Нүриденова Ж., Шаяхметова М.Н.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ

Қонақжайлылық - қазақтың ерекше белгісі.

  Әр халық өзіне тән салт – дәстүрлерімен  және  салт - жорағы лармен ерекшеленеді. Салт – дәстүрлерді  ән – жыр, би өнері , ою – өрнектерімен қатар зергерлік әшекей бұйымдар  мен  тұрмыс – салтынан байқап қай халыққа тән дәстүр  екенін ажырата аламыз. Қазақ халына түркі тілдес барша халықтың салт – дәстүрлері ұқсас болып келеді. Қазақ халқы Кеңестік дәуірдің қыспағында өмір сүрседе , қазаққа тән ибалықтан , әдет - ғұрыптан айырылмады. Қазіргі таңда , біздің басты құндылығымыз ата – бабаларымыздан мұра болып жеткен асыл қазынамыз – салт – дәстүрімізден айырылмау. Салт – дәстүрімізді заман талабына сай біршама өзгертіп кейінгі ұрпаққа жеткізе білу біздің басты мақсат болып табылады. Кеңестік кезеңде қазақ халқын этнографиялық тұрғыдан біршама зерттеу жұмыстары жүргізілген. Этнографиялық зерттеу жұмыстарынан қазақ халқының ұмыт болған дәстүрлері және де тарихи шындықтары біршама ашылды деуімізге шүбә келтіруге болмайды. XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқын этнографиялық тұрғыдан алғаш зерттегендердің бірі – Андрей Левшин.  XIX ғасырда Ы.Алтынсарин , Г.Спасский , С. Броневский , В. Плотников , И.Абрагимовтың жазған мақаларынан қазақ халқының әдеп – ғұрыптары туралы құнды деректер алуымызға болады. Әр халықтың салт – дәстүрлері өздеріне тән ұлттық мінез, тұрмыс – салт , тәлім – тәрбиесіне байланысты болып келеді. Қазақ халқы – бауырмал , ақжарқын , инабатты , текті , қонақжай халықтардың бірі болып табылады.

 Қазақ халқына тән дәстүрлердің бірі – қонақжайлық. Қонағын сыйлаған төрге шық демекші , қазақ халқы қонағын құдайдай сыйлаған. Қонақжайлық  адамдар арасындағы сыйластықтың негізгі кепілі. Үйге келген кез – келген құтты қонақты үй иесі аса ізеттілікпен сыйлап , төрін ұсынады. Халқымыздың түсінігінде қонаққа үй иесі жауапты. Ел арасында « Өз үйіңде таудай дауынды айтпа» деген қағида қалыптасқан. Бұл дегеніміз келген қонақ қанша жерден жауын болсада , оған сый – құрмет көрсетуге деген міндеттілікті білдіреді. Қазақ халқы өте қонақжай халықтардың бірі. Өзі қонақ күтуде де , қонақ болып ел аралауда да алдына жан қоймайды. Қонақжайлылық, қонаққа шақыру – өзіңдегі несібе, ризықпен бөлісу, қолыңнан келген құрметті, бақытты қайтарымсыз сыйлау. Бұл іс екі жақтың арасындағы татулықты нығайтады. Пейілі ақ әрі кең адамдардан ғана қонақжайлылықты күтуге болады. Қазақ «Қонақпенен бірге құт келеді» деп ойлаған, соған сенген халық. Қонақ таңдап қонған, оны қарсы алуға талас та туған. Қазақ қонақ құдайдан деп есептегендіктен, ақ батасын алып қалуды ырымдағаны мәлім. Өйткені, шынайы ықыласпен, үлкен ризашылық сезіммен берілген бата, ізгі тілектер періштелердің құлағына шалынады. Қонақтың орыны – үйдің төрі болып есептеледі. Қонақтар үйге сәлем беріп кіргеннен кейін, ертеректе келген қонақ қамшысы мен сырт киімін кереге басына іліп, аяқ киімін оң жақ босағаға шешіп, төрдегі жаюлы тұрған сырмақ үстіндегі көрпеге барып отыруға тиіс болды. Қонақ өзін таныстыруға асықпайды, үй ішіндегілер де оның аты-жөнін, жұмысын тергеп сұрамауға тиісті. Өйткені ол – көргенсіздік болып саналады. Келген қонақ аты-жөнін айтқанымен, жұмысын айтқысы келмесе, оны ешкім де жазғырмауға міндетті. Осы қонақтың үстіне сырттан тағы да қонақтар келіп қалса, жасы кішісі жасы үлкенге ығысып орын береді. Қонақ шөлдеп келсе, оған ең әуелі қымыз ұсынылады, сосын барып шәй, ас береді. Бойжеткендер шыны аяқты салдырлатпай өте әдептілікпен шай құйып береді, қонақтардың әңгімесіне араласпайды, оларға тіктеп қарамайды, орынсыз ыржалақтап күлмейді. Мұның бәрі – ежелгі заманнан бері қонақ шақырып күткенде бұлжытпай орындалатын әдептер Қазақ халқы «Адам болар бала қонаққа үйір» деп айтады. Қазақтар ұл-қыздарына қонақ күтуді жас кезінен бастап үйреткен. Себебі , үйдегі балалар келген қонақтан әр түрлі хиса – дастандар, болашақ өміріне керек болар пайдалы кеңестер естіп өзін рухани тұрғыдан байытады.

