Шалтықов Ә.Е., саяси ғылымлар докторы, профессор,

Есенғалиева Жадыра, магистрант

(Алматы, (Қазақстан Республикасы)

 

ТЕРРОРИЗМ – ҚАЗІРГІ ЗАМАННЫҢ ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ

 

Соңғы кездері терроризм мәселесі ұлттық шеңберден шығып, халықаралық қатынастар саласымен байланысып қазіргі таңның өткір жаһандану мәселесіне айналып отыр. Бұл келесі себептермен байланысты: біріншіден, терроризм ғаламшарлық масштабта кеңінен таралуда. Терроризм тек дәстүрлі шиеленіс аймақтарында ғана емес (Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия), сонымен қатар, дамыған және сәтті дамыған әлем мемлекеттерінде де (АҚШ, Батыс Европа) байқалады. XX және XXI ғасырларда жаһандану мәселесінің өршуі әлемдік қауымдастық дамуындағы қазіргі заманғы кезеңінің ерекше сипатына, бүгінгі халықаралық қатынастардың ерекшеліктері мен әлем саясатының негізгі бағыттарын анықтайтын шындыққа айналды.

Екіншіден,  террористік әрекеттер көптеген адамдардың қазасына, қалпына келтіре алмайтын материалды және рухани құндылықтардың қиратылуына әкеліп, мемлекеттер арасына от салып, әлеуметтік және ұлттық топтар арасында соғысты, сенбеушілік пен жек көрушілікті өршітеді.

Үшіншіден, терроризммен күресте тек бір ұлы державаның немесе жоғары дамыған мемлекеттер тобы жеткіліксіз. Терроризмді өршіп келе жатқан жаһандық мәселе ретінде жеңу үшін, көпшілік мемлекеттер мен халықтардың, бүкіл әлемдік қауымдастықтың бірлескен күші қажет. [1]

Терроризм көптеген жағдайларға байланысты болады: қандай да болсын терроризмдік әрекет туралы қоғамға жариялайтын бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы, қарудың жаңа түрлерін шығаруға мүмкіндік берген ғылым мен техниканың дамуы, мемлекеттер аралық қатынастардың шиеленісулері, әртүрлі діңдердің арасындағы байланыстар, ғаламшар халқы санының артуы, ұлтаралық қатынастардың өткірленуі, адам құқығы, халықаралық қылмыстың артуы, заңсыз есірткі айналымы, жұмыссыздық, білімсіздік және т.б.

Сонымен қатар терроризм мен экстремизмнің ең қауіпті түрі - діни экстремизм.  Бұлардың ойынша, олардың сенген діндеріне сенбеген адамдар, дінге сенбейтін күнахарлар болады, сондықтан олар адамдарды өз дініне сендіру үшін терроризмге жүгінуі мүмкін. Мысалы: басқа діни мекемелерге жарылыс қою, өрт қою және тағы да басқа әрекеттер жасайды, тіпті діни фанаттар өздерін өлімге қиюы мүмкін. [2]

Осы жоғарыда аталған діни экстремизм мен терроризм қаупін төмендету үшін орта білім беретін мекемелерде дұрыс дінді уағыздайтын кітаптарды оқыту керек, себебі дінді дұрыс білмейтін балалар діни секталарға қосылып кетуі мүмкін. Сондай-ақ құқық қорғау органдарында осы діни секталардың және діни мекемелердің қызметін тексеру үшін іс-шараларды күшейту керек. Ең соңғы рет біздің елімізде терроризммен күрес туралы  заң «Терроризмге қарсы іс-қимыл» болып өзгертілді. Осы Заң терроризмге қарсы іс-қимылдың қағидаттарын, мақсатын, құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді.

Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты. Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін - ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.

Біз діни радикализм мен экстремизмнің пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды жетілдіруіміз керек.

Қазіргі кезде терроризмді жүзеге асырушылар әртүрлі қаруларды қолданатын болып кетті. Олар мысалы ядролық, жаппай қырып жоятын қаруларды қолдануы мүмкін, сол себептен әрбір мемлекет өзінің осындай қарулары сақталатын объектілерді қатаң бақылауға алу керек. [3]

Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимылдың қағидаттары мен мақсаты:

1)                     адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау, террористік қылмыстарды жасау салдарынан қауіп төнген адамдардың өмірі мен денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы;

2)                     заңдылықты сақтау;

3)                     терроризмнің алдын алуға басымдық беру;

4)                     террористік iс-әрекеттi жүзеге асырғаны үшiн жазаның болмай қалмайтындығы;

5)                     терроризмге қарсы іс-қимылдың саяси, ақпараттық-насихаттық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, арнайы және өзге де шараларының жүйелі болуы және оларды кешенді пайдалану;

6)                     терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезiнде тартылатын күштер мен құралдарға жедел басшылық жасауда дара басқару;

7)                     терроризмге қарсы іс-қимылдың жария және жария емес әдістерінің ұштасуы;

8)                     терроризмге қарсы операциялардың тактикасы, нысандары, әдістері, құралдары және қатысушыларының құрамы туралы мәліметтерге шектеулі қолжетімділікті қамтамасыз ету. [4]

 Жалпы, еліміз терроризмді оның барлық нысанында және көрінісінде батыл айыптап келеді. Терроризмге қарсы іс-қимыл еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыт­тардың бірі болып табылады. Осы жерде, еліміздің ядролық терроризм актілерімен күрес бойынша ауқымды бастамаға алғашқылардың бірі болып қосылғанын айта кеткен жөн. Бұл бағытта Ресей, АҚШ және басқа да елдермен бірге алғашқы әріптестер қатарына кіріп отыр.

