МЕКТЕПТІК БІЛІМ БЕРУ САЯСАТЫНДАҒЫ МҰҒАЛІМ РӨЛІ

 

Зарина Ельбаева

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

«Педагогика және психология» мамандығының

1 курс докторанты

Зулайхо Ельбаева

Ғ.Мүсірепов атындағы №73 жалпы орта мектеп

«қазақ тілі және әдебиет» пәнінің мұғалімі

 

ХХІ ғасыр есігін ашқан қазіргі таңда мектепте, мұғалімдерге үлкен талаптар қойылуда. Мұғалім ұғымы – мағынасы кең, мәні терең, тарихи ұғым. Адамзат баласының дамуында білімнің қажеттілігі сол білімді таратушы, жеткізуші мұғалімнің қажеттілігімен бірдей маңызға ие болған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев алға ысырып отырған бәсекеге қабілетті дамыған 30 мемлекет қатарына ену, білім сапасын арттыру, ұлттық білім беру жүйемізді жаңғырту идеясының басты жүзеге асырушылары көкірегінде Отанына, ұлтына сүйіспеншілігі бар азаматтар мен мұғалімдер қауымы екені сөзсіз [1].

Қазіргі таңда мұғалім жас ұрпақты білім нәрімен сусындырып ғана қоймай, қазақ ұрпағымыздың болашағы үшін мемлекеттік білім беру саясатында қарастырылатын Ұлттық білім үлгісіні сақтау және нығайту қызметін де жүзеге асыруда.

Ұлттық білім үлгісінің негізгі бағыты-адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, психикалық даму ерекшелігіне мән беру, сол арқылы оның рухани жан-дүниесінің баюына, саяси көзқарасының, творчестволық еркіндігі мен белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай жасау, мүмкіндік беру. Танымал ғалым А.К.Мынбаева Ұлттық білім беру үлгісін сақтау және нығайту мәселесін «білім беру саясаты», «мектептік саясат» мәселелері аясында қарастырған[2]. Э.Днепров «білім беру саясаты» ғылымда XX ғасырдың 80 жылдары қарастырыла басталды деп жазған. Э.Днепров зерттеуі бойынша мектептік саясат жалпы білім беру саясатынан ертерек қарастырыла бастады. Жалпы білім беру саясаты ЖОО-ң құрылуы барысында, автономдылығына сәйкес ЮНЕСКО деңгйінде кеңінен қарастырылса, мектептік саясат адамдардың білім алу үдерісі қалыптасу барысында қарастырыла бастаған. Мектептік саясат мемлекет тарапынан түрлі ресми, бересми бірлестіктердің көмегі негізінде жүзеге асырылады.

Т.Реган білім беру саясатының 4 типін бөліп көрсетеді: оқу саясаты; әдістемелік саясат; ресурс саясаты; дистрибут саясаты (Керр, 1976) [3]

Біз өз зерттеуімізде мектептік саясат мәселесін оқу саясаты, әдістемелік саясат, қаржылық саясат және мұғалім статусы мен қызметін қамтитын кадрлық әлеует саясаты тұрғасынан қарастырдық.

Аталған мектептік білім беру саясатын жүзеге асыру және жетілдіруде мұғалімнің орны мен олардың міндеттерінің айрықша екенін елбасымыз Н.Назарбаев: «Мұғалімдер – қоғамның ең білімді, ең отаншыл, білгілеріңіз келсе, ең санампаз бөлігі болып табылады» - деп атап көрсетті.

Жақсы мұғалім ескі нәрсені қолданып, жаңа нәрсеге жете алатын мұғалім (Конфуции).

Ахмет Байтұрсынов: «Білімділікке жеткізер баспалдақ, ол біліктілік, сол білімді іске асыра білу дағдысы» - деп айрықша көрсеткен.

Сонымен қазіргі таңда мұғалімнің ғылыми іс-әрекетінде маңызды  «өзгеру» және «өзгерте алу» ұғымдарына тоқталып өтсек.

Танымал психолог «өзін-өзі тану және өзін-өзі дамыту негіздері» еңбегінің авторы В.Г. Маралов «тұлғаның бойындағы өзгеру және өзгерте алу іс-әрекеттері тұлға өзін-өзі тануы мен өзінддік жетілуі негізінде жүзеге асады» деп жазды[4].

Қазіргі таңда әлем елдерінің білім саласындағы болып жатқан реформалар және олардың нәтижелі болуы көбіне    мұғалімдер қызметімен байланыста сипатталады.  Сондыктан білім беру саласында қызмет атқарып жүрген әр мұғалім білім сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті, тәрбиелі-білімді тұлға қалыптастыру үдерісінде өз миссиясын яғни өз мақсаты мен міндеттерін нақты айқындай білуі керек.

