Магистрант Абитаев Е.Е.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРҒА ЖАУАПТЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Бүгінгі таңда елімізде экономикалық қылмыстар өршіп бара жатқаны баршамызға мәлім. Еліміз экономикалық қылмыстардың алдын алу саясатын дамыту үшін, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, кәсіпкерлерге байланысты оңтайлы саясаттың тетігін әлі күнге дейін саралау жолында. Кейбір қазақстандық ғалымдардың, саясаттанушылардың пікірінше экономика саласындағы заңдылық принципін кәсіпкерлерге идеология ретінде қалыптастыру үшін ең басты заң керек, яғни құқықтық реформа жасау керек. Өздеріңіз білесіздер, ҚР ҚК-не өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Оның ішінде ең басты назар салынып қайта зерттелініп жатқан нормалар, олар, жалған кәсіпкерлікке, банк саласындағы қылмыстарға байланысты болып отыр, және сол қылмысты жасаған тұлғаға берілетін жауапкершілік нормаларын өзгерту де күн тәртібінің бірінші мәселесі. ҚР ҚК-дегі жауапкершілік мәселесін қозғауды және оны өзгертуді ҚР Парламенті Сенатының біршама депутаттары да көтерген болатын. Сенат депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы ҚР Заң жобасын қабылдады. Заң жобасы үлкен қоғамдық қауіп төндірмейтін бірқатар экономикалық қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылтуға бағытталған. Мысалы, заң жобасының ережелерімен төмендегі мәселелер көзделген:

- қылмыстық жауаптылыққа тарту негіздерін тарылту жолымен ішінара қылмыстық сипаттан арылту;

- депенализация, яғни қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын жеңілдету, оның ішінде: бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны алып тастау; бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны бас бостандығын шектеумен ауыстыру; бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның жоғарғы шегін төмендету; бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен байланысты емес баламалы жаза түрлерін бекіту арқылы санкцияларды оңтайландыру жолын ұсыну;

- қылмыстық кодекстің экономикалық қылмыстар туралы нормаларын жетілдіру;-әкімшілік перидицияны қолдану саласын кеңейту [1].

ҚР ҚК-нің 190-бабы заңсыз кәсіпкерлікке тағайындалатын жазаның мөлшері ҚК бойынша 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, немесе қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге табысының мөлшерінде айыппұл салуға жазаланады. Бұл жаза жеке тұлғаға, егер бірінші рет осындай әрекетке барып отырса қолданылады. Ал егерде:

- ұйымдасқан топ жасаса;

- аса ірі мөлшердегі табыс табумен ұштастырып жасаса;

- бірнеше рет жасаса, жеті жүзден бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталғанадамның жеті айдан бір жылға дейінгі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде айыппұл салуға не мүлкін тәркілеп немесе онсыз бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп көрсетілген [2].

Бұл жазаны жеңілдетуді ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев та өзінің халыққа жолдауында, өзінің үкіметке берген тапсырмасында айтып жүргені рас. Шынында экономиканың дамуы, бизнестің шарықтауы, ол азаматтардың қолында, сондықтан біз бұл мәселеге шынайы қарауымыз қажет. ҚК-тің 190-бабындағы жаза түрін жеңілдету, ол біріншіден бас бостандығынан айырудың орнына, бас бостандығынан шектеу және жазаның альтернативалық нормасын қолдану, қоғамдық жұмыстарға тарту тиімдірек болады. Мұндай ұсынысты үстіміздегі жылы Әділет министрі Б.Имашев мырза ҚР Парламенті мәжілісінде айтқан болатын. Ал кейбір интернет порталдарында осы мәселеге байланысты, отандық ғалымдардың, саясаттанушылардың тіптен қарапайым халықтың арасында да ауқымды пікірталастар болып жатыр [3].

