Ибраимова Ж.Ж., Рахымберлина С.А.

Карагандинский государственный университет им. Е.А. Букетова

zhalgasbaewna@mail.ru

 

 

МҮШЕЛЕНБЕЙТІН Синтаксистік құрылымдар – тілдегі универсалийлер

 

 

Мақала қазақ тілі синтаксисіндегі айрықша құрылымды сөйлемдерге арналған. Жалпы сөйлемдердің предикативтілігі, модальділігі, шақ категориясы туралы айта келе, авторлар мүшеленбейтін сөйлемдердің бойынан осы синтаксистік категориялардың табылатынына назар аударады. Мүшеленбейтін сөйлемдердің түрлері: атаулы, вокативті, генитивті, модаль сөзді, одағайлы сөйлемдер мен коммуникемдерге анықтама беріліп, соңында жалпы мүшеленбейтін сөйлемдердің анықтамасы мен белгілері негізінде тұжырым жасалады.

 

Сөйлемдерді функционалдық тұрғыдан «мәннен – құрылымға» қарай қарасақ, мүшеленетін және мүшеленбейтін сөйлем деп бөлуге болады.

Сөйлемдердің формалдық құрылымы – грамматикалық бастауыш, баяндауыштардың сөйлемге қатысы тұрғысынан осы уақытқа дейінгі еңбектерде кеңінен зерттеліп, құрылымдық үлгілері анықталды. Алайда тіліміздегі кейбір синтаксистік бірліктер зерттелу жағынан кенже қалып отырды. Солардың бірі – мүшеленбейтін сөйлемдер. Мүшеленбейтін сөйлемдер  тілдердің қай-қайсысында болсын (түркі, славян, роман тілдерінде) мол кездеседі. Сондықтан бұл синтаксистік құрылымдар – тілдегі универсалийлер. Соңғы кездегі тілдің даму үдерісіне назар аударатын болсақ, мүшеленбейтін сөйлем түрлерінің дамып, өзгеріп келе жатқанын байқаймыз.

Жалпы тіл біліміндегі сөйлемді зерттеген түрлі-түрлі бағыттар мен ағымдар мүшеленбейтін сөйлемнің күрделі құбылыс екендігін аңғартты.  Сөйлем предикативтілігінің мағынасы модальділік, шақтылық, жақтылық тәрізді синтаксистік категориялары арқылы іске асады. Предикативтілік құрылымдық тұрғыдан қарайтындар үшін – бастауыш пен баяндауыштың немесе синтаксистік бас мүшелердің қатынасы, сөйлемді семантикалық құрылым тұрғысынан қарайтындар үшін – логикалық бас мүшелер деп есептелетін субъект пен предикаттың қатынасы. Субъект пен предикат кез келген сөйлемнің логикалық қазығы бола тұра, бұлар барлық сөйлем түрлерінің құрамында кездесе бермейтіндігін көреміз. 

Мүшеленбейтін сөйлемдердегі предикативтіліктің көрінісін контекспен байланыстыра, модальділік, жақтық, шақтық және интонация бірліктерінен іздейміз. Мүшеленбейтін сөйлемдер субъект-предикаттың материалдық көрсеткіші болып табылатын бастауыш пен баяндауышқа сараланбаса да, онда предикативтіліктің өзі бар. Өйткені сол сөздің өзінің бойынан-ақ хабар функциясы пайда болады да, белгілі ой-ақпарат жүгін арқалаған сөйлемге теңдеседі.

Модальділік семантикалық категория ретінде айтылған сөз бен болмыс арасындағы қатынас түрлері мен хабардың әр түрлі қабылдануын көрсетеді. Сөйлеуші ақиқат шындыққа қалай қарайды, оған қандай сипаттама береді, оны қалай түсінеді – модальдік қатынастың мәні осында. Мүшеленбейтін сөйлемдердегі модальділікті бұл құрылымдарды сөйлем қатарына жатқызатындардың бәрі мойындайды. Мүшеленбейтін сөйлемдерде модальділік мақұлдау/мақұлдамау, теріске шығару, ренжу, таңдану, қуану, т.б. сөйлеушінің репликасындағы деректерге жалпы баға беру негізінде қамтамасыз етіледі.

Мүшеленбейтін сөйлемдердің бойында модальділік белгісінен басқа синтаксистік шақ категориясы да байқалады. Біз қарастырып отырған атаулы, генитивті сөйлемдерге осы шақтық мағына тән. Мүшеленбейтін сөйлемдердің шақтық мағынасының тек осы шақпен ғана шектелмей, өткен шақтағы және келер шақтағы іс-әрекеттер жөнінде хабар беретінін контекспен байланыстыра отырып анықтауға болады. Бұл жерде шақтық және модальділік категорияларын бір-бірінен айыруға болмайды, өйткені олар жиынтығында ғана грамматикалық предикативтілікті құрайды.

