Ұ.А.Кулетова аға оқытушы

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық

 Қазақ- Түрік университеті

 

САХНАЛЫҚ ЕРКІНДІК

 

Сахна тілінің ақиқатты артықшылығы тек тұнықтан бастау алып және қажетті еркіндікте болуында. Актер көп еңбек ету арқылы ішкі қоздырғыш күштерді босаңсытып, дененің құрысып-тырысуынан арылу жолдарын қарастыру керек. Көбіне дененің құрысып-тырысуы актер бойында бұлшық еттерінің түйілуі, аяқ-қолының ауырлауына, жақ, еріндерінің қозғала алмай қалуына, дауысының діріл қағуына әкеп соқтырады. Әрине, осындай құбылыстан кейін актер өзін-өзі игере алмай сахнада қысылып, терлеп, шығып кетуіне асығады. «Раз актер потеет на сцене – долой со сцены» (1. 186)- деген К.С.Станиславскийдің сөзін әрбір актер есіне мықтап сақтау керек секілді.

Сонымен қатар актердің сыртқы техникасы мен ішкі техникасы ұштасып, сезім мен сенім шындығын ашу қажет. Әрине, бұл актер шеберлігі мен сахна тілі пәндерінің үлесі. Олар бір-бірімен өте тығыз. Сахна тілі пәнінің алғашқы сатысында актер бойындағы құрысып-тырысуды жеңіп, дене еркіндігіне көп көңіл бөледі. Болашақ актерге сахналық еркіндік ауадай қажет. Сахналық еркіндік екі жақтама – физикалық және психикалық болады. Яғни, дене және ішкі жігер еркіндігі.

К.С.Станиславский: «Нельзя с неподготовленным телом передавать бессознательное творчество природы, так точно, как нельзя играть Девятую симфонию Бетховена на расстроенных инструментах»,- (2, 254) деген болатын. Міне, осы ұлы сөздерге құлақ сала отырып, актер ең алдымен өзінің ішкі еркіндігін игеріп, дененің құрысып-тырысуынан арылып, тіл кемістігін түзулеп, дауыстың дыбысталуын реттеу керек. Дененің құрысып-тырысу немесе қобалжу сәттері тек актерлерде ғана болмайды. Бұл барлық адамзаттың бойында бар. Мысалы, емтиханға кірген жас жеткіншектің көздері жыпылықтап, даусының өзгеруі, ойламаған жерден үлкен сахнаға шығып, көпшілік алдында сөз сөйлеген адамның аяқ қолының құрысуы, ғашық жігіттің сүйгенімен кездескендегі қобалжуы немесе атақты тұлғамен не болмаса, билік басында отырған адаммен сұхбаттасқандағы дененің құрсып-тырысуы жиі кездеседі.

Дененің құрысып-тырысуы, қолайсыздық, қобалжу, кейде қорқыныш сезімдері жүректің жиі соғуына әсер етіп, кейбіреуі ойлау мүмкіншілігін және өзін-өзі басқару қабілетін жоғалтады. Кейбірі, тіл қата алмай, біразға дейін үнсіз қалады. Мұндай құбылыс өз сезімін, өз ойын ішке тығып, көпшіліктен оқшау жүретін адамдарда өте көп кездеседі. Сол секілді болашақ актер өз ойын көпшілікпен бөліспей, ойын ашық айта алмай, істейтін қарекетін ерікті істей алмаса, ол сахнаға мүлдем жарамайды. өйткені, шығармашылық жұмыс жасау барсында дене еркіндігін игере алмаған актер жинақтала алмай, көрермендердің отырғаны әсер етіп, сахнада жасаған қимылдары еріксіз, даусы көмескі болып шығады. Сахнадағы қимыл-қозғалыстар әсер етіп, өзін-өзі жеңуден қалады. Бара-бара шыдамы таусылып, сахнадан кетуге асығады. Асыққанның нәтижесінде сөз жылдам, ойсыз айтылып, серіктес арасындағы үйлесімділік жойылады. Осындай ойыннан көрермен нені ұғады? Енді, шығармашылық жұмысты жоятын осындай қасиеттерден арылу жолдарын қарастырайық. Сахна тіліне арналған жаттығулар актер бойындағы сенімді шығармашылық еркіндігін ашуға, актерлік «аппараттың» өркендеуі мен туындауына, шығармашылық көзқарасына, қиял мен елестетуді арттыруға көп үлесін қосады. Бұл ең басты міндет. Кейде дауыс пен денеңнің өзіңе бағынбай кететін де кездері болады. Ішкі ойың арқылы өз құлағыңа жағымды үнмен қиылыстыра сөздер тізбегін айтып, сыртқа шығарғанда мүлдем басқаша, дөрекілеу, анық емес, тереңнен сүзіліп шықпаған сөздер болып естіледі. Немесе, ішкі ой арқылы қимылдарыңды пісіп жетілдіріп, дайын қалыпқа келтіріп, сахнаға алып шыққанда мүлдем керісінше, істеген қимылдарың қолапайсыз болып көрінуі мүмкін. Былайша айтқанда, ішкі сезім өте дұрыс қалыптасқан, мазмұн мен қиялға бай және дұрыс қарекетке итермелеген. Белгілі бір үнді – белгілі бір қарекетпен ұштастыруды талап еткен. Бірақ, бұлшық еттер оны тыңдамаған, ішкі үнге бағынбаған, немесе жаттығу кем болған. Актер техникасын қалыптастыруға бұл процесс өте қажет. Бұл психофизикалық доминантты жеңу үшін, одан күштірек психофизикалық доминантты пайдалану керек. Бұл өзін-өзі дер кезінде жинақтай білуі және үнемі өзін-өзі сырттай бақылап отыруы. ¦яңдыққа қарсы қоздырғыш күштерін оята білуге ерікті түрде қызығып, тартыншақтықты қойып, алға ұмтылуды, серпілуді көздеу керек. Егерде ерікті түрде қызығушылықпен жұмыс жасасаң, не сахнаға шықсаң, сен сахна сыртындағы көрерменді көрмейсің. өйткені, сенің ойыңда бір ғана нысана бар. Сен сахнада өтіп жатқан оқиғаға берілгенсің. Сондықтан да сахна сыртындағы көрермендерге емес, сахнадағы өтілетін оқиғаға көңіл бөлуің керек. Ең бастысы, ішкі ойың арқылы өз-өзіңді дұрыс жолға қоя білу.

