Тілдік білім беру
Нұрбаева Ж.Р., Қалабай Г.А.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университеті,Қазақстан.
Тұлғаның тіл білімін
қалыптастырушы факторлар, тұлғаның тіл
үйренудегі психологиялық
жағдайы бұның барлығы да тіл үйрету
мәселесінде басты назарда болуы тиіс. Тілдік білім беру
нәтижесінің жеке - тұлғалық деңгейі тіл үйренушінің тілдік
білім беру үрдісінде меңгерген білім, білік, дағдыларымен
анықталады. Бұл жағдайда нәтиже тілді
қарым-қатынас құралы ретінде меңгерудің
сандық және сапалық сипаттамалары тұрғысынан
анықталады. Лингводидакт-ғалымдардың пікірлерін негізге ала
отырып, «Тіл үйренушінің өзге тілді үйренудегі
негізгі межесі не болмақ, ол қандай білім, білік, дағдыларды
меңгеруі тиіс?» деген мәселелерге байланысты мынадай
тұжырымға келдік: «Өзге тілді меңгеру дегеніміз – сол
тілде сөйлей, оқи, жаза және тыңдай білу, бұл
жағдайда тілді меңгерудің негізгі
ұстанымы тілдік
нақтылық емес,
әңгімелесушілердің бірін-бірі өзара түсінуі болып
табылады». Яғни, гуманитарлық колледждердің орыстілді
топтарында қазақ тілін өзге тіл ретінде
меңгертудің негізгі шарттарының бірі – тіл
үйренушілердің өздерінің тілдік тәжірибесін
еркін, ешқандай қорқынышсыз қолдана алатындығына
сенімділік сезімі. Бұл шартты қазақ тілін оқытуда мультимедиалық
бағдарламаны қолдану арқылы қамтамасыз етуге болады.
Тілдік білім беру нәтижесін
қоғамдық-мемлекеттік деңгейде елдегі болып жатқан әлеуметтік-экономикалық
жаңарулардың маңызды резерві ретінде қарастыруға
болады. Қазіргі уақытта қазақ тілі –
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ
тілінің бұл мәртебесі жыл өткен сайын биіктеп, беки
түсуде. Қазақ тілінің қоғамдық
өмірдегі қолданылу аясы да бірте-бірте кеңіп келеді.
Соған орай, орыстілді топтарда қазақ тілін оқытуды осы
тұрғыдан қарастырудың да маңызы өте зор.
Тілдік білім беру жалпы өркениеттік деңгейдегі
нәтиже ретінде білім алушыда (тіл
үйренушіде) өмірге деген жаңа көзқарасты
қалыптастыруды, экологиялық, ақпараттық
мәселелерге толы өмірде өмір сүре және
жұмыс істей білуге даярлығы мен қабілеттілігін
қалыптастыруды, ұжым өкілдерімен түрлі формаларда
қарым-қатынас жасай білуді жүзеге асыруды, осы
қарым-қатынас барысында алынған ақпараттарды өңдей
білу және қажетті шешім қабылдай білуді жүзеге асыруды,
оны бәсекеге қабілетті жан-жақты дамыған жеке
тұлға ретінде қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда (Тілді үйрету
үрдісінде мультимедиалық бағдарламалық қорларды
қолданудың психологиялық, педагогикалық
мәселелері) сандық интерактивтік мультимедиалық
білім беру қорларының түрлері, оларды тілді үйретуде
қолданудың психологиялық, педагогикалық
мәселелері, дәстүрлі оқыту мен сандық
интерактивті мультимедиалық білім беру қорларын қолданып
оқытудың ерекшеліктері мен айырмашылықтары сараланып,
сандық интерактивті мультимедиалық білім беру қорының
бірі ретіндегі мультимедиалық бағдарламаны тілді оқытуда
қолдануға қатысты маңызды тұжырымдар
жасалып, мультимедиалық оқытудың артықшылықтары
көрсетіліп отыр.
«Коммуникативтік сөйлесім
әрекетінің түрлерін меңгертудің интерактивті
әдістері» деп аталатын мультимедиалық бағдарламада
қарастырылған жаттығулар мен тапсырмаларды орындау
барысындағы интерактивті әдістерге талдау жасалып,
сабақтың тілдік біліктерді дамыту кезеңінде
оқушылардың тілдік серіктестер тобындағы
(ұжымындағы, жұбындағы) өзара белсенді
әрекетін ұйымдастырудың интерактивті
әдіс-тәсілдері анықталады, сонымен бірге дәстүрлі
әдістер мен интерактивті әдістерге салыстырмалы сипаттама
жасалынады.
