Халидуллин Ғизатулла - (тарих ғылымының докторы, профессор

Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы )

 

Байдарова Айзада Кыдирбаевна - Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің магистранты

(Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы)

 

ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНА ЖАСТАР

  МӘДЕНИ ОШАҒЫ

Қоғамның қай саласын алсақ та, барлығы заманға сай ақпараттық технологияларға тәуелді. Бұл тұрғыда білім қазынасы саналатын, еліміздегі бай әрі ұлттық мұрамызды келер ұрпаққа көздің қарашығындай етіп сақтап келе жатқан Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы да құр алақан емес. Бүгінгі заман талабы - білімді кәсіби мамандардың оқырмандарға сапалы қызмет көрсетудің жоғары деңгейінде болуын жүктейді [1].  

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының  бастамасымен кітапхана сайтында (www.nlrk.kz) Мәдениет министрлігіне қарасты кітапханалар туралы жан-жақты ақпарат алуға болатын «Қазақстан кітапханалары: мәліметтер және сандар» атты электронды дерекқор жұмыс істей бастады. Дерекқордың негізгі мақсаты – республика көпшілік кітапханаларының жұмыстарын үйлестіру, жедел және стратегиялық басқаруды қамтамасыз етуге арналған нақтыланған статистикалық деректерді автоматты түрде жинақтаумен қатар, кітапханалардың республиканың әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесін көрнекі түрде көрсету. Осы дерекқордың  «№ 7 бөлімі - Кітапхана мамандарына» арналған.  Ол жердегі ақпараттарға сүйенер болсақ, елімізде Мәдениет министрлігіне қарасты көпшілік кітапханаларда қызмет атқаратын мамандардың саны – 9281-ді құрайды. Жас ерекшеліктеріне қарай тоқталатын болсақ:

·     30 жасқа дейінгі мамандар – 1498;

·     30 бен 40 жас аралығындағы мамандар – 2083;

·     40 пен 58 жас аралығындағы мамандар – 4899;

·     ал 58 жастан асқан мамандар саны 1302.

ҚР Ұлттық кітапханасы осы күнде жастар мәселесіне байланысты көптеген жұмыстар атқаруда. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек:

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1124 Қаулысында, Ұлттық кітап қорын цифрландыратын орталық құрудың негізінде 2013 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Ұлттық кітап қорын цифрландыру Орталығы» құрылды. Негізінен, құжаттарды сандық түрге көшіру жұмыстары Ұлттық кітапханада 2000 жылдардан басталған. Ал бүгінгі күні Ұлттық кітапхана  59 438 мыңнан астам аталым, 4 006 993 құжат беттерін сандық түрге көшірген, осындай жоғары көрсеткіш орталықта қызмет атқаратын көптеген белсенді жастардың еңбегінің нәтижесі [2].

ҚР Ұлттық кітапханасында 35 жасқа дейінгі 74 жас маман қызмет атқарады. Осы жастарды біріктіру және кітапханалар қызметінің дамуына қолдау көрсету, көмектесу мақсатында «Жас мамандар кеңесін құру» мәселесі қаралып, оның ережесі бекітіліп, алдағы уақытта осы кеңестер бойынша жастардың біліктілігін арттырып, кәсіби білімін жетілдіруге    бағытталған іс-шаралар өткізу: конференциялар, конкурстар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар, кездесулер және т.б жоспарланып отыр.

 Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы республика кітапханаларының ғылыми-әдістемелік орталығы болып табылатындықтан, кітапханаға аймақтардағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханалар қызметкерлерінен «Жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру Мектебі» мен «Қазақстандық корпоративті каталогтандыру орталығының» жұмысымен танысып, тәжірибеден өтуге ұсыныс берушілердің саны күннен-күнге көбеюде.  Аталған екі мектептің мақсаты Қазақстан  халықтарының  құжаттық мұрасын сақтау және Қазақстанның барлық ірі кітапханаларының бірыңғай электронды каталогын құру мен пайдалану.

 2013 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында жастардың кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында жас кітапханашылар арасында  қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, публицист М.Жұмабаевтың туғанына 120 жыл толуына орай өткізілген тағы бір шара - «Мен жастарға сенемін!» атты кітапханашылар сайысы. Сайысқа 20-30 жас аралығындағы 15 жас кітапханашы қатысты. Оның ішінде 5 қызметкер басқа саланың мамандары.  Сайыстың мақсаты - Мағжан Жұмабаев шығармаларын кеңінен насихаттау, жастарды отаншылдыққа баулу, кітапханашылардың мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен кәсіби біліктілігін шыңдау болды. Сайысқа қатысушылар М.Жұмабаев шығармаларына байланысты іс-шаралардың яғни, шеберлік класс, дөңгелек үстел, семинар-тренинг, шығармашылық кеш және т.б. сценарийі мен дәстүрлі және виртуалды кітап көрмелерінің жобаларын ұсынды.

Бүгінгі заманның жас кітапханашысы өз кәсіби міндетін жетік білумен шектелмей, заманауи технологияларды да өз жұмысында қолдана білетін, мемлекеттік тілмен қатар орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген, ақпараттық сауаты мол білікті маман болуы тиіс. Кітапханалар пайдаланушыларға  жаңа дәуірде жаңа дәстүрде қызмет етіп, өздерінің жұмыс процестеріне жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен ендіруде, бұл кітапхана мамандарынан шеберлікті, жаңаша білімді, біліктілікті талап етеді [3]. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Кітапхана әлемі. - № 1. – 2012. – 40-47 б;

2.     www.nlrk.kz;

3.     Кітапхана әлемі. - № 2. – 2012. – 36-37 б;