Магистрант Койшыбаева Айдана Габитовна
«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан
ҚЫЛМЫСҚА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІН
САРАЛАУДЫҢ АРНАЙЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қылмысқа
қатысушылық тақырыбындағы жауаптылықты
белгілеудің арнайы мәселесінің бірі, іске аспаған
немесе аяқталмаған қылмысқа қатысушылық
болып табылады. Қылмысқа қатысушылар өз ролдерін
аяғына дейін орындай алмағанда немесе өздерінің
міндетіне алған ролдерін орындағанмен, олардың еркіне
тәуелсіз себептермен орындаушы қылмысты жасай алмаса,
аяқталмаған қылмысмты әрекеттердің белгілері
пайда болады. Соған байланысты қылмысты мақсатына жете
алмаған қатысушылардың әрекеттерін саралау және
жауаптылық белгілеу мәселесінде ерекшелік орын алады. Басқаша
айтқанда аяқталмаған қатысушылықтың орын
алуына байланысты жауаптылықты белгілеуде әдеттегіден басқаша
ереже қолданылуы керек болады. Бұл мәселе туралы да
қылмысқа қатысушылық мәселелерін арнайы зерттеушілер
әр түрлі пікірлер келтіреді.
М.И. Ковалев іске аспаған
қылмысқа қатысушылықтың 5 түрін келтіреді.
Азғырушы орындаушыны азғырғанмен орындаушы көнбейді;
Орындаушы қылмысты жасауға келіскенмен артынан бас тартады;
Орындаушы келіскенмен, кейін қылмыс оның еркіне байланысты
себептермен аяғына дейін жеткізілмейді; Көмектесуші орындаушыға
көмек ретінде кеңес береді, бірақ орындаушы олардың
ешқайсысын пайдаланбайды; Көмектесушінің көмегін
алғанмен, орындаушы қылмысты аяғына дейін жеткізе алмайды
[1,80б.]. М.И. Ковалевтың бұл келтірген іске аспаған
қатысушылық әрекеттерін келтіруі аяқталмаған
қылмысқа қатысудың барлық түрлерін
қамти алады деуге болмайды, себебі практиканың мүмкіндігін
ескерсек, онда мұнан да басқа жағдайлар кездесуі
мүмкін. Мысалы, азғырушы орындаушыны азғыруға тырысады,
бірақ орындаушы азғырушының әрекеттерінсіз де өз
бетінше осы қылмысты жасауға ой бекіткен адам болуы мүмкін.
Аяқталмаған
қылмысқа қатысушылықты құрайтын
әрекеттерде ең алдымен ұйымдастырушы, азғырушы немесе
көмектесуші өз рөлдерін аяғына дейін жеткізе
орындағанмен, орындаушы қылмысты жасай алмаса қалай саралау
керек деген сұрақ туындайды. Орындаушыдан басқа
қатысушылар өз рөлдерін жарамды орындағанмен, оларда
аяқталған қылмыстың құрамы бар деп
бағалауға болмайтын сияқты. Өйткені,
қылмысқа қатысу институтының ерекшелігіне сәйкес,
олардың әрекеттері немесе қылмысты мақсатына жетуі
орындаушының қылмысты орындай алуына байланысты болып табылады.
Сондықтан, мұндай жағдайларда өзге
қатысушылардың әрекеттерін аяқталған немесе
аяқталмаған қылмыс деп саралау үшін орындаушының
өз ролін толық орындап шыққандығына байланысты
шешу керек деген пікір келтіреміз. Мәселені осылай
қағидалық белгіні қоя отырып шешу, бұл
мәселе бойынша кездесетін сан алуан жағдайларға дұрыс
шешім жасау үшін қажетті.
Мұндай кезде
қиындық тудыратын жағдай, ол екі қылмыстық
құқықтық институттың қиылысуы болып
табылады, қылмысқа қатысу және қылмыс жасау
сатылары. Мұнда қылмысты орындауға бағытталған
әрекеттердің барлық кезеңдерінде қылмысқа
қатысушылық орын алады ма деген сұрақ туындайды.
