Рамазанова Жанар Сембековна
филол.ғ.к., журналистика кафедрасының доценті
Е.А.Бөкетов
атындағы ҚарМУ (Қазақстан)
Ақылбайқызы
Айнұр
Е.А.Бөкетов
атындағы ҚарМУ (Қазақстан)
Журналистика кафедрасының 2-курс
магистранты
Қазақстандағы медиабілім
моделі
Жаңа
медиа технологиялар журналист пен журналистік білімге жаңа леп,
жаңа түсінік, жаңа көзқарас әкелгені
сөзсіз. Журналистерге қойылатын талаптар да өзгеріп,
болашақ журналистерді де оқыту үрдісінің де
жаңаланып жатқаны да белгілі.
Қазіргі
таңда басқа мамандық салалары сияқты,
журналистердің де білуге тиіс білімдері мен дағдыларының да
кеңейіп жатыр. Журналистер жұмысына қажет ақпараттарды
жинау дағдысы, мақала жазу қабілеті, аналитикалық
дағдылары, жаңашылдығына қоса, күнделікті
өзгеріп отырған жаңа ақпараттық технологияларды
білу, орынды қолдану, біліктілігін көтерудің
мүмкіндіктерін жіберіп алмаулары керек.
Журналистің
шеберлігі туралы айтқанда, шеберліктің негізінде жатқан
журналистің дүниетанымы, көзқарастары, азаматтық
ұстанымы, әлеуметтік белсенділігі екенін ескеруіміз керек. Әр
сөзі арқылы журналист халықтың ойын айтып
қоймайды, сонымен бірге оны қалыптастырады. Журналистер
адамдардың атынан жұмыс істейді және адамдарға
қызмет етеді, өздерінің мақалалары арқылы
әлеуметтік, саяси сана сезімді қалыптастыруға әсер
ететіні туралы аз жазылып жүрген жоқ.
Журналистік
шеберлікті қалыптастыру университеттік білімнен бастау алатыны
айтпасақ та болады. Дегенмен дүниежүзінде журналистік білімге
түрлі көзқарастар бар: журналист болу үшін арнайы білім
алудың қажеті жоқ дегеннен бастап, журналист әмбебап
маман болуы керек т.с.с.
Дүниежүзінде
қалыптасқан журналистік білім мен тренингтің бес
үлгісіне (моделіне) тоқталып өтейік [1: 35]:
1.
Еуропалық кәсіби модель. Әдетте бұл жартыжылдық
немесе біржылдық практикалық курстары бар дипломдық
бағдарлама. Негізінде бұл курстарда ақпаратты жинау,
өңдеу және редакциялау дағдыларын қалыптастырады,
сонымен бірге заңнамалық құжаттармен және
кәсіби әдеп талаптарымен таныстырылады.
2.
Журналистика саласындағы университеттік бакалавр дәрежесі.
Бұл үлгі (модель) Америка Құрама Штаттары мен
басқа елдерде, оның ішінде бұрынғы Кеңес
Одағы елдерінде кеңінен қолданылады.
3. Магистр
дәрежесіне арналған бағдарламаның екі түрі.
Біріншісі журналистік білімі немесе тәжірибесі жоқ
мамандардың дағдыларын қалыптастыруға арналған
курстар. Екіншісі тәжірибелі журналистерге арналған:
журналистиканың әлеуметтік, саяси, экономикалық және
мәдениет тақырыптарын қамтитын, медиа мен онымен тығыз
байланысты әсерлердің теория тұрғысындағы
түсінігін беріп, академиялық зерттеулер жүргізу
дағдыларына үйретеді.
4.
Жұмыс істеп жүрген журналистерге арналған медиа немесе
басқа да ұйымдардың өткізетін қысқа
мерзімді курстары, семинарлары, тренингтері.
Қазақстанда
журналистика саласына мамандар даярлауда жоғарыда көрсетілген
үлгілердің екіншісі қолданылады, сонымен бірге жұмыс
істеп жүрген журналистерге арналған қысқа мерзімді
курстар, семинарлар, тренингтер ұйымдастырылып тұрады.
Мамандар
даярлаудың қай үлгісі қолданылса да
оқытудың қалыптасқан негізгі бағыттарының
өзгеріссіз қалатынында сөз жоқ.
Осы
уақытқа дейін қалыптасып келген оқытудың үш
негізгі бағыты бар:
1.
Вербалды коммуникация: - әңгімелесу; - дәріс (лекция); - -
талқылау. 2. Ақпаратты көрнекілік арқылы көрсету:
- презентация; - көрсетілім жасау (демонстрация); - моделдеу. 3.
Қажет дағдыларды жаттықтыру: - құжаттарды
дайындау, құрастыру; - компьютермен жұмыс істеу, -
кеңседе жұмыс істеу.
Оқытудың
қандай түрі болса да осы бағыттардың біріне жатады.
