Ф.ғ.к.
Жүсіпов А.Е.
Оқытушы
Абдулла ж.
Оқытушы
Қасенбаев А.Қ.
Оқытушы
Жүсіпова А.Е.
Оқытушы
Айдарбекова Ж.К.
«С.Сейфуллин атындағы қазақ
агротехникалық университеті» АҚ
Бағалауыш сөздердің компоненті, жеке
бағалауыш мағына
Бағалауыш, аксиологиялық модельдер көптеген ғалым
зерттеуінде қарастырылды, олар - Е.Вольф, В.Телия, З.Вендлер, Г.Золотова,
Н.Лукьянова, Н.Арутюнова, А.Зайнульдинов, М.Ляпон, В.Лопатин, Л.Васильев,
Л.Сергеева, Т.Маркелова, Г.Ғабитова, З.Темірғазина, Г.Кенжебалина,
Б.Момынова және т.т. [1,365].
Жалпы бағалауышқа қатысты берілген ғалымдар
пікірінің ішінен Л.Васильевті бөлектеп алуға болады.
Ғалым бағалауышты шындықты танудың бір тәсілі
ретінде қарастыра отырып, кейбір модальдық мағына
(мәселен, қажеттілік, мүмкіндік және т.т. мағына)
бағалауыш ретінде түсіндірілуі де мүмкін екендігін тілге тиек
етеді. Ойын «... выражают оценочные
суждения о «положений дел», оценочный способ познания мира» деген
тұжырыммен аяқтайды [2,54-61].
Бағалауыш компоненті – бағалау
субъектісі, бағалау объектісі және субъекті мен объекті
арасында толыққанды қатынасты құрастыратын бағалауыш предикат.
Бағалауыш предикат әлемнің тілдік бейнесін көрсетуде
қолданылады. Оны жіктеп беретін болсақ:
1) қажеттілік, мүмкіндік, сенімділік мағыналы
модальдық бағалауыш предикат: керек,
қажет, міндетті, әлбетте, сөзсіз, әрине және
т.с.с.;
2) жалпы бағалауыш предикат: жақсы,
жаман, сүйкімді, тамаша, ұсқынсыз, дөрекі
және т.б.;
3) жеке бағалауыш предикат:
а) утилитар (лат. utilitas –
пайда, тиімділік) – ыңғайлы,
пайдасыз, зиянды, қажетті және т.с.с.;
ә) әлеуметтік тұрғыдан негізделген ұстаным
қалпына сүйенетін этикалық предикат – мейрімді, қатігез, қатал, сезімтал және т.б.;
б) қандай да бір зат, құбылыс, адамды қабылдаудан
туындаған эмоциялық және менталь әсерді білдіретін
эстетикалық предикат - әдемі,
сұлу, келбетті, ұсқынсыз, албасты және т.т.;
в) сенсорлық (сезімдік) қабылдау барысында болатын әсерді
атайтын сенсорлық (лат. sensus
– сезім), гедоникалық (гр.gedone – ләззат, рахат) предикат – дәмді,
тәтті, нәзік, дөрекі, тұрпайы және т.с.с.;
г) бағалауыш тәсілін (актін) білдіретін байланыстырушы
(аксиологиялық, гр. axios – құндылық; релятив – лат. relativus – шартты, қатыстық) предикат:
1. менталь – есептеу, тану, ойлау;
2. перцептив (лат. perceptio -
қабылдау) – көріну,
қабылдау;
3) эмоциялық - өзін
ұстану, сезіну;
4) ұстанымдық – кімге,
неге деген көзқарасын білдіру.
Жоғарыда аталып өткен жалпы және жеке
бағалауыштың ішінен жеке бағалауышты саралауда көптеген
қиындыққа тап боламыз, себебі объект, негіз және
бағалауды анықтаудың тәсілі іспетті
түсініктің шартты түрдегі шекараларын бөліп
көрсету жеңіл емес.
Жеке бағалауыш мағына келесідей бөлінеді:
Сенсорлық баға:
1.
сенсорлық-дәмдік не гедонистік баға: дәмді – дәмсіз, ұнайды – ұнамайды;
2.
уәжденуге түсінік бере алатын, рационал элементі бар
психологиялық баға:
а)
интелектуал – қызғылықты,
терең, ойлы, көңілсіз, қарапайым, ақылсыз
және т.б.;
ә) эмоциялық – көңілді,
көңілсіз, қызықты, сүйкімді, сүйкімсіз,
күткен, күтпеген және т.т.;
Сублимирленген ( лат. sublimare -
әспеттеу) баға:
1) сенсорлық-дәмдік және психологиялық
бағалау қосындысынан шығатын эстетикалық баға - әдемі, сұлу,
ұсқынсыз;
2) этикалық баға - көргенсіз,
тәрбиесіз, ақкөңіл, қатыгез, әділ
және т.с.с..
Тиімді баға:
1) утилитар бағалар – пайдалы,
қауіпті, тиімді, тиімсіз;
2) қалыпты баға – дұрыс,
стандартты, ақаулы,бұрыс және т.т.;
3) телеологиялық (гр. telos -
мақсат) мақсатты баға - әсерлі, әсерсіз, мақсатты, мақсатсыз,
ұтымды, сәтті, сәтсіз және т.с.с. [3,7-11].
