Бюжеева Б.З., Балаубаева Б.М.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
Университеті, Қазақстан
Египеттегі
қақтығыстар: шығуы мен нәтижесі
Араб елдеріндегі
революциялық қозғалыстың тууын, өрістеуін,
ауқымын, қарқынын, барысы мен болып жатқан
оқиғалардың салдарын бірқатар елдің билігі
жан-жақты айқындап бағалай алмады. Соның
нәтижесінде кейбір елдерде үкімет пен халық арасындағы
шиеленісті жағдайдың алдын алу үшін нақтылы іс шаралар
жасалмады.
Алғашында
Тунисте басталып, одан Египетте жалғасқан толқу араб елдерін
кезекпе кезек шарпыды. Бірінде үкіметке
қарсылық-наразылық, шеру түрінде өтсе,
келесілерінде – үздіксіз бас көтеруге, қарулы
қақтығысқа, соғысқа ұласты. Араб
әлемін шарпыған бас көтерулердің бәрінде ең
алдымен ұлттық көш басшыларының саяси биліктен кетуін
талап еткені белгілі.
Араб елдерін қамтыған
бүліктің себептері де әр түрлі. Осы орайда
Египеттегі саяси ахуалды талдау нәтижесінде елдегі
қақтығыстың шығуының басты себебі неде
екендігін айқындауға талпынайық. Әрине, көпшілік
ең алдымен оның себебі Египеттегі ауыр
әлеуметтік-экономикалық жағдай деп шешіп тастаған еді.
Дегенмен, халықтың басым бөлігін қамтыйтын
қақтығыстарға өте маңызды себептер қажет екендігі айқын.
Сол ретте Египет
тарихына қысқаша ретроспективалық шолу жасайық:
Отарлық саясатқа қарсы ұйымдастырылған үш
жылдық азаматтық қозғалыстан кейін Египет Ұлыбританиядан ресми түрде тәуелсіздікке 1922 жылы
ғана қол жеткізе алған еді. Тәуелсіздік үшін
болған бұл күрес кейін «1919 жылғы революция» деген
атпен танымал болды. Кейінгі отыз жыл көлемінде Египетте
әлдеқайда либералды, елге танымал Король Фароук билік еткен
болатын. Ал 1952 жылы жас әскери полковник Камал Абдул Насер әскери
төңкерісті басқарып, монархияны құлатып, елде
әскери үстемдікті орнатқаны белгілі. Насер де, оның
ізбасары Ануар Садат та Египетте билікті толығымен президенттің
қолына шоғырландырған саяси жүйені
қалыптастырады. 1981 жылы қастандықтан қаза
болған Садаттан кейін билік басына Хосни Мүбарак келді [1]. Ол билікке келгеннен бергі отыз жылға таяу уақытта
өзіне шексіз билік беретін Төтенше заңдардың негізінде
елді басқарып келді. Іс жүзінде Египетте президент бүкіл
үкіметке бақылау жасады. Билікті қолдан шығармау
мақсатында кең көлемдегі құзыретпен
қамтамасыз етілген орасан зор құпия полицияны, барлау
мекемелерін пайдаланды. Бұл мекемелер өздерінің
жауыздық әдіс-тәсілдерімен белгілі. Египет үкіметі
жиналыс еркіндігін шектеу мақсатында Төтенше жағдайлар туралы
заңдарды кеңінен қолданып отырды. Сонымен бірге елде саяси
партиялар мен бейүкіметтік ұйымдардың тізімделуі мен
қызметін де шектейтін көптеген заңнамалар жеткілікті болды.
Халыққа қарсы бағыталған мұндай саясат ел
ішіндегі саяси-әлеуметтік дүрбелеңнің белең
алуына әсер еткені айқын.
