э.ғ.к., доцент Аязбаева Г.Н., студент  Рамазанов А.

Алматы менеджмент  университеті, Казақстан

Басқару жүйесін зерттеудің тиімділігін анықтайтын факторлар

 

Жүйелі талдау – нақты басқару жүйесінің (кәсіпорынның не компанияның) мақсаттарын анықтаудан немесе белгілеуден және нақты көрсеткіш түрінде байқалуға тиіс тиімділіктің критерийлерін іздеуден басталады. Әдетте, ұйымдардың басым бөлігі көп мақсатты болып келеді. Мақсаттардың көп болуы – кәсіпорынның (компанияның) даму ерекшеліктеріне және қаралып отырған уақыттағы оның нақты жағдайына, сондай-ақ қоршаған ортаға байланысты (геосаяси, экономикалық, әлеуметтік факторларға).

Кәсіпорынның (компанияның) даму мақсаттарын анық және сауатты құрғанда, ол – жүйелі талдау жасауға және зерттеудің бағдарламасын дайындауға негіз болады.

Жүйелі талдаудың бағдарламасына, өз кезегінде, басымдығына қарай зерттеуге жататын сұрақтардың тізімі кіреді. Мысалы, жүйелі талдау бағдарламасына мына тараулар кіруі мүмкін:

- кәсіпорынды тұтастай талдау;

- өндірістің түрін және оның техника-экономикалық сипаттамасын талдау;

- кәсіпорынның өнім (қызмет) шығаратын құрылымдарына, негізгі бөлімдеріне талдау жасау;

- қосалқы және басқа да қызмет көрсететін құрылымдарға талдау жасау;

- кәсіпорынның басқару жүйесін талдау;

- кәсіпорындағы құжаттардың байланыс формаларын, олардың қозғалысын және оларды өңдеу технологиясын талдау.

Бағдарламаның әрбір тарауына жеке зерттеу жүргізуге болады және ол –талдаудың мақсаттары мен міндеттерін қоюдан басталады. Жұмыстың осы кезеңі – ең маңыздысы болып саналады, себебі зерттеудің бүкіл барысы, басым міндеттерді таңдау және ақыр аяғында, нақты басқару жүйесін реформалау да соған байланысты.

Зерттеу тиімділігінің ғылыми түсініктемесі көбіне фундаменталды зерттеулермен байланысты. Зерттеудің ғылыми пайдалылығы – зерттеу нәтижесінде белгілі бір салада жиған білімнің артуымен анықталады. Ол – зерттеу нәтижесінде алынған патент, мақалаларға берілетін авторлық куәлік, сіздің ойыңызды қайталау рейтингтері т.б. түрде көрінуі мүмкін.

Қолданбалы зерттеулерге сипаттама беру үшін, көбіне, зерттеудің өмірге пайдалылығы деген түсінікті қолданған дұрыс. Зерттеулер барысында алынған ғылыми білімдер тәжірибеде қолданғанда, зерттеудің ғылыми пайдалылығы көрінеді. Зерттеулер нәтижелерін өмірге енізу – қоғам дамуының маңызды элементі. Нарықтық экономикада қолданбалы зерттеулердің қозғаушы күші болып – тәжірибелік мәселе және оны бәсекелестікті қамтамасыз ететін деңгейде шешу болып табылады. Белгіленген уақытта және ресурстар шығыны мен тәуекел жоспарланған көлемнен аспаған кезде – алға қойған мақсаттарға қол жеткізсе, онда зерттеудің пайдалы болғаны. Басқару жүйесін зерттеудің әрбір жағдайында, ең алдымен, қиындықтар мен мақсаттарды анықтап алу қажет. Ал мақсаттарды анықтау үрдісі эвристикалық сипатта болады. Зерттеудің табысты болатыны немесе сәтсіздікке ұшырайтыны – мәселе мен мақсаттың сапасына байланысты. Басқару жүйелерін зерттеудің мақсаты –белгілі бір жағдайда, объектіде, істе, уақыт аралығында, ресурстарды шығындай отырып нақты нәтижеге қол жеткізу. Жүйелерді зерттеудің мақсаттары мынандай қажеттіліктерден туындайды:

