Психология / Педагогическая  психология

Бастауыш сынып мұғалімі Ахметова М. А.

Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназиясы

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

 

ТƏРБИЕ ҚҰРАЛЫ – ƏЛЕУМЕТТІК ОРТА

Бала үшін отбасы – ең алғашқы да аса белсенді тұлғалық қалыптасу көзі. Тұлғаның əлеуметтенуінде жетекшілік маңызға ие жалпыға бірдей жағдаяттар болады. Олар: туған күнінен бастап, балаға болатын үздіксіз де тұрақты ықпал; отбасыдағы қарым-қатынастың туысқандық, сүйіспеншілік, сенімі. Өз балаларының ерекшеліктерін, қызығулары мен қажеттерін ескеруде ата-аналар мүмкіндіктері орасан. Отбасылық тəрбие стиліне орай: əкімшіл, адамгершілікті, либералды болып бөлінеді.

Əкімшіл (авторитарлы) отбасы – бала қарсылығын не күйзелісі мен селқостығын туындататын қаталдығы шектен тыс талаптарымен сипатталады. Сырттай бұл дөрекі қылық пен тұрпайы, жалған сөзден, екіжүзділіктен көрініп, балада қорқыныш пен қорғансыздық сезімін пайда етеді.

Адамгершілікті қатынас түрі (стилі) ата-аналардың бала тұлғасына болған сыйластық, құрметімен, оның көзқарас, ой-пікірлерін қабылдауымен, өзіндік дербестігін шектемейтіндігімен еленеді. Мұндай отбасылар балалар датына құлақ түре алады, өз шешімдерімен баланы тұсауламайды, оның шығармашыл ынтасының дамуына көмектеседі. Бұл отбасы жағдайында бала өзін жайлы сезінеді, əрдайым табысты əрекет қуанышына бөленіп, оны ата-анасымен бөліседі, олардан қорықпайды, керісінше, ішкі нəзік сырларын ортаға салып, проблемаларымен бөліседі, кеңестерін тыңдауға асығады, өз қадір мəртебесін сезінеді.

Либералды стильдік қатынас отбасы баласының не істесе де бетін қайтармауға, оның жауапкерсіздігі мен өзімшілдігіне бастау береді. Балалар ата-аналарының əсіре сүйіспеншілігін «қорғаныс» етеді немесе олардың түгелдей елемеу, немқұрайлылығына тап болады. Бұл баланы екіжүзділікке, менмендікке, тəртіпсіздікке, моральдық жұтаңдыққа душар етеді.

Отбасында тиімді тəрбиелеудің белгілі ережелері қалыптасқан:

- баланы бар қалпында сүю, құрметтеу қажет;

- баламен қатынас оның жас ерекшелігіне сəйкес болуы шарт, сонда ғана үлкендер мен кішілер арасындағы дау-дамай туындамайды да ең қонымды тəрбие əдісін таңдап, қолдануға болады;

- баланың не айтқысы келетінін түсініп алған жөн, асығыс қорытынды жасаудан сақтанған дұрыс;

- жазаны істеген келеңсіз əрекеті үшін қолдануға үйренген жөн, баланы намысына тиіп, қорламаңыз (ешуақытта бала жаман емес, оның қылығы жаман);

- бала жөнінде басқалар (мұғалімдер, көршілер) тарапынан айтылған сын пікірлерден қорытынды жасаудан бұрын оның өзімен əңгімелесіп, əрекетінің себебін анықтап, кейін шешім қабылдаған жөн: жұрт алдында өз беделіңді жоғалтамын деп шошынудың қажеті шамалы, өз балаңның сенімінен айырылып қалмаған дұрыстау;

- балаға үйрететініңді алдымен өзің үйреніп, біліп ал;

- бала жасына қарамай, басыбайлы қадағалауды жек көреді. Ата-анасының өз өміріне шын ықыласпен араласқанын ғана ұнатады. Бала табиғатынан ата-анасын сүйеді;

Отбасы тəрбиесінде қолданылатын басты əдістер – бұл өнеге-үлгі, бірлікті еңбек, іс-əрекет, əңгіме-сұхбат, қолдап-қуаттау, баланы қорғау. Сондықтан да тəрбие үшін арнайы шарт, жағдайлар жасаудың тіпті де қажеті жоқ –тек қана дұрыс, инабатты, адамгершілік əдеп сақтап, өмір сүруді басты ұстаным етіп алу керек.

       Әдебиеттер:

1.            Баймұқанова М.Т.Отбасымен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс.-Астана, 2005.

2.           Шнейдер Д.Б. Психология семейных отношении. - Москва, 2000г.