Қазақ және түрік тілдеріндегі медициналық терминдердің сәйкестік сипаты

 

 ҚазҰПУ-дың

Түркітану мамандығы

2-курс магистранты

Жұманова М.Е.

 

Тегі бір елдердің арасындағы қарым-қатынастың дұрыс орнығуына, олардың бір-бірін жақсы түсініп, терең байланыстар жасауына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі - ортақ терминдер. Термин сөздердің жақын, ұқсас келуі адамдардың бір-бірімен түсінісуінде  басты рөл атқарады. Тілдік бірліктер ұқсас, жақын, туыстас болып келсе, адамдардың қарым-қатынасында да оң өзгерістер мол болады. Әр ұлттың ұғымдарды қабылдауы, түйсінуі жағында айырмашылықтар бар. Біз заттың түсіне қарап ат қойсақ, басқа бір ұлт оны түріне қарай, ал келесісі қызметіне қарай атауы мүмкін. Мұны жатсынуға хақымыз жоқ. Ең бастысы - халықтың оны қабылдауы. Халықтың қабылдауынан терминдердің қолданылуы мен таралуынан-ақ байқауға болады. Өйткені терминдерді ұлттың қабылдауы ұзақ ізденістер нәтижесінде пайда болған жоғары бағалау, тану, таңдау арқылы қалыптасқан. Термин жасаушылар белгілі бір терминді атау берілетін атаудың үйлесімділігін ойлаған абзал. Бұл қай саланы алып қараса да маңызды. Бұл тұрғыдан қарағанда, біз қарастырып отырған қазақ және түрік тіліндегі терминдердің ортақтығы, туыстығы, сәйкестігі елдер арасындағы   қатынастың да ерекше жақын болатындығының кепілі болады. Тілдер арасындағы өзара сөзалмасу, терминалмасу – қашанда болып отыратын табиғи құбылыс. Өзге тілден сөз қабылдамай, тек өз ішінен байып отыратын тілді кездестіру қиын. Әлем халықтары тілдерінің қай-қайсысы да  сөзалмасу құбылысынан тыс қала алмайды. Қазақ тілі де, түрік тілі де солай.

Қазақ және түрік тілін де салалық терминдерді жасауда қолданылған термин жасау тәсілдері бір.

Жалпы терминологияны жасау негізгі екі қағидаға сүйенеді: туған тілдің мүмкіндіктерін және басқа тілдерден кірген сөздерді қолдану. Тілдің лексикалық байлығын және грамматикалық мүмкіндіктерін термин жасауда қолдану тілдің лексикалық-грамматикалық саласына тән ерекшелігін көрсететін түрлі тәсілдер арқылы іске асады. Термин құруда мынадай төрт тәсілді көрсетуге болады:

1.     Лексикалық-семантикалық тәсіл

2.     Синтетикалық немесе морфологиялық тәсіл

3.     Аналитикалық немесе синтаксистік тәсіл

4.     Калькалау

Осы тәсілдер арқылы жасалған қазақ және түрік тілдеріндегі медицина саласының терминдерінің тектілігіне, сәйкестіне тоқталсақ. Термин құруда басты тәсілдердің бірі - лексика-семантикалық тәсіл. Оны басқа тәсілдерге қарағанда термин жасаудың  басты негізгі тәсілі деп бағалауға да болады. Өйткені  ұлт тілі негізінде  жасалған ғылыми  терминдердің  көпшілігі осы тәсіл  арқылы  арқылы жасалған терминдер. Яғни, термин жасауда яғни  ұлттық  болмысты  басты  назарда  ұстап, терминдерді  қалыптастыру  барысында,  негізінен,  тіліміздегі  жалпықолданыстағы  сөздерді терминдендіру  болып  табылады.  Терминдердің  жалпы  халық  тілінен  сараланып  шығу  үдерісі тілдегі ішкі және сыртқы факторлардың әсерімен белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асады. Байырғы  сөздерден  жасалған  терминдер  негізінен  терминдік  мағынасымен  бірге  жалпы қолданыстағы лексикалық мағынасын да сақтайды. Осындай  қатардағы терминдерге қазақ және түрік тілдерінде келесі медициналық терминдерді жатқызуға болады.