- мақсатты жұмыстың тиімділігін арттыру (еңбек өнімділігін, табысты, пайданы т.б.);

- шығарылатын өнім бірлігіне жұмсалатын ресурстар (шикізат, материалдар, электрэнергиясы т.б.) шығынын азайту, соның ішінде ақау мен қалдықтарды да азайту;

- қауіпсіздікті арттыру жолдары: шаруашылық қызметі үрдісінде қауіп көзін жою, тәуекелді (мүліктік, қаржылық, сыртқы ортаны экологиялық тұрғыдан ластау) бақылауды қамтамасыз ету т.б.

Жергілікті зерттеулерде бұдан «тар» мақсаттар қойылуы мүмкін. Мәселен, бухгалтерлік есепке кететін шығындарды азайту, кәсіпорын қызметінде басқару есебін жүргізгенде мәліметтерді пайдалану тиімділігін арттыру; құрылымда жұмыс істейтін қызметкерлердің ынталануын арттыру; қаржы-шаруашылық қызметінің кейбір тұстарында орын алатын жағымсыз құбылыстардың себебін жою немесе жиілігін азайту т.б.

Көбіне зерттеулерге бірнеше ұйым қатысады. Бұл, өз кезегінде, ортақ мақсатты зерттеуге қатысатын ұйымдар арасында бірнеше ішкі мақсаттарға дұрыс бөлуді (декомпозиция) талап етеді. Бұл үшін мақсаттардың «граф-ағашы» құрылады.

Зерттеу мақсаттарының «ағашы» деп «шыңдардың» арасындағы қарым-қатынасты білдіретін «граф-ағашты» атайды, ол шыңдар, өз кезегінде, әр түрлі субъектілерді, кәсіпорындарды толығымен зерттеу жолында және түрлі сатыларында қол жеткізуге тиіс ішкі мақсаттардан (жеке мақсаттардан) тұрады.

Мақсаттар «ағашының» «шыңы» анықталғандықтан, яғни олар маңызына қарай сандық тұрғыдан бағаланып, зерттеудің түрлі бағыттарының басымдықтарына сандық баға беру үшін кең қолданады. Мақсаттар «ағашын» құру, қосымша зерттеулерді қажет етеді. Осы міндеттердің әрқайсысы – сараптамалық баға беру әдісімен шешілуі мүмкін.

Мақсаттар – басқару құралы бола алады, егер олар:

- анықталып, нақтыланса;

- қызметкерлерге таныс болса;

- жұмысшылар оларды орындауға қабылдаса.

Мақсаттарды анықтаған кезде шектеулер болатынын – объект пен субъектіні зерттегенде, оған бөлінетін ресурстарды (қызмет алаңдары, электр энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігі т.б.), нәтижеге қол жеткізетін уақытты ескеру қажет. Мұнда нәтиже алатын уақыт – ерекше маңызды. Зерттеу нәтижесі – зерттеу үрдісі бақылаудан шығып кеткенше немесе жұмысын тоқтатқанша – алынып және пайлануы керек. Осы талаптарды қанағаттандыратын зерттеуді – басқару жүйесін нақты уақыт масштабында жүргізілген зерттеулер деп атайды. Бұл – қауіпсіздікті басқаруда да өте маңызды. Алайда объекті жоғары ырғақты болғанда, бұл – техникалық тұрғыдан үнемі мүмкін бола бермейді. Экономикалық тұрғыдан мұндай зерттеулер қымбатқа шығуы ықтимал.

