Халидуллин  Ғизатулла - тарих  ғылымының докторы, профессор

(Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы)

Жумабай Жазгул - Магистрант

(Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы)

 

 «ҰМАЙ» ҰҒЫМЫ  КӨНЕ ТҮРІК ДҮНИЕТАНЫМЫНДА

 

           Қазақстанның ортағасырлық тарихында көне түріктердің этномәдени  табиғи бітім болмысы айрықша орын алатындығы зерттеушілерге белгілі. Біз осы ретте түріктердің Тәңірілік танымында ерекше маңызды орын аталатын «Ұмай» ұғымы жайында сөз қозғамақпыз1.

«Ұмай» сөзі  Күлтегін ,Тонықұқ ескерткіштері мен Хакасияның Абақан  өзені оң жағалауындағы  «Алтын көл»   деген жерде орнатылған  ескерткіші мәтіндерінде кездеседі 

Күлтегін ескерткіші мәтінінде «Umay teg: ögüm: qatun: qutuŋa: inim Kültegin: er at boltï: altï jegirmi: jašïŋa :ečüm qaγan:  Еlin: törüsün: anča: qazγantï:  -  Ұмай текті  шешем қатұнның  құтының арқасында  інім Күлтегін батыр ер атанды.  Ол  он алты жасында  әкем қаған орнатқан  Елін, төрелігін  бекіте орнықтырды» дейді.    Тонықұқ  ескерткіші мәтінінде «Teŋri Umay: Ïduq jer sub: basa berti erinč: neke: tezerbiz: - Тәңірi,  Ұмай -  ұйық (киелі)  Жер, Су  қыспақтай бастаған екен,  неге қашқақтаймыз» дейді. Алтын көл    ескерткіші мәтінінде:   «Uqumuz Umay: Begimiz: biz ... Аналарымыз (тегіміз)  Ұмай,   бектеріміз  біз ...» дейді2.

Аталмыш мәтіндерден «Ұмай» дегеніміз   көне түрік дәуірінде  аналардың, шешелердің қастерлі әрі  киелі «аналық түп-негізі- Ұмай» деген қасиетті  ұғымды, Жер-судың иесі,  тіршіліктің түп-тамыры, «Жер ана, жер ұйық - Ұмай» деген ұғымды білдіріп тұрса керек. 

         Көне түріктерде Тәңірілік  үштік дүниетаным болғандығы зерттеушілерге белгілі жайт. Тәңірілік таным үштік құрылым, үш жүйелік қарым-қатынастар  бойынша сараланды . Демек, көне түрік қоғамын сол қоғамның көшпелі өркениетінде бекем орныққан  « Teŋіri > Тәңір- Kisi oγulï > Кісі ұлы - Jer > Жер» деген  жалпы үштік  құрылымсыз  түсіндіруге келмейді. Күлтегін, Білге қаған бітіктасы мәтінінде былай делінген: «Üze Kök: Teŋіri:asïra:yaγïz: Jer: qïlïntaquda: ekin ara: Kisi oγulï: qïlïnmïs:kisi:oγulïnta: üze: ečüm apam:  Bumïn qaγan:Estemi  qaγan:olurmïš: olurupan: Türük:budunïγ:  Elin:törüsün:tuta:bermis: iti:bermis - Жоғарыда  Көк Тәңірі,  төменде қоңыр (киелі) Жер жаратылғанда, екеуінің  арасында  адам баласы жаратылды. Адам баласын билеп ата-бабам Бұмын қаған, Естемі қаған отырды. Олар билік етіп, Түрік халқының Елдігін, Төрелігін  ұстай білді, жетілдіре білді» деп сипаттайды3.

Демек, көне түріктердің  Тәңірілік дүниетанымы бойынша  «Umay>Ұмай» дегеніміз -  Jer suw >  Жер-судың( Жер ананың),  Iduq jer > Жер ұйықтың этносимволдық байырғы  атауы. Жаратушының бір қыры Тәңірі  -   «ғарыштың, көктің , аспанның, аталықтың, ердің» этносимволы болса,  Жаратушының екінші  қыры Жердің  этносимволы «ана мен баланың, өсіп өнудің қамқоры» , «аналықтың, әйелдің белгісі» – Ұмай болмақ. 

              Кейбір зерттеушілер  көне түріктерде «Тәңірі, Ұмай, Ыдұқ Жер-Су, Ерлік» деген төрт басты  патеон  «құдайлар» болған деп   Кляшторный, тіпті «Ұмай» деген үш сайлы, бес сайлы  бас киім киген  әйел бейнелі деп те қарастырып келеді. Сол себептен де көне түріктердің үш сайлы бөрік киген билік тұлғасының тасмүсіндерін немесе жартастағы бейнелерін  «Ұмай» деген, оны  әйел адамның бейнесі деген қате байлам орныққан еді. 

