Филология ғылымдарының докторы
Жұбаназар Асанов,
Тлеумуратова Жұлдыз 2-курс магистранты
Қазақстан Республикасы. Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті. Ақтөбе
қаласы
МҰХТАР
МАҒАУИННІҢ «Әбдіғапар сері»
әңгімесінің
фольклорлық негіздері
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік
сыйлықтың иегері, халықаралық «Түрік
дүниесіне қызмет» сыйлығының лауреаты Мұхтар
Мағауин әңгіме жанрында да айрықша көзге
түскен суреткер.
Жазушының
«Әбдіғапар сері» әңгімесі – өнер адамына
бағышталған. Ол 1989 жылы жазылып, «Қазақ
әдебиеті» газетіне басылды. Біздің түсінігімізше,
«Әбдіғапар сері» – Мұхтар Мағауин шығармалары
ішіндегі шоқтығы биік шыңдардың бірі.
Әңгімені оқи отырып көп мағлұмат аласыз.
Бұрын, яғни,
ертеректе қазақ өнерді қалай қадыр тұтты,
сал, серілерге, жалпы өнерпаз адамдарға деген
көзқарастары қандай-ды, ол өнерпаздардың
мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, мінген аты, киген киімі, сөйлеген сөзі
нендей еді деген сауалдарға бірсыпыра жауап алып, рухани байып
қаласыз. Әңгіменің екінші жағы да бар. Пәленбай
ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе
жатқан қазақтың ғажайып ұлттық
дәстүрінің бірі сал-серілікті совет өкіметінің
қалайша кісендеп, табанға салып қорлап, одан табытқа
аударып азғантай уақытта жоқ қылып жібергеніне
таңырқайсыз. «Апыр-ай, бұл не деген сұмдық?» –
деп еріксіз жағаңызды ұстайсыз. Осы айтылғанның
бәрі Әбдіғапар образы арқылы көркем
жинақтаудың биік дәрежесіне көтерілгені сонша,
шығарманы түгел оқып шыққан соң сол
Әбдіғапар серінің «Жаңа дәуір» колхозында
өмір сүргеніне, оны жазушы Мұхтар Мағауиннің
өз көзімен көргеніне еш шүбә келтіре алмайсыз.
Айтып отырғанының растығына имандай сенесіз.
Әлбетте, әңгімедегі көп дүние жазушы
қиялынан туған. Ол ол ма, Әбдіғапар
серіңіздің тіпті өмірде болмауы да мүмкін. Гәп
онда емес, гәп Мұхаңның айтпақ ойды персонаж
образы арқылы жинақтай білу шеберлігінде жатыр. Серінің
мінезін, іс-әрекетін, портреті мен дауыс ырғағын, сөз
саптауына дейін табиғи түрде былайғы жұртқа
жеткізе білу ерекшелігінде тұр. Белгілі сыншы В.Белинский «М. Лермонтов өлеңдері»
деген мақаласында: «Не рас болса, сол ақылға қонымды, не
нәрсе ақылға қонса, сол рас, бұл ұлы
ақиқаттық: ал бірақ растың бәрі
түп-түгел растық емес, суреткер үшін ақылға
сыйымды растық қана қымбат, бірақ осының
өзінде суреткер сол қымбат шындықтың құлы
емес (көшірмесі), жасаушысы, суреткерге шындық жетекші емес,
қайта суреткер шындыққа өз «идеалын» қосып,
қайта жаңғыртушы», – дейді [1.112]. Мойындамауға
болмайтын пікір.
Жә, құрғақ сөз бар да, көркем
шығарма бар. Енді шама-шарқымызға қарай сол
дүниеге бойлап еніп көрейік. Әңгіме бірінші
жақтан баяндалады. Экспозициясында сал-серілердің соңы
Әбдіғапардың қайтыс болғаны туралы айтылады, шегініс
жасалып өткен күн, дәлірек айтқанда балалық
шақта көргендер көз алдына келтіріледі.
«... Күресінде шана теуіп жүргем,
– Әй, балақай,
мұғалімнің үйі осы ма?
Аңтарыла қарап
қалыппын. Бауыры бусана қырауытқан, ауыздығы
көбіктенген, есік пен төрдей қарагер арғымақ
үстінде қасқыр ішік киген төбедей кісі отыр.
Кәмар белбеуі жарқ-жұрқ етеді, қолында
шашақты қос айыр қамшы. Ең қызығы жасыл
пүліш тысты қарқарадай түлкі тымағының
төбесіне үкі тағылған. Қылаулана бозарып,
үлбірей тербеледі»[2].