Яғни жұмыс барысында тілдесу, көрсету, практикалық
жаттығу элементтері қамтылады. Әрине, бәрін бірлікте
қолдануға да мүмкіндіктер бар.
Соңғы
жылдары тренинг әдістері туралы көп айтылып, зерттеліп жүр. «Әр
әдістің артықшылықтары мен шектеулері болатынына
қарамастан, тренингтік әдістер жиі қолданылатын және
жақсы нәтиже беретін әдістердің бірі екені сөзсіз»
[2: 48].
Тренингтік
әдістер ретінде келесілер қарастырылады:
- Дәріс
(Лекция); - Практикалық жағдаяттарды модельдеу; - Рөлдік
ойындар; - Ой-талқы (сараптамалық бағалау
әдістерінің бірі, проблеманы сарапшылар тобының
талқылауы), - Кейс әдісі; - Пікірталас.
Оқытудың
ең жиі қолданылатын түрі дәріс оқу. Бірақ
қазіргі сандық қоғамда «бірден көпке»
ұстанымын басшылыққа алатын күнделікті дәріс
оқудан гөрі, дәрісті студенттермен диалог түрінде
өткізу дүниежүзінде кең қолданылуда. Бір
қарағанда жүйесіз, тәртіп сақталмай өтетін
дәріс сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ басынан
аяғына дейін ойластырылған, жоспарланған дәріс
қызықты да есте қаларлықтай өтетіні сөзсіз.
Ұстаз дәріс барысында журналистика саласындағы белсенді,
танымал, ерекше адамдармен кездесу өткізіп, осы салада болып жатқан
жаңалықтарды, күнделікті өзгерістерді қамтып
отыруы тиіс.
Қазіргі
таңда білім алу интернетсіз өтпейтінін бәріміз білеміз,
дегенмен ұстаз барлық студенттер интернетті белсенді қолданушы
болып табылмайтынын ұмытпауы керек, яғни оларды интернетті білім
алу, ақпаратты іздеу, үй тапсырмасын орындау, жоба жасау т.с.с.
мақсатта қолдану жолдарын үйретуі маңызды.
Журналистік
білім беруде жұмысты ұйымдастыру барысында мыналарды ескерген артық
болмайды:
-
Студенттерге курстың онлайн нұсқаулықтарын ұсыну
тиімді, бірақ студенттер оны оқитындай жағдай жасау керек
немесе талап қою керек. Сондықтан бастапқы кезеңде
ондай нұсқаулықтарды сабақ барысында немесе өз
бетінше тапсырмаларды орындауда пайдалану керек.
- Студенттер
орындаған тапсырмаларын онлайн жариялау керек, бұл оны тек
қана ұстаздың тексеруі үшін емес, сонымен бірге
курстастары және басқа да оқырмандардың пікір
қалдырып, ой бөлісуіне алып келеді, сонымен бірге жұмысты
жақсарту тұрғысынан көп кеңестер алады.
-
Студенттерге өздеріне ұнайтын тақырыпқа жазуға
тапсырма берумен қатар, өздеріне ұнамайтын
тақырыптарға да жазба жазу керек деген тапсырмалар беру керек.
- Студенттер
аудиомен де, фотомен де, видеомен де жұмыс істеп үйренуі керек.
Репортаж жасауды үйретудің бірден бір мүмкіндігі ол
өңделмеген аудиорепортаждар жасаумен жұмыс істеу
дағдыларын қалыптастыру.
Қазіргі
таңда онлайн газет, интернеттегі радио, веб-телекөрсетілімдер,
онлайн теледидар сияқты ақпаратты таратудың жаңа формалары
шығып жатыр. Осылармен қоса жаңа терминдер мен
түсініктер қалыптасып жатыр, оларды студенттерге дер кезінде
ұсыну өте маңызды. «Осындай терминдердің бірі
«Конвергентті журналистика» термині. Конвергенция – бұл
бірыңғай мазмұнды әр түрлі
құралдармен (мәтін, дыбыс немесе видео) және
коммуникацияның әр түрлі арналары (баспасөз, радио,
интернет, телекөрсетілім) арқылы тарату» [3: 105].
Сондықтан
білім саласын дамыту, жетілдіру жолдарын іздестіру, білімімен бөлісу,
жобаның дамуына үлес қосу сияқты идеяларды
болашақ мамандардың біліп, қолдап, үйренгендері жалпы
қоғамның дамуына қосатын үлес екенін
ұмытпағанымыз жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Қазіргі кездегі журналистік білім беру: инновациялар, жаңа
технологиялар. – Алматы:Асыл кітап, 2012. – 168 б.
2. Қабылғазы
К. Журналист шеберлігін қалыптастыру жолдары: оқу
құралы. – Алматы:Қазақ унивеситеті, 2012. – 185 б.
3. Қазақ журналистикасы. 3 томдық.
2-том:Қазақ телевизиясы. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. – 352 б.