Магистрант Избасарова А.Б.

Қазақ-Орыс Халықаралық Университеті, Казакстан

 

Медиация институтының құқықтық реттеуі

 

Қазақстан Республикасы Президентінің 24.08.2009 жылғы №858 Жарлығымен бекітілген 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында бітімгершілікке келу процедуралары және медиацияның кеңінен таратылуы сот жүйесін одан әрі дамытудың негізгі векторы екені айтылған. Медиация – демократия дамуының басты өлшемі. Біздің мемлекетімізде медиацияны жүзеге асыру еріктілік, медиация тараптарының теңқұқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және турашылдығы, медиация процедурасына араласуға жол бермеу принциптеріне негізделеді.

Соңғы кездері сот саласына енген жаңа тәсіл төңірегінде пікір көп. Жақтаушылар да, жатырқай қараушылар да жеткілікті. Алайда өркениетті елдер сот саласында таңдаған медиацияны ел өміріне енгізуден ұтылмайды екенбіз.

Медиация құқықта - үшінші бейтарап, дауға мүдделі емес тараптың, яғни медиатордың дауды баламалы түрде шешудің бірден-бір технологиясы. Ол тараптарға дау бойынша қолайлы шешімге қол жеткізуіне көмектеседі. Медиация кезінде тараптар дауды реттеу бойынша шешімді және оны шешу шарттарын қабылдау үрдісін толықтай бақылайды. Оны жүргізудің анықталған шарттары мен ережелері 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған «Қазақстан Республикасының Медиация туралы» Заңында бекітілген. Медиация келесідей қағидаттарға негізделеді: еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, Медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық.

Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

Дауды шешу үшін делдалдың көмегіне жүгіну ежелгі кезеңнен бастап қолданыс тапқан, тарихшылардың айтуы бойынша, бұндай жағдайлар Вавилонда байқалған. Ежелгі Грецияда делдалды қолдану тәжірибесі болған, Рим құқығы Юстиниан кодексінен бастап делдалдықты таныған. Римдіктер «делдал» ұғымын белгілеу үшін internuncius, medium, intercessor, philantropus, interpolator, conciliator, interlocutor, interpres сияқты түрлі терминдермен бірге mediator түсінігін пайдаланған. Кейбір дәстүрлі мәдениеттерде делдал тұлғаға ерекше құрметпен қарап, тайпа көсемдерімен бірдей дәрежеге қойған.

Медиация өзінің қазіргі түсінігінде ХХ ғасырдың екінші жартысында біріншіден англо-саксондық құқық елдерінде - АҚШ, Австралия, Ұлыбританияда орын алып, ал кейіннен Еуропада таралған. Медиацияны қолданудың алғашқы талпыныстары отбасылық қатынастар аясында туындаған дауларды реттеуге бағытталған. Кейіннен медиация кең ауқымды дауларды шешу кезінде қолданыс тапқан, жергілікті қауымдастықтардағы дауларды реттеуден басталып коммерциялық және көпшілік саласында қиын көпжақты даулармен аяқталған.

Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40 пайызы медиация арқылы өтеді, оның ішінде даулардың 85 пайызында оң нәтиже болады. Кеңес кезеңінен кейінгі уақытта қылмыстық істерді шешу үшін медиацияны бірінші болып Молдова мен Литва қолданған. Литва бұндай тәжірибенің экономикалық тиімділігін көрсеткен, заңның әрекет етуінің бірінші жарты жылдығында Литвада жарты миллион евро үнемделген. Көршілес Ресейде медиацияға қатысты заң 2011 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енген.

Медиацияның делдалдықтың басқа түрлерінен айырмашылығы, делдалдар жиі даудың пәні болып отырған салада сарапшылық білімге ие болады. Кейбір даудың түрлерінде делдал құқықтық ақпарат беруге міндетті. Бұл жайт тараптарға кез келген келісімді нормативті шектеулерге сәйкес жасасуға көмектеседі. Сондықтан да келістіруші үрдіс өзіне кеңесші міндетін енгізуі мүмкін. Ал медиация процедурасында медиатор кеңесші міндетін атқармайды. Оның орнына медиатор тараптарға даудың ортақ түсінігін табуға және дауды реттеу бағытында қызмет атқаруға ұмтылады. Медиация кім кінәсіз, кім кінәлі екендігіне емес, өзара тиімді шешімге бағытталып, тараптарды консенсусқа әкеледі.

Делдалдық та, медиация да дау қатысушыларының өзара тиімді шешім түріне келуге және даулы сұрақтарды анықтау үшін бағытталған. Бұл шаралардың барлығы салыстырмалы түрде жұмсақ үрдісті ұсынады, ал қабылданған шешімдер барлық тараптардың келісіміне негізделуі тиіс. Сондықтан да қатысушы тарапты нақты құқықтық дәлелмен қабылдайтын дәстүрлі сот процесінен аталмыш үрдіс мүлдем өзгеше.

2011 жылдың 28 қаңтарында қабыл­данған «Қазақстан Республикасының Медиация туралы» Заңына сәйкес тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады.

Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін.

Қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

Жоғары білімі бар, 25 жасқа толған, Үкімет айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты бар және кәсіпқой медиаторлар тізімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін жүзеге асыра алады. Сонымен қатар медиатордың судьядан айырмашылығы ол даудың қатысушыларымен сөз байласу кезінде белсенді түрде қатысса, судьяның ондай әрекетті жасауға құқығы жоқ.

Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды. Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін.

Судьялардың және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдар лауазымды тұлғаларының тараптарды қандай да болмасын нысанда медиацияға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.

Соттың қарауында жатқан жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады.