Шана тепсе, қыс
қой. Аязда жол жүріп келген аттың бауыры бусана
қырауытады. Күнге шағылысқан кәмар белбеу мен жез
шырмауықты сары ала қамшыны көрдіңіз бе? Әрі
қос айыр. Мұның бәрі ештеңе емес,
«қыраулана бозарып, үлбірей тербелген» үкіні қараңыз.
Қарасаң көз тоймайтын сурет!
Сөйлемдер орнын алмастыруға келе ме? Сөйлем түгілі
бір сөзін алып тастауға бола ма? Жоқ. Болмайды! Ат
үстіндегі төбедей серінің «жасыл пүліш тысты
қарқарадай түлкі тымағына» жазушы үкі
тағуды ұмытып кетсе қайтер едіңіз?!
О-о, онда орны ойсырап қалмай ма?
Кәдімгі тірі сурет. Жанды бейне. Ала қағаз
бетінен үкісі қылаулана бозарып, үлбірей тербеліп,
кәмар белбеуі жарқ-жұрқ етіп арғымақ мінген
сері шығып келеді.
Бала түгілі естияр сіздің өзіңіз аң-таң
қалып, тамсанып, қарай бересіз, қарай бересіз.
«.... Міне азамат! – деді өзін сері атаған ерекше адам,
үстіндегі қаншама киімге қарамастан, күміс шапқан
ауыр қара үзеңгіні шың еткізіп, ерден жеңіл
ырғып түсіп. Сонда ғана аңдадым, аяғындағы
қалың өкше, келідей саптаманың жасыл тысы, делдиген
киіз қонышы қара саннан тура бір қарыс екен. Енді белінен
қанжар шықса да таңырқамас едім. Бірақ
таңырқауға тура келді. Сері қасқыр ішігінің
етегін көтере бере, қонышына қол салды да соза суырды.
Ұзын, ұзындығы тура жарты құлашқа
жуық мүйіз шақша екен. Күмістелген,
айшықталған, жарқ-жұрқ етеді. Үшкіл
сүйек тығынын ашып, түбіне қадалған
қоңырау ма, шылдырмақ па, әлекей-шөлекей
бірдеңесін сыңғыр-сыңғыр еткізіп, кербез
қаққанда сол жақ алақанға
құмдауыт, жасыл күрең насыбай
құйылған»[2].
Қараған сайын көзіңіз тоймай таңырқай
бересіз. Біз Әбдіғапар серіні нағыз бағы жанып, бабында
тұрған кезінде көріп отырған жоқпыз. Айдаудан
келген беті, бір емес, екі емес, бес жылды атқарып, яғни, «жеті
қабат терінің екі-үш қабаты сыдырылған кезі».
Бірақ сонда да ол керемет!
Түрмеден босап қайтқан соң, сері бұл
ауылға арнайы келді. Мағаш қариянікіне ауыл адамдары жиналып
қалды. Отырыстағы әңгіменің үлкені – Ақбайпақ
ат болады. Серінің көңіліндегі арылмас мұң да сол
екен. «Бағы ашылмай кетті, – дейді. – Белі сөгіліп бір шаппады
ғой!». Әбдіғапар бес жыл отырып келген қапас жайын
емес, «белі сөгіліп бір шаппай» кеткен есіл тұлпарды
әңгіме қылады. Бұның өзі заңды да, қазақ
жаман нәрсені еске ала беруді ұнатпайды. Бәле-жала сонымен
кеткей деп өткен қайғылы істі ауызға алмауға
тырысады. Бірақ көп ішінде адамның да неше түрі бар,
бес саусақ бірдей емес.
«Қалай, сері, соғыс қиын ба, түрме
қиын ба? – деді манағы әуесқой жігіт.
–Тапқан екенсің
салыстыратын нәрсені. Соғыс деген ол... ол соғыс қой! –десті
біраз жұрт қызынып.
–Мен соғыста
төрт-ақ күн болдым, – деді сері.
–Пәлі… – деген дауыстар шықты.
Әрине, қомсынғаны.
– Мен майдан өтінде
алғы шепте төрт-ақ күн болдым, — деді сері сөзін
сабақтап. –Соғыстың соңғы айы.
Алғашқы кезеңмен салыстыруға келмейді.
Батальонның бестен бірі қалса тәуба айтады екен. Мен
көрген ұрыста керісінше болды. Соның өзінде...
Қазіргі айтып жүрген сөз.... жазып жүрген кітап,
көріп жүрген кино – бәрі өтірік. Соғыс... ол – сұмдық.