Жалпы араб
елдерінің барлығына тән соңғы жылдары айқын
байқала бастаған ішкі факторға назар аударған жөн
сияқты. Аталған ішкі фактор қатарында – Таяу
Шығыс пен Солтүстік Африкада азаматтық
қоғамның қалыптаса бастауы. Шетелдерде білім
алған жастар да елдің даму үдерісіне басқаша
қарады. Ел билігіндегі харизматикалалық лидерлер билігіне
мойынсұнған, дәстүрлі тәрбие негізінде
қалыптасқан ұрпақтың орынына, жаңа,
білімді, әлемдік ақпаратпен жете таныс, танымдық
көзқарастары өзгеше авторитарлы тәртіптің
барлық билікті өз қолына шоғырландыруына келісе
қоймайтын жаңа ұрпақ келді. Бұл жаңа
ұрпақ өкілдері өздерін биліктің боданы ретінде
емес, өз елінің азаматы ретінде көрсеткілері келді.
Ұзақ жылдар бойы мемлекет билігін өз қолдарына
ұстап отырған «Ұлт әкелері» ақылдылығына
үміт артып емес, ел ісіне араласып саяси-экономикалық,
әлеуметтік мәселелерді шешудің жолдарын іздеді.
Сол ретте Египетте де шетелдерде білім
алғандар ғана емес, ел ішіндегілер де түбегейлі
өзгерістің болуын, ал белсенді бөлігі биліктің ауысуын
қалады. Ел ішіндегі келеңсіздіктер мен
саяси-экономикалық дағдарысқа билікті кінәлі санады. Барлық
мемлекеттердегі жастар арасындағы жұмыссыздықтың
жоғары деңгейі де билікке қарсы нарзылықты
күшейтті.
Өйткені
биліктегі Халықтық-демократиялық партия 2003 жылдан бастап
елдегі кез-келген еркін ойды басып жаншиды, әсіресе Мұсылман-бауырларға қатысты өте
қатаң саясат ұстайды. Әртүрлі мәліметтер
бойынша елде саяси тұтқындар саны он мыңға жеткен.
2004 жылы президент
Хосни Мүбарактың билігіне көңілі
толмағандардың саны халық арасында арта түседі.
Әсіресе ел ішінде президенттің билікті мұрагерлікпен беруді
жоспарлауда деген ақпараттар, сонымен бірге азаматтық және
саяси құқықтарды тежеп келген сонау 1981 жылдан бергі
төтенше жағдайлар туралы заңнамалар әлі қаралу
деңгейінде қалуы елді ашындыра түсті.
Ал 2006 жылдан
бастап елдегі баспасөзді шектеу үрдісі кең етек алады.
Египеттегі тоқырауға қатысты, үкіметтің
саясатының кемшіліктеріне байланысты көптеген мақалалар мен
кітаптар жазылған еді. Елден кету
үрдісі де жылдан-жылға арта түсті. Әсіресе, 20-30 жас
арасындағы білімді жастар өз мүмкіндіктерін жүзеге
асыру мақсатында Парсы шығанағы елдеріне көптеп ауа бастайды.
Елде астық тапшылығы да байқалады. Үкімет нанмен ел
әскері мен полициясын қамтамасыз етуге көңіл
бөледі, ал қарапайым халық тұтынатын нанның
бағасы күрт өскендіктен кедей және орташа
деңгейдегі тұрғындардың нан алу мүмкіндігі шектелді, сонымен бірге нан мөлшерінің де аздығы
наубайхана алдындағы кезектер тіпті адам өліміне
ұласқан теке-тірестермен де аяқталатын. 2007 жылғы
өмір сүру деңгейлеріне қатысты зерттеулердің
нәтижесі бойынша Египет тұрғындарының жартысына
жуығы кедейшілік халде екендігін
көрсетеді. Бұл елдегі шиеленушілікті ұлғайта
түсті. 2007жылғы 7 маусымдағы жастардың толқуы
полициямен қақтығысқа әкелді. Соның
нәтижесінде шеруге қатысқан 15 адам қаза болды. Мыңдаған
шерушілер ғимараттарды қиратып, дүкендерді тонады. Ел
президенті Хосни Мүбарактың ілінген суреттерін жұлып алып,
жыртты. 2008 жылдың 6 сәуірінде Египетте алғаш рет онлайн
жүйесінде кең көлемдегі азаматтардың оппозициясын
ұйымдастыра алды. Өйткені
Египетте 20 млн астам интернет пайдаланушылар болса, 42 млн адам ұялы
телефонға ие [2]. Бұл жалпы Африка
құрылығындағы саны жағынан алдыңғы
қатарды көрсетеді. Ал олардың басым бөлігі өз
өмірінде Мүбарактан басқа президентті көрмеген жастар
еді. Осы сәттен бастап 6
сәуір бүкіл ел көлемінде әлеуметтік және саяси
топтардың басын қосқан ұлттық еркін ой
күніне айналған болатын.
