Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы
филология ғылымдарының кандидаты,
Алматы қ.

 

Қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық құрамы

 

Дыбыс артикуляциясы мәтіннің құрамды бір бөлігі деп қарайтын болсақ, онда ол мәтінге тән артикуляциялық заңдылықтар болып шығады. Ендеше дыбыс артикуляциясы естілім (перцепция) және әуен (интонация) салаларының да зерттеу нысанына айналу керек. Мысалы, сөз құрамындағы дыбыс артикуляциясының жеке-жеке естілім талданымы жүргізіліп, естілім сипаттамасы алыну керек. Оған қазақ тілтанымында перцепциялық зерттеудің негізін қалаған проф. Ж.Әбуовтың еңбектері негіз болады [1, 2 б.]. Ал интонация деңгейінде артикуляциялық талданым болса, интонацияны қазақ тілінің академиялық грамматикасының  дербес саласы етіп қалыптастырған проф. З.Базарбаева [3; 4; 5].

Қазақ фонетикасында дыбыс артикуляциясын үндесім (сингармонизм) [6; 7] және үйлесім (ассимиляция) тұрғысынан зерттеудің жеткілікті тәжірибесі бар.

Ендеше қазақ тіліндегі дыбыс артикуляциясы бір ғана жасалым (артикуляциялық) талдаудың емес, естілім (перцепция), әуен (интонация), үндесім (сингармонизм), үйлесім (ассимиляция) т.б. зерттеу түрлерінің зерттелім нысаны болады.

Қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтаудың негізгі дәйегі дыбыс артикуляциясы болғанын ескерсек, әр кезеңге тән дыбыс құрамына қарап, қазақ тілінің артикуляциялық ерекшелігін (артикуляциялық базасын) сол кезеңнің зерттеушілері қалай танығанын көреміз. Ол үшін қазақ фонетикасының даму кезеңдеріне тән анықталған дыбыс құрамын көрнекі тізбелеп салыстырып шығамыз. Оның реті (жоғарыдан төмен қарай): ерте кезең – В.В.Радлов нұсқасы (ХІХ ғ.); алғашқы (бастау) кезең – А.Байтұрсынұлы нұсқасы; орта кезең – акад. І.Кеңесбаев нұсқасы; жаңа кезең – «Қазақ грамматикасының» нұсқасы:

 

а, ә, е, о, ө, ы, і, ұ, ү;  к, қ, х, ғ, г, ж, дж, з, й, л, ł, м, н, ң, р, с, т, б, у(w), п, ш, д

 

а, ә, ы, і, о, ө, ұ, ү;  б, д, ғ, г, ж, з, қ, к, п, т, с, ш, м, н, ң, л, р, й, у, х, һ

 

а, ә, е, э, ы, і, о, ө, ұ, ү, и, у, я, ю, ё;  б, д, ғ, г, ж, з, п, т, қ, к, с, ш, м, н, ң, л, й, р, у, в, ф, х, ц, ч, щ, һ

 

а, ә, ы, і, е, ұ, ү, о, ө, п, б, м, т, д, н, қ (к), ғ(г), ң, с, з, р, ш, ж, л, й, у

 

Егер осы салыстырма көрнекіліктің сандық дәрежесін шығаратын болсақ, артикуляциялық дыбыстардың құрамының әр кезеңге тән шамасын байқаймыз.

Қазақ тілінің дыбыс құрамының ең көбейтілген кезі үшінші кезеңге тура келіп тұр.

А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтағанда да дыбыс артикуляциясының үндесім варианттарына баса көңіл бөліп отырған. Ғалым қазақ тілінің негізгі әліпби үлгілерін түгендей келіп, «өзге 19 дыбыстардың һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады» [8, 324 б.]. Бірде жуан, бірде жіңішке дегенді дыбыс артикуляциясына жүгініп айтып отыр деп түсінеміз.

Х.Досмұхамедұлы жуан және жіңішке айтылымның артикуляциялық себебін де түсіндіріп өткен: «Дыбыс жуан айтылғанда тілдің түбімен айтылып, тамақтан (көмейден) шыққандай болып сезіледі; сол дыбыс жіңішке айтылғанда тілдің ұшымен сөйлегендей болып, ауыздың алдыңғы жағынан шыққандай болып сезіледі» [9, 83 б.].

