Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының доценті з.ғ.к., доцент Мұқалдиева Г.Б.;

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының 2 - курс магистранты Жұмабаева Сәуле Жұмабайқызы

 

ФРАНЧАЙЗИНГТІК ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДАМУЫ МЕН ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ

                          

    Франчайзинг батыс нарығы үшін бизнестің көптен бері етене таныс формасы болса, Қазақстан үшін жаңа форма болып табылады. Кәсіпкерліктің бұқаралық топтары қалыптасып, көптеген адамдар өз кәсібімен айналысуға ұмтылыс білдіріп жатқан біздің ел үшін франчайзинг тәжірибесі өте маңызды.

Кешендi кәсiпкерлiк лицензия (франчайзинг) - айрықша құқықтар кешенiнiң құқық иеленушiсi осы кешендi басқа тұлғаға өтемдi негiзде пайдалануға беретiн кәсiпкерлiк қызмет. Айрықша құқықтар кешенi (лицензиялық кешен) - бiрқатар санаткерлiк меншiк объектiлерiне (тауар таңбасына, фирмалық атауға, қызмет көрсету таңбасына, патентке, ашылмаған ақпаратқа, оның iшiнде өндiрiс құпияларына (ноу-хауға) құқықтар [1].

Бүгінгі таңда ел экономикасында франчайзинг - бизнесті ұйымдастырудың біріккен формасы бола отырып, негізгі ілімдік және әдістемелік тұрғыда өңдеуді  қажет ететін салыстырмалы түрдегі құбылыс болып саналады. «Франчайзинг» термині француздың «franchise» - жеңілдік, артықшылық, сонымен қатар салық пен жарналардан босату сөзінен пайда болған. Франчайзингтің қалыптасу және даму тарихы, оның терминінің мағынасы батыс және отандық әдебиеттерде әр түрлі белгіленген. Франчайзингтің бастапқы пайда болу мекені – АҚШ, ол тауарлар мен қызметтерді сату, сатылған күрделі тауарларға сервистік қызметтер көрсету қажеттілігіне байланысты дистрибьюторлық желіні құру, кеңейту және жетілдіру мәселелері туындаған кезеңде кеңінен таралды. Әйгілі «Зингер», «Форд», «MC Donalds» сауда маркілері франчайзинг қатынастары негізінде дамыған. Дамыған елдерде франчайзинг тұтынушылардың әр түрлі қызметтерге деген қажеттіліктерін қанағаттандырудың құралы ретінде жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Шетелдердегі франчайзингті қолданудың көпжылдық тәжірибесі оның іскерлік тиімділігін дәлелді түрде көрсетеді. Франчайзинг орта және шағын бизнестің дамуына, отандық тауарлар мен тауар өндірушілерді ішкі және халықаралық нарықта жылжытуға, жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда франчайзингтік желілердің саны бойынша әлемдегі көшбасшы елдер  – Қытай, шамамен 3000-нан астам франчайзингтік желілері бар, екінші орында АҚШ, үшіншіде Жапония тұр. АҚШ, Канада, Ұлыбритания сияқты елдердің бюджетінің үшке жуық бөлігін қызмет атқарушы франчайзингтік компаниялар қамтамасыз етуде. Қазақстанда франчайзингтік қатынастардың орын алғанына 12 жылдан асты, алайда отандық экономика үшін осы бизнестің кең дамыған ұйымдық нысаны әлі де жаңа құбылыс болып табылады.