2010 жылы маусымда египеттік студент Khaled Saeid египеттік
полицейлердің зорлық-зомбылығының салдарынан қаза
болды. Бұл бүкіл ел көлемінде қара киінген
мыңдаған жастардың наразылығын тудырды. Бірнеше апта
ішінде ұлттық және халықаралық БАҚ жас
азаматтың билікке кедергі болғандығын жариялады.
Қоғамдық қысымның нәтижесінде билік
кінәлі полиция қызметкерлерін айыптаған болды.
Ал 2010
жылғы қарашадағы парламенттік сайлау елде еркін және
әділ сайлаудың болуы мүмкін еместігін дәлелдеді.
Өйткені сайлау ережелерінің бұзылуы, алдау мен
зорлық-зомбылықтың нәтижесінде билік партиясы
толық үстемдікке ие болды. Бұл оппозицияның топтасуына
түрткі болды. Al-Gabha либералды
партиясы мен әл-Барадеи бірлестігі басынан бастап сайлауға қарсы
тұрды, кейіннен оларға 5 желтоқсандағы екінші дауыс
беруге қарсы шыққан әл-Вафд либералды партиясы
мен Мұсылман-бауырлар қосылды. Осының салдарынан биліктегі
Ұлттық-демократиялық партиясы парламенттік сайлаудағы
орынның 83 пайызына ие болды.
Оппозиция мен құқыққорғау топтары
сайлау нәтижелерін жоюға шақырды. Елдегі саяси ахуал тіпті
шиеленісе түсті. Сонымен бірге тунисстік
көтерілістермен шабыттанған египеттіктер өмір сүру
деңгейіне наразылығын білдіру мақсатында 2011 жылдың 25
қаңтарында авторитарлы билікке қарсы шықты. Бұл
толқуды басу мақсатында үкіметтің қауіпсіздік
органдары халықты аяусыз
жазалады, соның салдарынан 135 адам қаза болып, 2000-нан
астам адам жараланды [3].
Келесі күні бүкіл ел
көлемінде ондаған мың адам қарсылық
көрсетті. Әсіресе, Суэц, Александрия және Каирде өткен
қақтығыс соңы аса кең көлемдегі
наразылық шарасына ұласты. Соның нәтижесінде 2011
жылдың 29 қаңтарында президент Мүбарак үкіметті
қызметтен босатуға мәжбүр болды, бірақ
көтерілісшілер Мүбарактың қызметтен кетуін талап етті.
18 күнге созылған жалпы халықтық көтерілістің
нәтижесінде 11 ақпанда
Хосни Мүбарак президенттіктен түсті. Осы
қақтығыс барысында 365 қарапайым азаматтар, 32 полиция
қызметкері қаза болып, 5500-дей азаматтар мен 1000-дай полицей
жарақаттанды [4].
Жоғары Әскери Кеңес
президенттік және парламенттік сайлау өткенге дейін елдегі билікті
қолға алған болатын. Тек египеттік саяси дағдарыс
мұнымен аяқтала қалған жоқ. Билікке келген саяси
топ бүкіл египеттік халықтың көңілінен шыға
қоймады. Бұл өз кезегінде жаңа саяси
дағдарыстың шығуына ықпал етті.
____________________
1.История Египта //http://ru.wikipedia.org/wiki/
История Египта
3.
Comment by Robert Malley (Crisis Group) and Hussein Agha, “In post-Mubarak Egypt, the Rebirth of the Arab World”, Washington Post, 11 Feb. 2011.//
http://www.crisisgroup.org/en/publication-type.
4. Куделев В.В. Коротко о ситуации в
Египте: январь 2011 г.// http://ruskline.ru/ analitika/2011/02/03.