Мен төрт күн қатыстым. Сығалап, шет жағасын
ғана көрдім. Соның өзінде... тамұқ. Ал
түрме... дұшпанның басына бермесін!..
Домбыраны төрт саусақпен
серпи-серпи қақты.
– Мынау, сол Тайгада
ағаш кесіп жүрген кезде Ақбайпақ атты сағынып
шығарған ән еді...
Айна-қатесіз кәдімгі өмірдегідей.
Әңгіменің жоспары автор
ойынан туып, жазушы шеберлігінен жасалған емес, етене таныс Әбдіғапар
сері алдыңызда әңгіме-дүкен құрып
отырғандай. Сіз оны жақын адам, таныс адамға балайсыз. Сіз
оны ә дегеннен-ақ жақсы көресіз. Оның сезімі
сізге де ортақ.
Оны бүкіл жан
дүниеңізбен түсініп, өзіңіздей сезінесіз.
Бұл үзіндідегі төгілген кестелі сөз ше? «Жалқын от»,
«қасап қырғын», «ақыл-есің шайқалады»,
«белі сөгіліп бір шаппады ғой», «күміс шапқан ауыр
қара үзеңгіні шың еткізіп». Шетінен образды
сөздер. Қате баспасақ, Л.Леонов болар, кейде тауып
айтылған, еңбекпен келген бір ғана образды сөз сол
өзі тұрған бетке сәулесін түсіріп, ажарын
кіргізеді деген пікір айтады. Тілі шұрайлы Мұхаңда ондай
байлық қадам басқан сайын аяғыңыздың
астынан жалт етіп шыға келеді. Және де әр сөз жазылу
ғана емес, айтылу ретіне де қарайды. Орын-орнымен, «сылдырап
өңкей келісім». Мұхтар Мағауинді оқи отырып
А.Чеховтың: «Әр сөздің айтылуына қарай мың
мағынасы бар», – деген пікірін кәдімгідей тұшына
түйсінесіз.
Сөз – сөз
ғой, ойға көңіл қойыңыз. Атышулы совет түрмесі.
Қазақтың қаймағын сыпырып ап, айуандық
зәбір шектірген тамұқ. Қан жалдап, от кешкен
соғысыңыздың өзі совет түрмесінің
қасында түк те емес көрінеді. Сұмдықтығы
сондай... айтуға ауыз бармайды. Алда «өнері бар, оқуға
білігі бар замат атаулының бәрін темір ноқта, шынжыр
тұсау күтіп тұрғандай».
«Кеудесін көтеріп,
иығын қомдап, сәл бөгелді де, ішекті іле шалып,
қоңырлата шертті.
– Пай! –деді сосын.
Ақбайпақ, төрт тұяғың
асыл еді,
Жиырма бір жаңа толған жасым еді...
... Санамалай шертілген
домбыра үнімен астасып, мұңдана толқитын мақпал
әуез. Ырғақ, иірімдері әсем, жүрек тырнар
сәл-пәл қарлығыңқы діріл бар.
Ақбайпақ, төрт тұяғың
тасқа түсті,
Сұм заман, сергелдең күн басқа
түсті...
Иә,
«Ақбайпақтың» соңғы жағы осылай. «Сұм
заман»... қазақ іліп аларының басына түскен «сергелдең
күн». «Әбдіғапар сері» әңгімесінің
арқауы да осы жай. «Ақбайпақтан» соң
Әбдіғапар Ақан серінің «Құлагерін»
толғайды. Құлагердің өлімі, Ақан трагедиясы
әмбе қазаққа мәлім. Ақан десе
Құлагер еске түсіп, сай-сүйегіміз сырқырайды,
көңілді мұң шалады. Сол Құлагер жайлы
Әбдіғапар сері не дейді?
Домбыраға сүйене
тұқырып, аз отырды да, ауыр күрсінді.
–Е-е,
Құлагердің бар қызығын көріп, қолынан
өткерген Ақан серіде не арман бар дейсіз. Бостандығы
басыңда, ағайын-туыс қасында.
Бұл үзіндіге түсініктеме беріп жату
артықтау деп ойлаймыз. Задында, Мұхаң ержүрек адам. 1989
жыл. Әлі ерте еді. Қазақтарға мұндай етіп
жазуға ерте-тін. Кеңес үкіметі тұсы түгілі
қазір де көп қаламгеріңіз бұлайша тереңдей
беруге сескенеді. Әлбетте, ол үшін оларды кінәлауға хақымыз
жоқ. Жазушы да тастан жаралмаған, темірөзек емес,
кәдімгі басқа пенделер сияқты ет пен сүйектен
жаратылған. Оның үстіне алдымызда әлдеқандай заман
бар дегендей... Бірақ Мұхтар Мағауин қараны қара деуден
тайсақтамайды. Әне сондықтан да ол кестелеген көркем
шындық қазақ бар жерде мәңгі. Оның
шығармаларының үлкен бір ерекшелігі, міне, осында жатыр.