Әділет Партиясының төрағасы М.Нәрікбаев мырзаның да осыған байланысты пікірі бар: «Заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік институтын енгізудің дұрыстығы туралы пікірталасқа түспей тұрып, осы бағыттағы проблемаға тереңірек үңілсек. Мәселен, заңды тұлғаның қылмыстық жауапкершілігі АҚШ-та 1977 жылы Пара алуға қарсылық актісімен бекітіліп, кейін бұл норма осы аттас БҰҰ конвенциясында көрініс тапты. Әрине, бұл жерде заңды тұлғаны түрмеге жаба алмаймыз, әңгіме – басқада. Әдетте фирмалар, трансұлттық компаниялар қандай да бір клеркті немесе тіпті директорын түрмеге жауып, сонымен құтылып кететіні белгілі. Солай болса, фирманың келтірген миллиардтаған шығыны өтелмей жатады. Сондықтан бұл жерде заңды тұлғаның қылмыстық жауапкершілігі туралы әңгіме негізінен оларға қатысты жасалатын санкциялар, айыппұлдар турасында болып отыр. Сол себепті заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі туралы институтты енгізе отырып, фирмалардың, корпорациялардың міндеттемелерін жеткілікті деңгейде қамтыған орынды. Ал оны заң аясында фирмалардың жарғылық қоры мөлшерін арттыру жолымен жүзеге асыруға болады. Бұл, ең алдымен, жапа шегушіге келтірілген шығынның ішінара өтелуіне де септігін тигізер еді. Осыған орай жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін ең төменгі жарғылық қорларының мөлшерін арттырған ләзім. Бұл әділ шешім болмақ. Өйткені заңды тұлғаларға ең алдымен мүліктік мәселелеріне байланысты жазалау шаралары қарастырылады. Сонымен қатар заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған шетелдерде осындай істердің басым бөлігінде айыппұл төлеу, мүлкін тәркілеу түріндегі жазалар тағайындалады. Ал оларды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату жүзеге асады. Экономикалық қылмыстардың ішіндегі қылмыстар, табиғаты жағынан бір болғанымен олардың арасында тұтынушыларды немесе кәсіпорын басшыларына байланысты нормалар, жауаптылық немесе құқықтық иммунитеттің арасындағы айырмашылықтар айқындалу қажет. Оларды айқындау үшін қылмыстың обьектісі, субьектісі, диспозициясы айқындалу керек. Жауаптылық мәселесін қозғауда бұл мәселе ҚК те айқын көрініс табу керек деп есептеймін. Мысалы, кейбір қылмыстардың аяқталған құрамын белгілеу үшін қоғамға зардаптың болуы талап етіледі. Өзге жағдайларда қылмыстың аяқталған құрамының болуы үшін қоғамға қауіпті зардаптардың болуы талап етілмейді, нақты қылмыстық обьективтік жағын құрайтын әрекет немесе әрекетсіздік фактісінің өзі жеткілікті. Экономика саласындағы қылмыс үшін жауаптылықты белгілейтін бірқатар нормалардың диспозициялары нақты бір қылмыс белгілері жоқ, басқа нормативтік актілерге сілтеме жасайтын бланкетті б.т. ҚР Конституциясы экономикалық қызметтің оның ішінде кәсіпкерлік қызметтің еркіндігіне кепіл береді. ҚР Азаматтық кодексінде жария етілген және бекітілген еркін экономикалық қызметпен бірге, заң шығарушы экономикалық қатынас қатысушылары құрамын анықтайды. Олардың бәрі осы қылмыс нәтижесінде пайда болған зардаптарға байланысты дербес шешім қабылдап және тиісті жауаптылыққа ие болуы тиіс [4]. Осы тарауда қарастырылып отырған барлық қылмыстардың субьективтік жақтары кінәнің қасақаналық түрімен (тікелей және жанама ниет) көрінеді. Экономика саласындағы қылмыстарды жасау кезінде себеппен мақсат әртүрлі болуы мүмкін, алайда олар жасаған әрекеттері үшін соттың жаза тағайындауы кезінде ескерілуі тиіс [5]. ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы нормативті қаулысына сәйкес кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрімен айналысуға тыйым салуды белгілейтін тиісті ҚР ҚК бабымен, ал ол болмаған жағдайда арнаулы норма ҚР ҚК 190 бабымен қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

ҚР ҚК 190 бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін көрсетілген диспозициядаға әрекет азаматтарға, ұйымдарға немесе мемлекетке не ірі мөлшерде табыс табумен жинасқан немесе елеулі мөлшерле акцизделетін тауарларды өндіргені, сақтағаны және өткізгені анықтаулы қажет.