 

Көне түріктердің ғұрыптық кешендерінде әйел адамның бейнелері, тасмүсіндері қашалғандары өте сирек құбылысқа жатады  және де көшпелілердің байырғы танымның сарқыншағы  киелі ұғым «Ұмай»  бейнесі осы деп айтарлықтай тасмүсіндер жоқ дерлік.

Махмұт Қашғаридың «Диуан-и лугат-т түрік» сөздігінде «umay – әйел босанған соң қарнынан түскен заты, бұны «баланың ана құрсағындағы досы» (бала жолдасы) дейді.  Мынадай сөздерде келеді: Umayqa tapïnsa  oγul bolur! –Ұмайға табынса ұлды болар. Әйелдер осыны құтты деп санап қастерлейді делінген.  

Сондай-ақ,  шорт тіліндер «Умаі –(schor.W.) –добрый дух, хранитель младенцев, духь: умаі енезі, умаі енчезі»  кейбір жазба деректерде «Umay – 1. ана құрсағы, бала жолдасы, 2. құдай атауы»  деп те аударып түсіндіріп келеді.

Ал, қазіргі хакас тілінде  «ымай (умай, омай, нумай) – 1. баланы қорғаушы киенің атауы, 2.емшіктегі баланың иесі» .Қазіргі қазақ тілінде ұма- аталық малдың (scrotum) жыныстық мүшесі, ені,  сыртқы енқабы, терісі .

Моңғол тілдерінде  «Umay- 1. әйел адам  «vulva»-сының  сыпайы атауы. Дагур, эвэнк тілінде баланы қорғаушы киесін осылай атайды, 2. адамның, жануарлардың баласы өсіп жетілетін ішкі мүше,  ұрық көтеретін құрсағы, жатыр» .

          Қазіргі қазақ және моңғол тілдерінде   uma-> ұма, um-> ұм, om - >  ом   түбір морфамлардан туындаған сөздердің жалпы семантикасы «таса, далда, жасырын, көмескі» мәнде .

Қырғыздарда  «Ұмай» деген құс бейнелі ою өрнек барын, қырғыздарда  әйел босанарда немесе баланы емдеуде емшілері  «Менин колум емес, Умай эненин колу»  , «Умай енеге тапшырдым», мал көбейіп, егін мол болғанда  «Умай ененин емчегинен сют агат» деген сынды кең өрісті аса ежелге жетелейтін танымдық ұғым деп те қарастырады.  

Осындай қазіргі заман этнографиялық көріністеріне негіздеп  Ұмай ұғымы көне түрік дәуірінен бастау алып қазірге дейін  қазақ, қырғыз, алтай, тыва, шор, хакас және басқа түркі тектес халықтарына  ұласып жалғасқан кең ауқымды ұғым екенін алға тартады.

«Ұмай Ана – белгілі дәрежеде таза рухтар қатарына жердің шұрайын келтіретін, балалы болу бақытын беретін құдай ана Ұмайды да жатқызуға болады. Түркі халықтарының мәліметтері бойынша Ұмай ана пәк рух пен құдай арасын байланыстырушы тұлға. Бірақ ол туралы жаңа мәліметтер  мен көзқарастар әлі табылған жоқ. Қазақ тілінде Ұмай ана есімі «май ана» түрінде сақталған. Оған байланысты түрлі дәстүрлер қалыптасқан. Соның  бірі  жас келін түскенде киіз үйге кіріп отқа май тамызған. «От ана, май ана,  жарылқа! » деп сыйынған».

Көне түріктердің наным-сенімдері, жалпы философиялық көзқарастары туралы төлтума толыққанды тарихи жазба деректер әзірше табылмаған. Алайда, олардың байырғы сарқыншақ көріністері мен кейбір нақтылы болмыстарының қалдығы іспетті тұстарын  қазіргі түрік халықтарының фольклорлық деректерінде мол сақталынған. Сөйтіп, біздің пікірімізше «Ұмай» дегеніміз, көне түріктердің жер әлемін, туған жерін ырым-жосындық тұрғыдан қастерлеп атағандығы, түріктердің Көк Тәңірлік философиясымен,   «Жер ұйық, Жер су»,  «От Ана», «Жер ана» деген дүние танымдық негізгі түсініктерімен тікелей байланысты, аса киелі бейне, сонау байырғы хұннұ дәуірінен бастау алған  мифтік-аңыздық кейіпкер болса керек.

Пайдалнған әдебиеттер:

 

1.Базылхан.Н. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері . Алматы 2005.71.  

2. Кляшторный, Савинов,2005 -Кляшторный С.Г., Савинов Д.Г. Степные империи древней Евразии.-СПб.: Филологический факультет СПбГУ, 2005. -346с.

3. Суразаков , 1994 - Суразаков А.С. К семантике изображений на кудыргинском валуне. // Этнокультурные процессы в Южной Сибири и Центральной Азии в I-II тысячелетии н.э. Кемерово: 1994. С. 45-55.