Сері тағы айдалады: «Әбдіғапар Абдрахманов
жұрт арасына теріс үгіт тарату мақсатымен, түрмеден
оралған бетте, қыс көзі қырауда ауыл аралап
жүріп, ескілікті дәріптейтін өлеңдер айтқан.
Хандық дәуірді, қазақтың баяғысын
көксеген, кертартпа феодалдық санадағы ақын, жырауларды
насихаттаған... Өзін сері деп жариялап, көне заманды
тірілтуге күш салған, ескілікті аңсаған. Ә.Абдрахманов
жат пиғылдан әлі қайтқан жоқ, теріс үгіт,
зиянды әрекетін одан әрі жалғастыруда...» Ол жаратып
отырған Көқдомбақ атын бәйгеге қосып
үлгермей, тағы да айдалып кете барады. Бұл жолы –«елу сегіз».
Бұл айдаудан қайтқан
серінің халін білмекке Мадиярын ертіп Мағаш ақсақал
барғанда Әбдіғапар көнетоз көрпенің
үстіңде етпетінен түсіп жатыр екен. Бас көтермейді.
Етпеттей жату – қазақта жақсы ырым емес екенін
ескерсеңіз, жүрегіңіз сыздап қоя береді. Кер
заманға тап болған қайран сері деп аяушылық білдірмеске
лажымыз қалмайды. Оның еркелігі, әнші,
өлеңшілігін «айналайын» кеңес үкіметі не істесін.
Әңгіме соңында Әбдіғапардың ауып,
арақ ішкіштер қатарына қосылғаны, «тунядцылар» туралы
заң шыққанда оған алдымен ілініп, қой
қораның қиын тазартып жүргенін көреміз.
Мұхтар
Мағауиннің образ жасау шеберлігі өзінше жатқан
үлкен мектеп. Осы сөзіміздің нақты дәлелін
аталмыш әңгімеден көруіңізге болады. Онда
Әбдіғапар – үлкен өнер иесі, анау-мынауға
илікпейтін қайсар, ауыздан шыққан сөзі байыпты, туысы бөлек
тұлға. Балуандықты да, сұлу тұлғаны да, келісті
кескінді де, атсейістікті де, серілік талантты да құдай тал бойына
дарытқан. Ал енді бар ма, осы серіңіз кейде бала сияқты. Міне
қараңыз. «...Сол жақ алақанға
құмдауыт, жасыл күрең насыбай
құйылған. Келер сәтте оқыс сілкініп дір ете
түскен алақанда тозаң да қалмапты, қияқ
мұрт болмашы ғана жыбырлап, астыңғы ерні
сәл-пәл білеуленіп шыға берді.
– Насыбай атасың ба? – деді
маған қарап, шынымен-ақ. – Мен басымды шайқадым.
– Дұрыс, – деді сері. – Кейін
өскен кезде көрерсің. Бұл түтінді темекі емес,
кеуде қабатын».
Кейде аңқау: «Ой,
жаман, ұста сулықтан: Әуелі серіні аттан түсіріп алу
керектігін білмеуші ме едің?». (Ол дәурен өткелі
қаша-а-н).
Кейде келешекті өзімен
өлшеп, қысқа қайырады:
«Оқуы қалай?
– Мұғалімдер
тәуір атап жүр ғой әйтеуір. Өзі де
мақтаншақтау. Алға ұмтылып тұрады.
– Бұл жаман, – деді сері
маған қарап.
– Қазір заман
басқа. Кім боласың?
– Ғалым болам, – дедім мен. – Тарихты тексеретін.
– Қой, балақан! – деді
сері біртүрлі тіксінген үнмен. – Ғалымның, жазушы мен
өнерпаздың талайын көрдік. Жиырма жыл оқудың
жарты тиындық пайдасы тимеді. Олар ана жақта шыбынша қырылды.
Дәрігерлік жақсы, күнім».
Бірақ бәрі де серіге жарасып тұр. Ол да адам баласы.
Жақсы
жағы бар, «кемшін» тұстары да көрінеді. Тіпті
әңгіменің аяқ жағында «жаяулап жер
баспаған» серіңіз араққа салынып, кәдімгі совет маскүнеміне
айналып кетеді. Мұхтардың басты персонажы
өзгелердікіндей «жүз пайыз» жағымды
емес. Басқалардікіндей бәрін
білетінданышпан, алдын сәуегейлікпен болжайтын әулие емес.