Мультимедиалық тіл үйретуде,
қысқаша бағдарлама үйренушілердің белгілі
бір оқу тақырыптары бойынша берілген материалдарды өз
бетінше және оқытушының көмегімен игеруіне
негізделген. Оқу мәтінімен танысудан бастап, бағдарлама
мазмұнында қамтылған барлық жұмыс
түрлері интерактивті
режимде орындалады. Тілді мультимедиалық бағдарлама
арқылы компьютерді қолданып оқытуда интерактивті режим
«үйренуші – компьютер», «үйренуші – үйренуші»,
«үйренуші – тіл үйретуші» диалогы негізінде іске
асырылады. Интерактивті әдістердің негізінде үйрету
үрдісіндегі үйретуші мен үйренушінің және
үйренушілердің өзара бірлескен қызметі іске
асырылады. Үйретудің интерактивті әдістерін қолдану
арқылы үйрету үрдісін тіл үйренушілердің
барлығы танымдық қызмет үрдісіне тартылатындай етіп
ұйымдастыруға болады, оқытуды бұлайша
ұйымдастыруда ескеретін бір нәрсе –тіл үйренушінің
қарастырылып отырған мәселеге қатысты
ой-пікірлерінің барлығы (дұрыс, бұрыстығына
қарамастан) маңызды деп есептелуі тиіс.
Ғылыми зерттеулерде оқу материалын
меңгерудің сапасы мен нәтижесі ақпараттарды
алудың тәсілдері мен оқушының
белсенділігінің деңгейіне тікелей байланысты екендігі айтылып
жүр: тіл үйренуші үйрену үрдісінде оқыған материалының 10%
-ын, естігенінің 20% -ын, көргенінің 30% -ын, ал өзі жасағанының 90%
-ын меңгереді екен. Қазіргі заманғы мультимедианың орасан
зор мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану нәтижесінде оқыту
үрдісінде қажетті ақпараттарды осы айтылған
тәсілдердің барлығы арқылы бір мезетте алуға
болады.
Қазақстандық-сингапурлық жоба
негізінде дайындалған мультимедиалық үйрету
бағдарламасында ақпараттарды алудың жоғарыда
айтылған тәсілдерінің барлығы
қамтылған. Бағдарламадағы мәтін
мазмұнымен танысудағы үйренуші мен компьютердің
өзара интерактивті әрекеті аудиолық, визуалдық,
сөздік, аралас көрнекілік әдістері арқылы жүзеге
асады. Лексикалық, грамматикалық ұғымдарды
меңгертуде, грамматикалық дағдылар мен біліктерді
қалыптастырып, дамытуда көрнекілік әдісі түрлі
графикалық көрнекіліктер – анимациялық кестелер,
сызбалар – түрінде қолданылған.
Мультимедиалық
бағдарламада қызығушылықты туғызудың
негізгі әдістері ретінде көрнекілік әдісі (аудиолық
көрнекілік, визуалдық көрнекілік), анимация, интерактивті
жаттығулар қолданылған. Мультимедиалық бағдарламамен
жұмыс жасау барысындағы (өз бетінше жаңа білімді
меңгерудегі, бекітудегі, бақылау-бағалаудағы)
үйренуші мен компьютердің, оқытушы мен
үйренушінің өзара әрекетін ұйымдастыруға
негізделген оқытудың интерактивті әдістері
үйренушінің танымдық қызметін
ұйымдастыруда, қызығушылығын туғызуда,
сөйлесім әрекетінің тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым түрлерін меңгертуде,
сөйлесім мен тілдесім әрекеттері үшін қажетті тілдік
және коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруда өте
маңызды қызмет атқарады.
Ал сабақтың үйренушілердің сөйлесімдік, тілдесімдік біліктерін дамытып, жетілдіруге
бағытталған келесі кезеңіндегі оқу үрдісі
олардың тілдік серіктестер тобындағы (ұжымы немесе
жұбындағы) өзара әрекеті негізінде
ұйымдастырылды. Үйренудің бұл кезеңінде үйренушілердің
тілдік ортадағы (тілдік серіктестер тобы, ұжымы, жұбы)
өзара әрекетіне негізделген оқу қызметін
ұйымдастыруда, негізінен, қатысымдық әдіске
сүйендік. Үйренушілердің топтағы, ұжымдағы,
жұптағы оқу іс-әрекетін қатысымдық негізде ұйымдастыруда
оқытушының рөлі ерекше. Оқытушы оқу үрдісін
мақсатқа сай дұрыс ұйымдастырған жағдайда
тіл үйренушілер өздеріне ұсынылған тілдік
жағдаяттар, проблемалық сұрақтар мен
коммуникативтік-интерактивтік тапсырмаларды топта талқылап орындау
барысында бір-бірімен қатысымдық іс-әрекетке түседі.
Немесе берілген оқу міндеттерін шешуге байланысты топтағы полилогты,
жұптағы диалогты, т.б. ұйымдастыруға болады.