 

         

 

(1- ерте кезең, 2-алғашқы (бастау) кезең,
3-орта кезең, 4-жаңа кезең)

1-сурет – Дыбыс құрамының әр кезеңге тән
 салыстырма көлемі

 

Қазақ тілі дыбыстарының түрленім (вариант) құрамы негізінен қ-к, ғ-г  дауыссыздарының артикуляциясына байланысты болды. І.Кеңесбаев «Қ мен к бір фонеманың екі түрлі айтылуы (немесе жуанды, жіңішкелі варианты) деп қарау дұрыс емес» [10] деп, олардың арасындағы артикуляциялық айырмашылықты сөз мағынасын ажыратудың тәсілі ретінде қарастырады, ал қалған «дауыссыздардың әрқайсысының жуан-жіңішкелі болып келуінің фонематикалық мағынаға әсері жоқ» [10, 251 б.] деген қорытындыға келеді.

Осы кезден бастап құралды (инструментал) фонетиканың әдістері кеңінен пайдаланыла бастады. Инструментал зерттеулер, негізінен, акустикалық талдаудың тиімді әдісі болды. Акустикалық зерттеулердің басында М.Исаев, М.Райымбекова, С.Татубаев, А.Қошқаров, З.Өтебаева, В. Шварцман т.б. болды.

Акустикалық талдау мен қатар артикуляциялық талдау да қатар жүрді.

Рентген қондырғысы арқылы алынған дыбыс жасалымының көшірмесін  Исенгельдина [11], Ә.Жүнісбеков [12] еңбектерінен көреміз. Бұлар  қазақ тілі дыбыстарының нақты артикуляциясын көрсететін еңбектер болды. Сөйтіп қазақ тілінің сипаттама артикуляциясына инструментал артикуляция келіп қосылды. Қазақ тілі дыбыстарының жасалым жолдарын көрсететін нақты рентген сызбалар жасалды.

Фонетикалық зерттеулердің негізгі әдістерінің бірі ретінде қазақ тілі дыбыстарының артикуляциясының айырым-ортақ белгілерін пайдаланып модельдеу әдісі басталды. Мұндағы негізгі теориялық идея кез келген тіл дыбысының негізінде артикуляция жатады. Ендеше «фонетикалық зерттеулер дыбыс, дыбыс тіркесі, буын, сөз т.б. деңгейдегі бірліктердің арткуляциясын анықтаудан басталу керек» [12]. Бұл бағыттағы зерттеулерге негіз болып отырған «қазақ тілінің артикуляциялық базасы» болып отыр. Сондықтан кез келген зерттеуші кез келген фонетикалық тақырыпқа артикуляциялық сипаттама мен артикуляциялық үлгіні осы «мәлімет қорынан» таба алады. Әрі қарай зерттеуші өзінің зерттеу нысанына байланысты артикуляциялық үлгіні зерттеу амалы ретінде пайдаланып кете алады.

Қазақ тілінің артикуляциялық базасының үлгісін пайдаланып жүргізіліп жатқан зерттеулер молайып келеді. І.Оразалин, Ә.Бәйімбетова қазақ тілі дыбыстарын жасалу тәсіліне қарай топтап, жуысыңқы және тоғысыңқы дауыссыздарды зерттеу нысаны етті, Ж.Исаева дауыс желбезегінің қатысын ескеріп, үнді дауыссыздарды, Г.Қайдарова буын артикуляциясына бағыттап, Қ.Зәуірбекова зерттеу жұмыстарын жалғастырып келеді.

Тіл біліміндегі, оның ішінде фонетика да бар, тілдік құбылыстарды модельдеу әдісі қазақ тіліне пайдаланыла бастады. Әрине бұл әдіс бүгін ғана пайда болып отырған жоқ. Түркі тілдеріне байланысты дауысты дыбыстардың моделін ертеректе М.Черкасский ұсынған. Түркі тілдеріне тән деп есептелетін сегіз дауыстының негізінде сингармонизмнің табиғатын түсіндіретін текше тектес пішіндемелер ұсынған. Соңғы кезде модельдеу әдісін дамытып, оның жаңа үлгілерін қазақ тіліне проф. А.Жұбанов енгізіп, дәріс оқулықтарын ұсынып отыр.

Ал қазақ тілінің дыбыстарының артикуляциялық моделін талдау амалы ретінде пайдаланып, оның зерттеу нәтижесін А.Жүнісбек еңбектерінен көреміз.

