ф.ғ.к., доцент С.Т.Айбергенова,
2-курс магистранты Д.Г.Орынбаева
Абай атындағы Қазақ
Ұлттық Педагогикалық Университеті
ҚАЗІРГІ
ҚАЗАҚ ӨЛЕҢ ҚҰРЫЛЫСЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Мақалада қазіргі, яғни 90-жылдардан
бергі қазақ поэзиясындағы құрылымдық
өзгешеліктер туралы сөз болады. Қазіргі поэзияда
ақындардың ізденісі формалық жағынан
дәстүрден тыс, яғни дәстүрлі өлшемдерден
тыс ақ өлең, верлиберлер, прозалық өлеңдер
мен графикалық суреттер арқылы көрінуде. Бұндай арнайы
өлшемдер ақынның жеткізбек ойына тосқауыл қоймайды,
керісінше өлең формасының түрленуі арқылы
оқырман назарын өзіне аудартуда ерекше рөл атқарады.
ХХ ғасырда өлең формасындағы
жаңалық болып ақ өлеңдер есептелсе, қазіргі
таңда формалық жаңалық ретінде кескінді
өлеңдер қарастырылуда. Мұндай өлеңдер туралы
зерттеуші А.Квятковский пікірін негізге ала отырып, бүкіл
мәтіннің тармақтары жұлдыз, крест, жүрек, ваза,
үшбұрыштар, пирамида сияқты белгілі бір кескіннің
сызбасымен берілетін өлеңдерді қазақ поэзиясынан
қарастырады. Әсіресе, Ерлан Жүністің ромб үлгісінде
келген өлеңдеріне құрылымдық талдау жасау
арқылы, дайын формаға ұйқас қоя салудың
артықшылығы мен кемшіліктері тұрғысында өз ойын
тұжырымдайды.
Қазіргі поэзияда формалық жағынан дәстүрден
тыс, яғни дәстүрлі өлшемдерден тыс дамудың
ақ өлең, верлиберлер, прозалық өлеңдер мен
графикалық суреттер арқылы көрінуде. Мұндай формалар
ақын ізденісінің бірі, яғни, мазмұнды берудің бір
жолы ретінде талантты ақындардың шығармаларында
көрнекті орын алмаса да, тәжірибелік деңгейде ұшырасып
жатады.
Олардың ішінде көнесі, әрі кең
жайылғаны – ақ өлеңдер. Ақ өлең
қазақтың қара өлеңіне мүлдем
кереғар құбылыс деуге болмайды. Оның атауының өзі
де екі өлең болмысының қарама-қайшылығынан
туындағаны белгілі. Жалпы өлең құрылысында
бұл өлшем көптен таныс болғанымен, оның
мәні терең ашылмаған-ды, ақ өлең мен еркін
өлеңді, ақ өлең мен ырғақты поэзияны
алмастырып жататын. Олай болуы заңды да. Өйткені ешбір ақын
бұл өлең түрін шығармашылық негіз ретінде
бағалап, мақсатты түрде ізденбеген, ол қосалқы
рөлде болған. Ақ өлең поэзияның негізгі
құрылымдық негіздерінен бас тартып, ұйқассыз,
шумақсыз қалыпта көрініп, модернистік бағыттың
аясында танылып жүрді.
2003 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде
жарияланған Жақсылық Жүнісұлының
өлеңдері ақ өлеңнің көрнекті
үлгілері болып табылады.
Өткінші//
жаңбырдан соң,
Келуге// тиістісің.
Өткінші//
жаңбырдан соң
Саған деген//
үміт үшін.
Жарқырап// күн
шығады.
Бәлкім,// мен
білмеспін,
Күн шуағы - //
Өмір екенін. - //
Ұмыт болған //
жол үстінде
Сен тұрарсың//
мүмкін. [35,5]
3+4, 3+4, 3+4, 4+4, 3+4, 2+4, 4, 5, 4+4, 4+2
ырғақтық құрылымда өлеңге тән
келісті, айқын, бедерлі ырғақ әлсіз, әуезді
сұлу ұйқас та жоқ. Мұндағы бунақтардың
ырғақ жасап сабақтасуы да дәстүрлі
дәстүрлі өлшемдерге мүлдем ұқсамайды.
