Сот билігі туралы халықаралық
құқық пен Қазақстан
заңнамасының арақатынасы
Ахметова А.Ж.
Семей қаласының Шәкәрім
атындағы мемлекеттік университетінің
құқықтану кафедрасының аға оқытушысы,
заңтану магистрі
Қазақстан
Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағында,
«Әркімнің өз құқықтары мен
бостандықтарын сот арқылы қорғалуына
құқығы бар», — делінген [1].
Сот билігінің
біртектес стандарттарының қалыптасуында маңызды рөлді
БҰҰ бөліктерінің бірі Экономикалық және
Әлеуметтік Кеңестің қызметі атқарады. Бұл
орган адамның негізгі құқықтары мен
бостандықтарын сыйлау мен көтермелеу мақсатында
барлығына арналған ұсыныстар беруге, өз
құзіретіне кіретін мәселелер бойынша конвенция жобаларын
БҰҰ Бас Ассамблеясына енгізу үшін дайындауға,
Ұйымда бекітілген ережелерге сәйкес өз құзіретіне
кіретін мәселелер бойынша конференциялар шақыруға
өкілетті.
БҰҰ
Конгрестері қылмыстылықтың алдын алу және
қылмыстық әділ сот бойынша халықаралық ережелер,
стандарттар дайындауда маңызды рөл атқарады.
1985 жылы 26 тамыз бен 6 қыркүйегі аралығында Миланда
өткен қылмыстылықтың алдын алу және
құқықбұзушылармен қатынас бойынша
БҰҰ Жетінші Конгресі «Сот органдарының тәуелсіздігіне
қатысты негізгі қағидаларды» (ары қарай Негізгі
қағидалар) қабылдады. Және әр елдің саяси,
экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағдайы мен
дәстүрін ескере отырып, ұлттық, аймақтық,
аймақаралық деңгейде шараларды қабылдап, жүзеге
асыру үшін оларды қолдануға кеңес берді.
Негізгі
қағидаларда, соның ішінде «Сот органдарының
тәуелсіздігі» атты тарауда сот органдарының тәуелсіздігіне
мемлекет кепілдік беретіні және ол ел конституциясында немесе
заңдарында бекітілетіндігі айтылған. Барлық мемлекеттік
және басқа да мекемелер сот органдарының тәуелсіздігін
сыйлауы қажет. Сот органдары өздеріне берілген істерді әділ,
фактілер мен заңдар негізінде, ешқандай шектеусіз, заңсыз
әсерсіз, мәжбүрлеусіз, күш көрсетусіз, тікелей
немесе жанама және себепсіз араласусыз шешеді.
Негізгі қағидалар сот төрелігін асыру процесіне заңсыз,
санкцияланбаған араласуға, соттар шығарған шешімдерді заңсыз
қайта қарауға тыйым салады. Бірақ бұл
қағида заңға сәйкес сот шешімдерін қайта
қарауға, сот органдары шығарған үкімдерді
жеңілдетуге кедергі келтірмеуі тиіс [2].
Негізгі
қағидалар мүше мемлекеттерге сот органдарының
тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен нығайтуға
қатысты міндеттерді шешуге көмектесу үшін қабылданды.
Қағидалар негізінен кәсіби судьялар үшін
қабылданған, бірақ қажет болған жағдайларда
кәсіби емес судьяларға да, біздің жағдайымызда билер
мен алқа билерге де тең қолданылады. Негізгі
қағидалар сот лауазымына алынған тұлғалардан
ең алдымен «жоғары моральдық қасиеттер мен
қабілеттер және де құқық саласында тиісті
дайындық пен біліктілікке ие болуды» талап етеді. Соттардың
лауазымы бойынша өрлеуі де объективтік факторлар, соның ішінде
қабілеті, моральдық қасиеті және тәжірибесі
негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
Судьялыққа
үміткерлердің моральдық қасиеттері туралы 2005 жылы 3
маусымда Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы
судьяларының ІV съезінде Мемлекет басшысы да айтқан болатын: «соттардың
өнегелілік және этикалық бейнесіне талапты күшейту
қажет. Сот болып қызмет атқару шенеуік, әсіресе
заңгер карьерасының жоғары шегі, сондықтан біздің
мемлекетімізде соттардың мәртебесінің осындай
қағидасын бекітуіміз қажет» [3].