ҚР Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі құқықтық концепция саясатында ең басты бағыттардың бірі қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін, тұлғалардың қызығушылығын қорғау мақсатында заңдарды әрдайым жетілдіріп отыруымыз қажет деген [6].

С.Рахметовтың айтуы бойынша ҚР ҚК 222 бабындағы салық төлеуден жалтаруға байланысты норманы күшейту керек деген ұсыныс келтірген. Оның пайымдауынша Қазақстанда тіркелген заңды кәсіпкерлердің саны күндеп артып келеді. Ал бірақ олардың арасында салықтан жалтарып жүргені қаншама. Мысалы, Салық заңнамасында көрсетілген төлеуге тиіс сомманы төлегенше күтіп отыра беруге болмайды. Сондықтан, мысалы, 2000 а.е.к-ке дейін жеткізбей, 1000 а.е.к-ке дейін төлемесе тұлға тиісті салық төлеуден жалтарды деген қылмыстық іс қозғайтындай норма жасау керек. Бірақ мұндай норма енгізу үшін, елімізде кәсіпкерлік дұрыс жолға қойылу керек. ҚР да экономикалық аймақ тұрақты болғанымен тауарлар сырттан келуін тоқтатар емес. Ал бұл ішкі кәсіпкерлерге өз өнімімізді өткізуге үлкен кедергісін тигізеді. Есесінде пайда болмаса салықты да төлеуге шамасы жетпейді, сондықтан меніңше бұл қылмысқа жазаны жеңілдетіп, ҚК тегі айыппұл мөлшерін төмендету қажет деп есептеймін.

ҚР ҚК-нің 218 бабындағы экономика саласындағы кеңінен таралған қылмыс ретінде бухгалтерлік есептің ережесін бұзу б.т. Бұл қылмысқа жауаптылық бір ғана бөлімнен тұрады. Жауаптылық тек қана қасақаналықпен жасалған жағдайда ғана туады. Оның өзінде бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына жазаланады. Бұл қылмысқа мұндай жаза түрі өте жеңіл. Сондықтан жазаның ұзақтығын 5 жылға дейін ұзарту жөн екен. Көп жағдайда бухгалтерлік есеп саласында қылмыстың қасақаналығын анықтау оңай емес. Ал бухгалтерлік есептің ережесін бұзу қоғамға, экономикаға кедерін тигізетін бірден бір амал. Сондықтан ҚР ҚК 218 баптың 2 тармағына абайсызда бухгалтерлік есептің  ережесін бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу керек. Бұл өз деңгейінде жымқырумен күрестің ең ыңғайлы әдісі болар еді.

Жалған кәсіпкерлікке қайта оралсақ, ҚР ҚК 192 бабы әлі күнге дейін толық жетілдірілмеген. Бұл кодексте жалған кәсіпкерлік ұғымы өте тар мағынада келтірілген. Себебі жалған кәсіпкер шынайы кәсіпкер бола тұрып, сол шынайылықты пайдаланып, басқа да қылмыстарға баруы мүмкін. Жалған кәсіпкер ол заңды тұлға, жеке кәсіпкер болуы мүмкін, сондықтан осы сөздерді қосқан дұрыс деп есептеймін. Қазіргі таңда жалған кәсіпкерлік бабымен ұсталып жатқандар көп. Бірақ біз оларды бір элементтің жетіспеушілігіне байланысты қылмыскер қылып шығарамыз. Біз ең алдымен ҚК-тің бабында бүкіл мән жайды нақты көрсетуіміз керек. Сонымен қатар егерде адамға немесе қоғамға зияны аз болса жауаптылық көлемін минималды қылып қарастыруымыз керек.

Әдебиеттер:

1.                      www.bnews.kz интернет порталы

2.                      КР КК, 2013.

3.                      Қазакстан Республикасы Президентінің жолдауы.

4.                      Қаржы полициясы академиясының ғылыми еңбектері

5.                      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық-экономикалық қылмыстарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы.

6.                      Қазақстан Республикасының Конституциясы, 2013.