 

Орыс тілінде (дәстүрлі термин атаулары)

Қазақ тілінде (терминнің халықтың атаулары)

Түрік тілінде

желтуха

сары ауру

sarılık

анемия

қаназдық

kansizlik

рахит

мешел

raşitizm

грипп

тұмау

grip

аппендицит

соқыр ішек

körbağırsak

астма

демікпе

аstım, nefes darlığı

ангина

баспа

аnjin, hunnak

эпилепсия

қояншық

sara, tutarak

фурункул

сыздауық, шиқан

çıban

панариций

күбіртке

dolama,        etyaran, kurlağan

герпес

ұшық

uçuk

бородовка

сүйел

siğil

гной

ірің

      irin

кровь

қан

kan

 

Мысалы, мешел — организмде керекті заттардың жетіспеуінен болатын сал ауруы, рахит. Мешел болған адамның аяғын басып жүре алмайтыны белгілі. Мешел сөзінің тіліміздегі  «артта қалған, мешеу» мағынасы осы ауру атауынан туындаған ауыспалы мағынасы. Ал, түрік тілінде бұл термин «raşitizm» деп қолданылады. Ол рахит (грек. rachis – хребет - омыртқа) деген сөзден енген. Ал, сары ауру – sarılık, қансыздық – kansizlik, шиқан – çıban, ұшық – uçuk, сүйел – siğil, ірің – irin, қан – kan терминдерінің шығу тегі бір.

Медициналық терминдердің жасалуындағы өнімді тәсілдердің бірі  – морфологиялық тәсіл. Осы тәсіл арқылы қосымша және сөз құрамы ерекшеленеді,  сонымен бірге  ауру атауларының туынды және   күрделі атаулары жасалады.

Қазақ тілінде морфологиялық (синтетикалық) сөзжасам тәсілі арқылы жасалған терминдер сан жағынан едәуір. Олар мынадай жұрнақтар арқылы жасалады:

а) -ық, -ік, -ақ, -ек  тұлғасы арқылы жасалған термин: жарық, шешек, сүзек, сынық, сыздауық.

ә) -лы, -лі тұлғасы арқылы жасалған термин: ұстамалы, жұқпалы.

б) -дық, -дік, -тық, -тік тұлғасы арқылы жасалған термин: маскүнемдік, семіздік, ұйқысыздық, қаназдық.

в) -ба, -бе, па, -пе, -ма, -ме тұлғасы арқылы жасалған термин: баспа, қышыма, сіреспе, бөртпе, демікпе, ентікпе.

г) -ғы, -гі, -қы, -кі тұлғасы арқылы жасалған термин: теміреткі, тісжегі.

ғ) -шық, -шік тұлғасы арқылы жасалған термин: қояншық.

д) -лық, -лік тұлғасы арқылы жасалған термин: соқырлық, сығырлық, қырағылық.

ж) -қан, -кен тұлғасы арқылы жасалған термин: бөрткен, шиқан, теріскен.

з) -ша, -ше тұлғасы арқылы жасалған термин: қызылша

и) – хана тұлғасы арқылы жасалған термин: дәріхана, емхана, аурухана және т.б.

 

Ал түрік тілінде морфологиялық тәсіл арқылы жасалатын терминдер мынадай жұрнақтар арқылы жасалады.

а) -а (-e) – тұлғасы арқылы жасалған термин: yara (рана).

ә) -ak (-ek, -k) – тұлғасы арқылы жасалған термин: oynak (буын), horlamak (храп), hapşırmak (чихать).

б) -am (-em, -ım) – тұлғасы арқылы жасалған термин: sağlam (здоровый),  kalıtım (наследственность).

в)  - (-ci), - cu, - çiтұлғасы арқылы жасалған термин: narkozcu (анестезиолог), otacı (лекарь), kulakçı (лор), hapcı (наркоман), bevliyeci (уролог).