[2,44]. Бұл мәселені кейбір зерттеушілер басқаша
қарастырады. Мысалы, П.Ф. Тельнов «Іске аспаған қылмысты
жасауға бағытталған әрекеттерде қылмысқа
қатысушылық жоқ, себебі мұнда бір неше адамдардың
бірлескен әрекеттері, субьективтік байланыстар жоқ, бірақ
аяқталмаған қылмыстардың барлық элементтері бар»,
- дейді [3,157]. Негізінде бірнеше адамдардың бірлескен әрекеттері
түрінде қылмысты ниетін іске асыруға бағытталған
әрекеттері олардың еркіне тәуелсіз себептермен аяғына
дейін жеткізілмегенде, шын мәнінде аяқталған қылмыс
құрамы жоқ екендігі күмән тудырмайды. Осы бағалауды
қолдана отырып кейінгі қылмысқа қатысуға
қатысты мәселелерді шешкенде бір неше адамдардың
аяқталмаған әрекеттерінде аяқталған
қылмысқа қатысушылық жоқ деп те сенімді
түрде айтуға болады. Бірақ бұл жерде
қылмысқа қатысушылық бар ма, жоқ па дегенде,
аяқталмаған қылмысқа қатысушылық бар деген
бағалау ұстанған дұрыс тәрізді. Себебі, бірнеше
адамдардың еркіне тәуелсіз себептермен іске аспаған бірлесіп
қылмысқа қатысуға бағытталған
әрекеттерін басқаша атауға да жол жоқ. Мысалы, бір адам
ұрлық қылмысын жасауды көздегенмен, бірақ
оның еркіне тәуелсіз себептермен қылмыс аяғына дейін
жеткізілмесе, онда ұрлыққа оқталу немесе
аяқталмаған ұрлық деп атап жатамыз. Сондықтан,
қылмысқа қатысушылық аяғына дейін
жеткізілмегенде, іс-әрекеттер аяқталмаған
қылмысқа қатысу немесе іске аспаған
қылмысқа қатысушылық деп атаған және осы
ұғымға сай келетін ережелерді қолданған,
яғни аяқталмаған қылмысты әрекеттер ретінде бағалаған
дұрыс.
Аяқталмаған
қылмысқа қатысушылық мәселесін кезектілікпен
қарастырсақ, онда зерттеушілер келесі кезекте, егер
аяқталмаған қылмысқа қатысу деп танитын
болсақ, онда қылмыс жасаудың қандай сатысы,
қылмысқа дайындалу немесе оқталу ретінде
бағалаған дұрыс па деген сұрақ қояды
және бұл мәселені шешуге бағытталған қылмыстық кұқық теориясында
екі түрлі көзқарас көздеседі. Көпшілігі іске
аспаған қылмысқа қатысушылықты
қылмыстың жасалуына жағдай жасайтын дайындық
әрекеттері деп бағалайды . Аяқталмаған
қатысушылықты қылмысқа оқталу деп
бағалайтын көзқарас
Ф.Г. Бурчакта кездеседі [4,187-191].
Бізде іске
аспаған қылмысқа қатысушылықтағы
әрекеттерді осы негізге сүйене отырып шешкенді жөн
көріп отырмыз. Ал жоғарыда келтірілген зерттеушілердің
біркелкі қылмысқа дайындалу немесе біркелкі қылмысқа
оқталу ретінде саралауды ұсынуындағы басты кемшілік, ол
қатысушылардың бірлесіп қылмыс жасау туралы келісім
жасауға бағытталған әрекеттерінен бастап,
аяқталған қылмысқа дейінгі аралықта әр
түрлі жағдайлардың кездесуіне және оларды барлық
кездерде қылмысқа дайындалу түрінде
бағалауға белгілері бойынша
толық сай келе бермеуінде болып табылады. [5,45].