Азаматтық процесс шеңберінде жүргізілген медиация тоқтатылған жағдайда тараптар іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан сотқа тез арада:

1) дауды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда - аталған келісімді;

2) өзге жағдайларда заңда көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті.

Тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрмайды.

Медиацияға қатысу фактісі медиация тарапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қатысушының кінәні мойын­дауы­ның дәлелі бола алмайды.

Егер медиацияны жүргізу кезінде тараптардың бірі кәмелетке толмаған болып табылса, педагогтің немесе психологтің қатысуы міндетті.

Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс.

Дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қоюдан бас тарту медиация тарапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қатысушының жағдайын нашарлата алмайды.

Елімізде медиация институтының келешегі өте зор. Оның Қазақстанда кең ауқымда қолданылуы ұлттық заңнаманы жетілдіруге септігін тигізетіндігіне дау жоқ. Медиация сот өндірісіне істерді жіберуді азайта отырып, дауға қатысушыларға психологиялық тұрғыда жарақат әкелу мүмкіндігін кемітеді. Сонымен қатар медиацияны қолдану арқылы бітімгершілік үрдістерін жүргізу жергілікті қауымдастықтың құқықтық санасын арттырады, өйткені медиатор қызметін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша арнайы оқытудан өткен адамдар ғана атқарады.

Медиация даралылыққа құқықты тани отырып, адамдардың қоғамда қолайлы өмір сүруіне жағдайлар жасай отырып, бітімгершілікке келудің жаңа әдісі болып табылады. Медиация демократияның дамуына маңызды санат ретінде қоғамдағы демократиялық институттардың нығаюына әкеледі.

Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған, алғашқы ресми жарияланғаннан кейін алты айдан соң қолданысқа енгізілген.

Медиация сөзі «mediare», латын тілінен аударғанда, делдалдық ету, яғни тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал.

Медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Аталмыш Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады.

Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсiмiн, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсiлдерi мен құралдарын таңдау кезiнде, ақпарат алу кезiнде, дау-шарды реттеу туралы келiсiм шарттарының қолайлылығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздерiне тең мiндеттер жүктейдi.

Медиаторлар екіге бөлінеді. Олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар. Ал екіншісі – кәсіби емес медиаторлар. Заңда атап көрсетілгендей, медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес те негізде жүзеге асырады. Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, ҚР Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез келген тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар. Олар тұрғындар жиынының ресми хаттамасы арқылы жергілікті атқару органдарына тіркелуі тиісті және де заңгер мамандығы болуы міндетті емес. Медиаторлар өз қызметтерін тек қана жеке құқықтық қатынастар бойынша жүргізеді. Мемлекеттік қызметкерлерге, сотты болып, ақталмағандардың бұл қызмет түрімен айналысуларына рұқсат етілмейді.

Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады.

Түйіндей келсек, мәмілегерлікпен бітім жасап дау-шарларды шешу тәжірибесі қазақ даласындағы билер сотында ықылым заманнан көрініс тапқан. Сондықтан да, жұртшылық, қоғам арасында туындаған дау-дамайларды баламалы жолмен, қосымша әдістер бойынша шешу жүйесі Қазақстан үшін соншалықты жаңалық емес. Өркениетті елдердің ең танымал тәсілін қазақтың данагөй билері ұлы далада кеңінен атқарғаны тарихтан мәлім. Оның ішінде ауыл-аймақта, өңірлерде елге сыйлы үлкендер, абыз-ақсақалдар, ерекше құрметті қариялардың өздері-ақ мәмілегерлік жұмысын атқарып келгені де баршамызға таңсық жәйт емес. Бұл әлі күнге сарқылмай сабақтасып келе жатқан құндылық. Сондықтан да, жаңа институттың қазақстандық сот жүйесін одан сайын жетілдіре түсетініне сенім мол.

Ал халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, Малайзияда мәмілегерлік арқылы сотқа жетпей бітім жасалатын істер саны 90 пайызды құрайды екен. Тек 10 пайыз іс қана сот төрелігіне жығылады. Ал Англияның сот жүйесінде медиация ар­қылы 50 пайыз іс шешімін тауып жатыр. Осынау әділ жүйенің отаны саналатын Қазақ­станда әзірше бәрі керісінше, 90 пайыз іс бір ғана сот үкімін күтеді. Бітімгершіліктің үлесі - 10-ақ пайыз

Қолданылған әдебиеттер

 

1.                     «Қазақстаʜ Республикасыʜың 2010 жылдаʜ 2020 жылға дейіʜгі кезеңге арʜалғаʜ құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Қазақстаʜ Республикасы Президеʜтіʜің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығы (2014.16.01. берілгеʜ өзгерістер меʜ толықтырулармеʜ)

2.                     Материалы круглого стола «Судебʜая  медиация —  ʜеобходимое условие  для  развития  иʜститута  медиации в Казахстаʜе», Алматы, февраль  2013.//  [Электроʜʜый  ресурс]  — Режим доступа. — URL: http://newsroom.kz  /vpervye-  v-  kazaxstane-  nachat- proekt- sudebnaya- mediaciya/  February.

3.                     Greger  R.  Gtiterrichter    ein  Erfolgsmodel  //  ZRP.  2012.    3.

4.                     Айртсеʜ И. Деятельʜость в области восстаʜовительʜого правосудия в Европе // Восстаʜовительʜый подход в работе с ʜесовершеʜʜолетʜими правоʜарушителями (зарубежʜый опыт). Полиграф сервис, Москва. 2013. С. 51-67.

5.                     Аллахвердова О.В. Переговоры стороʜ с участием посредʜика. Школа посредʜичества (медиации) // Третейский суд. С.-Пб., 2012, № 2. С. 175-184.