Бірақ терроризмдік ахуал жоғарыдағы заңға қарсы шығып, оны жоққа шығарып  өз бетінше өзінің күшін жалғастыруда. Яғни, терроризм бір немесе бірнеше аймаққа, не мемлекетке төнген қауіп емес, ол бүкіл әлемге төнген қауіп. Сондықтан бұл мақаламда терроризмді жаһандық тұрғыда қарастыруымның басты себебі осы. Себебі жаһандық деп отырғанымыз, сөздікке көз жүгіртетін болсақ, «жаһандану» термині ғаламдану, әлемдік ауқымдану, жалпыға ортақ, бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының қалыптасуы, сонымен қатар біздің көз алдымызда өте тез қарқынмен жүріп жатқан үрдіс.

Қазіргі кезде жаһандық терроризмнің қаупі өте жоғары, себебі террористер қазіргі кездегі жаңа әр түрлі қаруды иеленген, өздерінің байланыс құралдары бар, қазіргі кездің жаңа компьютерлері және техникасы бар, олар өз кітаптарын, газет, журналдарын шығарады, олардың жоғарғы билік органдарында сыбайластары бар болғандықтан ғана жаһандық терроризмнің идеологиясының кең қанат жаюы болып табылады.[5]

Терроризм бір жерді жаулап алғаннан кейін ол міндетті түрде басқа жерлерді жаулап алуға тырысады. Осы тұста Таяу Шығыс мемлекеттеріндегі қазірге дейін өз мәресіне жетпеген, шешімін таппаған, керісінше өршімесе аяқталмайтын дау жан-жалды мысалға келтіре кеткім келеді. Әсіресе, бүкіл әлемді, интернет желілерін дүр сілкіндірген Сирия мәселесі. Бұндай қақтығыстардың шығу себептерінің бірі: cунниттер мен шииттердің екі түрлі бағытты ұстануы, бір-біріне деген көзқарастары мүлде сәйкес келмейтіндігі.

Тұтастай алғанда, көптеген елдердің соңғы жылдары жинақталған тәжірибесіне сүйенсек, олар экстремизм мен терроризмнің түрлі көрінісіне карсы тек арнайы қызмет пен күш құрылымдарының күресуі жеткіліксіз екендігін көрсетеді. Бұл енді XXI ғасыр «обасы» атағын алған құбылыспен бүкіл қоғам болып күресу керек.

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі алдын алу шаралары экономикалық шараларды қамтуы тиіс, яғни бұл дегеніміз террористтерді қаржыландыру әрекеттерінің жолын кесу ғана емес, экономика мен кәсіпкерліктің даму фундаментін құру. Барлық қоғам түрлері өздерінің тұрмыс жағдайларын жақсарту үшін бірдей мүмкіндіктерді пайдалана алулары қажет, өйткені экономикалық даму ағыны мен жүруге қабілетсіздіктің соңы тұрмыс жағдайын нашарлатып, ал өз кезінде бұл адамдардың эксперименттік мақсаттарды қолдауын тудыруы мүмкін.

Бүгінгі күнгі антитеррорлық қызмет терроризмге қарсы күш қолдану арқылы ғана емес терроризм мен экстремизмді туындататын және тарататын «объективтік факторлардың дер кезінде алдын алуға және жоюға бағытталуы қажет.

Ұлттық және халықаралық құқық қорғау жүйесі мен құрылымдарын халықаралық террорлық ұйымдарға қарсы күрес талаптарына сәйкестендіру керек. Бұл бағытта бүкіл әлемдік көлемде терроризмнің тарауына қарсы елдер ең алдымен кез-келген террорлық ұйыммен ынтымақтастықтан бас тарту туралы саяси шешім қабылдауы тиіс.

Осындай ахуал кез келген уақытта біздің елде де орын алуы мүмкін екенін естен шығармайық!

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                     Егоров К. Ю.  Международный терроризм как глобальная угроза // Власть. 2008. № 6. С. 73–76.

2.                     Бородин А.М. Политические проблемы современного терроризма // Алматы 2001

3.                     Амреева А.А. Діни экстремизм мен терроризмнің саяси әлеуметтік негіздері // Алматы 2006

4.                       http://adilet.zan.kz

5.                     Гринин Л. Е. Глобализация и процессы трансформации национального суверенитета // Век глобализации. 2008. № 1. С. 86–97.