Ең алғашқы сабақ барысында студенттерді бір-бірлеп сахнаға шығарып, үш-төрт минут қалаған іс-әрекетін жасауға ерік беру керек. Ия, сөзсіз көпшілігінің сахнаға шыға бергенде денелерінің құрысып-тырысуы, ұялу қасиеттері басым келіп, сахнада не істерін білмей, ары-бері жүре береді. Беттері қызарып, ұялып, соңына жеткенше асығып, сахнада көрініп тұрған заттарды ұстаумен болады. Ал ойдан құрастырып, қиялға жүгініп ештеңе істей алмайды. Кейбіреуі қысылғаннан, сахнаға соңынан шығуға рұқсат сұрайды. Бұл жиі кездесетін процесс. Барлығы осы сыннан өткеннен кейін, жаттығуды тағы да қайталайық. Бұл жолы ары-бері жүре берсе, енді сахнаға көңіл бөліп, қанша перде, түсі қандай, қалай орналасқанына мән беріп, сол арқылы іс-қарекет жасай бастайды. Бұл жаттығуды студенттің тынышталып, өзінің бойындағы құрысуды жеңе біліп, қызарып қобалжуы басылғанша қайталай бергені жөн. Міне, осылай ерікті түрде қозғалуға үйрене бастайды. Осының бәрін жеңгенде ғана студент нақты көзқараспен жұмыс істейді. Ойы жинақталып, қиялды өрбітеді. Алғашқыда сахнадан қорқып, қызарып тұратын студент ерікті, сахналық көзқарасы нақты, салмақты актерге айналады.

Бұлшық ет еркіндігі – әрбір қозғалыста, әрбір дененің қимылында қажет етіледі. «Бұлшық етті босату үшін, дене еркіндігіне (пластичность) көп жаттығулар жасау керек. Дене еркіндігі ішкі жігер еркіндігімен қос қабат жүреді»(3.86). Мысалы, оратор ешқандай мүдірместен, жаттығу істемей-ақ, еркін, әрі сенімді түрде сахнада өз ойын ашық айтып жұртты сендіреді. Денесі де, ішкі жігері де еркін. Неге? өйткені, ол сахнаға шығарда барлығын дәлелдеп, тексеріп, өз ойын толық және нақты жинақтап, жалғыз ғана нысана – көпшілікті сендіріп, өзінікі дұрыс екендігін мойындатуға тырысады. Яғни, белгілі бір іспен құмарлықпен шұғылдансаң, ерікті түрде соны қаласаң, бойыңда еркіндік болады. Ойың да, ісің де соны қалайды. Ішкі жігер еркіндігің сыртқы дене еркіндігіне ерік беріп тұр. Ішкі еркіндік - бұл  сенімділік.

Сонымен, өз ісіңді зерттей, дәлелдей келе сенімділік туады, сенімділіктен ішкі еркіндік туады, ал ішкі еркіндік адамның физикалық қарекетіне әсер етеді және дене еркіндігін (пластичность) тудырады. (4. 112) Дене қызбаса, одан туындайтын ой да, сөз де, қарекет те жарамсыз болып табылады. Дененің әр түрлі қалыпта ұстау бұлшық еттердің жұмыс қабілетін белгілі мөлшерде шектеп отырады. Мәселен, шалқамыздан түсіп жатқанда іш тартылып, ондағы бұлшық еттер жиырылады. Ал етпеттеп жатқанда қабырғалар мен кеуде клеткаларының қозғалысы қиындайды. Отырған кезімізде салмақ қабырға аралыққа түсіп, ішпен дем алуды ауырлата түседі. Жаттығу барысында қан айналым процесі түзіліп, сезім мүшелері ояна бастайды. Міне осы кезде, ойлау жүйесі қалыпқа келіп, дұрыс шешім қабылдай алатын ақыл, сөйлете білетін тіл мен нақты қадам жасайтын қарекет туындайды.      

Сахнада да, өмірде де сыртқы еркіндік, ішкі еркіндіктің қортындысы. Актер өз рөлінің барлық қыры мен сырын меңгергенде ғана толық еркіндікке бой ұрады. Сол табиғи мүмкіншіліктерінің өзіндік ерекшеліктеріне нұқсан келтірмей, дауыс аппаратының ширығуын босаңсытып, дауысты күшейту немесе бәсеңсіту, сөз ырғағын жылдамдату немесе баяулату, үннің әуезділігі мен дауыс сапасын арттыру сияқты жаттығулармен тәрбиелеп дамыту қажет. Жан мен тәнді бір арнаға түсіріп, оның үйлесу сәтін тауып, сөз бен қимылды қиюластырып, сөзден мінезді кейіпкер бейнесін сомдауда  - актердің атқарар ролі өте зор.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.     Станиславский К.С. Шығ. толық жинағы. 3 т. М., 1954-1963 

2.     Станиславский К.С. Шығ. толық жинағы. 1 т. М., 1954-1963

3.     Тұранқұлова Д. Сахна тілі. Оқу құралы. А., 1999 

4.   Байсеркеұлы М. Сахна және актер. Оқу құралы. А., 1993