Педагогика/ секция 2

Тагаева С.А.,Тагаева Г.А.

Тараз инновациялық гуманитарлық университеті,

Н.Ақшабаев атындағы орта мектеп, Қазақстан

Мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің педагогикалық мүмкіндіктері

Қазақстан Республикасында болып жатқан саяси-әлеуметтік, экономикалық өзгерістер білім беру жүйесін өзгеше құруды талап етуде. Әсіресе, білім беру саласында ізгілендіру, демократияландыру үрдістері жүріп жатқан кезде, білім мазмұнын ұлттық ерекшеліктер негізінде құру, өсіп келе жатқан жас ұрпақты рухы биік, саналы, патриоттық сезімі жоғары тұлға етіп тәрбиелеу қажеттігі туындап отыр.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде халықтар арасындағы бірлікті нығайту, отансүйгіштікке тәрбиелеу, тіл мәдениетін орнықтыру мәселелеріне тоқталып: «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз – Қазақстандық Отансүйгіштікке тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеуін қалыптастыру. Шынайы Отансүйгіштікті, нағыз азаматтықты қалыптастыру жеке бастың өзін саяси тұрғыдан айқын сезінуін, өз Отанын саналы түрде таңдауын көздейді»  - делінген [1].

Жас ұрпақты жауынгерлік, Отансүйгіштік рухта, ата-бабамыздың ерлік өнегісімен тәрбиелеуді мақсат етіп қойдық, әрине, бұл мақсатқа жету барысында біздер болашақ педагог-ұстаздар халықтың төл ерекшеліктерін терең меңгеріп, олардың бала тәрбиесінде алатын рөлін айқындап алуымыз керек. Ертеңгі болашағымыз - өскелең ұрпаққа сол тұрғыда білім мен тәрбие беруіміз қажет-ақ.

Белгілі жазушы, қоғам қайраткері: Ә.Кекілбаев: «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры» деген еңбегінде: «Өз мүддесін өзі қолдап, өз есесін өзі түгендеп атаның алғысын, ананың ақ сүтін ақтай алған перзенттен қатардың азаматы шыға алмақ. Халқының көңілінен шығып, қауымының үмітін ақтап, өткен ұрпақтың есесін түгендеп, келешек ұрпақтың мерейін үстем ете алған перзенттен Отанның азаматы шыға алмақ.

Ендеше, ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры. Өз ұрпағының тәжірибесін өз жолына қоя алған ұлт қана өз тағдырын өзі ойдағыдай қамдай алмақ»- деп көрсетті. Жас ұрпақты ұлттық бірлікке, Отанын, елін, жерін сүюге, ұлттық тәуелсіз мемлекетті нығайтуға өз үлесін қосуға тәрбиелеуде көркем шығарманың маңызы зор. Көркем шығармаларда патриоттық сезімді ардақтап, батырлық, ерлікке мадақтаған, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттер дәріптелген.

Д. Исабеков: «Патриотизм өзінен өзі келетін қасиет емес. «Отанды сүю» деп жалаң айқайлау жастарды патриотизмге тәрбиелеу боп табыла бермейді, міне, мынадай Отаныңды сүй деп тәрбиелесек, сірә, сол ұғымды болар. Ол үшін ауқымды мемлекеттік бағдарлама, мәдениет жөніндегі жетілген заң керек», - деген өте құнды пікір айтқан. Көркем шығармаларда өзінің жеке басын ғана емес, елдің амандығын ойлаған, отқа күймейтін, суға батпайтын ержүрек қаһармандары, батыр ұлдары мен қыздарының ерлік істерін суреттейді.

Көркем шығармаларда халықтың сүйе тыңдап, сүйсіне жырлағаны – көпшілік үшін жасалған ерлік, батырлық істер, ел қорғау әңгімелері болған. Бұл тақырыпта әдемі әңгіме, ертегі, өлең, жырлар туғанын, оларда халықтың батырлық, ерлік істерді және оны жасаушыларды ардақтағанын білуге болады.

Оқу-тәрбие үрдісінде жер, Отан, тау, тас, табиғат, жан-жануарлар т.б. туралы жұмбақтар мектеп оқушыларының еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімдерін дамытады. Қай халықтың ауыз әдебиетін алсақ та ертегілер ауызша айтуға лайықты түрде құрылады.  Қазақ ертегілерінің тақырыптарына, суреттелген оқиғаларына қарап белгілі бір дәуірлерге топтауға болады. Кейбір ертегілер қазақтың өте ерте замандағы өмірін елестетеді. Мұндағы негізгі күрес аңшылық, малды қыстан аман алып қалу, әртүрлі стихиялық күштерді жеңуге қарсы жұмсалады. Басты кейіпкерлердің іс-әрекеті де, ұнамдылық жағы да соған орай көрсетіледі. Мысалы, «Ер Төстік», «Құлагер»  т.б. ертегілері.

