Әлеуметтік және экономикалық негіздердің заң

шығармашылығына әсері

 

А.Ж. Жарболова - з.ғ.к.,Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық

және әкімшілік құқығы кафедрасының доценті

 

Табиғатта да, қоғам мен адам өмірінің негізінде де мыңдаған жылдар бойы, ғасырлар ішінде қалыптасқан объективтік негіздер, заңдылықтар жатыр. Олар біздің еркімізден тәуелсіз және олар адамзаттың әрекетіне белгілі бір шектеулер қояды. Оның ішінде заң шығару қызметіне де тікелей әсер ететіні сөзсіз.

Заң шығару қызметі тиісті тұлғалардың заң актілерін жасауға бағытталған саналы, мақсатты әрекеттерін білдіреді. Ол өмірде болып жатқан әлеуметтік, саяси, экономикалық процестерден туындайды, олармен өзара тығыз байланыста болады. Бұл процестер құқықтық ережелердің қалыптасуына сөзсіз әсерін тигізеді. Заң актілерін шығара отырып, заң шығарушы орган қоғамның экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани т.б. дамуының деңгейіне сүйенеді.

Заң шығару қызметі заң шығарушылардың толығымен өз ойларындағысын жүзеге асыруы емес. Заң шығарушылардың іс-әрекетіне олардың санасынан тыс, оларға тәуелсіз болатын, өз бетінше өмір сүретін күш - объективтік факторлар әсер етеді. Демек, заң шығару қызметі белгілі бір объективтік жағдайлардың әсеріне байланысты.

«Объективтік фактор» категориясы заң шығармашылығында біршама маңызды. Себебі, ол тарихи қозғалыстардың, оның ішінде заң шығармашылығының адамдардың санасына тәуелді емес объективтік заңдармен анықталатындығын көрсетуге мүмкіндік береді әрі тарихтың объективті жүрісі қаншалықты шамада заң шығармашылығына, жалпы адамдарға, олардың санасы мен ақыл - ойына, іс - әрекетіне т.б. байланысты екенін анықтауға көмектеседі.

Олай болса, заң шығарушылардың заң шығармашылығына байланысты жүріс-тұрысы, іс - әрекеті негізделген болып табылады. Атап кеткеніміздей, заң шығарушы қандай - да болмасын әрекетті толығымен өз қалауы бойынша негізсіз таңдай алмайды. Ол әрқашанда белгілі бір қажеттілікпен байланысты болады және ол нақты тарихи мазмұнға ие. Заң шығарушының тиісті шығармашылық қызметтегі әрекетінің объективтік негіздермен байланысты болуы тек бүгінгі күннің ғана емес, қай кезеңнің болмасын қажеттілігі. Өйткені, заң шығарушының қызметі мен объективтік негіздің, қажеттіліктің байланыстығы депутаттардың санасы мен еркінің маңызының құнсызданбауына жеткізеді және оларға саналы түрде алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыруға сенімділік береді.

 Заң шығармашылығына, заң актісінің мазмұнының қалыптасуына әсер ететін объективтік факторлар біршама. Олардың ішінде экономикалық және әлеуметтік негіздердің алатын орны бөлек. Осы орайда К.Маркстің мына көзқарасына тоқталып кеткенді жөн көрдік: «Құқық ешқашанда экономикалық құрылыстан және оған байланысты қоғамның мәдени дамуынан жоғары бола алмайды» [1. С.19].

Өзге де объективтік факторлар секілді экономикалық және әлеуметтік негіздер де белгілі бір шамада заң шығармашылығы қызметінің алғышарты, қозғаушысы болады. Заң шығармашылығына әсер ететін заң шығарудың экономикалық негіздері болып қоғамның экономикалық дамуының деңгейі, мемлекетіміздің экономикалық жағдайы, мүліктік игіліктерді өндіру әдісі, т.б. табылады.

Объективтік факторлардың өзге де түрлері секілді, экономикалық факторлар да қоғам өмірінің дамуы барысында қалыптасады. Экономикалық негіздер заң нормаларының пайда болуына, жасалуына өздігінен тікелей соқтырмайды. Өйткені, бұл қызмет адамдардың араласуымен ғана жүргізіледі. Демек, субъективтік факторларға байланысты. Мұндай жағдай экономикалық негіздердің (объективтік факторлардың) рөлін ешбір түсірмейді. Қоғамның экономикалық базисі әрқашанда субъектілердің, тиісті мәселе бойынша айтсақ заң шығарушылардың нақты мәселеге қатысты әрекеттері үшін негіз болып табылады. Заң шығармашылығына қатысты нақты мәселелерді шешу үшін заң шығарушылардың қажетті әрекеттерінің қалыптасуы ақыр соңында объективтік жағдайлармен анықталады. Себебі, заң шығарушының еркіне байланысты іс-әрекеттер қоғамның экономикалық өмірінің пісіп-жетілген қажеттіктерінің көрінісі ретінде қалыптасады.

