә.Бөкейханов «Ағаш пен қамыс», А.Байтұрсынов «Емен мен қамыс» атауларымен аударды. Мысалдарда желге қарсы қарысқан ағаш(емен) шорт сынады да, олай-былай қисайып, майысқан шілік(қамыс) аман қалады.

Майысқаннан шіліктің несі кетті,

Батыр, мақтан көйлеме сен де о ғұрлы.

-  деп түйіндейді Абай мысал соңын. Ал «қалай да халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген» А.Байтұрсынов «Емен мен қамыс» мысалын

Күштінің ыңғайымен жүргендерді

Ойлама істейді деп жамандықтан.

Болмаса қайратыңа ебің серік,

Опа жоқ құр хайласыз мықтылықтан

-  деп қорытындылайды.  Демек, «Ахаң аудармаларының түпкі қозғаушы тетігі де ұйқыдағы ұлтты оятатын ұран сөздің ұрымтал түрін іздеу»[1, 58].

Орынборда басылған бұл кітапта бұрынғы астарлы ойлары ашық айтылады. Басты сарыны - ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы. Бірталай өлеңге өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер арқау болған. Бірталай өлеңі бостандық жолындағы қайратты ерлер тұлғасын мүсіндейді.

А.Байтұрсыновтың орысшадан аударған «Оқуға шақыру» өлеңі С.Көбеевтің «Мектепке шақыру» өлеңімен үндес.

Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап!

Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!

Шақырды тауық мана әлдеқашан,

Қарап тұр терезеден күн жылтырап.

(А.Байтұрсынов)

Балалар, жиналыңыз мектепке ерте,

Мәз болмай деген сөзге, мырза ерке,

Бұл кезде өнерлі адам өрге шықты,

Зат емес, надан кісі алар текке.

(С.Көбеев)

Ыбырайдың «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінен үзінді келтірейік. «Өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң өзіне азық етуде. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бір нанның уалшағын тапқан соң өзі жемей, аузына тістеп, қуанғаннан, үйіне жүгіріп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя істеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ»[2;26]. «Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ» деген ойдың А.Байтұрсынов пен С.Көбеев өлеңдерінде берілуін байқайық:

Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,

Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да;

Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,

Барады аралар да ұшып балға.

(А.Байтұрсынов)

Ертеңгі шақыруымен әтеш құстың,

Халықтар кетіп жатыр егіндікке.

Күн шығып, терезеге сәуле түсті,

Тұрыңыз, жарамас тек уақыт өтсе, -

(С.Көбеев)

Өлең шумақтары қыбырлаған тірлік иелерінің әрекеттерін суреттеуге құрылған. Соңғы «Аллалап», ал кітапты қолдарыңа! Құлдарын құдай сүймес жалқау болған» деген екі жол тағы да Ыбырай әңгімесінің «сені де құдайтағала босқа жүруге жаратпаған, жұмыс жұмыстауға әдеттенуге керек» деген қорытындысымен үндес. Бұл тұста Ыбырайдың «Бір құдайға сиынып, кел, балалар, оқылық!» деп басталатын әйгілі өлеңін де еске түсірген жөн.

«Қырық мысал», «Маса» жинақтары қазақ балалар әдебиетін жаңа тақырыппен, идеямен байытты. Ыбырай қалыптастырған  дәстүрлерді шығармашылықпен дамытты. Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты. Өнер-білімге, оқуға шақыру ХХ ғасыр басында жанр біткенге  басты тақырып ретінде желі болып тартылды.

 

Әдебиеттер

1.         А.Байтұрсынов. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991.

2.         Ы.Алтынсарин. Таза бұлақ.-Алматы: Жазушы, 1988.