Халидуллин Ғизатулла - Тарих ғылымының докторы, профессор

Нұрдәулет Сүндетов - Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің магистранты

(Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы)

 

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНДАҒЫ ТӘҢІРШІЛДІК

 

 

     Тәңіршілдік - түркі  халықтарының  исламға дейінгі  негізгі  діни нанымы. Табынудың басты объектісі - Тәңір. Тәңірі (көне түркі тілінде - мықты, ер, кұдіретті) - көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіздік күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі.

Барлык діни жүйелер тәрізді Тәңірлік діні де табиғат күштерін құдіреттендіруден, құпия тылсым тіршіліктің терең қатпарларынан тамыр алады. Алайда Тәңірге табыну діни түсінік эволюциясындағы табиғат діндерінен кейінгі жоғары саты болды. Барлык халықтар рухани дамуында діни көзқарастар эволюциясын бастан өткізді.

Қалыптасуының бастапқы сатысында Тәңір протоқазақтардың кұдайлар пантеонындағы жоғарғысы деп танылады. Қазақтардың ежелгі ілкі тектері де табиғат объектілері мен құбылыстарын құдайландырып, оларға табынады. Бұл табынудың негізінде сыры беймәлім дүние алдындағы үрей мен оның сұлулығына, үйлесімділігіне таңдану сезімі жатты. Өмірі табиғат аясында өткен көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі оған тікелей тәуелді болды, өзін қоршаған дүние құбылыстарының тылсым сырларын түсінбеген адам олардың себебін басқа құбылыстар мен заттардан, күштерден іздейді. Ол құбылыс пен мәнді, себеп пен салдарды толық ажырата алмағандыктан, алғашкыны соңғыға әкеп саяды. Соның нәтижесінде табиғат рухтандырылып, адамда діндарлық сезім мен сенім қалыптаса бастайды. Тәңірлік діннің бір тамыры осында, яғни табиғат дінінде жатыр. Тәңірлік діннің өзіне тән ерекшелігі ол өзіне дейінгі діни наным-сенімдерді теріске шығармайды, қайта оларды бір жүйеге келтіріп синтездеуші рөл аткарады. Плано Карпини түркілердің бір күдайға иланатындығын айта келіп: «... оның үстіне олар күнге, айға жэне отқа, сонымен бірге таңертеңгілік астың немесе су ішердің алдында сол ас-дәмдерінен ауыз тидіретін сыбағаға арнап су мен жерге де кұдай деп табынады», - дейді. Түркі халыктарының көне нанымдарында ғарыштағы барлық процестерге тоқсан тоғыз Тәңір басшылық жасайды. Осы сенімге сай кез келген кұбылыс пен объектінің киелі иесі бар. Түркілер дүние суреттемесінде ғарыш жоғарғы, ортаңғы және төменгі деп аталатын үш бөліктен тұрады. Осы үш әлемдегінің бәрі Тәңірге тәуелді. Түркілер сеніміндегі Тәңірдің ерекшелігі ол белгілі бір жан-жануармен немесе затпен теңестірілмейді. Түркілер Көк Тәңір дегенде оны материалдык кейіптегі аспанмен салыстырмайды. Көк тылсым құпияның, Жаратушылык бастаудың эпитеті болып табылады. Тәңірмен қатар Жер-Су кұдайы да түркілер үшін -табыну объектісі. Жер-Су - тіршіліктің тірегі. Жер-Су мен Тәңір бір-бірін толықтырып тұратын бастаулар. Адамның тәні Жерден жаралғанымен Рухы Тәңірден. Рухтың түркілік атауы - Құт. Адам туғанда Тәңір оның денесіне құт дарытады. Жаңа туған нәресте денесіндегі Құттың сақтаушысы, қамқоры -

Ұмай. Аталған үш құдай түркілердің пантеонында маңызды болып саналады. Тоныкөк құрметіне орнатылған ескерткіште: «Көк, Ұмай құдай, қасиетті Жер-Су, міне, бізге жеңіс сыйлаған осылар деп ойлау керек», - делінеді. Бірақ кұдайылық кұдірет тұрғысынан алғанда Жер-Су мен Ұмай Тәңірмен тең емес. Олар ортаңғы әлем құдайлары болып табылады. Адамның өмірі мен тағдыры тек Тәңірге ғана тәуелді, сондықтан түркі халықтары Тәңірден жарылқауды, Жер-Су мен Ұмайдан қолдауды сұрайды. Жарылқау адам тағдырын жаксы бағытта өзгертуді білдіреді, яғни тағдыр мен жазмыш тек Тәңірдің қолында. Тәңір өз әрекетінде ештеңеге тәуелді емес, бірақ оның үкімі әділетті. Тәңір әділ жолдан тайғанды, ант бұзғанды жазалайды. Мұндай адамдардың жаны төменгі әлемге барады. Төменгі әлемде Ерлік билік етеді. Тәңір әркімге сай сол белгіленген жазаны жүзеге асырады. Төменгі элемде жазаланған адамдардың көз жасын қанша жұтса да толыспайтын Тоймадым өзені ағып жатады. Ерліктің өзі өте қорқынышты, сұсты кейіпте бейнеленеді. Түркі халықтарында ислам мен христиан дініндегі күнә мен тозақ ұғымдары болмағанымен, әр адамның өз ісіне қарай Тәңірінің құлына ие болатындығы немесе қаһарына ұшырайтындығы туралы айқын идея болғаны күмән туғызбайды.

