Колледж студенттерімен  әлеуметтік- педагогикалық жұмыс жүргізу жолдары

 

Ұ.Б. Төлешова, п.ғ.к., жалпы және этникалық педагогика

кафедрасының доценті;

Г.О. Құрманалиева, «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану»

мамандығының 2 курс  магистранты,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Алматы, Қазақстан Республикасы

 

Қазіргі заманның талабы, жас ұрпақты жеке тұлға етіп тәрбиелеу, ол тұлғаның дүниетанымы кең, өзін - өзі қоғамда, өзі білім алып жатқан оқу орнындағы ұжымда бақылай алатын және кез-келген ортада өз-өзін таныта білетін болуы қажет. Бұл міндеттер баланың сол оқу орнына бейімделуімен тығыз байланысты.

     Өркениетті әлемнің таңдаулы мүшесі  болу – мемлекеттің  рухани  және  мәдени  қуатына, ғылымы  мен  біліміне  тікелей  байланысты. Сондықтан  Н.Ә.Назарбаев  «...білім  мен  ғылымды  өз  дәрежесінде  меңгерген  елдер  ғана  әлемдік  дамудың  алдында, озық  күштің  бой  ұстар  тұсында  болады»  деп  мемлекет  тағдыры  мен  кәсіби  білікті  де  құзыретті  мамандар  даярлауды  негізгі  басымдықтар  деп  қатар  қояды.

   Колледж – кәсіптік білім берудің шешуші факторы ретінде, кез – келген оқытушы мен топ кураторынан білімалушылардың колледжге бейімделуін қалыптастырудың дұрыс та, тиімді жолдарын білуді талап етеді. Тіпті қалыптасып бейімделген білімалушылар тобының өзінде даму үшін бірталай жұмыстар жасау қажет болады. Сонымен, білімалушылар колледжде - өз - өзіне деген сенімділік, өз ойын білдіре алуға деген ұмтылысы мен таңдаған болашақ мамандығына деген жауапкершілікпен белсенді іс-әрекет қажеттілігін ұғынуы, танымдық іс-әрекетке деген  ұмтылысы, жалпы өмірлік жоспарды ұғынуы маңызды орын алады.

    Кәсіби білім беру мақсаты – аса күрделі міндеттерді шеше алатын ғана емес, сонымен бірге өз алдынан мәселелер қойып негізінен жаңа шығармашылық шешімдер таба білетін жоғары квалификациялы мамандарды дайындау. Кәсіби міндеттерді атқаратын жоғары білімді мамандар класына В.С.Леднев былай деп анықтама береді: «күрделі алгоритмдерді пайдаланатын қызмет, шешімдерді конструкциялауды талап етеді (ұйымдастырушылық еңбек параметрлері, технолгия және т.б.), сонымен бірге  ағымдағы және өз қорындағы орасан зор ақпараттарды пайдалану, бұндай қызметте жекелеген ғылыми шығармашылық белгілердің болуы өзіне тән қасиет» дейді. Көп сатылы кәсіби дайындаудағы оқу процесін құру ерекшелігі оның циклды болуында, яғни, әрбір саты жоғары білім алу процесінің ішінде салыстырмалы түрде аяқталған цикл, соның қорытындысында студент белгілі бір білім бөлігіне ие болып, үйренеді және тәжірибе жинайды, дайындығы және мамандануы жоғары дәрежеге өсе түседі. Бұл білім алушыға оқудан бос кезінде еңбек қызметінен айналысуына мүмкіндік жасайды.