Экономикалық
және Әлеуметтік Кеңестің №1989/60 қарарының
V бөліміне сәйкес мүше мемлекеттер 1988 жылдан бастап,
әр бес жыл сайын Бас Хатшыға Негізгі қағидаларды
жүзеге асыру барысы туралы ақпарат береді. Соның ішінде,
қағидалардың таратылуы, ұлттық
заңнамаға енгізілуі, ұлттық деңгейде оларды
жүзеге асыру кезінде туындаған проблемалар мен
қиындықтар, халықаралық қауымдастық
тарапынан қажет көмектер туралы ақпарат берілуі тиіс.
1994 жылы 12
ақпандағы Қазақстан Республикасындағы
құқықтық реформаның Мемлекеттік
бағдарламасы негізінен сол кезде қолданыста болған 1993
жылғы Конституция мен халықаралық
құқық нормаларына негізделді. Осы
құжаттарға сәйкес Бағдарламада адам
құқықтары мен бостандықтарының
басымдығы, демократиялық қоғам мен
құқықтық мемлекет құру шешімі
жарияланды және «заңдық жүйені идеологиялық
және саяси ұрандарды жамыған кеңестік тоталитаризмнен
қалған ақаулардан, социалистік
құқықтың, соттың және
құқық қорғау органдарының
репрессивтік сипатынан тазалауды» міндет етіп қойды. Сонымен бірге, сот
төрелігін айыптау функцияларының элементтерінен айыру, сот
қаулыларының заңдылығы мен негізділігін
тексерудің апелляциялық тәртібін енгізу міндеттері шешілді.
Сот жүйесінің тиімділігін арттыру және соттардың
тәуелсіздігін, кәсіпқойлығын, мамандандырылуын
толық қамтамасыз ету мақсатында соттар ұйымдасып
нығайтылды және оларды жалпы және арбитраждық
және тағы басқаларға бөлуден бас тартылды.
Нәтижесінде 1994 жылдан бастап сот реформасы барысында елде кәсіби
сот төрелігінің біртұтас құрылымы
құрылды, ол Жоғары Сот пен жергілікті соттарды қамтыды.
Судьялардың ауыстырылмайтындығы қағидасы бекітілді
және соттар корпусының материалдық жағдайы
жақсара бастады. Рольф Книпер айтқандай, Қазақстанда
2001 жылы 1 қаңтардағы редакциямен «Соттар мен
судьялардың құқықтық мәртебесі
туралы» Заңының жасалуымен соттық
құқықтық реформа бір нәтижеге жетті.
Яғни, біртұтас сот өндірісі құрылды және
ескі мемлекеттік арбитраждық соттар жойылды, сот жүйесінің
аясында палаталар бойынша мамандандырылуы қалыптасты. Бұл
жеткілікті мөлшерде прогрессивті реформа, тіпті бұдан Ресей
Федерация мен Германия да үлгі алуына болады [4].