г) -cık (-cik, -cuk, -cük, -çık, -çik, -çuk, -çük) – тұлғасы арқылы жасалған термин: köprücük (ключица), kızamıkçık (краснуха), kestanecik (предстательная железа).

-сıl (-cil, -cul, -cül, -çıl, -çil, -çul, -çül) – тұлғасы арқылы жасалған термин: ölümcül (летальность).

- (-gi, -gu, -gü, -kı, -ki, -ku, -kü) - тұлғасы арқылы жасалған термин: sargı (бинт).

-ı (-i, -u, -ü) - тұлғасы арқылы жасалған термин: aşı (вакцина).

-lık – тұлғасы арқылы жасалған термин:  kansizlik (анемия), aldırmazlık (апатия), bilinçsizlik (беспамятство)

-mak тұлғасы арқылы жасалған термин:  acımak (болеть), öksürmek (кашлять).

-mık – тұлғасы арқылы жасалған термин:  kızamık (корь).

-sız – тұлғасы арқылы жасалған термин:   sonuçsuz (бесплодный) және т.б.

Морфологиялық тәсілдің бірі – сөздердің бірігуі болып табылады,  терминдер екі немесе одан да көп сөздердің бірігуі арқылы жасалады. Мысалы, сарыауру ауруы атауы сары және ауру сөзінің бірігуі арқылы жасалып, белгілі бір аурудың түрін білдіреді. Сол сияқты түрік тілінде uzakgörmez ауру атауы uzak және görmez сөзінің бірігуі арқылы жасалып тұр.

Термин жасаудың келесі тәсілі - синтаксистік (аналитикалық) тәсіл. Мұнда терминдер екі немесе одан көп дербес сөздердің тіркесу жолдары арқылы жасалады. Көбінесе мұндай терминдер дене мүшелерінің атауларын қолдану арқылы жасалады. Мысалы, қазақ тілінде бастың сақинасы, бауырдың қабынуы деген терминдерді жатқызсақ, түрік тілінде де burun ingini (мұрын бітелуі), yemek borusu (өңеш) т.б. сөз тіркестері жатады.

Тілімізде калька жолымен жасалған терминдер де мол кездеседі.

Калька – бір тілден екінші тілге атауды сөзбе-сөз аудару. Калька жолымен аударғанда термин тілден тілге енбейді, тек оның мағынасы мен мазмұны енеді. Калька жөнінде сөз еткенде тек семантикалық жағы ғана емес, құрылымдық жағы да сөз болады. Мұндай сөздер өзінің нысаны бойынша осы сөздерден мүлдем айырғысыз болып келеді, сондықтан олардың калька ретінде алынғанын айыру өте қиынға соғады. Мысалы, қазақ тілінде қызамық — краснуха, қызылша — корь,  құтырма, құтыру – бешенство, көкжөтел — коклюш терминдері жатады, олардың түрік тілінде баламалары kızamıkçık – краснуха, kızamık – корь, kudurmak – бешенство, boğmaca öksürüğü – коклюш т.б. Мұнда калькалау тәсілі арқылы жасалған терминдердің сәйкестігін байқаймыз.

Қазақ және түрік тіліндегі  шетел тілдерінен енген терминдер жүйесінде біркелкілік жоқ. Мұның негізгі себебі тегі бір туыс бола тұра терминдер қабылдауда ғылыми-теориялық ортақ көзқарастың болмауы. Екіншіден, әртүрлі саяси көзқарас ұстанған мемлекет болып келгендіктен де, орналасуына да байланысты шет тілдерден  терминдерді қабылдауда бірізділік сақталмаған.

Қазақ тілінде терминдер ішінде орыс тілінен, сондай-ақ орыс тілі арқылы батысевропа тілдерінен енген терминдер кездеседі. Олар басқа тілден енген терминдермен салыстырғанда әлдеқайда мол. Қазақ тіліне орыс тілінен енген терминдер өзінің лексикалық құрамы жағынан әркелкі.     Олардың біреуі орыс тілінің төл атаулары болса, басқалары шет тілден енген атаулары.