И.А. Ребане
«Қылмысқа дайындық әрекеттерін жасау кезінде
қылмысқа қатысушылар түрлерін ажырату мүмкін бола
бермейді. Мұның себебі екеу: біріншіден, қылмыс жасау туралы
келісімнің болуы қылмыстың барлық белгілері туралы мәлімет
бермейді, келісім болғанмен қатысушылардың қайсысы
қандай ролдер орындайтыны белгілі бола бермейді. Екіншіден, бұл
келісімнің шеңберінде немесе қылмыстық
қауымдастықта да қылмыстың орындаушысы болып табылатын
адамдарды алдын ала анықтау мүмкін емес» дейді. Сондықтан,
қылмысқа дайындалу кезіндегі әрекеттер үшін
жауаптылық белгілегенде ҚК 15 (біздің ҚР ҚК
24-бабы) бабын қолданғанмен, орындаушы, азғырушылық
үшін жауаптылықты көрсететін 17-бапқа сілтеме жасай
алмаймыз» дейді [6,67]. Біздіңше И.А. Ребаненің айтып отырған
бұл пікірінің қандайда бір деңгейде шындығы бар,
себебі әдепкі келісім жасау немесе топты құру кезінде
қылмыстың барлық қатысушылары, кімнің қандай
рөлдер орындайтыны т.б жағдайлары белгілі бола бермеуі
мүмкін. Бірақ бірнеше адамдардың қылмысқа
дайындық әрекеттері үшін жауаптылық
қолданғанда, іске аспаған қылмысқа
қатысушылық емес, негізінен нақты бір қылмыс
түрін жасауға дайындық әрекеттерін
жасағандығы үшін жауаптылық қолдану керек болады.
Бұл жерде егер өз бағытымызды көрсететін болсақ, онда
ұйымдастырушы қылмысқа қатысушыларды іздестіру кезінде,
әлі қатысушыларды толық жинағанға дейін
оның еркінен тыс жағдайда бұл әрекеттер аяғына
дейін жеткізілмесе, онда қылмысқа дайындалғандық
үшін жауапқа тартылып, іс-әрекеттер Ерекше бөлімдегі
жоспарланған қылмыс түрімен 24 және 28-баптарға
сілтеме жасай отырып саралануы керек. И.А. Ребаненің пікірі бойынша,
мұндай кезде 28 бапты қолданбау керек, өйткені дайындалу
кезінде қатысушылардың араларында байланыстар
болмағандықтан қылмысқа қатысушылық
жоқ. Біз мұндай бағытпен кездесе алмаймыз, себебі сот-тергеу
құжаттарында іс-әрекеттерді заң нормаларын
қолдана отырып бейнелеу үшін Ерекше бөлім бабы және 24,
28-баптар келтірілгенде, бұл қылмыс жасауға
ұйымдастырушының дайындалуы екендігін және осы әрекеті
үшін жауаптылыққа тартылып жатқанын көрсетеді.
Мұндай бағыт әдебиеттерде де кездеседі [6,76].
Бұл
ережені осыған ұқсас әрекеттермен көрінген
өзге қатысушыларға байланысты да қолдануға
болады. Мысалы, азғырушы азғырған, көмектесуші
қылмысқа көмектесуге уәде берген немесе орындаушы
қылмысты жасауға келіскен кездерден олардың еркіне
тәуелсіз жағдайларға байланысты қылмыс аяғына
дейін жеткізілмегенде де қылмысқа дайындалу ретінде саралануы
қажет. Сонымен қатар, азғырушы көмектесушіні немесе
орындаушыны азғыра алмаған кезде де қылмысқа
дайындық әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылуы
керек. Мұндай жағдайлар іске аспаған азғырушылық,
іске аспаған көмектесушілік деп аталады. Мынандай да жағдай
болуы мүмкін. Орындаушы қылмысты жасауға келісім бергенмен,
артынан уәдесінен бас тартуы мүмкін. Бұл жағдайда
қылмысты орындаудан бас тартқан адамдардан басқаларының
барлығында қылмысқа дайындалу орын алады.
Егер
көмектесушінің уәде берген көмегінсіз-ақ
орындаушы қылмысты жасап үлгерсе, көмектесушінің
әрекетін оқталу ретінде саралаған дұрыс.