Қазіргі  күні  Республикамызда  әлеуметтік  педагогика  компоненттерінің  еңбектің  ұйымдастырылуы, саяси-құқықтық  ұйымдардың жұмыс жасауы  және білім  берудің  ерекшеліктеріне  сәйкес  қиындықтар  туындауда. Олар:  адамның  қоғамға дұрыс бейімделе алмауы, өзін тұлға ретінде жүзеге асыра алмауы, мектепте  немесе отбасында  конфликтердің пайда болуы, қиын немесе қаңғыбас  балалармен  жұмыс жүргізудің  өз деңгейінде  жүзеге аспауы, баланың  өз құқығын  білмеуі,  адамдардың  өздеріне қажетті  әлеуметтік көмекті ала алмауы және т.б. себептерден қоғамымызда  келеңсіз жағдайлар орын алуда. Бұлар өз кезегінде  білікті де  білімді  әлеуметтік педагогтарды талап етеді. Бұл жұмыс  мамандық қана емес,  сонымен қатар басқа  адамдарға  қол ұшын беретін, адами мәселелерін бірге шешетін, тиімді, дұрыс шешілу жолдарын табатын адамдар.

           Осы  міндеттерге байланысты жалпы   білім беретін колледждерде тәрбие ісінің мазмұны отандық және әлемдік өркениетті елдердегі психология, педагогика және физиология ғылымдарының жетістіктерін пайдалана отырып жетілдірудің қажеттігі туындауда. Бұл бір жағынан, екінші жағынан, бүгінгі өскелең ұрпақтың бойындағы рухани құндылықтардың өнегелік нұсқаларын бір-біріне  кіріктіре отырып игеруге бағыттай білу балалар тәрбиесінің мазмұнын, құрылысын және нысандарын одан ары жетілдірудің қажеттілігі туындап отыр. Үшіншіден әрбір қоғамда болып тұратын формациялық өзгерістер өскелең ұрпақ тәәрбиесінің мақсаты мен мазмұнын өзгертуді, тәрбиелік әдістемелік технологияларын жаңартып, толықтырып отыруды талап етеді. Бұл мәселенің шешімін табу, өсіп келе жатқан жеткіншек ұрпақты жан-жақты жетіліп, үйлесімді дамыған адамгершілік қадір - қасиеттері мол жеке тұлға етіп тәрбиелеуде берік  тұғырлық негіз қалайды. Осы орайда әлеуметтік педагогтың қызметінің маңызы ерекше.

Әлеуметтік педагог - өсіп келе жатқан тұлғаның мүддесін, заңдық құқын қорғаушы. Әлеуметтік педагог-сырттан бақылаушы емес, ол балалар мен   ересектердің бірлескен қызметінің тікелей қатысушысы, сонымен қатар – бұл қызметтің жетекші ұйымдастырушысы. Оның барлық күш жігері адамды әрекетке, әлеуметтік жетістікке жетуге, қиын жағдайдан шығу жолын іздеуге оятуға бағытталады, адамдардың мәселелерін өздері шеше алуына көмектеседі. Әлеуметтік педагогты рухани жетекші, тәлімгер десек те болады, себебі ол жылдар бойы баламен, оның отбасымен жұмыс жүргізеді, әлеуметтік, жалпыадамзаттық құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен бірге ол әлеуметтік терапевт - өзінің қамқорлығындағы адамдардың кикілжіңжі жағдайын шешуге, соған сәйкес мамандарға көрінуіне көмектеседі.  Сондай-ақ  әлеуметтік педагог  бала мәселелерін жан-жақты шешуге құзырлы түрлі мамандардың күшін біріктірумен және олардың қызметіне координация жасаумен де айналысады. Әлеуметтік салада қызмет ететін педагог әлеуметтік тәрбиенің түрлі мәселелерін, зерттеу істерін де ұйымдастырып, сонымен бірге әлеуметтік педагогтар ұжымдар мен түрлі педагогикалық орталықтардың жұмыстарына да талдау жасауға міндетті.

