Уразгалиева Ботакөз Бекежанқызы,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Жалпы орта білім беретін Талпын мектебі

 

ҚАЗАҚТЫҢ АБАЙЫ

Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз,

Құнанбайды дәретсіз емізбеген.

Атаның бойындағы тазалықпен,

Абай туды тектілік негізбенен,- деп, ақын Мұқаметжан Тазабеков айтқандай, тумысынан ерекше жаратылған Абай шынында да дара да, дана тұлға еді қазақ үшін. Өз қатарынан оза шауып ерте есейген Абайдың бойында туған еліне деген шынайы сезім де ерте қалыптасып еді. Қазақтың әдебиетін жылжып келе жатыр үлкен көш десек, Абай мәңгі осы көштің көшбасшысы болып қала бермек. Ол өзін ешқашан да мықты ақынмын деп қабылдаған емес. Алдымен ел баласы, халықтың жоқтаушысы ретінде өзін қалыптастырған Абай шынында да ерекше еді. Дана Абай өзінің өлеңдерінде  халыққа үлгі боларлық, елге пайдасы тиерлік нағыз азаматтың,  парасатты адамның бойында болуға тиісті қасиеттер туралы  көп айтқан. Өйткені өмірін де, өлеңін де халыққа арнаған ғұламаның басты мақсаты ұрпақтың санасына ізгілік нұрын құйып, «көкірек көзін» ашу болды. Абайдың заман бейнесін, елдің тіршілік болмысын, халықтың мінез-құлқын аз сөзбен бір жерге шоғырландырып, мейлінше ширыға жазған шымыр шығармасы — «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым». 

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың.

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың...

   «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» — кезінде тек Абай ғана айта алған, тек Абай ғана айтуға тиісті болған осынау өлеңде кең мағына, терең мән жатыр. Жұмыссыз, еңбексіз бос сенделіп жүргендерден жиіркенген.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген Абай ақындардың ақыны – ақыл мен сезімнің, сыр мен жырдың түпсіз терең мұхиты. «Адам баласы адам баласынан тек қана оқу, ғылым, ар сияқты нәрселермен ғана озбақ» деген Абайдың сөздерін иісі қазақ баласы сезінсе игі еді. Әрине бүгінгі қазақ басқа қазақ. Кемелденген, оқыған, жарқын болашаққа жарқын қадам басқан қазақ. Ақын армандаған армандардың көбі орындалды. Өскелең ұрпақ білім мен өнердің дәмін татты. Қанатын қияға қақты. Шүкір, еңсеміз биік егемен ел болдық. Көк туымыз желбірейді. Ана тіліміздің мәртебесі биік. «Елім, жерім» деген жастар жетерлік. Дегенмен де,

 Жырына жаным жылынып,

Өмірді келем ұғынып.

Алланың сыйы Алашқа,

Абайға біткен ұлылық.

Төрелік айтқан заманға,

Ашынып топас, наданға.

 Кейіпкерлері Абайдың,

 Әлі жүр біздің қоғамда, – деп ақын Болат Үсенбаев айтқандай, әйтсе де «әттеген-ай» деп, қынжыла қабақ шытар жақтар да жоқ емес. Абай айтқан пысықтардың бүгінде қоғамда жүруі, бірді бірге айдап салу, қызыл өсекке құмарлану, бірінің үстінен әңгіме жүргізу секілді жиіркенішті әрекеттердің ел ішінде орын алуы мазасыздандырады. Бүгінгі өркениет заманындағы кейбір адамдардың надандығына жүрегің ауырады. Теледидардан естіп, көріп отырған сұмдықтарды көргенде амалсыз «Е, Абайды жылатқан, Абай заманындағы қазақ бүгінгіден көш ілгері екен-ау» деген ой да келеді.

Тәрбие бүгінгі қоғамның  өзекті мәселелерінің бірі. Жан-жақты, терең  білімді бола тұра адамдық қасиеттен жұрдай адамды үлкен парасат иесі деп тану қиындық туғызады. Сондықтан да ұлт тағдырының тізгінін ұстайтын ұрпақ көп болуы тиіс. Біліммен бірге жақсы тәрбиені де бойға сіңіру қажет. Бас ақын салған сара жолдан айнымай, «Абайды сүю арқылы, халқымды сүйдім деп білем» деген Алаш баласы көбейсе дейсің.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Алматы, «Ғылым»,1995.

2. Мырзахметов М. Абайтану тарихы. Алматы, 1994.

3. Әуезов М. Абайтану дәрiстерiнiң дерек көздерi. Алматы, 1997.

4. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемi. Алматы, «Ана тілі», 1995.

5. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны. Шығармалары. Алматы, 1989.

6. Дулатов М. Абай. Шығармалар. Алматы, 1991.