Орыс тілінің төл терминдері  корь, астма, оспа,  лихорадка, ячмень, рак, рахит т.б. жатса, шетел тілдерінен енген атауларға грипп, тиф, фурункул, анемия, пневмония,  холера т.б. жатады.

Әсіресе, латын тілінен енген ауру атауларының саны басым. Олар:  параллич, коклюш, тиф, скарлатина, дизентерия, малярия,  стоматит, бронхит, ангина, герпес т.б.

Қазақтың төл  терминдері мен кірме терминдерінің арасындағы қатынас күрделі және өзіндік ерекше сипатқа ие. Өйткені, олар ұзақ уақыт бойына қатар қолданыста  қалыптасты. Сондықтан көбінесе синонимдік қатар жасайды.

Ал, түрік тілінде қазіргі уақытта термин алмасудың көзі – еуропа тілдері болып отыр. Мысалы, gen, antibiyotik, virüs, glokom, grip, enfeksyon, menenjıt, narkoz, protez, röntgen, tablet, doktor терминдерін атап айтсақ болады. Сонымен қатар қазақ және түрік тілінде де медицина маман атауларын осы кірме сөздердің қатарына жатқызуға болады. Мысалы, аллерголог – allergist, гастроэнтеролог – gastroenterolog, инфекционист – infectiologist т.б.

Сонымен, қорыта айтқанда,  түркі тілдеріне тән ортақ терминдердің санын арттыратын бірнеше жол бар: біріншіден, ортақ төл сөздерді пайдаланып терминдер жасау; екіншіден, калька арқылы жасалған терминдердің ортақ болуын қадағалау; үшіншіден аударылмай алынған термин сөздер мен атауларды әр тілдің өзіндік фонетикалық және грамматикалық заңдылықтарына орайластырып қабылдау.

Бүгінгі таңда қазақ және басқа түрік тілінде термин қоры баршылық. Бұл жерде ең бастысы қол жеткізген байланысты үзіп алмау, сол кезде ғана термин бірлігі өздігінен қалыптасады. Термин жасауда тіл ережелеріне бағыну, тілдің дыбыс ерекшеліктеріне мән беру, халықтың тілді қабылдау көзқарасына мән беру, тілдің құрлымдық және функционалдық қасиеттерін сақтау ең маңызды қағида саналатындығын естен шығармауымыз керек.

Дереккөздер:

1.     Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі/Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.

2.     Шерубай Құрманбайұлы. ТЕРМИНТАНУ: Оқу құралы. Алматы: "Атлас баспасы-2001", 2006. – 244 бет

3.           М.Ахметов. Медициналық терминдер сөздігі. Орысша-қазақша-ағылшынша (40 мыңға жуық термин). – Адматы: Дайк-Пресс, 2009. – 800 бет

4.           Баскаков А.Н. Турецко-русский словарь. М: Русский язык, 1977. — 967 с.

5.           Ә.Қайдар. «Қазақ тілінің өзекті мәселелері». ІҮ. Терминология. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 бет (170-179 беттер).

 

ТҮЙІНДЕМЕ

 

Мақалада медициналық  термин жасауда қазақ және түрік тілінің сөзжасам жүйесіндегі амал тәсілдерді қолдану туралы сөз болады.

Түйінді сөздер:  терминжасам, морфологиялық тәсіл, синтаксистік тәсіл, калька, лексикалық-семантикалық тәсіл.

 

АННОТАЦИЯ

 

В статье  рассматриваются исползование способов  терминообразования в создании медицинских терминов в системе словообразование казахского и турецкого языков.

Ключевые слова: терминообразование, морфологический способ, синтаксический способ, калька, лексико-семантический способ.

 

Abstract

 There are reviewed the term formation methods in the creation of medical terms in the word formation system of the Kazakh and Turkish languages in this article.

Keywords: term formation, morphological method, parse method, tracing paper, lexical-semantic method.