Зерттеу жұмыстарын басқарғанда, әдетте, критерийді бірнеше баламаның ішінен дұрыстау шешім қабыдауға көмектесетін нұсқаны таңдап алу, - деп қараған жөн. Болжам жасаған тиімділікке сәйкес, басқару жүйелерін зерттеуге қатысты шешім қабылдаудың келесі нұсқаларын бөліп көрсетуге болады:

- мәселені шеше алмайтындары – тиімсіздері;

- мәселені шеше алатындары – ұтымдылары;

- шешімнің оңтайлы нұсқасы – критерий бойынша белгіленген жолмен – зерттеу мәселесін ең жақсы тәсілмен шешетін нұсқа, немесе критерий бойынша белгіленген жолмен зерттеудің ең жақсы жүйесін құру. Тиімсіз және ұтымды шешімдер көп болса, оптималды шешім – біреу-ақ. Басқарудың күрделі жүйесін зерттегенде, оның көп қырлы болып келуіне орай, критерий де, әдетте, векторлы болып келеді. Оның үстіне күрделі жүйені оңтайлау міндеті – көп критерилі міндет болады.

Зерттеу тиімділінің деңгейлері ретінде, маңызды параметрлердің абсолюттік мағынадағы өзгерістерін атаймыз, мысалы, үнемделген отынды литрмен, тоннамен, теңгемен т.б. өлшеуге болады.

Зерттеуге баға беру критерийін синтездеудің белгілі жолдарының бірі –параметрлердің бір түрі – тиімділікті арттырады немесе кемітеді, ал басқаларына шектеу қояды.

Критерий нұсқасын (вариантын) таңдау, зерттеуге тапсырыс берген адамның (немесе орындаушының) мақсаттарын формальдандырып жібереді. Дегенмен, мәселенің өмірлік өткірлігі және ресурстардың шектеулігі, қауіп-қатер, зерттеулер жүргізілетін уақыт – оның негізі болып қала бермек. Басқару жүйелерін зерттеудің тәжірибелік және ғылыми тиімділігі, бәрібір, алынған нәтижелердің толықтығына, сенімділігіне және дәлдігіне тікелей байланысты болады.

Зерттеу нәтижелерінің толықтығы: басқару жағдайларын зерттеу санына, жүйенің жұмысына, оның шеңберіне, элементтерге және зерттеу үрдісінде олар қаншалықты терең қаралғанына байланысты, сондай-ақ зерттеу үрдісі барысында мұндай тексеріске ілінбеген жағдайлар мен жұмыс түрлеріне т.б. қатысты.

Зерттеу нәтижелерінің дәлдігі дегеніміз, зерттеу барысында алынған бағамен салыстырғанда, мүмкіндіктер диапазонының (минималды белгіден бастап, максималдыға дейін) нақты қашықтығын (периметрлерін) табу.

Зерттеу нәтижелерінің сенімділігі – алынған нәтижелердің статистикалық нақтылығы. Ал нәтижелердің сенімсіздігі – зерттеу үрдісінде алынған нәтиженің – дәлдік бағасының шекарасынан асып кететін мәліметтердің пайда болуына әкеп соғады.

Зерттеудің толықтығын, дәлдігін және сенімділігін осы нәтижелерді тәжірибе тұрғысында пайдаланғанда, сондай-ақ зерттеудің тиімділігіне баға бергенде ескеру қажет.

Зерттеулерді басқару және оларды уақытында, жеткілікті көлемде қаржыландырып тұру – өндіріс саласындағы органдардың жоғары басшылығының жауапты қызметіндегі, ең маңызды мәселелері болып табылады.

Зерттеулерді басқаруға – маркетингтің (зерттеудің әдістері мен жолдарын таңдау) жоғарыда қарастырған мақсаттарынан тыс, зерттеу менеджменті де кіреді.

Зерттеу менеджменті: жоспарлаудан, ұйымдастырудан және зерттеуді бақылаудан тұрады. Зерттеу менеджментінің өзіндік кейбір ерекшеліктері болғанымен, негізінен, оған да жалпы қабылданған әдістер сай келеді.

 

Әдебиет:

 

1. «Институты развития как факторы конкурентоспособности», отчет председателя правления АО «Фонд устойчивого развития «Казына», Алматы, 2005 (www.google.kz)

2. Кулапов В.Л.  Основы теории государства и права: Методические рекомендации для повторения курса. – Саратов: СГАП, 1999.

3. Кубаев К.Е. Теория  и  практика  менеджмента. – Алматы: «Қазақ  университеті», 2005