Қазақ тіліндегі дыбыстардың артикуляциялық түрлері дәстүрлі фонетикада арнайы зерттеу нысаны болмағанымен, талданған сәттерін кездестіруге болады. Бірақ ол талдаулардың негізгі мақсаты үйлесім белгілердің құрамы мен жүйесін анықтау емес, сол үйлесім дыбыстар «фонема ма, фонема емес пе?» деген сұрақтың жауабын іздеу болып қалады. Мысалы,  қ-к,  ғ-г  дауыссыз дыбыстарының сыңарларының фонологиялық мәртебесі «фонема деңгейінде ме», әлде, керісінше, «вариант деңгейінде ме» деген сұрақтың жауабында бір пікір жоқ. Бір топ ғалымдар артикуляциялық ерекшеліктерін ескеріп, фонема деп қарайды: «...қ, к, ғ, г  дауыссыздарын әзірше қалыптасқан түсінік-түйсік тұрғысынан танып баяндау керек болады» [13], енді бір топ ғалымдар тілдегі фонологиялық қызметін ескеріп, варианттар деп қарайды.

Қазақ тілінің дәстүрлі фонетикасында дыбыс үйлесімі арнайы зерттеу нысаны болмағандықтан, дыбыстардың артикуляциялық сипаттамасы дыбыстардың негізгі белгілерін анықтаумен аяқталып отырды. Мысалы, дауыстылар үшін олардың жасалу орны, жақ қатысы мен ерін қатысы жеткілікті болса, дауыссыздар үшін олардың жасалу орны, жасалу тәсілі мен дауыс қатысы жеткілікті болды. Алайда, бұл белгілер дыбыстарды жалпылама сипаттауға жеткенімен, олардың түрленім варианттарын сипаттауға жеткіліксіз еді. Сондықтан да қазіргі қазақ фонетикасында, жалпы лингвистикадағыдай, негізгі және үстеме артикуляциялық белгілер құрамы ендірілді. Оның қазіргі үлгісін «Қазақ фонетикасының» сингармонизмге арналған бөлімінен көруге болады. Онда қазақ дыбыстарының үндесім әуезінің артикуляциясына байланысты, мысалы, жуан-жіңішке әуезді ұғымды беру үшін ілгерінді-кейінді атауы ендірілді. Сонан соң дәстүрлі фонетикадағы басы ажыратылмай келген, сондықтан дыбыс анықтамасында араласып жүрген жасалым, айтылым және естілім атаулар жіктеліп берілетін болды. Мысалы, артикуляциялық «тіл арты» атауы мен естілім «жуан» атауы бір дыбыстың анықтамасында қатар кездесе береді. Кейде артикуляциялық атаудың орнына естілім атау қолданыла береді. Дыбыс сипаттамасының жүйеге түскен түрі артикуляциялық анықтама (тек артикуляциялық атаулар пайдаланылады), акустикалық анықтама (тек акустикалық атаулар пайдаланылады), естілім анықтама (тек естілім атаулар пайдаланылады) болып шығады.

Әзірге белгілі зерттелімдер дауыссыздардың жасалым жіктеліміне қарай сараланған. Ал дауыссыздардың үйлесім түрленімнің дауыс желбезегінің (дауыс шымылдығының немесе дауыс жарғағының) қатысына қарай жіктелімі енді қолға алынып отыр. Дәстүрлі фонетикада дауыс желбезегінің қатысын «дауыс қатысы» деп те атайды. Бірақ «дауыс қатысы» деген атау акустикалық фонетиканың термині болып табылады, ал біз бірінші кезекте зерттеу нысанын артикуляциялық фонетика тұрғысынан талдап отырмыз.

 

Әдебиет

1. Абуов Ж. Перцептивная фонетика. – Алматы: КазГЮА, 1999. – 226 с.

2. Абуов Ж. Сингармонические основы восприятия речи (теоретическое и экспериментально-фонетическое исследование). автореф. ...док.филол. наук. – Алматы, 1998. – 50 с.

3. Базарбаева З. Қазақ тілінің интонациялық жүйесі. – Алматы: Ғылым, 1996. – 224 б.

4. Базарбаева З. Қазақ тілі: Интология. Фонология. – Алматы: Жібек жолы, 2008. – 326 б.

5. Базарбаева З. Қазақ тілінің интонациялық жүйесі. – Алматы, 1996. – Б. 47-67.

6 Назбиев Ж. Сингармонические сегменты в казахском языке. – Алматы: Наука, 1998. – 215 с.

7 Назбиев Ж. Сингармоническое описание звуков в казахском языке. – Алматы: Наука, 1997. – 193 с.

8. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.

9. Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 174 б.

10. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ғылым, 1975. – 150 б.

11. Исенгельдина А.А. Артикуляционные и акустические характеристики звуков речи. //Материалы межвузовской научно-теоретической конференции.
– Алма-Ата, 1968. – С. 87-88.

12. Джунисбеков А. Гласные казахского языка. – Алма-Ата: Наука, 1972.
– 93 с.

13 Мырзабеков С. Қазақ тілі фонетикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 247 б.