Заң актілерін қалыптастырудың экономикалық негіздері - бұл қоғамдық дамудың қозғаушы күші, объективтік бөлшегі. Оған заңи мінез - құлық ережелері мен құқықтық институттардың мазмұны байланысты. Олай болса, аталғанның бәрі экономикалық негіздер - заң актілерін жасаудың қажетті объективтік негізі, алғашқы себептерінің бірі екендігін көрсетеді. Экономикалық факторлар заң шығармашылығына тікелей және басқа факторлар арқылы жанама әсер етеді. Экономикалық жағдайлардың заң шығармашылығына қалай әсер ететінін білу үшін оларды терең зерттеу керек. Мысалы, жер туралы мәселе бойынша тиісті заң қабылдау үшін сол жердің тарихи маңызын зерттеп, оған деген көзқарастырды ескеру қажетті құбылыс. Бұл оңай мәселе емес. Оны кезінде жер туралы заң жобасының 5-6 жыл бойы талқыланғанынан байқаймыз. Заңды шынайы объективтік негіздерден бөлінген ерік ретінде қарауға болмайды.

Заң шығармашылығына, заң актісінің мазмұнының қалыптасуына әсер ететін объективтік факторлардың бірі ретінде экономикалық негіздердің әсер ету мерзімі ғылымда қызығушылық туғызады. Экономикалық негіздер заң шығару қызметіне тұрақты әсер етуі мүмкін, сол секілді олардың заң шығармашылығына әсер етуі қоғам дамуының кезеңдеріне орай уақытша да болуы мүмкін. Ол дамудың бір сатысынан екінші сатысына өту кезеңінде нақты байқалады. Себебі, өтпелі кезеңде белгілі бір объективтік факторлар, оның ішінде экономикалық негіздер де бір-біріне қарама-қайшы болуы мүмкін. Оны Қазақстанның социализмді артта қалдырып, нарықтық қоғамға өту кезеңінде, яғни өтпелі кезеңде нақты көрініс бергенін атап кетуге болады. Тиісінше біз социалистік экономиканы жойып, басқа экономика жасадық. Ол - жаңа экономика. Тиісінше, социалистік экономикалық қатынастардың негізі болған социалистік меншік бүгінде объективтік фактор болып табылмайды. Біз оны жойдық. Оның орнына басқа меншік түрлері келді. Социалистік меншік жойылғандықтан бұрынғы қоғамның объективтік экономикалық факторларының да жойылуы табиғи заңдылық болып табылады. Сондықтан да жаңа қоғамда олар мемлекеттің әрекетіне, оның заң шығармашылығына әсер ете алмайды. Бұл тек қана экономикадан байқалмайды. Ол қоғам өмірінің барлық саласында болатын жағдай. Олай болса, экономикалық негіздердің өтпелі кезеңде заң шығармашылығына, жалпы қоғамдық дамуға әсер етуінің аталған ерекшелігіне сүйене отырып қоғамдық дамудың нысандары ауысқан кезде бір-біріне қайшы объективтік факторлардың тоғысуына қатысты мынадай тоқтамға келуге болады:  бір қоғамнан екінші қоғамға ауысқанда, соңғысына мүлде жат, ешбір жағынан жақын емес, бұрыңғы қоғамда объективтік фактор болып есептелген құбылыстар өздерінің әсер ету күшін жояды. Объективтік фактор қоғамның тарихи түбегейлі өзгеруі кезеңінде өзінің объективтік әсер ету қабілеттілігінен айырылады. Ол, әрине өздігінен жойылмайды, оған субъективтік факторлар әсер етеді. Түбегейлі өзгеріс кезеңінде субъективтік фактор бірінші орынға шығады. Өйткені, қайтадан экономикалық негіздерге қатыстырып айтатын болсақ, бұл кезеңде жаңа экономикалық негіздер субъективтік факторлардың әсерінен пайда болады. Орнығып алғаннан кейін олар керісінше субъективтік факторға әсер етеді. Мысалы, мемлекет жеке меншікті пайда болғызды, оны өзінің конституциясы мен өзге заң актілерінде бекітті, орнықтырды, яғни субъективтік фактор объективтік негізді туындайды, тағайындайды. Осыдан кейін кері әсер ету заңы жүзеге аса бастайды. Нақты мысалға қатыстырып айтсақ, жеке меншік мемлекетке тиісінше әрекеттер жасауға қозғау салады - мемлекет оны қорғау үшін заңдар қабылдайды, оның дамуына кедергі жасалмауына жағдай жасайды, қорғайды. Өтпелі кезеңге тән сипат - онда бұрынғы қоғамнан қалған объективтік факторда, жаңа объективтік фактор да кездеседі, бұрынғының объективтік факторының күшін жоюға тырысушылық болады. Осы орайда тоқталуға болатын бір пікір бар. Ол: қандай қоғамда болмасын заңға айналған еріктің негізінде әрқашанда экономикалық қатынастардың даму деңгейіне байланысты болатын субъектілердің экономикалық мүдделері мен мұқтаждықтары жатады. Өтпелі кезеңде заң объективтік факторларға, оның ішінде экономикаға қатысты үш түрлі әсер етуі мүмкін. Біріншіден, заң экономиканың дамуына жағдай туғызады. Демек, ол сол себептен тарихи даму процесіне өз үлесін қосады. Екіншіден, заң экономиканың дамуын мүлдем кесіп, тоқтатып тастауы мүмкін. Мұндай жағдайда бәрібір экономика жеңіп шығады. Себебі, қоғам дамымай, өспей тұра алмайды. Ондағы күштер кері тартпа заңдарды жоюға тырысады. Үшіншіден, заң экономиканың бір бағытта дамуының жолын кесіп, басқа жолға бағыттауы мүмкін. Егер ол жол прогрессивті жол болатын болса, заң прогрессивті рөл атқарады. Бұл тек экономикаға ғана емес, мәдениетке, т.б. да тән.