Франчайзингтік қатынастардың дамуындағы бірінші кезең жекелеген кәсіпкерлердің отандық экономикада жаңадан қалыптасып келе жатқан нарықтық экономикада франчайзингтік қатынастар жүйесін пайдаланудағы талпыныстарымен сипатталады. Бұл кезеңде франчайзинг тамақтандыру саласында, пиццериялар мен шағын наубайханаларға арналған құрал-жабдықтар саласында дамып, өндірістік және сервистік франчайзинг қалыптаса бастады. Екінші кезеңде – Қазақстан нарығына ірі шетелдік франчайзингтік фирмалардың келуі, елімізде осы салаға қатысты заңнаманың қабылдануы, Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының (ҚФҚ) құрылуы, отандық кәсіпкерлер мен аймақ басшыларына тақырыптық семинарлар жүргізу бойынша USAID шаралары жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасында франчайзингтік қатынастарды 2002 жылдың 24 – маусымында қабылданған  «Кешендік кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы» заң реттейді. Осы заңмен қоса Қазақстанда франчайзингті дамыту және франчайзингтік компаниялар мен оған қызығушылық, мүдделік танытушы заңды тұлғаларды біріктіру мақсатында 2002 жылдың ақпанында Қазақстандық франчайзинг қауымдастығы  (ҚФҚ) құрылды. Қауымдастықтың негізгі міндеті – франчайзинг қатынастарына байланысты шұғыл ақпаратпен, сонымен қатар франшизаны іздеу саласында кеңестік және әдістемелік көмек көрсету, ҚФҚ мүшелерінің мүдделерін сан түрлі халықаралық және мемлекеттік органдар мен ұйымдарда таныту және құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. ҚФҚ-ның бүгінгі әріптестерінің арасында ҚР-да франчайзингті дамытуға мүдделі экономикалық ұйымдар, консалтингтік және басқа да мекемелер бар. Үшінші кезең Қазақстанда 400-ге жуық оператор-фирмалармен іскерлік қарым-қатынас жасайтын, ҚФҚ-на біріктірілген, 40 - 50 франчайзингтік жүйелердің БАҚ, сауда, қоғамдық тамақтандыру салаларында қызмет етуімен сипатталады. Қазіргі кезде еліміздегі нарықтық жағдайда өздерін жақсы жағынан көрсеткен компаниялар маркаларына франчайзинг жасауға көптеген мүмкіндіктер беріледі. Қазақстан нарығында азғантай мөлшерде франчайзингтік компаниялар бар, жаңадан шыққан өнімдермен өзара іскерлік аясын кенейтуде. Келешекте солар сияқты одандық өнімдер де франчайзингтік бизнес негізінде жасалады деп үміттенеміз.

Дүниежүзілік тенденциялардың қалыптасып қалған көзқарасына қарамастан, Қазақстандағы қазіргі ішкі жағдайы ол көзқарасқа сәйкес     келмейді [2, 168 б.]. Айта кетер болсақ, қазіргі уақытқа дейін франчайзингтік қатынастарға отаңдық кеңісте объекті жағдайлармен шектеулер қойылып келген:  франчайзинг бойынша мамандандырылған заңнаманың жоқтығы, франчайзингпен айналысатын мамандардың жеткіліксіздігі, оқыту жүйесінің жоқтығы, түсіндіру бағдарламасына сенімсіздік, көптеген кәсіпкерлерге «франчайзинг» түсінігі аз таныс [3, 114 б.].

Франчайзингтік қатынастардың дами түсуі үшін республика масштабында мынандай әрекеттер жүзеге асырылуы тиіс:

1) Поэтаптық және көп салалы франчайзингтік жобаларды елдегі аудандарға енгізу;

2)Франчайзингтік қатынастарды реттейтін тереңдетілген заңнамалық базаны жетілдіру;

3) Өнімдердің және қызмет көрсетудегі халықаралық  нормалардың стандарты мен сертификациясын сақтау;

4) Франчайзингтік концепцияны жақсы қалыптастыру;

5) Франчайзингтік бағдарламаға сәйкес шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту; мемлекеттік дәрежеде франчайзингтік кеңестік орталықтар құру;

6) Франчайзингтік жобада несие және қаржыландыру жүйесін құру т.б. 

Тәжірибеде франчайзинг шартын жасағанда шаруашылық                     іс - әрекеттерде отандық субъектілерге мыналар жетіспейді: мемлекеттік тіркеу механизмі, қорғау туралы құжат,осы шартқа байланысты ерекше құқықтың болмауы және франчайзинг шартының моделді формаларының жоқтығы. Қазіргі кезде франчайзингтік қатынастар Қазақстанда мүлде дерлік ынталандырылмай, көбінесе фрагментарлық сипат алып отыр. Халық қоныстануының жеткіліксіз тығыздығы және сатып өткізу нарықтарының шектеулігі, сондай-ақ дағдарыстың себебінен тұтынушылық сұраныстың кемуі франчайзингтің белсенді дамуын қиындатады.

         Франчайзинг – ұзақ мерзімді іскерлік қатынастардың нысаны, ол тәуекел дәрежесі төмен және тұрақты пайдалылық деңгейі бар кәсіпкерлікті ұйымдастырудың тиімділігі жоғары жолы. Франчайзинг жүйесін пайдалану тұтынушылардың сұранысын толығымен қанағаттандыруға және оның өзгерісіне жедел жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Сондықтан да болашақта франчайзинг Қазақстан Республикасы кәсiпкерлерi тарапынан кеңiнен қолданылатын болады  деген  ойдамын.

                                                                             

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.                                                                                                                                                                                              Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 24 маусымдағы Заңы

2.     Даурунов И., Курбанова Г., Шишкина А. Малый бизнес Казахстана: состояние и проблемы развития / Результаты мониторингового обследования 2007 г. Алматы: РГП «Институт экономических исследований», 2007. -268 б.

3.     Лапницкая Л., Чемоданова Е. Франчайзинговая модель организации бизнеса // Маркетинг. М., 2008. № 3. -105-114 бб.