Адам
құқықтары мен негізгі бостандықтарын
қорғау жөніндегі Еуропа Конвенциясында «қылмыстық
істі жасады деп күдік келтірілген әр адам заң
тәртібімен оның кінәлілігі дәлелденбегенше,
кінәлі болып саналмайды» делінген негізгі ереже бекітілді. Сонымен
қоса, осы Конвенция қылмыстық іс жасады деп жауапқа
тартылған әр адамның құқықтарын
нақтылады: өзіне түсінікті тілде өзінің не
үшін айыпталғандығын білуге; өзін
қорғалуға дайындалу үшін жеткілікті уақыт пен мүмкіншілікке
ие болуға; өзін өзі қорғауға немесе адвокат
көмегіне жүгінуге; адвокат жалдауға мүмкіндігі,
қаржысы болмаса, сот төрелігі талап еткен жағдайда тегін
қорғаушы көмегін алуға; өзіне қарсы
айғақ беріп жатқан куәлардан жауап алуға немесе
осы куәлардан жауап алынуына құқылы, осылармен бірдей
жағдайда мұның пайдасына куәлік беретін куәларды
шақыру және олардан жауап алуға құқылы;
егер ол сот ісі жүргізіліп жатқан тілді білмесе немесе осы тілде
сөйлемесе, аудармашының тегін көмегіне
құқылы.
1995 жылғы Конституцияда қазақстандық соттардың
мәртебесі халықаралық стандарттар деңгейінде
бекітілген. 1995 жылғы Конституцияның 77 бабында соттың сот
төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіздігі және тек
Конституция мен заңдарға бағынатындығы туралы норма
берілген; сот төрелігін жүзеге асыру кезінде соттың
қызметіне кез келген араласуға тыйым салынған.
Конституцияның 79 бабына сәйкес Республиканың Жоғары
Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан
Республикасы Президентінің келісімінсіз судьялар қамалмайды, сот
тәртібімен белгіленетін әкімшілік мәжбүрлеу шараларына
тартылмайды, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды және т.б.
Судьялардың мәртебесі 2000 жылы 25 желтоқсандағы
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және
судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда
бекітілді. Заңның тиісті бөлімі 32 баптан тұрады, ол
жердегі 23-бапты ерекше атауға болады, онда былай делінген:
«Қазақстан Республикасының барлық судьялары бірдей
мәртебеге ие болады және олар өкілеттіліктерімен ғана
ерекшеленеді». Заңда сот мәртебесінің құрамдас
бөліктері, мысалы, соттардың өзгертілмейтіндігі, соттың
тәуелсіздігі және тәуелсіздігіне кепілдіктер, сот лауазымына
үміткерлер мен судьяларға талаптар, үміткерлерді сот
лауазымына таңдаудан бастап қызметінен босатуға дейін
және өкіметтілігінің тоқтатылуына дейін; үй
жеңілдіктерінен бастап жерлеуге қатысты шығындарды
өтеуге дейінгі барлық сот қызметтері анықталған,
яғни Қазақстанда мемлекет соттың сапалы жұмыс
жасауына барлық жағдайды жасайды. 2001 жылы Судьялардың
халықаралық ассоциациясы (СХА) оргкомитетінің 47 отырысында
Қазақстан Республикасының судьялар Одағы оның
штаттық емес мүшесі болып қабылданды.
1999 жылы 17
қазанда СХА Орталық Кеңесі сот билігінің
тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне толығымен
арналған Судьялардың жалпыға бірдей Хартиясын (ары
қарай – Хартия – А.Е.) қабылдады. Хартияда сот билігінің
басқа мемлекеттік биліктермен өзара қатынасындағы
ерекше мәртебесі 14 бапта көрсетілген, яғни мемлекеттік
биліктің басқа тармақтары сот билігін өзінің
қызметін адекватты атқаруына қажет құралдармен
қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар сот билігі олардан
тәуелсіз болуы тиіс. Біріншіден бұл «соттың
тәуелсіздігі заңға сәйкес сот төрелігін
әділ атқару үшін міндетті болады, ол бөлінбейді.
Биліктің барлық институттары және органдары, яғни халықаралық
және ұлттық органдар бұл тәуелсіздікті
қорғауы және сыйлауы тиіс» дегенмен байланысты.