Тәңірге табынған түркілер дүниені кезіп жүретін зұлым күштер жеке адам мен отбасына, тұтас қауымға кесірін келтіреді, берекесін кетіреді деген сенімде болды. Сондықтан олар Жаратушы Тәңірден қолдау сұрап, оған арнап құрбандық шалып тұрды, Сонымен қатар тіл мен көзден сақтау мақсатында әртүрлі діни ғұрыптар мен ырымдар жасады. Құрбандық тек қиыншылық туғанда ғана емес, қуанышты күндері де, алыс сапардан немесе жорықтардан аман-есен оралғанда жасалды. Құрбандыққа қой, жылқы, түйе арналды. Түйе маңызды, ел тағдыры үшін шешуші сәттерде құрбандыққа шалынады. «Ақ түйенің қарны жарылды» деген мәтел содан қалған. Хан сайлаған кезде, үлкен жорықтардан оралған кезде осындай кұрбандыктар шалынған және мұндайда құрбандық малдың түр-түсіне ерекше назар аударған. Оның түсі міндеті түрде ақ болуы шарт. Ақ пен көк түркі халықтарында жоғарғы, рухани әлемнің рәмізі болып табылады. Алайда құрбандық түркілер дүниетанымындағы үш әлемнің бірлігін қамтамасыз етеді. Сондыктан құрбандық үш бөлікке бөлінеді. Құрбандыктың сирақтары мен дене сүйектері мұқият тазаланып адам аяғы баспайды-ау деген жерге көміледі. Бұл - төменгі әлемнің сыбағасы. Еті пісіріліп, жиналған халыкқа таратылады. Бұл - ортаңғы әлемнің сыбағасы. Ал бас сүйегі ағаш басына ілінеді. Бұл жоғарғы әлемнің сыбағасы.

Құрбандық шалудың ерекше түрі - тасаттық беру. Бұл жұт жылдары, қар мен жаңбыр аз жауып, жер мен шөптің ырысы кетіп, мал жұтағанда жасалады. Ауыл адамдары өзен-көл, тоған басына барып Тәңірден жақсылық тілеп, бата жасап бір малды құрбандыкқа шалады.

Кейде адам ауыр науқастанған жағдайда тезірек жазылып кетсін деген ниетпен де құрбандық шалынады. Мұндай құрбандықтың түсі қара болуы тиіс. Сырқат көз-тіл тиюден болды деп санаған кезде көш-көш ғұрпы жасалады. Бұл ғұрыпты бақсы-балгер адам атқарады. Мағынасы сырқатты адамнан кұрбандыққа көшіру болып табылады. Құрбандық еті осы ғұрыпты орындаған адамға тартылады.

     Сонымен қатар науқас адамды дұға окып үшкіру, аластау сиякты емдік әрекеттер жасалады. Егер үшкіру тек науқаска қатысты ғана жасалатын болса, аластау жаңа қоныска орналасқанда, мемлекеттік дәрежеде елшілер кабылдағанда және т.б. жағдайларда орындалды.

Құрбандык шалуға ескі әдет-ғұрыптарды және кұрбандық дұғаларын жақсы білетін адам басшылық жасайды. Егер құрбандык мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылса, ол көпшілік бұқараның жұмылдырылуымен, салтанаттылықпен, ал қауым мен отбасында өзінің шама-шаркына карай өткізіледі.