Кәдімгі адам. Оң жүреді, кейде шалыс басады.
Әбдіғапар бірде ақылды, бірде аңғалдау, бірде
қайсар, бірде әлсіздеу, бірде мақтан сүйгіштеу. Өмірі
қарама-қайшылыққа толы пенде.
Өмірде жүз
пайыз жағымды кейіпкер деген болмайды. Ұлы Абайдың:
Қайырылып қарап
байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен.
немесе:
Бойдағы мінді
санасам,
Тау тасынан аз емес, – деп
жүргені тап осы[3.61].
Абайда мін болса, қай қазағыңыз
кемшіліктен ада дейсіз. Абай сөзінің
шығармашылыққа бек үлкен қатысы бар, себебі бір
түске– таза аппақ, не таза қап-қараға
боялған кейіпкер – нағыз сенімсіз кейіпкер. Ал,
Әбдіғапар – сан түсті, көп қырлы персонаж. Жоғарыда
айтқанымыздай, әрі беріден соң оның «Жаңа
дәуір» колхозында өмір сүргеніне зәредей күмәніміз
қалмайды. Оқырманды баурап алар нағыз кейіпкер міне осындай
болуға тиіс.
Енді әңгіме аяғындағы түйінге
келейік: «Біз Ақан бола алмадық. Сән-салтанат
құрып жүре алмадық», – деп еді бірде. Ақан болу өзгеше
тағдыр. Бірақ адам болу – кәдімгі екі аяқты,
жұмырбасты пенденің жұпыны тірлігін бастан кешу,
тәңірі еншілеген өмірдің бар ризығын тату
үшін де ерекше талант керек көрінеді. Ол елеусіз көптің
бірі болу екен. Ән қонбаса, өнер дарымаса
Әбдіғапар да артық бейнет шекпей, азапқа батпай, ортасы
мен заманына сай бақытты ғұмыр кешетін еді».
Ал, қалай деп
ойлайсыз?.. Шындығында солай... Оның бойына дарыған
өнер Совет үкіметі түсында өзіне бәле боп
жабысты. Түбіне жетті. Бірақ автор бұл
пікірін ақиқат, дұрыс деп баршаның мойындауын
ақи-тақи талап етпейді. Әрі қарата
оқиық: «Бұл әрине, біздің долбар. Ал
шындығында... Әлінше дәурен
сүрді, заманының ащы-тұщысын
түгел көрді, ақыры ел ішінде, өз төсегінде өлді. Қилы кезеңде күн
кешкен азаматқа бұдан артық не керек?».
Осылай да ойлауыңызға
құқыңыз бар. Расында да, талай нарқасқа
жайсаң «халық жауы» атанып, атылып кетті. Итжеккенге айдалып, сонда
өліп, далада қалды. Сүйектері ит-құсқа жем болды. Ал Әбдіғапар... Сері қайта «бақытты» екен.
Ол да ештеңе
емес. Әңгіменің ең
қызығы ақырғы қайырымда
жатыр. «Айтпақшы, Әбдіғапардың
балалары түгел өсіп-жеткен көрінеді.
Төртқыз, бір ұл. Қыздары тегіс тұрмыста, ал жалғыз
ұлына әкенің өнері қонбады, аудандық
емханада терапевт дәрігер болып істейді», – дейді.
Сырт көзге сабырлы,
салқын аяқтау.
Бір
Әбдіғапардан айрылсақ ештеңе емес,
қазақтың күллі сал-серілерінің түбіне
жеткен «қызығымыз» осы! Әбдіғапардың жалғыз
ұлы әкесінің басын жұтқан, әулетіне
қырсық боп тиген серілікті не істесін. Өнері бойына сыймай тасып бара жатса да, оданат-тонын
алақашпас па!
Солай! Солай болды да.
Қорыта
айтқанда, «Әбдіғапар сері» тек Мұхтар Мағауин
туындылары ішіндегі ғана емес, арғы-бергі бүкіл қазақ
қаламгерлерінің еңбектері ішіндегі алар орны бөлек
шығарма.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. белинский В. Таңдамалы
шығармалар жинағы. – Алматы, 1974 ж.
2. Мағауин М.
Әңгімелер жинағы. – Алматы, 2007 ж.
3. Абай. Екі томдық
шығармалар жинағы. 2-т. – Алматы: Жазушы,
2005 ж.