Баға
берудің төрт компоненті бар. Олар субъекті, зат, сипаты, себебі. Бұл компоненттерді жоғарыда айтып өтсек те,
төмендегі тұжырымдарға тоқтала кету керек:
Субъект
- бағалауыш
құрылымында негізгі элемент. Субъект
арқылы эмоция білінеді. «Под субъектом (субъектами) некоторой оценки понимется лицо
(или группа лиц) приписывающие ценность некоторому предмету путем выражения
данной оценки» [4,21]. Сонда бағалауыш субъектісі не адам, не социум болуы
мүмкін. Яғни субъектісіз баға берілмейді. Субъектінің
зат пен құбылыс, іс-әрекетке беретін бағасы
бағалауыш сөз катарын құрайды. Е.Вольф субъектіні
баға берудің құрылым деп түсініп, «жақсы/жаман» белгілері арқылы эмоция
білінетінін айтса, ал З.Темірғазина баға берудің субъектісі
адам, индивид болатындығын дәлелдейді [5,68]; [3,27]. Субъект арқылы жеке және
жалпы баға беріледі. Мысалы: Меніңше,
Айгүл ақылды (жеке баға). Айгүл
ақылды деп саналады (жалпы баға беру). Айгүл – ақылды (шынайы өмірдегі шын баға).
Яғни субъекті көзқарасы, дүниетанымы, индивид не социум
арқылы жүзеге асып тұр.
Бағалауышты
зерттеуде екі түрлі бағыт қолданылады: (1)-бағыт: баға берудегі
ең негізгісі – субъект және оның объектіге
көзқарасы; (2)-бағыт: баға берудегі келесі компонент – объект
және оның негізгі қасиеті.
Бірінші
бағытта бағалауыш мағына субъектінің эмоциясын
ғана білдіреді, ал екінші бағыттағы бағалауыш
мағына объектіге жатып, оның қасиетін ашады. Бұндай екі
бағытта субъектив, объектив көзқарас бір-бірімен тығыз
байланыста болуы керек.
Бағалауыштың екінші компоненті - бағаланатын
зат яғни объект. Құндылығы бар зат не объект
бағаланатын зат бола алады. Сонда баға беруде субъектіден
басқа объекті де қызмет етеді. Осындай объектіге зат,
құбылыс, оқиға адам яғни бағаланушы зат
жатады. «Бағалауыш зат - ол бағаланатын зат» [4,22]. Табиғат, қоғам, адам өміріндегі
құбылыс не зат, қоғамдық қатынастың
әртүрлі болуы әрқилы баға беруді қажет етеді. Ол
жақсылық пен жамандық, әдемілік пен
ұсқынсыздық, әділдік пен әділетсіздікке
баға беруден тұрады. Мысалы: жақсы кітап десек, бағаланушы зат - кітап не денсаулық
сырқаттан жақсы десек,
бағаланушы зат денсаулық
сырқат (ауру). Ал егер бұл алма жақсы, бұл алма жаман деген пікірдегі
алманың бірде жақсы, бірде жаман болатынын
заттың негізгі касиетіне қарап баға берілгендігі
байқалады[6,389].
Бағалауыш
сипаты - үшінші компонент. Баға берудің екі түрі бар.
Олар: абсолют
және
салыстырмалы
баға. Абсолют баға берудің сипаты «жақсы»,
«немқұрайлы», ал салыстырмалы баға берудің сипаты
«жақсырақ» не «өте жақсы», «жаманырақ», «бірдей»
деген белгі арқылы сараланады[7,450]. Абсолют баға беруде объект негізінде біреу ғана болып, көбінесе жасырын түрде
қолданылады. Ал салыстырмалы баға беруде объект кем дегенде екеу болып, бір зат екінші
затпен салыстырғанда бір заттың құндылығы екіншіге қарағанда артығырақ
не бірдей болуы керек. Абсолют баға беруде салыстыру тікелей көрсетілмейді, ал салыстырмалы
баға беруде ойдың да салыстырылуы қажет.
Пайдаланылған
әдебиет тізімі:
1.
Жүсіпова
А., Бағалауыш сөздердің
ғаламның тілдік бейнесіндегі орны// «Қазақстанның
саяси және экономикалық жаңару жағдайындағы білім
мен ғылым инновациялары» Халықаралық
ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный,
Қазақстан – 2011. – Б.362-365.
2.
Васильев Л., Семантическая категория оценки и оценочные
предикаты // Исследование по семантике. – Уфа: 1996. – С.54-61.
3.
Темиргазина З., Оценочные высказывания в русском языке.
–Павлодар: 1999г.
4.
Вольф Е., Функциональная семантика оценки. М.: 2002,
С.280.
5.
Ивин А., Основания логики оценкок –М.: - 1970г.
6.
Жүсіпова
А., Бағалауыш сөздердің перформативтік
қызметі// «Қазақстанның саяси және
экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен ғылым
инновациялары» Халықаралық ғылыми-практикалық
конференция материалдары. Рудный, Қазақстан – 2011. – Б.388-390.
7.
Жүсіпова
А., Бағалауыш сөздердің
прагматикалық қызметі // «Қазақстанның саяси
және экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен
ғылым инновациялары» Халықаралық
ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный,
Қазақстан – 2011. – Б.449-452.