Предикативтіліктің жақтық көрсеткіші кейбір мүшеленбейтін сөйлемдерде (атаулы, вокативті, генитив сөйлемдерде) айқын көрініп тұрса, кейбір түрлерінде (одағай, модаль сөзді сөйлемдерде, коммуникемдерде) көмескі болып тұрады. Мұның негізгі себебі - мүшеленбейтін сөйлемде саралайтын жақтық қиысудағы бастауыш-баяндауыштың болмауынан.

Негізінен, жеке тұрғандағы сөздің де, сөз тіркесінің де коммуникативтік қызметі жоқ: олар не бір ұғымды, не әр түрлі қатынастарды білдіреді. Ал енді сөйлесуде сол сөз не сөз тіркесі контекст пен жағдаяттың негізінде сөйлем жүгін арқалап, ой-ақпарат бере алатын коммуникативтік-синтаксистік единицаға көтеріледі. Демек, контекст пен жағдаят мүшеленбейтін сөйлемдерде предикативтіліктің объективті көрсеткіші болып табылады.

Интонация модальділік категориясының жағдаят, контекске байланысты негізгі бір тәсілі тұрғысынан жұмсалғанда, предикативтілік пен модальділік ұласып беріледі. Сөйлем құрап тұрған жеке сөз болсын, сөз тіркесі болсын, тиісінше интонация арқылы ұйымдаспаса, хабар бере алмайды.

Жай сөйлемді бірқұрамды, екіқұрамды деп жіктеу біз сөз етіп отырған мүшеленбейтін сөйлемдерге негіз, тірек бола алмайды, өйткені екіқұрамды-бірқұрамды, толымды-толымсыз, жалаң-жайылма сөйлемдер – мүшеленетін құрылымдар.

Сыртқы тұлғасы, құрамы жағынан мүшеленбейтін сөйлемдер бірқұрамды сөйлемдерге ұқсас. Сөйлем бойынан бастауыш/баяндауышты іздей отырып зерттеудің әсерінен болар, біз сөз етіп отырған бір сөзден не сөз тіркесінен жасалған мүшеленбейтін сөйлемдерді (атаулы, генитив, вокативті) бірқұрамды, кейде екіқұрамдыға ұқсас деп тану орын алған.

Екіқұрамдылық та, бірқұрамдылық та тұрлаулы мүшеге байланысты, сондықтан не бастауышқа, не баяндауышқа жіктелмейтін мүшеленбейтін сөйлемді тек сыртқы тұлғасына қарап саралау - қасаң қағида болмауға тиісті.

Мүшеленбейтін сөйлемдерде логико-грамматикалық мүшеленуінің болмауы мұндай құрылымдарды бірқұрамдылардың да, екіқұрамдылардың да құрамына енгізуге мүмкіндік бермейді де, оларды бірқұрамды немесе екіқұрамды сөйлемдердің құрылымдық типтерінің бірі ретінде қарастыра алмаймыз. Сондықтан да мүшеленбейтін сөйлемдер - ерекше құрылымдар. Оларды мүшеленетін сөйлемдерден ажыратқанда, сөйлемнің құрамындағы сөздердің атқаратын қызметіне қарауымыз керек. Өйткені мүшеленетін сөйлемдер деп құрамында кемінде бастауыш-баяндауыш мүшелерінен тұрған (кем болған жағдайда, жоқ мүше оңай табылып, орнына қойылатын) сөйлемдерді тануымыз керек. Сонымен бірге мүшеленбейтін сөйлемдер мүшеленетін сөйлемдерден логикалық мағыналық мазмұнының сипатымен де ажыратылады. Мүшеленетін сөйлемдердің нақты мағыналық мазмұны айқын көрініп тұрса, мүшеленбейтін сөйлемдерде нақты мағына көрінбей, жалпылық сипат алады. Сондықтан да оның нақты мағынасын айқындау контекске, жағдаятқа, кейде тілдік емес құралдарды қолдануға (мимика, ым, дене қимылына) байланысты болып келеді.

Сонымен, жай сөйлемнің барлық құрылымдық типтері бір-бірімен белгілі бір  қатынаста болады да, жиынтығында бірыңғай жүйе құрайды, сөйлемнің әр құрылымдық түрінің бұл жүйеде өзіндік орны бар. Жай сөйлемдерді функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан деңгейлестіре қарағанда, бірқұрамды, екіқұрамды деп бөлу жеткіліксіз, оларды мүшеленетін және мүшеленбейтін сөйлемдер деп жіктеу де қажет.