Қазақ халқы, оның ішінен шыққан дана адамдар өзінің замандастарына да, кейінгі ұрпақтарына да жақсы тәрбие беруде. Оларды  зұлымдық әрекеттерден сақтандырып, адамгершілікке үндеу мәселелерін ерте кезден-ақ қолға алғаны ертегілерден байқалады. Көп ертегілерде суреттелетін әділдік пен жауыздық арасындағы күрес бастауыш сынып оқушыларының патриоттық сезімдерін оятуға септігін тигізеді.

Белгілі әдебиет өкілі Ө.Тұрманжанов «Мақал-мәтелдер туралы» атты ғылыми еңбегінде: «Қашан қайда болсын, адамға ең жақын, ең қымбатты туған Отаны, өскен жер, туған елі. Сондықтан да халық «Отансыз адам, ормансыз бұлбұл», «Ел іші алтын бесік», «Жекен жерінде көгерер, ер елінде көгерер!» - деп халық өскен ұрпағын Отаншылдық патриотизмге шақырады .

Ана тілін білмейінше қазақтың баласы ұятын танымайды. Олай дейтініміз жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің бір ұшы қазақтың ауыз әдебиетінде, мақал-мәтелдерінде, қанатты өздерінде жатыр. Мысалы: қазақтың мақалы «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол», «Ер бір өледі, ез мың өледі», - деп оқушыларды елін сүюге, намысты таптатпауға тәрбиелейді. Кейбір мақалдар елдің егемендігін, дербестігін ашып береді. Еркіндік пен отаншыл сезімді ерте ояту, жүрек отын ертерек тұтату парыз деп ұғынған ата-бабамыз осы патриоттық тақырыпқа арналған мақал-мәселдерді жастайынан балалардың құлағына құйып өсірген. Ғасырлар бойы қазақ жерін қорғап келген батырларын халқымыз аузынан тастамай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп отырған. Соның бір дәлелі батырларға арналған мақал-мәтелдер. Ер қуаты – қаруы, ел қуаты – батырлары. Ер намысы – ел намысы. Елді ерінен бөліп қарама, ерді елінен бөліп қарама және басқа да көптеген мақалдарды айтуға болады.

Халық батыры Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық, ерлік деген ұрпақтан – ұрпаққа ата дәстүрі қала бермек. Өткенін білмеген, одан тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы –тұл, келешегі – тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық».Жаугершілік замандағы аңыз-әңгімелер, жыр-жоқтаулар – үлкен тәрбиелік мәні бар білім мен өнегенің нағыз қайнар көзі, халықтық педагогиканың негізінде ұлт қаһармандарының өмірі мен тарихи қызметі арқылы жеткіншектерді патриоттыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады[2]. Мектептің патриоттық тәрбие жөніндегі барлық жұмысы тәрбиенің басқа салаларымен тығыз байланысты. Оқушыларды Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің тату-тәтті, достық қарым-қатынаста, туысқандық, ынтымақтастықты көркем шығарманы оқу барысында оқу барысында, оны өмірмен салыстыра отырып тәрбиелеуге болады. Көркем шығарма - өмір мектебі. Көркем туындыда халықтың тарихы жүріп өткен тағдыры, өмір белестері, елдік-ерлік дәстүрлері, тұрмыс салты, өзіндік тілі, діні жинақталған, табиғаты кескінделген, адамгершілік ұғым-түсінігі көрініс табады.Көркем шығарманы оқыту арқылы оқушылардың патриоттық сезімін қалыптастырамыз, дүниеге көзқарасын дамытамыз. Көркем шығарма балаларда алуан түрлі сезім, ой туғызады.

Тәрбиедегі ең басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болуы керек екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көптеп көмектеседі, солар арқылы ол жалпы азаматтық әлемге аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өткеннің талаптары негізінде жас ұрпақты өмірге даярлап, оны жинақталған бай тәжірибе арқылы тәрбиелей отырып, өзінің ата-бабаларының рухани мұрасын игере түсуі керек».

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Н.Ә.Назарбаев. Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде.

Алматы,1993ж.

2. С.Қалиев. Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі. Алматы, 1996ж.