Әлемдік діндермен салыстырғанда тәңіршілдікте сән-салтанатты, әсем-зәулім ғибадатханалар салуға деген қажеттілік болған жоқ. Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды талап етпеді. Сонымен қатар тәңіршілдікте канондалған мәтіндер де болмады. Бірак таң сәріде ұйқыдан тұрған түркілер Тәңірді еске алып, одан қолдап-қорғауын, ісін оңдауын тілеп отырды. Түркі Тәңірі адамнан әрекетшілдікті, белсенділікті талап етеді. Әрбір түркі ері отбасына, ел-жұрты мен мемлекетіне қызмет етуі керек, тек сол арқылы ғана ол Тәңірі мен халқы алдындағы парызын өтей алады. Бұл жерде парыз тек моральдық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік-құкықтық ұғым болып табылады. Парыз ұғымы көне түркілердің елдігі мен мемлекеттілігінің іргетасы іспетті. Парыз - Тәңір мен түркі адамын байланыстырып түрған нәзік тылсым ғана емес, парыз дүниені үйлестіру мен жетілдірудің пәрменді құралы. Оғділміш - осыны жете түсінген тұлға бейнесі. Өмірге деген мұндай әрекетшіл қатынас ғасырлар бойы Еуразия даласын мекендеген халықтардың санасына сіңіріліп келді.

Тәңірлік дін генезисі жағынан шығыстык діни жүйелерге ұқсас болғанымен, типологиясы, типтік ерекшеліктері тұрғысынан олардан өзгеше. Құрманғазы Қараманұлы «Тәңірге тағзым» еңбегінде тәңірлік діннің төмендегідей ерекшеліктерін атап көрсетеді:

1.   Тәңір діні - халқымыздың қалыпты дүниетанымынан туған, табиғатқа табыну, Аспанды - ата, Жерді - ана деп ардақтау және аруаққа сыйыну, рухы күшті адамдардың өмірін өнеге тұту салтынан өрбіген ұлттық дін.

2.   Тәңір (көк) - күллі әлемді жаратқан бейтарап құдіретті күш. Ізіңді аңдып, аузыңды бағып, ойыңды тіктеп әуреге салмайды, яғни күнделікті тіршілік ағымына араласпайды.

3.   Сондықтан бұл дінде құдайға жағыну, жақсы атты көріну мақсатымен ертеңнен қара кешке дейін құлшылық ету рәсімі жоқ. Дінді ұстаушылар тек басына күн туғанда ғана Тәңірге тілек айтып, әруақка сиынады.

4.   Діннің өз жора-салттары бар. Олар - Тәңірдің құдіретіне тәубе етіп, құбандық шалу, ата-баба аруағына арнап ас беру, т.б. Сол сияқты таңертең тұрғанда, күншығысқа қарап бас иіп, тағзым ету шарт.

5.   Тәңір дінін ұстағандардың өз мерекелері (наурыз, кымызмұрындык, сабан той, соғым басы, т.б.), христиан дініндегі көгершін секілді символдық киелі құстары, (аққу, қарлығаш), ислам дініндегі - жұма, яхуда дініндегі - сенбі, христиан дініндегі - жексенбі секілді сыйлы күн (сәрсенбі), өзіне тән ырымдары бар.

6.   Мұнда кұдай лебізін жеткізеді делінетін періштелер мен пайғамбарлар «жаратқан осылай жасауға әмір етті» делінетін ережелер, «күнә», «тозақ», «жазмыш» т.б. жөніндегі жаттанды кағидалар жоқ.

7.   Жұртты жинап, кұдайға кұлшылық ету рәсімдерін үйымдастыратын шіркеу, мешіт, монастыръ секілді орындарға да мұктаж емес. Тәңір - әркімнің өз жүрегінде. Оған тілек айту, жалбарыну жорасы әркімнің көңіл қалауы бойынша жасалады.

8.   Мұнда діни фанатизм жок, өйткені «Тәңір Көк әлем халықтарының бәріне ортақ, ал әр халық өз ата-бабасын ардак тұтады» дейтін қағиданы ұстанады. Адамдар кемел ойы мен кісілігіне қарап бағаланады.

9.   Тәңір діні адамгершілікті насихаттайды.

10. Тәңір дінін ұстанатындарға үш карызды орындау міндет. Олар - Тәңір
алдындағы, ата-баба алдындағы және ұрпақ алдындағы қарыздар.

Тәңірлік діндегі өмірге деген көзкарас, өмірден қашып такуа күй кешпей, дүниеге қуанышпен қарау, оны жалған демей, жарық дүние деп қабылдау, жаратушы мен адам арақатынасын басқа тұрғыдан түсіну, оның өмір орнықтырушы принциптері Еуразиялық далада әртүрлі тарихи дәуірлерде үстемдік еткен митраизм, бон, зоро-астризм сияқты діндердің өзекті мәселелерімен үндес. Тәңірлік дін аталған діни жүйелердің игі ықпалын бойына сіңіріп, оларды синкретті біріктіріп, түркілер дәуірінде Еуразиялық дала мәдениетінің негізгі тірегіне айналды.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Қ.Т. Жұмағұлов, Е.Т.Қартабаева; «Әлем діндерінің тарихы» - Алматы, 2013 ж.

2.     А.Құлсариева, А.Құрманалиева; «Эстетика және діни өнер» - Қазақ университеті, Алматы, 2013 ж.