Халидуллин   Ғизатулла - тарих ғылымының докторы, профессор

(Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы)

 

Құсайнова Руслана Молдаспанқызы - тарих ғылымының кандидаты, доцент

(Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы)

ЭТНОМӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ

 

Қоғамның жаңаруы әлемдік мәдениеттегі еуропалық өмір үлгісінің басымдылығын айқын танытуда. Қазіргі таңда өркениет соңғы технологиялық инновациялардың шапшаңенуімен, интерактивтілігімен, қашықтықтан басқару мүмкіншіліктерімен ерекшеленеді. Түпкі мақсат жер бетіндегі бүкіл адамзаттық бірлік идеясы десек те, әрбір ұлттық өзіндік құндылықтарының маңызды өлшем екендігін есте сақтауымыз аса қажет. Ең маңызды деген бағыттарының еуропалық мәдениетпен және техника-технологиялық жетістіктерімен, ақпарат алмасу құралдарының әлеуеттілігімен,  сонда қалыптасқан құндылықтар жүйесімен де тығыз байланысты екендігі сөзсіз. Сондықтан, елдігіміздің белгісі ретіндегі ұлттық құндылықтарымызды қазіргі қоғамдық өзгерістер жағдайында қайта қарап, мәні мен маңызын болашақ ұрпаққа ұғындыру бағытындағы жұмыстардың қажеттілігі күн санап артып отыр. Осыған орай жалпы адамзаттық құндылықтар, ұлттық рухани құндылықтар, әсіресе этномәдени құндылықтар ұғымдарының мәні ерекшеленіп, өзгеше сипат ала бастады.

Философияның негізгі мәселелерінің бірі бола тұрса да,  психология мен педагогика ғылымдары да бұл мәселенің зерттелу объектісінен сырт қала алмайды. Өйткені психология, педагогика, этнопсихология ғылымдары қоғам дамуының объективті заңдылықтарына жүгіне отырып, адамның қоғамдағы ең жоғары құндылықтарды тануына жол сілтейді.

Жаһандану ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ғаламдық қатынастарға бейімделу деген үлкен мәселені күн тәртібіне қойып отыр. Кезінде И.Кант, Г.Гегель сияқты немістің ұлы философтарынан бастап құндылықтар ұғымына зейін қойып, талдаулар жүргізе бастады. Мысалы, И.Кант аксиологиялық (құндылықтар туралы) түсініктерді қалыптастыру үшін қоршаған әлемді ойша нақты және идеалды деп екіге бөлген [1].

В. Супредин “Құндылықтар дегеніміз – мінез-құлықтар әрекеттердің бір түрі, ол мәдениеттің белгілі бір түрінде ерекше орын алады деген ойды білдіреді. Құндылықтар әлеуметтік санада өмір сүреді және жеке адам арқылы іске асырылады”, - дейді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: “Құндылық – нарқы жоғарылық, қымбаттылық, бағалылық. Құндылық арқылы сол заттың маңызын, мәнділігін, пайдалылығын, қажеттілігін, керектілігінбілуге болады ” десе, келесі еңбекте “Құндылықтар - ... онда адамзаттық тарихи тәжірибесі жинақталып, белгілі бір этностың немесе адамзат мәдениетінің мәні жатыр” деп анықтама беріледі [2].

Ал, ғалымдар “этносты” – адамдардың ортақ шығу тегіне, биопсихологиялық белгілерінің жақындығына, мәдени-әлеуметтік құндылықтарының ұқсастығына байланысты бірлескен адамдар жиынтығы деп қарастырады. Мәдениет шынайы адамдық құбылыс, адам бар болған жерде мәдениет те бар. Адамзаттың жинақтаған білім қоры, өмір сүру, өзін-өзі ұстау формалары, дағдысы, салт-дәстүрлері тек қана нақты мәдениет жүйесінде қалыптасып, көрініс табады. “Мәдениет” термині латын тілінен аударғанда “өңдеу деген мағынаны білдіреді екен” [3].