Жоғарыда айтылғандардың бәрі мынандай тұжырымдарға әкелді:

1) мүшеленетін сөйлемдер дегеніміз – бастауыш пен баяндауыштық қатынасқа негізделген екі тұрлаулы мүшесі толық қатысатын екіқұрамды немесе тек баяндауыш мүшеден жасалып, бастауышы логикалық тұрғыдан толықтырыла алатын бірқұрамды сөйлемдер.

2) мүшеленбейтін сөйлем дегеніміз құрамындағы сөз не сөз тіркесі грамматикалық жақтан сөйлем мүшелеріне саралана алмайтын, контекспен, жағдаятпен тығыз байланыста болатын және бірқұрамды, екіқұрамды сөйлемдерге оппозициялық тұрғыдағы сөйлемдерді айтамыз.

3) мүшеленбейтін сөйлемдердің негізгі басты белгілері:

а) құрамы жағынан бір сөзден немесе сөз тіркесінен тұрады;

ә) бастауыш-баяндауышқа саралана алмайды;

б) басқа сөзбен (қандай да бір тұрлаусыз мүшемен) толықтырыла алмайды;

в) контекст пен жағдаятқа байланысты.

Сондықтан да бұлар - ешқандай синтаксистік үлгіге бағынбайтын, өз алдына айрықша құрылымды сөйлемдер. Оларды коммуникативтік жүгі жағынан сөйлемге теңестіріп тұратын – контекст ықпалы.

Күнделікті өмірімізде  біз құрылысы мен құрамы сөйлеу синтаксисіне, контекске бағынышты, мүшеге талданбайтын сөйлемдерді өте жиі қолданамыз, саналы әрекет түрінде хабар алысуды жүзеге асырамыз.

Мүшеленбейтін сөйлемдерге мыналар жатады: атаулы, генитив, вокативті, одағайлы, модаль сөзді сөйлемдер, коммуникемдер.

Бұл сөйлемдердің құрылымдық ерекшеліктері – құрамының мүшеленбеуі. Сөйлемнің мүшеленбеуі деген ұғым үш қағидаға сүйенеді:

1) Синтаксистік конструкцияның  құрылымдық компоненті болып табылатын дәстүрлі бастауыш-баяндауыштық қатынастағы сөйлем мүшелерінің болмауы; 2) сөйлем құрамына кіріп тұрған жалғыз сөз немесе бөлшектеуге келмейтін сөз тіркесінің өздіктерінен бастауыштың да, баяндауыштың да қызметін атқара алмауы; 3) сөйлем құрамындағы сөз немесе сөз тіркестерін әр жағынан толықтыратын, сипаттайтын, саралайтын түсіндірмелік тұрғыдағы қандай да бір мүшелерді құрылымға енгізе алу мүмкіндігінің жоқтығы.

Сонымен, сөйлемнің құрылымдық қалпына үйлеспесе де, контекске, жағдаятқа байланысты сөйлемнің қызметін атқаратын құрылымдарды сөйлем санатында мүшеленетін сөйлемдерге оппозиция ретінде топтастыра қарау дұрыс болмақ. Мұның өзі тілдің коммуникативтік қызметінің қырларын аша түседі.

Мүшеленбейтін сөйлемдерді ғылыми тұрғыда зерттеу семасиология, фразеология, лексикография, морфология, синтаксистің  даулы немесе әлі де  шешімін таппаған мәселелеріне едәуір қосымша материал бола алады. Яғни, ғылыми тәжірибелік жағынан қарасақ, ауызекі сөйлеу тіліне бай мүшеленбейтін сөйлемдер – лингвистиканың кейбір осы кезге дейін қалыптасқан көзқарастарына жаңаша қарауға мүмкіндік беретін құрылымдар.

 

Әдебиеттер тізімі:

1 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері). – Алматы: Ана тілі, 1992. - 448 б.

2 Жұбанов Қ.  Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1998. - 581 б.

3 Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі: Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2006. - 237 б.

4 Төлегенов О. Жалпы модальді және мақсат мәнді жай сөйлем типтері. – Алматы: Мектеп, 1968. - 179 б.

5 Әміров Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Мектеп, 1983. - 168 б.

6 Исаев С.М. Қазақ тілі. – Алматы: Қайнар, 1993. - 170 б.

7 Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Санат, 2003. - 238 б.

8 Ерназарова З.Ш. Сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісі. – Алматы, 2001. - 215 б.

9 Жақыпов  Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. – Қарағанды, 1998. - 159 б.

10 Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. - 784 б.

11 Сарыбаев  Ш.  Қазақ  тіл  білімі  мәселелері. – Алматы: Арыс, 2000. - 624 б.

12 Ибраимова Ж.Ж. Қазақ тіліндегі айрықша құрылымды сөйлемдер синтаксисі. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2012. – 147 б.