ЭКРАНДЫҚ  ҚҰРАЛДАРМЕН  ЖҰМЫС ІСТЕУ ӘДІСТЕМЕСІ

 

Арынова Г.Ғ.

Абай атындағы ҚазҰПУ, аға оқытушы

 

Бүгінге дейін мектептерде оқу үдерісінде мұғалімдер дүниетану сабақтарында экрандық құралдарды (кинофильмдер, диафильмдер, эпифильмдер, диапозитивтер, кодоскоп транспорттары) кеңінен  қолданып келеді. Бұл құралдар  әдістемелік тұрғыдан дұрыс қолданылса,  оқушылардың танымдық  әрекетін жұмылдыруға себін тигізеді. Олар оқытуда көрнекілікті арттырып, оқушылар табиғатын тікелей бақылай алмайтын құбылыстармен (ерте көктемде аңдар ұрпағының пайда болуы, гүлдердің біртіндеп ашылуы, бақалар мен кесірткелердің, жәндіктердің аулауы танысуына мүмкіндік жасайды; экран табиғат құбылыстары туралы өте дәл және толық мағлұмат беруге мүмкіндік туғызады).

Экрандық  құралдары сабақтың барлық кезеңдерінде пайдалануға болады, бірақ мұғалім оларды басқа құралдармен үйлестіре отырып, табиғаттану cабағының белгілі бөлігінде өткізу қажеттігін ескеру керек. Мұғалім сабақта  міндетті түрде оқушылардың демонстрацияланған материалдың мазмұнын қаншалықты саналы түрде түсініп алып, ұғынғанын тексеруге тиіс. Мәселен «Табиғаттағы қысқы құбылыстар» тақырыбы бойынша өткізілген сабақта қыс туралы әңгімелесудің соңынан, кинофильмді көрсетуден бұрын мұғалім оқушыларға 2-4 сұрақтар қойып, соңынан  «Қыс» кинофильмін көрсетеді де көрсету кезінде оқушылар қыстағы және тірі табиғатта болып жатқан өзгерістерді қадағалайды. Балалар киноны көрген соң қойылған сұрақтарға жауап береді.  Бұл қысқы бақылау программасын белгілеп, табиғаттағы күзгі өзгерістерді қысқы өзгерістермен салыстыруға мүмкіндік береді.

Мұғалім жаңа материалды оқыту кезінде көбінесе бастапқы шағын кіріспе әңгімелесу өткізеді, соңынан экранды және қосымша құралдарды пайдалана отырып, оқушылардың назарын берілген обьектіге аударады, оған тән белгілерді айқындап, оның басқа табиғи нәрселер мен құбылыстар арасындағы орнын белгілейді. Тек осыдан кейін ғана обьекті бойынша тікелей әңгімелесу өткізіліп оқушылардың жаңа сабақта қандай жаңалық білгенін айқындайды.

Балалардың ойлау қабілетін жандандыру үшін сабақта экрандық құралдарды пайдалану бағдарламасын ойластырып, оны көрсету уақытын белгілеу керек, басқа да көрнекі құралдарды іріктеп алып, оларды пайдаланудың сан алуан әдістерін ойлау қажет. Қарап шыққан материал мен оқушылардың жеке тәжірибесі негізінде мұғалімнің міндеті-оларды қажетті қорытындылар жасауға және жинақтап қорытуға итермелеу.

Қорытындылаушы сабақта экрандық құралдарды пайдалану, бағдарламасын ойластырып оны көрсету уақытысын  белгілеу керек, басқа да көрнекі құралдарды іріктеп алып оларды пайдаланудың сан алуан әдістерін ойлау қажет. Қарап шыққан материал мен оқушылардың жеке тәжірибесі негізінде мұғалімнің міндеті- оларды қажетті қорытындылар жасауға және жинақтап қорытуға итермелеу.

Қорытындылаушы сабақта экрандық құралдарды пайдалану, алған бетте сақтауға мүмкіндік беріп, оның нығайып, кеңейе түсуіне ықпал жасайды, логикалық ойлау әрекетін дамытуға септігін тигізеді.

Диафильмдерді сабақта пайдалану тәсілдері сан алуан. Мұғалім диафильмді толық немесе жеке кадрларын көрсете отырып, оқушылармен әңгімелесе алады, мүмкіндігі болғанда кадрдың тексін толықтырады. Әдетте оқушылардың көңілін алаңдатпай, кадр мазмұнын дұрыс қабылдап, дұрыс түсіндіре білуге үйрету үшін тексті мұғалімнің өзі оқиды. Диафильмді  қайтадан қайталағанда тексті көрсетпей-ақ, кадр мазмұнын оқушылардың өздері әңгімелесуіне немесе мұғалімнің сұрақтарына жауап беруге мүмкіндік беру қажет.

Мұғалім білімді жүйеге келтіріп, бекіту кезінде диафильмдер мен диапозитивтерді пайдалана отырып, оларды көрсетуден бұрын сыныпқа сұрақтар қояды, оқушылар оларға кадрлерді көргеннен кейін жауап береді. Көргендерін қысқаша айтып, талдау жасау балалардың байқампаздығын дамытуға жәрдемдеседі.

Бастауыш сыныптарда оқу кинофильмі кең пайдаланылады, ол оқушылардың табиғатпен танысуына шексіз мүмкіндіктер жасайды.

Кинофильм көркем мәнерлі құрал болуы арасында балалардың эстетикалық сезімдерін дамыта отырып, үлкен тәрбиелік маңызға ие болады. Ол біздің табиғаттың байлығы мен әдемілігін ашып көрсетеді.

Сабақта кинофильмді пайдалану мұғалімнің тыңғылықты даярлығын талап етеді. Фильмдердің қайсы бірін пайдаланған кезде ең алдымен орындалуға тиісті мақсатты белгілеп алу керек.

Мұғалімдер соңғы кезде дүниетану сабақтарында телевизиялық хабарларды кең пайдалануда, ол да кинофильмдер сияқты табиғатты  бақылауға қиын немесе мүмкін емес үдерістерді, құбылыстарды, оқиғаларды көруге мүмкіндік береді.  Телеэкраннан жануарлардың қысқа қалай дайындалатынын, қалай қыстап шығатынын, ерте көктемде қалай оянатынын және т.б. көруге мүмкіндік болады.

Мұғалім телевизиялық сабақ өткізген кезде тақырыпқа жалпы кіріспе жасайды немесе оқушыларды телевизиялық хабарды барынша ойланып саналылықпен қабылдауға даярлай отырып, материалды пысықтайды. Әдетте 15-20 минутқа созылатын хабарды көріп болған соң мұғалім көргендері мен естіген материалы негізінде әңгімелеседі. Оқушылар хабарды жай ғана көріп қоймай, оны ынтамен қабылдап, саналылықпен меңгеретін болуы керек. Мұғалім  мұны жүзеге асыру үшін оқу телевизиялық хабардың аннотацияланған программасымен алдын- ала танысуы тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қожагелдиева С. Бастауыш сыныптарда дүниетануды оқыту әдістемесі. Түркістан 2008

2. Аймағамбетова Қ. «Дүниетану негіздері» және «Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы». Алматы, 2006

3. Сихимбаева  С.М. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. Шымкент, 2008