Заң шығармашылығына қозғау салатын келесі бір негіз - әлеуметтік негіздер. Заң актілерін жасауда біраз көңіл тиісті қызметтің ұйымдық - құқықтың мәселелерімен қатар заң шығару қызметінің әлеуметтік негіздеріне де бөлінуде. Заң шығармашылығы қызметі оның әлеуметтік негіздері секілді құқықтық реттеу қажеттіктерін зерттеуден басталады. Заң шығармашылығының әлеуметтік негіздеріне халықтың әлеуметтік жағдайын, қоғамдық пікірді жатқызуға болады.

Заңдарды шығару процесі халықтың ықпалымен және тікелей қатысуымен, әрдайым қоғамдық пікірдің рөлін көтерумен жүреді. Қоғамдық пікірмен есептеспеген және тұрғылықты халықтың қолдауына ие болмаған мемлекет заңдар шығару арқылы қоғамды жоғары деңдейде дұрыс басқара алмайды. Олай болса, тиісінше міндеттерді де оң шеше алмайды. Заңның жетік болуы, көбінесе оны халықтың мақұлдауына байланысты. Ертеңгі күні нақты заңға қатысты халықтың реакциясының қандай болатынын бүгінгі күні зерттеп, танып білу арқылы әрқашан ол заңның сапалы болуын, оның тиімді түрде әрекет етуіне кедергі болатын құбылыстардың алдын алуды қамтамасыз етуге болады. Қоғамдық пікірді тану барысында көпшілік халықтың ойы айқындалып, жылдам шешуді қажет ететін мәселелер - яғни, заңдар шығаруға деген сұраныстар анықталады.

Қоғамдық пікірден өзге заңдар шығаруға себеп болатын объективтік әлеуметтік негіздердің келесі бірі - Қазақстан Республикасының қоғамындағы әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерінің қайшылығы, таптардың арасындағы қатынас. Әлеуметтік топтардың қай-қайсысы болмасын: кәсіпкерлер, жұмысшылар, зейнеткерлер, фермерлер т.б. заңдардың өз мақсат-мүдделерімен, тұрмыс-тіршілігімен біртұтас, байланыста болуын қалайды, өз қалауларынан оны талап етеді. Алайда, қоғамымызда заңдылықтың шынайы жүзеге асырылмауы «беделді» тұлғалар мен қоғамдық ұйымдардың мүдделерінің өзге мүдделерден басым, олармен қайшылықта болуынан туындап отыр. Барлық әлеуметтік топтардың емес, тек белгілі бір топтың мүддесіне орай шығарылған заң құқық қолдану практикасында жеткілікті қолдау табуының салдарынан жаңа заң шығармашылығына негіз болады.

Әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынас секілді Қазақстан қоғамындағы топтардың арасындағы қатынастар да заң шығармашылығына әсер ететін объективтік негіз.

Кеңес заманында қоғам бай, кедей немесе орта топтың болуын мойындамағанымен, Қазақ КСР Конституциясы Қазақ социалистік мемлекеті жұмысшылардың, шаруалар мен интеллигенцияның, республиканың барлық ұлт еңбекшілерінің ерік-жігері мен мүддесін білдіретіндігін бекітті. Яғни, адамдарды жұмысшы, шаруа, еңбекші, интеллигенция топтарына бөлу арқылы таптық қатынасты белгіледі. Қазақстан Республикасының 1993 және 1995 жылдардағы Конституциялары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде адамның өзін тани отырып, таптық идеологиядан бас тартты. Алайда, мемлекеттің таптық идеологиядан бас тартуы Қазақстанда таптардың барын жоққа шығармайды. Еліміздегі бүгінгі экономикалық қатынастар қоғам мүдделерінің бай, кедей және орташа топқа бөлінуін туындап отырғаны ешкімге жасырын емес. Қазақстанда мұндай таптық қатынастардың пайда болуы мен олардың мемлекет қызметіне әсер етуін заңгер-ғалым Ғ.С.Сапарғалиев былай батыл, ашық көрсеткен болатын: «Нарықтық қатынастарға көшумен өндіріс құралдарына жеке меншік болуына жол беру қоғамның бір-бірінен мүлік жағдайы жағынан да, әл-ауқаты жағынан да дараланатын әр алуан торабын қалыптастырары сөзсіз. Қазірдің өзінде-ақ байлар мен орташалар, кедейлер делініп, айқындала бастады. Сөз жоқ, олардың әртүрлі мүліктік жағдайы қоғамдық болмысқа деген әркелкі көзқарасын қалыптастырып, идеялар туындатады» [2. 6 бет].

Бұл таптар қоғамда байқалып отырған әртүрлі (саяси, әлеуметтік, экономикалық, демографиялық т.б.) жағдайларға назар аудара отырып, белгілі бір тұрғыда өз көзқарасын қалыптастырады және оны мемлекет ісіне (заң шығару қызметіне) байланыстыруға әрекеттер жасайды. Олай болса, Қазақстан қоғамындағы таптар арасындағы қатынастар да заң шығармашылығы қызметіне әсер ететін объективтік фактор болып табылады.

Объективтік факторлардың бірі ретінде экономикалық және әлеуметтік негіздер заңда өз көрінісін табардан бұрын заң шығаруға қатысушылардың санасында таразыланып, қаралуы тиіс. Заң шығарушы өзінің саналы қызметін атқаруда заң шығармашылығына әсер ететін экономикалық және әлеуметтік негіздердің маңызы мен өзіндік құндылығын бағалауы қажет. Заң шығармашылығының даму жағдайын және оның жемісті болуын қамтамасыз ету оған әсер ететін негіздерді жан-жақты, толық ескермейінше болмайды. Мұны бүгінгі күні заң шығармашылығы практикасы дәлелдеп отыр.

Заң шығармашылығының объективтік негіздерінің мазмұны мен құрылымы күрделі және тарихи өзгеріп отырады. Олар адамдардың таңдау қызметінің мүмкіндіктерін анықтайды. Бүгінде адамзаттың таңдауын анықтайтын объективтік факторлар адамның алдыңғы таңдау қызметінің нәтижесі, жалғасы болып табылады. Олай болса, біздің бүгінгі таңдау қызметіміз ертеңгі таңдау қалай және немен анықталатындығын белгілі шамада алдын-ала анықтайды [3. С.81]. Демек, заң шығармашылығының объективтік негіздерінің дамуы үшін мынадай заңдылық тән: дамудың жаңа сатысы өткен сатыдан ары қарай дамуға көмектесетіннің бәрін алады. Ал, оларды анықтау үшін әрқашанда нақты тарихи амалдар қажет.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. К.Маркс, Ф.Энгельс. Соч. Т.19. М., Политическая литература, 1961 - 670с.

2. Ғ.Сапарғалиев. Қазақстанның бірыңғай мемлекет ретіндегі идеологиясының мәселелері. // Ақиқат. № 9-10, 1999

3. Объективная закономерность и сознательная деятельность людей. Отв. ред. В.П.Фролов. Краснодар. Кубанский государственный университет. 1975