Ырғақ пен ұйқастың нәзік, білінер-білінбес
сызбасы ғана байқалады. 1-3, 2-5, 4-9 тармақтардың
ұйқастығы байқалғанымен олар бүтін
жүйе жасамайды. Тиістісің – үміт үшін, күн
шығады – күн шуағы, екенін – мүмкін деген
ұйқасушы негіздердің дыбыстық үндесу сапасы
әртүрлі. Ырғақ пен ұйқасқа
тәуіелсіз дегенмен, оның өлең екені анық. Себебі
мұндағы тармақтардың соңғы
бунақтарының барлығы дерлік төрт буынды.
Ақ өлеңнен келісті әуен,
сұлу ырғақ іздеме, ой ізде, сезім ізде, сұлулық
ізде, сонылық ізде, тапқырлық, даралық ізде. Қара
өлең деген атпен белгілі қазақтың дәстүрлі
өлшемдерге негізделген өлеңдер ырғағының
түзілуімен көрнекті еді. Ал қара өлеңге
кереғар ақ өлең әуенге, мелодикаға,
мәнерлеп оқуға негізделмеген, жеке оқуға,
сезінуге, ойлануға бағытталған. Қара
өлеңдегідей сұлулығын, келістілігін жарқырата
ашпай, сұлулықты табуға, іздеуге, көруге
меңзейді.
Ақын Ұ.Есдәулеттің
«Жүректегі жарылыстар» атты өлеңдер жинағындағы
«Ақ өлеңдер» деген топтамамен берілген
өлеңдердің барлығы ақ өлеңдердің
сипатын толық танытады. «Цирктегі ой» атты өлеңінде бес
тармақты шумақта өзара ұйқасқан бірде бір
тармақ жоқ.
Алабажақ // аренада
// жылпос қолды // жонглер
Шар тастарды //
қақпақылдап // ойнайды.
Бір шар кенет //
түсіп кетті // қолынан...
Күлдік біздер, //
Күлу үшін //
келдік қой.//
Алабажақ //
кеңістікте // уақыт деген // жоглер
Планеталарды //
қақпақылдап // ойнайды.
Бір шар түсіп //
кетпес пе екен // қолынан?..
Күлеміз-ау, //
Күліп болған //
жоқпыз ба?..
Өлең ырғақтарының басым
бөлігін төрт буынды бунақ құрайды.
Сондықтан өлеңдегі поэзиялық интонация үлкен
өзгеріске ұшырамаған. Бұл шумақтарда
ұйқастардың ырғақ тудырушылық
қасиеті, олардың ырғақты тиянақтап, интонациясын
келістіру қасиетінен айрылуы қара өлеңді ақ
өлеңге айналдырған. Ақынның өзіндік
дүниетанымы мен әлемді сезіну түйсігі, оны жеткізудегі
поэтикалық образдардың көркемдігі мен күрделілігі,
өзіне ғана тән даралығы өлеңді
өлең ететін шарттардың ең бастысы. Бұл
қара, ақ деп аталатын екі түрлі өлең
табиғатына тән. Қара өлеңдегі
ырғақтық-синтаксистік өзгешелік
өлеңнің ішкі сарайына ықпалы зор
болғандықтан оның құрылымы шығарманың
идеялық, көркемдік, бейнеллік сипатымен тұтас
қарастырылуы шарт. Ал ақ өлеңде белгілі бір
ырғақ қайталануы тән болмағандықтан
ырғақтық жүйесін тексеру аса үлкен роль
ойнамайды. Ақ өлеңнің ішкі сарайы тереңдігі, образдар
жүйесінің күрделеліг, ойды тура меңземей,
тұспалдап жеткізетін жұмбақтығы тұрғысынан
өте бағалы.
Жалпы қазақ поэзиясы қай кезеңде
де сөз өнерінің ең дамыған саласы болып
табылған. Қазіргі күні де ұлт поэзиясы көркемдік
образдық жүйесінің байлығымен көрінеді. Ақ
өлеңдер сол дамудың бір көрінісі. Талантты деген
қайбір ақын болмасын поэзияның аса бір күрделі
түрі ақ өлеңде өз мүмкіндігін
байқамай қоймасы анық. Ойды өлшемсіз өрнектеу
қиындығының үстіне, сол ойға қанат бітіріп,
сезімнің шырқау шыңына шығара білу ақ
өлеңнің асқар асуы екендігіне дау жоқ.
«Әрине, жаппай үрдіске айналдыруға ақ
өлеңнің қиын табиғатының өзі де
көне қоймас... Біздіңше ақ өлең оны
оңай олжа көргендерің емес, шындап келгенде өзіне шын
сенгендердің өрнегі болатын секілді» [36,112].
Қазіргі ақындар поэзиясындағы түр
жағынан тағы бір өзгешелік – кескінді өлеңдер.