Бұл туралы Л.С.Выготскийдің мәдени-тарихи теориясы іліміндегі жүйе, ең алдымен, адамның әлеуметтік өміріндегі тіршілік бейнесі қоғамның даму дәрежесіне, екіншіден, ондай даму деңгейі сол әлеуметтік өрістің заттарды ұстап-тұтыну деңгейіне тәуелді, үшіншіден, адамның жарық дүниеге келуімен өмірінің соңғы кезеңіне дейін ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалдыратын өмір тәжірибесіне, іс-әрекеті мен мінез-құлық бейнесіне, бір сөзбен айтқанда, бүкіл жан дүниесінің өзгеріп өрістеуіне, қалыптасуына ықпал етіп отыратын тарихи –мәдени жағдайларға, әлеуметтік ортаға байланысты екен. Л.С.Выготскийдің айтуынша дамудың осы жолы бойынша материалдық (заттық) дүние жоғары психикалық қызмет арқылы мәдени факторға (оның бейнесіне) айналады [4].

Демек, адамның мәдени жады тұқым қуалау жолымен, яғни генмен берілмейтіндігі белгілі, ол белгілі бір белгіге, таңбаға айналған күйінде ғана өз мұрагеріне жетеді. Психолог ғалымдар (Д.Б.Эльконин, Л.С.Выготский т.б) мәдениет бала дамуының қайнар көзі деп санайды. Бала өз халқының (таңбасы, белгісі) тілмен, салт-дәстүрмен, өнермен, ойынымен танысуы арқылы сол халықтың мәдениетіне тартылады. Мәдениеттану мамандарының тұжырымдарында “белгі, таңба” деп, ең кең де қарапайым түсінікте, алдын ала бекітілген әлеуметтік шарттылыққа сүйене отырып, әлдененің орнында тұрған, сол әлдененің орнын басып тұрғанның бәрін айтады. Қай тарихи-мәдени кезеңнің болмасын өзіндік бір бет-бейнесін танытатын басым идеологиялық сарыны болады. Әр халықтың мәдениеті тек сол мәдениеттің өзіндік құндылықтары аясында және өзіндік контекстінде ғана толық түсінікке ие болады.

Басқа ұлттар сияқты біздің де ұлттымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тілі, әдебиеті, тарихы, салт-дәстүрі, діни сенімі, әдеп-ғұрпы, өнері, халықтың тұрмыс-тіршілігі (белгі, таңба) ақпараттар жүйеміз әрбір тарихи кезеңдерден өтіп, ұлттың ұлттық имунитетінің сақталуына қызмет етті. Қазіргі уақыт пен өткен ғасырлар арасының алшақтығына қарамастан, ұлттық болмыс, салт-дәстүр халық арасында өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ. Осыған орай біз осы ақпараттар жүйесін бүгінгі этномәдени құндылықтарымыздың мазмұнын құрайтын элементтер ретінде қарай аламыз.

Сонымен қатар, Орхон-Енисей тас жазуларынан бастап, еліміздің әр өңіріндегі көне сәулеттік ескерткіштер, ежелгі мәдениетжәдігерлері, халық шеберлерінің қолөнер (сәндік-қолданбалы, зергелік өнері) туындыларының үлгілері, халықтың музыкалық, поэтикалық шығармашылығы (отан, атамекен, махаббат, т.б ) – рухани білімнің де, тәрбиенің де көзі.

Қорыта айтатын болсақ, адамның өмірлік ұстанымдарын белгілеп отыруда ұлттық құндылықтар адамның бойындағы (эмоциялық сезімдері, эстетикалық талғамдары, адамгершілік қасиеттері т.б сияқты) ішкі мәдениетін дамытып, жалпы адамзаттық құндылықтарды бағалауға ықпал етеді.

Бүгінгі күнгі тәуелсіз еліміздің өзіндік ұлттық-мемлекеттік идеологиялық тұғырнамасын жасау, қалыптастыру мен дамытуда сан мың жылдар белесінен мазмұнын жоғалтпай жеткен,ұлттың ұжымдық ұйтқысының негізі болған этномәдени құндылықтардың танымдық, тәрбиелік және құқықтық мәні бар белгілері басты назарға алынуда. Мәселен, “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы, “Этномәдени білім беру тұжырымдамасы”, басқа да ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін жаңғыртуда, халқымыздың мәдени мұрасының өзіндік құндылықтарын қайта екшеп, жүйелеуде жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызы зор.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кант И. Основы метафизики нравственности, соч., в 6-ти т, Г.4(1),-М., 1965.-380с.

2. Лапин Н.И. Модернизация базовых ценностей Россиян // Социологические исследования. М.1996.

3. Словарь терминов по истории педагогики./Под ред. В.ВМакаева Пятигорск: 1995.-93с.

4. Психология:Адамзат ақыл ойының қазынасы. 10томдық. 1т. Л.С. Выготский. Мәдени тарихи тұжырымдама. Алматы “Таймас” 2005.-464 б.