А.Сейтметова

Аға оқытушы. өнер магистрі

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Түркістан қ.

 

 

У.Шекспирдің «Отелло» пьессасының тұңғыш сахналануы

 

Театрдың қалыптасу кезеңдерінде Я.П.Танев, М.Н.Соколов, М.Г.Насонов, Ю.Л.Рутковский, И.Г.Боров, М.В.Соколовский сияқты   режиссерледің қойылымдық және ұстаздық еңбектерінің нәтижесі – актерлердің шеберліктерін жетілдіру мен көркейтуде шешуші роль  атқарады. Бұлардың режиссерлік ізденістері мен енгізген тәсілдері  К.С.Станиславский "жүйесінің" бағыт-бағдарына  сүйене отырып  жүргізілді.

Қайта дәуірлеу заманының драматургі Шекспирдің шығармаларын  сахнаға  шығару – қай  театрға  болса  да  үлкен  сын,  сонымен  бірге  есейіп  жетілгендіктің сипаты. "Отеллоны" сахнаға қою М.Әуезовтың  шығармашылық  даналығының  ықпалы  деп  есептеген жөн.  Бізден  ертерек  шығармашылық  қалыптасуды  басынан  кешірген  театрлардың  өздері  де  мұны  қоюға  бара  бермейтін.

Спектакль түбірімен  басқа драматургия, қазақтың ескі өміріне тіпті ұқсамайды. Ондағы  кейіпкерлер характері де, мінез-құлқы  да,  көзқарасы  да  мүлде өзгеше. Сол себепті де оларды ұғынуға, түсінуге, кейіпкерлерді  бейнелеуге, сол дәуірдің адамының тыныс-тірлігін, тарихи болмысын,  әлеуметтік  сипатын  ұғындыру  үшін  М.Әуезовтың   өзі   актерлер құрамына лекциялар оқып, ақыл-кеңестер бере отырып, спектакльдің қойылуына  ерекше ықпал жасады. Ұлы Шекспирдің ақ өлеңмен жазылған әсем тілін,   құлпырта, көркейте отырып аударған М.Әуезовтың актерлер құрамына   еткен  еңбегі,  көрсеткен көмегі ұшан-теңіз. Ол қойылымның романтикалық стилін, философиялық және өмірлік астарын ашуға, оны орындаушылардың  түсінуіне ерекше көмек етті.

Қазақ театр сахнасында "Отелло" трагедиясының екі құрамда дайындалып қойылғаны  баршамызға аян. Сахнада бір спектакль екі  түрлі  бағытта  қойылып   театр  тарихында  кездеспеген  үлкен оқиғаға  айналды.  М.Соколовский спектакльді дайындау кезеңдерінде қазақ актерлерінің роль  сомдау тәсілдерінде болмаған жаңа әдістерге барды. Ол актерлерді рольмен  жұмыс істеу сәттерінде өз еріктеріне жіберіп, олардың қиял көздерінің   еркін ашылуына ықпал  етіп  отырды. Яғни, олардың сахнаға алып келген ой-пікірлерімен, ізденіс үстінде тапқан жаңалықтарымен санасты. "Үстел маңы" жұмыстарында актерлерге қойылымның идеялық, көркемдік маңыздарын  ашуға, бейнелердің әлеуметтік, психологиялық, моральдық, этикалық  жақтарының шешімдерін тауып, терең ұғынуларына көмек берді.  Кейіпкерлердің алдына қойған мақсат-мүддесі, типтік ерекшеліктері,  тағдыры  туралы  ойлану,  бейнеге  ену  тәріздес  ізденістердің  бәрі  оларға  өз рольдерін тереңнен зерттейтін методологиялық жұмыс тәсілдеріне  айналды. Осы амал-тәсілдердің бәрі актер қиял көзінің кеңеюі мен жетілуіне   ерекше ықпал етті. Мәселен,Қ.Бадыров Мавр бейнесіне жәй интуициямен бармай спектакльге, рольге қатысты Шекспир шығармаларын тереңнен зерттеп, Отелло ролін ойнаған әйгілі актерлер жөніндегі деректермен жан-жақты, кеңінен  таныса отырып  барды. "Отелло  образын гуманистік,  аса   жоғары әлеуметтік сатыға көтере мүсіндеген Остужевтің романтикалық  сарынды,  кең   тынысты   ойыны Бадыровқа аса зор әсер еткен"[1].

02

В.Шекспир «Отелло»                                                                                    