Хартияның 2 бабында соттың тәуелсіздігі мемлекеттік биліктік
басқа тармақтарынан тәуелсіз сотты құратын
және қорғайтын заңмен қамтамасыз етілуі тиіс
деген ережені бекітеді және судья әлеуметтік, саяси және
экономикалық қысымнан еркін түрде, басқа соттардан
және соттар әкімшілігінен тәуелсіз сот билігін жүзеге
асыра алатын жағдайда болуы тиіс [2].
2004 жылы 23 шілдеде
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Конституцияның
осы нормасына түсінік берген Қаулы қабылдады.
Қаулының негізгі бөлімінде бекітілді, «Негізгі Заңда
судьяға оның мәртебесі өмір бойы берілетіндігі туралы
ереже жоқ. Конституция нормаларынан судьяның өз
қызметінде өмір бойы отырып және өз құзыретін
өмір бойы атқаратындығы, сонымен қатар
мемлекеттің бұл үшін оған
конституциялық-құқықтық кепілдік
беретіндігі көрінбейді. Сот лауазымында отыру үшін жоғары жас
шегі оның кәсіби қызметінің ерекшелігімен, сот
билігінің қызмет ету міндеттері мен қағидаларына
байланысты. Ол сот тәуелсіздігінің конституциялық
қағидасының шектелуі деп бағаланбайды, өйткені
зейнеткерлік жасқа жетуі бойынша қызметтен босатылған судья
ары қарай соттық өкілеттік жүзеге асыра алмайды».
Қазіргі
таңда Қазақстан Республикасында соттық
құқықтық реформалар жоспарлы және табысты
орындалуда. Мұнда маңызды рөлді Қазақстан
Республикасының Президенті атқарды. 1995 жылғы Конституция
бойынша қайта сайланған қос палаталы кәсіби Парламент
өз жұмысына кіріспеген кезеңде мемлекет басшысы 1995 жылы 20
желтоқсанда «Қазақстан Республикасының соттары
және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық
заң күші бар Жарлық қабылдады. 2000 жылы Мемлекет
басшысы «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы»
Заңның қабылдануына бастамашы болды және ол бізге «сот
жүйесі тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігін
жүзеге асыру және азаматтардың заңды мүдделері
мен құқықтарының соттық қорғалу
сапасын жоғарлату үшін» қажет екенін көрсетті [5].
Қазақстан
Республикасы Президентінің 2000 жылы 1 қыркүйектегі
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі
тәуелсіздігін күшейту шаралары туралы» Жарлығының
нәтижесінде жоғары сот органдары қасында Соттық
әкімшілік бойынша Комитет (ары қарай – Комитет) құрылды.
Соттардың қызметін қамтамасыз ету жүйесі Әділет
министрлігінің құрылымынан Жоғары Сотқа берілді.
Бірақ Жарлық Комитеттің Жоғары Соттан
автономдығын қарастырған болатын, Комитет
төрағасын мемлекет басшысы қызметіне тағайындап,
Комитет туралы ережені бекітетін. Жергілікті соттар деңгейінде
олардың қызметін қамтамасыз етумен Комитетке бағынатын
әкімшілер атқарды [6].
Соңғы
жылдары сот төрелігін іске асыру сапасы мен жеделдігі жақсарды.
Бұған Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының
төрағасы Қ.А.Мәмидің аудандық соттарда іс қараудың
мамандандырылуын енгізу, мамандандырылған экономикалық және
әкімшілік соттарды құру туралы ұсынысы көмектесті
десек артық айтқандық болмас. Бұл аудандық
соттардың судьялардың қызметі жеңілдеді және
оларға өз біліктілігін көтеруге мүмкіндік туды. Бір
әкімшілік аумақтық бөлініс шегінде тек қана
азаматтық немесе қылмыстық істерді қарайтын
соттарға бөлу қағидасына сай аудандық соттарды
мамандандырылу басталды. Біршама уақыт бұрын ювеналдық
соттарды құру жұмыстары жоспарланған болатын. Ең
бірінші «Қазақстандағы ювеналдық әділет» жобасы
бойынша Алматы облысының Қарасай ауданында және Алматы
қаласының Әуезов аудандарында ювеналдық соттар
жұмыс істеп, сынақтар табысты аяқталды. Бұл
жұмыстар қазіргі таңда жалғасын табуда.
