Қазақ ауыз әдебиетіндегі балаларға арналған туындылар арқылы оқушылардың жадын, жатқа айту қабілетін дамыту жолдары.

 

Б.Берегенов, Орал гуманитарлық колледжінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі

 

Өркениеттің, мәдениетті елдердегідей мектеп, халық ағарту жүйесі, институт, университет, баспасөзі болмаған ата-бабамыз жас ұрпаққа ұсынар тағылымын ұрпақтан ұрпаққа толқындай ауыстырып мирас еткен аса бай ауыз әдебиетіне шоғырландырған. Тілдің әсерлі, ықпалды құдіретіне сенген. Сол себептен де «Ұлы сөзден ұлағат» демекші, халық педагогикасының  нәрімен суарылып, өзінің тәрбиелік нәрін күн бүгінге дейін жоғалтпай келе жатқан бірден-бір киелі мұрамыз-фольклор.

Қазақ халқы бауырында өскен баласының бойынан мінез-құлқында, ақыл-парасатында  жүріс-тұрысында, ең арғысы, тілінде бір мүкіс болмас үшін жаңылтпашты ойлап тапқан. Қазақтың жаңылтпашы қазіргі педагогикалық оқу орындарындағы «Деректология»курсының міндетін атқарған. Яғни жаңылтпаш-бала тілін ширатудың қолайлы құралы. Мысалы:

            Деген де, ей Тайқарбай,Әй Тайқарбай,

            Қойыңды мол жусанға жай,Тайқарбай,

           Тайқарбай, Марнар байлар толып жатыр,

           Әй,Тайқарбай, дегенің, қай Тайқарбай?

Жаңылтпаштың негізгі мақсаты-баланың есте сақтау қабілетін дамыта отырып, әр дыбысты өз орындарында айтуға дағдыландыру арқылы тіл мүкісін түзетуге көмектесу.

Сонымен қатар баланың жадын, жатқа айту қабілетін дамытуда ертегінің де алатын орны бір бөлек.Өйткені

     Ерте-ерте, ерте екен,

     Ешкі жүні бөрте екен

     Қырғауыл жүні қызыл екен,

         Құйрық жүні ұзын екен,-деп тақпақтап бастап, өзінің тілі, үні, дауыс интонациясын түрлендіре алдымен тыңдаушының қызығушылығын арттыратын, халық арасында ертегі айтатын ертекшілер де болған. Атағы жайылған ертекшілерді халық ерекше қадырлеп, оларды жыршы ақындармен қатар қойған. Ертегілер бала жанына жақын, тілі жатық, сөз тіркестері бірімен-бірі сабақтасып, үйлесіп, тіл оралымдарымен тыңдаушыларын ұйытып, қызықтырып, еріксіз еліктетеді. Сондықтан ертегінің баланың жадын тәрбиелеудегі рөліне шек келтіруге болмайды. Әйгілі орыс педагогы К.Д.Ушинский: «Ертегілер-халықтың педагогиканың алғашқы және тамаша үлгілері. Ертегілердей халықтың асқан даналық тәрбиесімен тепе-тең келетін бірде-бір тәрбие құралы жоқ»-деген еді.

       «Өнер алды-қызыл тіл»деп ұққан ата-бабамыз «от тілді, орақ ауызды»ділмәр шешендердің өсиет сөздерін, табан аузында тақпақтап айтқан мақал-мәтел, афоризм сөздері мен ақындардың терме, толғауларын жазу-сызусыз жаттап,жадында сақтап, қаз-қалпында біздің дәуірімізге жеткізген. Оның себебі-аталы сөздің өміршендігіне, халықтың тіл құдіретін бағалай білуінде жатыр. Асыл сөздің қоғамдағы тәрбиелік мәніне ертеден ерекше назар аударып, «ақылдың көзі-аталы сөз»деп ұққан бабаларымыз сөйлей білуді-өлмес өнер, асыл мұра деп бағалаған.

       Зердені қалыптастыру, оны одан әрі дамыту үшін,қазақ халқы талай ғасыр жадында ұстау тәсілін қолданып келген. Ал атақты жыршы-жыраулар зиінді балаларды өздерінің шәкірт мұрагері сияқты сыйлаған да,өлеңді жаттауға, үйретуге ынтасын арттырып отырған. Содан жыршылық мектеп қалыптасқан.

Баланың жеке басын қалыптастыруда оның есін тәрбиелеу айрықша орын алады. Мектептегі оқу-тәрбие процесінің негізгі мақсаттарының бірі-баланың есін үздіксіз дамытып отыру. Баланың оқу материалдарын ұмытпай, есте сақтауына қолайлы жағдайлар жасау-әрбір мұғалімнің міндеті. Қандай обьектіні болмасын әдейлеп есте қалдыру үшін психолог мамандар төмендегідей шарттарды орындап отыру қажеттігін көрсетеді.

1)Есте қалдыруда әр кез мақсат қойып отыру маңызды. Бір нәрсені меңгеру үшін,оған қатты зейін қою жеткіліксіз, ол үшін алға айқын, анық мақсат қою керек.

2)Есте қалдырудың қоғамдық, тәжірибелік мәні адамның қажетіне де  байланысты болады. Мәселен, оқушылар қандай бір шығарманы оқымасын, бір қажетіме керек болар деп оқитын болса, оны есте қалдыру қиынға соқпайды.

3)Мағыналы есте қалдыру дегеніміз-нәрсенің мәнін түсіну. Сондықтан мағыналы түсіну ойлау процесімен тығыз байланысты. Материалды жақсы ұғынып терең түсіну, мағыналы байланыстар жасау, маңызды белгілерін анықтай алу-оны анализдей, синтездей, салыстыра, жүйелей білуді керек етеді.

4)Есте қалдырудың сапасы дұрыс қайталай алуға да байланысты. Мәселен,өлеңді бір жаттап алса, ол тез ұмытылады,сондықтан оны бірнеше уақытқа бөліп жаттау қажет, бірақ арадағы үзілістер тым ұзақ болмасын. Тек көлемі шағын шығарманы тұтас күйінде жаттауға болады. Егер шығарма көлемді болса, оны бөлшектеу қажет. Бірақ қалай болса солай бөлшектемей, логикалықой сақталатындай етіп бөлген пайдалы. Мәселен,біздің көшпенді ата-бабаларымыз жыл қайыру тәсілін оңайлату мақсатында мына төрт жол өлеңді жаттаған.

                Түйе сеніп бойына,

                Қалған ұмыт жылдардан.

                Жатпа қарап, мойыма

      Тайма именіп, ділмардан.

Мұндағы әрбір сөздің бірінші әрпі жылдардың атына(түйе-тышқан, сеніп-сиыр , бойына-барыс, қалған-қоян, ұмыт-ұлу, жылдардан-жылан, жатпа-жылқы, қарап-қой, мойыма-мешін, тайма-тауық, именіп-ит, ділмардан-доңыз) ал сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен ретті тіркестерітетелес жыл атауының тізбегіне сай келеді.

Қорыта келгенде «Қай халықтың болса да алға басар, өсер жолында қабілеті табиғи тиянақта болса, сонысына сүйене тәрбиелеу ұтымды болу керек» деген Ғ.Мүсіреповтың сөзімен аяқтағым келеді.