Уразгалиева С. Б.
аға оқытушы, филология магистрі,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті,
Қазақстан, Қостанай қ.
ТӘЛІМДІК ОЙ-ПІКІРЛЕРДІҢ РУХАНИ МӘНІ
Адамзат өмірінде әдеби туындылардың,
көркем әдебиеттің, жырлардың, түрлі
ойлардың рухани әсері болары сөзсіз. Әдебиет - рухани
дамуға үлес қосатын негізгі бұлақ. Әдебиет
тарихының өркендеу жолын қарағанда, әр
кезеңнің өзіндік тәлімдік-тәрбиелік рөлі
бар. Мәселен, орта ғасыр әдебиетіне көз
жүгіртсек, Әл-Фараби атамыздан бастап, бiр топ ойшыл ғалымдар
түркi топырағында өмiр сүрiп, ғылым-бiлiмдi
өркендетуде өшпес iз қалдырды. Солардың iшiнде
Әл-Фарабидiң ұстаздық еңбегi ерекше. Ол
өзiнiң еңбектерiнде жанды өсiмдiктерде, жануарларда,
адамда болады деп үшке бөле келiп, айналаны тану қуаты
жануарлар мен адамға тән дейдi. Адамның айналаны тануы бес
сезiм мүшесi арқылы iске асатынын, оның өзiн
сыртқы және iшкi жан қуаты болып бөлiнiп, сыртқы
жан қуаты жеткiзген мәлiметтердi ойда қорытып сыртқа
шығару ми мен тiлдiң iсi дейдi. Адамның жануарлардан
ерекшелiгiнiң өзi ойлай, сөйлей алуында деп қарайды. Ол
батырлық, ерлiк iс-әрекеттер ерiк-жiгердiң жақсы сапасы
болса, ал мейрiмсiздiк, қорқақтық, дүниеқорлық,
нәпсiқұмарлық адам бойындағы ұнамсыз жан
қасиеттерi деп қарайды. Ол адам жанының ерекшелiк
қасиеттерiн санамалай келiп, адамның жануардан айырмашылығы
саналы iс-әрекетiне байланысты. Адам қоғамнан тыс тiршiлiкте
ете алмайды, сондықтан ол басқалармен қоғамда
қарым-қатынасқа түсу арқылы әрекет етедi.
Осы әрекеттесу кәсiптiк ерекшелiктердi туғызады, түрлi
топқа, қоғамдастыққа бiрiгедi. Осы
қарым-қатынас iзгiлiкке, қайырымдылыққа
құрылуы керек дейдi. Адамдар қоғамда бақытты өмiр
сүруi үшiн өзара көмектесетiн iзгi қоғам
құруы керек дейдi. Ондағы адамдар бiр-бiрiмен ынтымақты
байланыс жасауы тиiс дейдi. Iзгiлiктi адам бойына дарыту өнеге
арқылы iске асырылады деп тәрбие мәселесiне басты орын
бередi. Халық байлығы адал еңбекпен жасалады. Еңбек -
тәрбиенiң басты құралы дейді. Сонымен бірге, адамды тек
оқу-бiлiм арқылы жақсартуға, жетiлдiруге болатыны
жөнінде де ой қозғаған. Жүсiп
Баласағұни түркi тектес халықтардың
тәлiм-тәрбиелiк пiкiрлерiнiң iлкi бастауы - төп
төркiнi болып табылатын рухани мұра «Құдатғу
бiлiг» (Құтты бiлiк) атты еңбектiң авторы. Бұл -
дидактикалық этикалық жанрда жазылған шығарма.
Шығармада оқиғаға қатысты төрт кейiпкер -
төрт қасиет бар. Ол әдiлет, дәулет, парасат,
қанағат. Баласағұн адам баласының қадiр-қасиетi
- бiлiм мен ақылда. Бұл - адамның жетiлiп,
кемелденуiнiң алғашқы жолы. Ғылым iздеу -
мұсылманның бiр парызы деп қарайды. Ол бiлiм-ғылым тiл
арқылы байиды дей келiп, бiлiм мен тәрбие берудi, тiлдiң
пайда, зиянын сөз етедi. Көп сөйлеме, аз айт бiрер
түйiрiн, Бiр сөзбен шеш түмен сөздiң
түйiнiн деп ой қорытады. Ол iзгiлiк - адамзат үшiн ең
қажеттi қасиет басшы iзгi болса, халқы да iзгi болады дейдi.