 Отелло – Қ.Бадыров, Дездемона –А.Абдуллина

Ол өз кейіпкерінің ерекше  жақтарына  қатты  көңіл аудара отырып орындауға тырысқан. Оның жанының рухани тазалығын, адамгершілік қасиетінің жоғарылығын, ішкі сезім дүниесінің нәзіктігін, адалдығы мен сенгіштігін,  әділет  үшін жан аямайтын қызуқандылығына баса көңіл бөлген. Әсіресе, оның Дездемона жайында Ягодан естіген өсек сөздерінен соң  Отеллоның жан азабына түсіп, қайғы-қасірет кешіп, күйзелетін тұстарын  актер аса сезімталдықпен ойнаған. Оның өз сүйіктісіне деген адал   махаббатын, жүрек  сырын   жеткізу   әрекеттерінде  жан   дүниесін   қопара,  ақтара сөйлей отырып  бақытқа  кенелуі  актер  ойынында  нанымды,  әсерлі  шыққан. Ал, Дездемонаның жазықсыз өлгенін білген сәттегі актер   әрекеттері  ерекше  әсерлі, оның сүйіктісінің үстіне көз жасын төге құлап,  бауырына басып, қайғыдан қан жұтып  авансценаға дейін  көтеріп  келіп,  есінен тана бөбегін  әлдилегендей күйде тұрып, сүйсіне қарап күйзелуі,  өзін-өзі кешпестей жан азабына түсіп арпалысуы – оның өрнегінің  шарықтау   шыңы деп ойлаймыз. Режиссер де, трагедия ойнаушы актер де шығарма тілінің образдылығын, диалогтардың әрекеттерін, оны жеткізудің  жолдарын   басты  мақсат тұтқан. "Қапан – ішкі сезімге беріле ойнайтын актерлердің бірі. Қапан сахнаға шыққаннан   құлашты кең   сермейді,  өзін  тіпті  еркін,  батыл ұстайды. Жауыздыққа, өзінің қылмысты   қылығына лағнет, қарғыс  айтып   толғанғанында Қапанның ойыны қандай шын, қандай шебер! Қапан  Отеллоның   соңғы қиналу   халдерін   бергенде  тіпті   сахнада   өзін  ұмытып кеткендей болды"[2] –деген мақала сөздерінен оның өз бейнесінің  лиризімін, биік сезімі мен адами қасиетке толы жан дүниесінің қайырымдылығын актер әрекеттерімен  жалаң  орындамай, өз серіктерімен  шынайы қарым-қатынаста болып, олардың іс-әрекеттерін көре, түсіне,  бағалай,  соған  сай  өз  тарапынан  жауап  бере,  шын беріліп  ойнағандығы  байқалады.

К.Қармысов бейнелеген Яго ролі өзінің шығармашылық  ерекшеліктерімен, өткір де мәнерлі мінез-құлық жаңалықтарымен театрды   зерттеушілер аузымен жақсы аталып өткен. Қазақ  қойылымында актер Яго   бейнесін әсем, епті, көңілді етіп көрсете отырып, шын мәнінде оның  қорқақ,   қуыс кеуде  бейшара  адам  екендігін  әшкерелей  суреттейді.

Scan20158

В.Шекспир  «Отелло»

Монтано – Ж.Өгізбаев

Ол өз кейіпкерінің  жауыздығын, қаныпезерлігін, қара пиғылын адам алдайтын сыпайы іс-әрекеттерімен, майда  жылпылдаған  сөзімен,   сүйкімді  көркімен  жасыра  жаба  көрсетуге тырысқан. Сахнадағы  берілген жағдайды,  алдына қойған мақсатын жан-жақты зерттей келіп қызғаныштан,  күншілдіктен пайда  болатын  сезімдерін  өзгеше   бір асқан шабытпен, қатты қызбалықпен орындаған. Актер кейіпкерінің ішкі жан дүниесін үңги   зерттеп, сыртқы іс-әрекетерімен байланыстырып отыруға тырысқан. Ягоның   жамандыққа деген  жанының  құмарлығын,  өз  мақсаты үшін  жауыздыққа   жетелейтін  айла-шарғыларының  бәрін  де  ол өз тарапынан ойлап тауып, алуан түрлі әрекеттер  мен  қимыл-қозғалыстар арқылы  көрсете  білген.  Орындаушы әсіресе оның адам сеніміне кіре білетін екі жүзділігін,  байқатпай  отырып  орға  жығатын  арамза қулығын актерлік ойын-өрнегімен  ұтымды байланыстыра білген. Осының бәрі қазақ сахна  өнеріне К.Қармысовтың актерлік орындаушылық өнері тарапынан қосқан    жаңалықтары  болып   есептеледі.

Қорыта айтар болсақ, Шекспир  трагедиясы қазақ  актерлік   өнерінің   қалыптасуы  мен қатаюына, шеберлік деңгейінің өсуіне, романтикалық  сарындағы  рольдерді меңгере  білуге үйрету мектебі болды.

                        006

                                    В.Шекспир  «Отелло».

Бианко – С.Майқанова, Кассио – Ш.Айманов

 

Сонымен қатар олар трагедияның жазылу стилімен, кейіпкерлерінің бізге таныс емес мінез-құлықтарымен, дәстүрлерімен, тұрмыс-тіршіліктерімен жалпы алғанда, бүкіл болмысымен  танысты. Мұның өзі қазақ актерлері  үшін  қалыптасу  мен         төселу кезеңдеріне айналды. Салқынқандылық, буырқанып,  сыздықтап  шығатын  трагедиялық  көңіл-күй  арпалыстары, психологиялық ұстамдылықты,  көркемдік  өлшемді  қазақ  актерлері  енді  түсініп,  бойларына  сіңіре  бастады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН   ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақ театрының тарихы. 1-том. Жауапты шығарушы Б.Құндақбаев. Алматы, "Ғылым", 1975 ж.

2. О.Беков. //Социалистік Қазақстан, 1939 ж, 17 май. (Қазақ театрының тарихы. 1-том. Жауапты шығарушы Б.Құндақбаев. Алматы,  "Ғылым", 1975 ж.)

3. М.Әуезов. «Уақыт  және  әдебиет» Алматы, "Қазмемкөрәдеббас", 1962 ж.

4. Б.Құндақбаев. «Әуезов және театр» Алматы, "Ғылым", 1997 ж.