Тыңдалымдық біліктер индивидтің есту арқылы қабылдаған
ақпаратын (хабарды) түсінуін, ойша қорыта білуін, талдап,
жіктей алуын, өзінің жауап әрекетін құра білуін
қамтамасыз етеді. Сабақтың мультимедиалық
бағдарламасыз өткізілетін кезеңінде
үйренушілердің тыңдалымдық біліктерін дамытуды
ұйымдастыру үшін мынадай әдіс-тәсілдер
қолданылды: оқытуды ұйымдастырудың ұжымдық
(топтық, жұптық) әдісі, ақпаратты берудің
аудиолық әдісі, көрнекілік әдісі, диалог әдісі,
полилог, т.б. Бұл кезеңдегі тіл үйренушілерге
тыңдауға ұсынылатын мәтін мультимедиалық
бағдарламадағы мәтінге байланысты таңдалып алынды
және ол диалогтық сипатта болып, аудиотаспадан тыңдатылды.
Бұдан соң тілдік серіктестер топтарына (жұптарына)
тыңдалған мәтінді түсініп-қабылдауға
байланысты орындалатын жұмыстар түрлендіріліп берілді.
Жұмысты олар топта (жұпта) өзара ақылдаса, ойласа
отырып орындады. Айтылымдық және оқылымдық біліктерді дамыту үшін
«жұптағы диалог», «топтағы дилог» әдістері
қолданылды. Жұмысты «жұптағы диалог» әдісі
арқылы жүргізу үшін топтағы оқушылар бірнеше
жұптарға бөлінді. Әр жұпқа жеке
қысқаша мәтін бір парақ қағаз түрінде
берілді. Жұптағы тіл үйренушілер мәтінді оқиды
да, берілген тапсырма бойынша мәтін мазмұнына байланысты бірнеше
үнқатымдардан тұратын диалог мәтінін
құрастырып, оны өздері оқиды. «Топтағы диалог»
әдісі арқылы да осындай жұмыс түрін
ұйымдастыруға болады.
Жазылымдық біліктерді дамыту
үшін, мысалы, мультимедиалық бағдарламада берілген
мәтіннен алынған үзінділер (сөйлемдер)
орфографиялық қателермен бір парақ қағазға
жазылып, топтарға таратылып беріледі. Білімгерлер топта ақылдаса
отырып, берілген сөйлемдердегі қателерді тауып, сөйлемді қайта
қатесіз жазады. Тапсырманы топта ақылдасып, орындау барысында
олардың тілдесім әрекеті де жүзеге асады.
Психолингвистикада
бұрынғы необихевиористік және дескрибтік лингвистикалық
көзқарас- тардың тоғысынан келелі үш
мәселеге назар аударылды: жеке сөйлеу түрлерінің
қалыптасу тетігі; нақты психологиялық үйлесімділікті грамматикалық
тұрғыдан өзгертудің формалды моделі; сөйлеуді
құраудағы грамматикалық құрылымның
ойлаудың, танымның, логиканың желісімен байланысты.
Психолингвистиканың негізгі бағыты қазіргі кезде инженерлік
психология, нейро және патопсихология, шетел тілдерін
оқыту міндеттерімен ұштасуда.
Тіл үйрету мәселесінде ең бірінші
назарға алатын мәселе ол – үйренушінің ынтасының
жоғары болуы. Индивидтің ықыласы аумаған
іс-әрекетті белгілі бір әдістемелер арқылы жасату қиын.
Сондықтан кез-келген әдістемені қолдану үшін оның
жолдары мен жүргізу тактикасын жете білу қажет. Және
маңыздысы тіл үйренушінің жасы. Себебі танымдық
процестер жылдан жылға дамып өзгере түседі. Ал жасерекшелік
жағдаяттарды ескере білсе, тіл үйрету процесі де соған
сәйкес жүргізілсе жақсы болады.
Ұсынылған
әдебиеттер:
1. Сервисная деятельность: организационные, этические и
психологические аспекты : учеб. пособие / В. Ф. Буйленко. — Ростов н/Д :
Феникс, 2008. — 156 с. — (Высшее образование)
2. Истомина-Нуркеева А.В. Психологические
основы в менеджменте и маркетинге: учебное пособие. – Алматы: Экономика,
2008. – 428с.
3. Розанова В.А. Психология управления:
учеб. пос.. – М.: «Альфа-Пресс», 2008 .- 384с.
4.Сластенин В. А., Каширин В.П.
Психология и педагогика: учебное пособие для студентов. – М.: «академия», 2003.
– 480с.
5.Руденко А.М. Психология
социально-культурного сервиса и туризма.-Ростов н/Д: Феникс, 2007.- 313с.