Қазақ халқы келген қонаққа арнайы түрде мал сойып , табақ тартады. Табақ тарту әдісі қатаң сақталады. Бас табақ – жасы үлкен қарттарға, аса сыйлы қонақтарға тартылады. Оған салынатын кәделі мүшелері: бас, жамбас, ортан жілік, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары; жылқы етінен: қазы, қарта, жал, жая. Жастар табағының ең кәделі жілігі – асықты жілік пен төс. Асықты жілікті әдетте күйеудің жолдасы не қыздың жеңгесі кеседі. Төсті күйеу кеседі.

Тағы бір қазақ халқының қонақжайлығын айқын көрсететін белгі – соғым. Құрметті қонаққа немесе жақын-жуыққа арнап соғымның етін сыбаға ретінде сақтап, оны ұсына білген . Байырғы кезде әжелеріміздің арнайы ет сақтау әдістері болған. Мысалға, қыс соғымның етін күбінің түбінде сүрлеп сақтаған. Күбінің ең бір жақсы қасиеті етті жібітпей , тұзын өз бойында сақтайды.

Келген қонаққа жасалатын сый бұнымен аяқталмаған. Үй иесі «Орамал тон болмайды,  жол болады» , - деп келген қонақты қонақ кәдесіз қайтармаған. Алғаш келген сәбиге де сый – құрмет биік дәрежеде көрсетіледі. Оған арнап ірі- қара малында атап жатады.

Ел арасында қонақ күтуге байланысты аңыздар кеңінен етек алған. Солардың бірі , кез – келген жолаушының қазақ үйіне келгенде , « бөлінбеген еншіні» талап етуі халық арасында дәстүрге айналған. Бұл дәстүрдің шығуы төркіні халық аңызы Алашқа байланысты. Алаш қартайған шағында өз еншісіндегі барлық төрт түлік малын теңдей төртке бөліп , үш бөлігін өзінің үш ұлы Ұлы, Орта , Кіші жүзге бөліп берген. Ал қалған бір бөліген қонақ сыбағасы ретінде үшеуінің ортақ меншігіне беріпті. Себебі , жолаушы өзіне қажетті барлық ас – суын өзімен бірге алып жүруіне мүмкіншілігі болмайды. Сондықтанда , кез – келген қазақ отбасы жолаушыны тамақ , жылы орын және де басқада қажеттіліген қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақ халқының қонақжайлығы өз кезегінде саяхатшылар , ғалымдар және де орыс чиновниктерінде тәнді қылған. Қазақ халқының қонақ күту дәстүрі ағайын – туыс , көрші – қолаңның арақатынасын беріктей түседі , жас ұрпақтың жастайынан көпшіл әрі үлкенге құрмет , кішіге ізеттілігін арттыруда тәрбиелік маңызы зор.