Әлеуметтiк  педагог - басқалармен салыстырғанда бiздiң ел  үшiн жаңа  мамандық. Айта кету керек, отандық әлеуметтік педагогтар өздерінің әлеуметтік- педагогикалық іс-әрекетінде балалар мен үлкендердің, отбасы мен мемлекеттік қызметтердің, ұйымдардың, мекемелердің арасын байланыстыратын делдал болудан бастап, заңды құқықтарды қорғау, шиеленістерді шешуге дейінгі түрлі әлеуметтік рөлдерді атқарады. Әлеуметтік педагогтың негізгі қызметіне баланы әлеуметтік тұрғыдан қорғау, оған әлеуметтік көмек көрсету, білім алуын, қоғамға бейімделуін ұйымдастыру жатады. Солай бола тұра, оқушы тұлғасы әлеуметтік - педагогикалық іс- әрекеттің субъектісі болып есептеледі.  Әлеуметтік педагогтың кәсіби іс-әрекетінің мазмұны негізінде Л.С. Нагавкина, О.К. Крокинский, С.А.Кособуцкийлер жалпы білім беретін мекемелердегі әлеуметтік-педагогикалық іс-әрекеттің негізгі қызметтерін анықтады. Олар: профилактикалық, қорғаушылық, ұйымдастырушылық. Аталған қызметтерді анықтай отырып, М.А.Галагузова, Ю.Н.Галагузова, Б.П.Дьяконов, Е.Я.Тищенко, Г.Н.Штинов оның: диагностикалық, делдалдық, профилактикалық, қорғаушылық, түзетушілік, реабилитациялық түрлерін бөліп көрсетті.

Әлеуметтік педагогтың қажетті ақпараттарды алуы үшін өзінің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес диагностиканың көптеген түрлерін қолданады. Мысалға айталық:

- медициналық диагностика: әлеуметтік педагог дәрігерлер сияқты  ауруларын анықтап диагноз қоймайды (мысалы, нашақорлық, шизофрения, маскүнемдік), бірақ медициналық қорытындыны біліп, ауруға алып келетін әлеуметтік-педагогикалық салдарларға болжам жасайды;

- психологиялық диагностика: кіші мектеп жасында, жасөспірімдік және жасжігіттік кезеңде болатын (психиканың жас ерекшеліктерімен байланысты танымдық белсенділік, мінез-құлықтық реакциялар, девиантты мінез-құлыққа бейімділік және т.б.) қауіп-қатер факторларын есепке алу;

- әлеуметтік диагностика, яғни қоғамдағы өзара қарым-қатынасты айқындау мен оқып-тану. Оның мақсаты әлеуметтік диагноз қою, баланың, отбасының әлеуметтік денсаулығының жағдайы туралы қорытынды жасау. Әлеуметтік педагог үшін баланың өмірлік жағдайына, оның отбасына деген қарым-қатынасына араласу мен оны қоршаған ортаны анықтау аса маңызды;

- педагогикалық диагностика – бұл педагогикалық үдерісте көрініс беретін бала тұлғасын зерттеу. Әлеуметтік педагог тұлғаның күш-қуатын  және оның ашылмаған қабілеттерін зерттеп тануға әрекет жасайды;

- әлеуметтік-педагогикалық диагностика, баланың әлеуметтік микроортамен өзара іс-әрекетін, оның тұлғаны қалыптастырудағы ықпалын айқындайды.

Тұлғаның адамгершілік қасиеттері баланың қалыптасуының нәтижелері ретінде оның гуманистік бағдарының әсерінен туындайды.Оны бағдарламау әлеуметтік педагогтың назарын бірнеше объектіден бір ғана объектіге аударып, оның жұмысын жеңілдетеді. Әлеуметтік педагог барлық колледж студенттерімен тікелей жұмыс жасайды және  іс-әрекеттерінің нәтижелі боуына септігін тигізеді. 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.        Мудрик А.В  Социальная педагогика  М: Академия 2002

2.        Галагузова Ю.Н и др . Социальная педагогика. М. ВЛАДОС 2003

3.        Баймуканова М.Т. Научные основы подготовки будущих социальных педагогов к работе со студентами по формированию семьи: дисс. ... канд. пед. наук: 13.00.08, Алматы, АГУ им. Абая, 2001.- 142 с.