Қазақстанда
сот реформасы даулы мәселелердің бірі болып отыр. Мәселен,
тұтқынға алуға соттың санкция беруі. Және
бұл Қазақстан Республикасының Конституциясының
16-бабының 2-тармағында: «заңда көзделген реттерде
ғана және тек қана соттың санкциясымен
тұтқындауға және қамауда ұстауға
болады, тұтқындалған адамға шағымдану
құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды
жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ұстауға болады»
делінгеніне қарамастан болып отыр. Осыған байланысты К.Х.Халиков,
тұтқынға алу және қамауға алуға
соттың санкциясы мәселелерін талқылай отырып, бұл
мәселе әлемнің 110 мемлекетінде соттардың айрықша
құзіретінде екенін, тек 17 мемлекетте ғана прокуратура
тұтқынға алуға санкция беретінін айтады. Егер Ресей,
Әзірбайжан, Украина, Литва, Эстония, Грузия сияқты Достастық
мемлекеттерінде бұл сұрақ бойынша мәселелерді шешу
жолдары сот құзіретіне жатса, тек Тәжікстан,
Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Белорусь,
Қазақстан секілді мемлекеттерде тұтқынға алу
туралы санкцияны прокурор береді. Ал Қазақстанда бұған
соттың құқығы да болу керек. Әрі
қарай ғалым тұтқынға алу – латынның
«arrestum» сөзінен cот қаулысы деген мағынаны білдіреді,- деп
пайымдайды. Сондықтан тұтқынға алу – соттың
ерекше құқығы деуге болады [7].
Мемлекет басшысы
Н.Назарбаев 2006 жылы Астана қаласында өткен Судьялардың
төртінші съезінде Қазақстанда атқару
өндірісі саласында реформа жасап, жеке сот орындау институтын енгізу
қажеттігі туралы атап өтті. Содан бері, мемлекеттік
органдардың өкілдері, мамандар мен лауазымды тұлғалар
алыс-жақын шетелдердің тәжірибелерін зерттеп, өзімізге
қажет деп табылған жеке сот орындау институтын енгізудің
үлгісін жасады. Аталған еңбектің нәтижесі 2007
жылдың 6-7 маусымында Астана қаласында өткен Сот
орындаушыларының І съезінде кеңінен талқыланып, сараланып,
ортақ мүдде мен мақсат айқындалды. Алқалы
басқосуға әлемнің әр шалғайынан келген
делегаттар, Қазақстанда мемлекеттік сот орындаушылар институтына
балама ретінде жеке сот орындау институтын енгізудің мерзімі жеткенін
дәлелдеді. Франция, Германия, Латвия, Оңтүстік Корея, т.б.
мемлекеттерден келген жеке сот орындау саласының білікті сарапшылары мен мамандары,
Халықаралық сот орындаушылар одағының жетекшілері
әлемнің 60-тан астам мемлекеттерінде қолданылып жүрген
жеке сот орындау институтының Қазақстан жерінде де
енгізілуіне барлық жағдайдың бар екеніне көздері жетті.
[8]
Заң жобасында сот
орындаушыларына көптеген жауапкершіліктер жүктеумен қатар,
оларға қойылатын талаптар да жоғары. Мысалы, сот
орындаушысының жоғары заң білімі, еңбек өтілі,
тағылымдамадан өтуі, арнайы лицензиясының болуы міндетті
шарттар.
Қазақстандағы
жеке сот орындаушысы қандай болмақ деген сауалға жауап беріп
көрелік. Еліміздегі жеке нотариаттар сияқты, олар да
кәсіпқойлар болады. Бірақ, жоғары заң білімі
бар азаматтардың барлығы бірдей сот орындаушысы болады деген
пікірден аулақ болған жөн.
Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан
дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына
Жолдауында да сот жүйесіне қатысты мәселелер
қарастырылған болатын. Атап айттсақ Президент
Н.Ә.Назарбаев былай деді, ол жолдауда:
«Судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды
басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс. Судьялар
жасағын қалыптастырудың тәртібін түбегейлі
түрде қайта қарау қажет. Аппеляциялық
инстанциялардың істерді қарауға төменгі соттарға
қайтару жөнінде негізсіз шешімдерінің мүмкіндігін
заң жүзінде шектеу керек.
Жоғарғы
Соттан бастап, бүкіл сот жүйесіне өздерінің
жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру, сөйтіп өз жұмысын
жетілдіруді өздері бастау талабы қойылады. Судьялардың
заңды бұзуы жұрттың бәріне жария етілетіндей
төтенше оқиға болуға тиіс.
Арбитраждық
және аралық соттар жүйесін нығайту керек», -деді
Президент Н.Ә.Назарбаев [9].
Қазақстан
Республикасында адам құқықтары толық салтанат
құрды деп айтуға әлі ертерек. Елдің заң
шығарушылары да, азаматтары да ҚР Конституцияның
1-бабындағы Қазақстан Республикасы өзiн
демократиялық, зайырлы, құқықтық және
әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат
қазынасы — адам және адамның өмiрi,
құқықтары мен бостандықтары деген ережені естен
шығармауы қажет.
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030»
Бағдарламасында азаматтар мемлекет олардың
құқықтары мен мүдделерін қорғайтынына
сенуі керек деді. Қазақстан халқы адам
құқықтары туралы барлық Халықаралық
Пактілерді тез арада ратификациялауға, олардың ұлттық заңнама
нормаларынан сөзсіз басымдығының қамтамасыз етілуіне
мүдделі, өйткені елдегі әрбір адамның
қорғалуы деңгейі оған тікелей байланысты. Осы
арқылы Қазақстан Республикасының қымбат
қазынасы — адам және адамның өмiрi,
құқықтары мен бостандықтары деген Конституцияның
1 бабының 1 тармағы өмірде жүзеге асырылады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Қазақстан Республикасының 30.08.1995 жылғы
Конституциясы (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 ж.,
№4,217-құжат), Қазақстан Республикасының 1998
жылғы 7 қазандағы Заңымен енгізілген өзгертулер
мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің
1998 ж., №20,245-құжат), Қазақстан
Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңымен
енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан
Республикасы Парламентінің 2007 ж., №10, 68-құжат). –Астана:
«Елорда» баспасы, 2009. – 42 б.
2. «Қазақстанда сот билігінің қалыптасуындағы
халықаралық құқық пен ұлттық
құқықтың арақатынасы»
uadocs.exdat.com/docs/index-172881.html?page=9
3. Выступление Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева на IV съезде
судей Республики Казахстан (г. Астана, 3 июня 2005 года)//Зангер. – 2005. – №6.
– С.3-7.
4. Книпер Р. Этапы правовой и судебной реформ в Казахстане
//http://www.samal.kz/php3/sud/full.php?id=265
5. Выступление Президента Республики Казахстан Н.Назарбаева на VII съезде
РПП «Отан»// http://www.president.kz
6. Комментарий Государственно-правового отдела Администрации Президента
Республики Казахстан к Указу Президента РК «О мерах по усилению независимости
судебной системы в Республике Казахстан»//Казахстанская правда. – 2000, 2
сентября.
7. Халиков К.Х. Ради будущего нашей страны//Юрист. – 2005. –№5 (47). – С.
46-48.
8. ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ІСКЕ КІРІСТІ. «Егемен Қазақстан»
газеті. Сәрсенбі, 29 Қазан, 2008 ж.
9. Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы
«ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ - ҚАЗАҚСТАН
ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына
Жолдауы.// e.gov.kz