Үнді елінде есімі ел есінен шықпайтын Махатма Ганди «Әлемді өзгерткің келсе – өзіңнен баста» деген сөзін қолдана отырып,  Қазақстан білім беру жүйесі мен үдерісін өзгертті, әлемдік білім беру сапасын арттырудағы озық тәжірибелерді қолдану ғана емес сонымен қоса болашақта әлем біздің білім беру траекториямызды үлгі ете алатындай дәрежеге жетуіміз керек. Осындай мақсатты алға қойған кез келген мұғалім өзгерісті өзінен бастауы керек

Танымал ғалым С Бич мұғалімге  «Сіз өзгересіз, себебі сіз білім бергенді жақсы көресіз, балаларды сүйесіз және олар мына жылдам өзгеретін әлемде бағыт беріп отыратын сізді қажет ететіндігін білесіз, оны істеу үшін сізге алдымен өз жолыңызды табу қажет. Сондықтан, сіз де, олар да өзгеруі қажет» деп айтқан болатын.

Бүгінде білім саласына жаңа реформалар енгізу бүкіл әлем елдерінде ең өзекті мәселелердің бірі болуда. Әсіресе Қазақстан білім жүйесіне жаңа емтихандар енгізіліп, мектепте білім беру жүйесі жаңартылып, ұйымдық-құқықтық құрылымдарға түзетулер енгізіліп, түрлі «Үш тұғырлы тіл», «12 жылдық білім беру» және т. б. реформалар жоспарлануда. Осы орайда аталған мәселелер көрініс табатын мектеп саясаты мен мектептік білім беру мазмұны әлемнің озық елдеріне қарай қарастырылуда.

Мектеп саясаты ҚР «Білім туралы» Заңына, Білім беру стандарттарына, оқудың типтік бағдарламаларына сүйене мектептің білім сапасын жоғарылатуға, кадр патенциалын толық және үйлесімді қолдануға, мектепті заман талабына сай оқу әдістемелік  құралдармен қамту мен мектепті қаржылай қамтудың тиімді жолдарын айқындауға бағытталатын педагогикалық үдеріс.   Мектептік білім беру саясаты аясында мұғалімнің қызметін төмендегі суреттен қарап өтсек (1 сүрет).

Қорыта келгенде танымал ғалым Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы мұғалім қызметін: «Мұғалім – шәкірттерге сабақ берумен, білім үйретумен шектелген маман иесі емес, ол шәкірттерінің алдағы өмірін көз алдына келтіріп, өз басынан кешірген тәжірибесіне таянып, келешекте жазатайым аяғын шалыс басып, өмірден соққы жеп, өкінбеске күн бұрын сақтандыратын қорғаушысы, қамқоршысы». Мектептік саясат аясында ұлттық үлгідегі білімді сақтау және жетілдіруде мұғалім рөлі ерекше.

 

Мектептік білім беру саясатындағы мұғалім қызметі

Оқу саясаты аясында

Жас ұрпаққа жоғры буын білім, білік, дағды, тәжіриббесін трансформациялайды яғни, тәрбиелеу, оқыту, дамыту, қалыптастыру және т.б. қызметтерді атқарады

 

Әдістемелік саясат аясында

Мектептік білім беру саласына енгізіліп жатқан оқу әдістемелік құралдар мазмұнына аналитикалық талдау;

Білім беру үдерісі барысында ұлттық идеяны насихаттау және ұстану;

Мектептік білім беру реформаларын өңдеуге және білім беру үдерісіне енгізуге белсене қатысу және т.б.

 

 

 

Қаржылық және ресурстық саясаты аясында

Адам капиталын дамыту

 

Кадрлық саясат аясында

Ғылым білім дамуы мен заман талабына сай біліктілігін үнемі арттыру;

Қызметіне шығармашыл қатынас білдіру;

 және т.б.

 

-Ұйымдастыру, тәрбиелеу, білім беру, дамыту, бағалаушылық, рефлексиялық;

-Мақсат қою, болжау, жобалау,  жоспарлау,басқару;

-Диагностикалық, мотивациялық, түзету және т.б [5].

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


1-Сурет. Мектептік білім беру саясатындағы мұғалім қызметі.

 

 

 

 

1 сүрет. Мектептік білім беру саясаты аясында мұғалімнің қызметі

 

РЕЗЮМЕ

Мақалада автор мектептік білім беру саясатындағы мұғалім рөлін, оның қызметі мен мәртебесін қарастырып өткен. Білім беру саясаты аямағында қарастырылатын мектептік білім беру саясатының құрамдас бөліктері бөліп көрсетілген .

Тірек сөздер: білім беру саясаты, мектептік саясат, мұғалім, мұғалім қызметі.

 

Қолданылған әдебиет:

1.   Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның 2030 жылдарға дейінгі Даму стратегиясын іске асыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы»//http://online.zakon.kz/Document/?doc_id=51043954

2.   Образовательная политика: теории и концепции, тенденции стратегии развития/А.К.Мынбаева, Ш.Т.Таубаева, А.А.Булатбаева, Н.Анарбек.-Алматы: Қазақ университеті, 2014-227с.

3.   Reagan, T. (2002). Language, education and ideology: Mapping the linguistic landscape of U.S. schools. Westport, CT: Praeger.

4.   Маралов В. Г. Основы самопознания и саморазвития: Учеб. пособие для студ. сред. пед. учеб. заведений. М.: Издательский центр «Академия», 2004. — С. 3

5.   Адольф В.А., Ильина Н.Ф. Инновационная деятельность педагога в процессе его профессионального становления/ Красноярск: Поликом, 2007. - 190 с