Көмектесуші жайында ҚК-нің 28-бабының 5-бөлімінде
интеллектуалдық кемектесушілік ретінде ауызша кеңес, мәлімет
берумен қатар қылмыскерді, қылмыстың құралдарын
жасыруға алдын ала сөз беруді келтіреді. Бұлар
қылмыстың уақиғасында бастапқы кезеңінде
ғана емес, кейінгі кезеңдерінде де орын алады. Демек,
орындаушының әрекетімен себепті байланысқа объективтік
жағы белгілері бойынша қылмыс жасағаннан кейін түседі.
Егер көмектесуші көмектесуге сөз беріп, бірақ
оның көмегінсіз-ақ қылмыс жасалынса, ондай
жағдайда интеллектуалдық көмектесушіліктің бір
көрінісі деп бағалау керек. Себебі, мұндай жағдайда
көмектесуші мен орындаушының арасында себепті байланыстар
объективтік белгі ретінде болмағанмен, олар өзара субъективтік
байланыста болады. ҚР ҚК-нің 28-бабының
көмектесушілікті қарастырған бөлімінде
қылмыстың жасалуы туралы сөз беру
қарастырылмаған, тек қылмыс жасалғаннан кейінгі жасыру
әрекеттеріне сөз беруді ғана келтіреді. Көмектесуші
көмектесуге сөз беріп, оның көмегінің кешігуі
салдарынан немесе басқа себептермен орындаушы қылмысты жасай
алмаса, мұндай жағдайда көмектесушілікке оқталу орын
алады. Егер
орындаушының қылмысты әрекеті алдын-ала дайындық
сатысында үзілсе, онда бұл жағдайда қылмысты саралауда
өз көрінісін табу керек. Мұндай ретте орындаушының әрекетінде
басқа бір қылмыстың құрамы бар болса,
Қылмыстық кодекстің 24-бабына сілтеме жасала отырып, белгілі
бір қылмысты істеуге даярланғандық ретінде саралануы
қажет, ал басқа қылмысқа қатысушылардың
әрекеті тиісінше, ҚК 24, 28-баптарына және Ерекше бөлім
баптарына сілтеме жасала отырып сараланады. Мысалы, бөтен біреудің
мүлкін ұрлау оқталу сатысында үзілсе, онда
орындаушының әрекеті ҚК 24,175-баптардың тиісті
бөліктерімен, ал осы қылмысқа азғырушының
әрекеті ҚК 24, 28, 175-баптардың тиісті бөліктерімен сараланады.
Қылмыстық заң қылмысқа қатысуда «бірлескен
қасақана қылмысты әрекет» дей отырып, бірге
қатысқан әрбір қатысушының қылмыс істеуге
қосқан үлесін нақты анықтауды талап етеді.
Айдап
салушының азғыруынсыз-ақ орындаушы қылмыс жасауға
ой түйген болып шықса, мұндай жағдайда
азғырушылық жоқ деп саналғаны дұрыс, себебі
мұндай кезде қылмыстың жасалуына азғырушының
әрекеті себепті байланыста болмайды. Мұны азғырушылыққа
оқталу деп бағалау керек. Зерттеушілер ұйымдасқан топ,
қылмыстық қауымдастық сияқты тұрақты
қылмыстық топтардың аяқталмаған
қылмыстық әрекеттеріне құқықтық
баға бару мәселесін қарастырмайды. Ұйымдасқан
топ, қылмыстық қауымдастық
құрылғаннан кейін қылмыстық мақсатын іске
асыру мүмкін болмағанда немесе осы кезеңдерде олардың
әрекеттері тоқтатылғанда қылмысты саралау
қиындық тудырады. Себебі, ұйымдасқан топты,
қылмыстық ұйымды құру қылмыстық
құқық бойынша келте құрамдар ретінде бағаланады
және осындай тұрақты қылмыстық топтар
құрылған кезден бастап қылмыс аяқталды деп
танылады. Бірақ, бұл қылмыстың заң жүзінде
аяқталу кезеңін ғана білдіреді, ал жоспарланған
қылмыстар бойынша қылмысқа оқталу немесе дайындалу деп
саралау жасау керек пе деген сұрақ туындайды [7,235].