Мұндай өлеңдер туралы зерттеуші А.Квятковский «Поэтический
словарь» атты еңбегінде мынадай тұжырым келтіреді: «Кескінді
(фигурные) өлеңдер бүкіл мәтіннің
тармақтары жұлдыз, крест, жүрек, ваза,
үшбұрыштар, пирамида сияқты белгілі бір кескіннің
сызбасымен беріледі. Өлеңнің осындай көрнекі
үлгісін алғаш жасаушы ежелгі грек ақыны С.Родосский»
екендігін көрсетіп, бұл кескіндердің
өлеңнің тақырыптық-идеялық сапасымен
сабақтастықта болатындығын айтады: «Кескінді поэзияның
түп тамыры сонау антика дәуіріндегі александрия поэзиясына барып
тіреледі. Одан кейін бұл өлең жүйесінде барокко
ақындары, бергі дәуірлерде модернистер өз шеберлігін сынады.
ХХ ғасырдың басында Европаның модернист ақындары
К.Моргенштерн мен Г.Апполинари де кескінді өлең түріне
жүгінеді. Ақындар сөзбен кестелеген кескіндер арқылы
өлеңнің мәнін ашуға талпынады» [37,321].
Қазіргі қазақ поэзиясында мұндай кескінді
өлеңнің ерекше үлгісін жасап жүрген Ерлан
Жүністі айтуға болады. Оның арнайы ромбтар деген топтамамен
шығарған өлеңдері соған дәлел.
Ол
–
Ғашық
Ғарышқа
–
Тәңір
мәні:
Оның
жаны –
Алысқа
Асық
Жол.
Сен
–
Сезім
Жылатқан,
Жұбатқан
да.
Сынақтарда
Шыдатқан
Төзім
–
Мен.
Түн
–
Теңіз
Шалқытқан,
Тебіренткен.
Еміренткен,
Толқытқан
Егіз
–
Мұң.
Бұл өлеңдерде ақын сырт формасын
ромб кескінінде алу арқылы негізгі ішкі сезім, ондағы талас пен
тартысты суреттегісі келген. 1-2-3-4, 4-3-2-1 құрылысында
ұйқасып келген бір шумақта басы артық сөз де, ой
да жоқ. Ақынның өлеңді тосын сыртқы
кескіндер арқылы беруі ақындық ізденістің бір
көрінісі. Ал мұндай өлеңдер батыс поэзиясында кең
жайылып, көрнекілік түйсігіне бағытталған
дәстүрден тыс көрнекілік жүйелер әдебиеттің
жаңа жанры ретінде қалыптасқан. Оларға
акроөлеңдер, анаграммалар, полиндром және кескінді немесе
пішінді өлеңдер жатады. Акроөлеңдер де біздің
ақындар поэзиясына жат емес. Ол өлеңнің басындағы
дыбыстар арқылы түзілген сөздер өлеңнің
ішкі мәніне тікелей қатысты болады. Бұл жанрлар
ақынның өзі үшін әуесқойлық болса,
оқырмандар үшін қызғылықты, әрі
таңқалдырар поэзияның бір қыры.
Түйіндей айтқанда, дәстүрлі
формадан тыс түрлік ізденістер талантты ақындардың
шығармашылығында ұшырасып жатады. Өткен
ғасырдың 60-70 жылдарында ол тек ақ өлең
түрінде ғана көрінсе, одан кейінгі кезеңдерде поэзияда
велибрлер мен прозалық өлеңдер, графикалық суреттер мен
«өлеңдік ойындар» арқылы көрінуде. Олар да
қазақ поэзиясының, оның көркемдік-бейнелілік, ырғақтық-интонациялық
жүйесінің дамуының көрсеткіші. Олар көркемдік
және құрылымдық жүйесі бойынша поэзия
әлемінен алыс болғанымен, оларда поэзияның жаны пафостан
ажырамаған. Олар формалық жағынан өзгеше,
өлеңге тән өлшемдерден азат, мазмұны
поэзиялық шығармалар.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Жүнісұлы Ж. Қол
сумкаңда бір гүл жатсын құлыптанып // Қазақ
әдебиеті, 2003.
2.
Шапаев Т. Ой түбінде
жатқан сөз. Әдеби сын-мақалалар. – Алматы, Жазушы, 1989-192б.
3.
Квятковский А. Поэтический словарь. – Москва: Молодая гвардия, 1982-319с.
4.
Жүніс Е. Өлеңдер жинағы.