Баласағұн бiлiм мен еңбекпен байлыққа
қолың жетсе мақтанба, асып таспа, адамдық, ардан аттама
дегендi өсиет етедi. Әдiлет жолын қу, шыншыл бол,
сараңдық пен аш көздiктен аулақ бол дейдi. Х-ХII
ғасырларда А. Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен
Бақырғани сынды ақындар шықты. Ахмет Яссауи - бiлiмпаз
ғалым, ақын, дiндар, ойшыл, бүкiл түркi
жұртының рухани атасы. Оның «Диуани хикмет» атты дастанында
адамдарды адамдық жолға, iзгiлiкке шақырып
құдайға құлшылық ету, күнәдан
айырылуды уағыздайды. Ол уағыздаған бес нәрсе мыналар:
Алланың ақ жолын мойындамаудан қашық болу; Менмен,
тәкаппар болмау; Арамдықтан аулақ болу;
Дүние-мүлiк үшiн арды сатпау; Ерiншек болмай - еңбектi
сүю. Ол бүкiл өмiрiн исламды уағыздауға,
шәкiрт тәрбиелеуге арнаған. Махмұд Қашқари
орта ғасырдағы түркi тайпаларынан шыққан iрi
ғалым, ауыз әдебиетiн жинаушы. М.Қашқари - араб, парсы
мәдениетiн, араб грамматикасын жетiк бiлген. Оның «Түркi
сөздерiнiң жинағы» атты еңбегi - этнографиялық
мәлiметке бай, түркi тiлдерiне ортақ әдеби мұра.
Онда жарияланған атаулар, жер-су аттарының қойылу тарихы,
ауыз әдебиетiнiң үлгiлерi жинақталған. Онда 29
тайпаның аты аталады. Қазақ халқын құраған
Қыпшақ, Оғыз, т.б. ру-тайпалар кездеседi. Осы
өңiрден шыққан тағы бiр ойшыл - Ахмет Иүгінеки
(ХIIғ) едi. Оның «Хибатул хақайық» (Ақиқат
сыйы) атты шығармасында iлiм-бiлiмдi игеру iсiнiң халық
үшiн пайдасы, оның көзқарасының
бұқаралық сипаты, адамгершілік ой-пiкiрi айқын
сипатталады. Ол сол заманның адамдарының бойындағы
ұнамды, ұнамсыз, моральдық-этикалық қасиеттердi
атап қана қоймай, сонымен бiрге, бiрсыпыра пайдалы кеңестерде
ұсынады. Мысалы, «Егер билiкке қолың жетсе, мақтанба,
асып-таспа», «Бастық болсаң, жайсаң бол», «Кәрiге де,
жасқа да құрмет көрсет», «Айтар лебiңдi алдымен
ойланып ал» т.б. өсиетнамаларын айтады. Р. Хорезмидiң
«Махаббатнамасында» «Төзiмнен артық нәрсе жоқ»,
«Ақыр түбi адалдық жеңедi», «Адамның жүрегi
тазалыққа талпынады» деген ой тұжырымдалса, сол заманда
өмiр сүрген С. Сарай өзiнiң «Гүлстан» атты
дастанында «Адамның артында алтынға толы ақ сандық
қалғанша, iзгiлiкке толы жақсы ой қалғаны
мақұл», «Iшi тар
құсадан арылмас, жаны жайсаңның әсте
көңiлi тарылмас» деген секiлдi ғибрат сөздер
уағыздалған. Бұл шығармаларда ел қорғау
мәселесi, махаббат, ар-ождан, адамгершiлiк қасиеттері молынан орын
алған. Ұрпақтың қайратты, арлы, намысқор,
өнерлi, адами қасиетте өсуi негізделген. Қай
кезең болса да, тәлімдік ой-пікірлердің, әдеби туындылардың
халық өміріне берер әсері мен орны ерекше.
Әдебиеттер тізімі
1. Жарықбаев
Қ., Қалиев С. Қазақтың тәлімдік ой-пікір
антологиясы.Алматы,1994ж.
2. Келімбетов Н. Ежелгі
әдеби жәдігерліктер.Алматы,2005ж.
3. Дәдебаев
Ж., Сағындықов Н. Қазақ әдебиеті: Ежелгі
дәуір.Алматы,2002ж.