Менің ойымша, ұйымдасқан топ, қылмыстық
қауымдастық құрылып, бірақ олардың еркіне тәуелсіз
себептермен жоспарланған қылмыс түрлерін орындау мүмкін
болмағанда, мұндай топ мүшелерінің іске аспаған
әрекеттері аяқталған қылмыс ретінде 235-баппен
және аяқталмаған әрекеттердің түріне
қарай Ерекше бөлімдегі жоспарланған қылмыстарға
дайындалу немесе оқталу деп 24-бапқа сілтеме жасай отырып саралануы
қажет. ҚК Ерекше бөлімінің ұрлық, тонау,
қарақшылық, алаяқтық, қорқытып
алушылық сияқты қылмыстарға жауаптылық
қарастыратын баптарының 3-бөлігінде жауаптылықты
ауырлататын құрам ретінде «ұйымдасқан топ» келтірілген.
Осындай қылмыстарды жасау мақсатында ұйымдасқан топ
құрылып, бірақ мұндай топ мүшелерінің
әрекеттері олардың еркіне байланысты емес себептермен іске
аспағанда да жоғарыдағы ереже қолданылып,
іс-әрекет аяқталған қылмыс түрі ретінде 235-баппен
және жоспарланған қылмысты жасауға дайындалу ретінде
Ұйымдасқан топты, қауымдастықты құру
аяқталмаған жағдайда 24-бапқа екі рет сілтеме
жасаудың қажеттілігі, ол бұл қылмыс
аяқталған жағдайда қылмыстар жиынтығымен
сараланатынына байланысты. Демек, ұйымдасқан топты,
қауымдастықты құруға дайындалу арқылы осы
қылмысқа ғана емес, сонымен бірге ұрлық
сияқты қылмысқа да дайындалушылық орын алады.
Қорыта айтқанда, аяқталмаған қылмысқа
қатысушылық әрекеттерді саралау мәселесінде тек
қылмысқа қатысушылық туралы қылмыстық
құқықтық ережелерді қолдану арқылы
ғана емес, аяқталмаған қылмыстарды саралауға
қатысты ережелерді де ескере отырып шешім жасау қажет екендігі айқындалды.
Сонымен қатар, аяқталмаған қылмысқа
қатысушылықты кейбір зерттеулердегідей, тек қылмысқа дайындалу
немесе қылмысқа оқталу деп бір келкі баға беру де
оң нәтижеге соқтырмайтыны көрініп отыр.
Сондықтан, іске аспаған қылмысқа қатысу
әрекеттеріне құқықтық баға бергенде
қылмыстық құқықтағы
қылмысқа дайындалу, оқталу әрекеттеріне берілген
түсініктерді қолдана отырып, бұл мәселенің
шешімін қарастыру сенімді, жеке пайымдауға емес, заң
талаптарына негізделген шешім көрсеткенімізді білдіреді деп ойлаймыз.
Әдебиеттер:
1. Ковалев М.И. Соучастие в преступлений. -Свердловск,
1960. Ч.1. -288.
2. Водько Н.П. Уголовно-правовая борьба с организованной
преступностью. - Москва, 2000. -280.
3. Тельнов П.Ф. Соучастие по
уголовному праву. - М., 1999. -321.
4. Бурчак Ф.Г. Учение о соучастии по советскому
уголовному праву. –Киев: Наумова Думка, 1969. -216.
5. Қазақстан Республикасының
Қылмыстық кодексі. - Астана, 2010.- 45.
6. Ребане И.А. О соучастии на стадии предварительной
преступной деятельности // Уч. зап.Тартуского университета. 1984.-163.
7. Әпенов С.М. Қазақстан
Республикасының қылмыстық заңы бойынша
қылмысқа қатысушылықтың нысандары (теория
және практика мәселелері) 2005. -235.
Резюме
В статье указывается не доконченный соучастие в уголовном
процессе.
Resume
In this article reveals partnership in
criminal trial, which isn`t specified finished.